АҚШ БАРЛАУ ҰЙЫМДАРЫ Ресейдің хакерлік шабуылын дәлелдеді

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №1 (365) от 12 января 2017 г.)

 

 


 

 

Өткен аптада АҚШ Конгресі елдегі президенттік сайлау процесіне хакерлік шабуыл жасалғаны туралы барлау ұйымдарының есебін тыңдағаны белгілі. Бірақ сол баяндама жөнінде ел баспасөзінде және интернеттің қазақстандық контентінде мардымды сөз айтылмады. Себебі негізінен әлемдік саясат пен халықаралық хабар-ошарға Ресейдің көзімен қарайтын Қазақстан билігі тарапынан пәрмен болмады. Бұның жөні де белгілі – Кремльдің шымбайына тимеу.

 

Оның үстіне қазақстандық медиа-нарық әдетте әлемдік ақпаратты негізінен орыс тілінен сүзіп-теріп аударуға машықтанған. Ал АҚШ Конгресіндегі тыңдауға қатысты ресейлік БАҚ ләм-мим демеген соң, қазақстандық ақпарат кеңістігі де конгресте сөз болған мән-жайдан кенде қалды.

Міне, сол кендешіліктің орнын толтыру үшін, біз төменде ақтаулық аудармашы-блогер Қуаныш Еділхантегі қазақ қоғамына ұсынған ақпаратты ықшамдап жария етіп отырмыз.

Барлау ұйымдарының өткен жұманың екінші жартысында жарияланған есепті баяндамасында Ресей президенті Путиннің Трамптың сайлауда жеңіске жетуі үшін тиісті компанияларға сайлауға кең түрде араласуға жарлық бергені туралы айтылады.

«Ресейдің мақсаты – қоғамның АҚШ-тағы демократиялық процесстерге деген сенімін жоғалту, Клинтонды жария түрде қаралау арқылы оның ықтимал президенттігіне барынша зиян келтіру болды. Путин мен Ресей үкіметі Трамптың президент болып сайлануына барынша ықпал етуге тырысты» – делінген баяндамада.

Бұл баяндамада барлау ұйымдары жарылған бомбаның әсеріндей қорытындылар айтты, дегенмен де сот-медициналық дәрежедегі дәлелдемелер келтірілмей, олар баяндаманың құпия бөлігінде екендігіне сілтеме жасалады. «Барлық дәлелдер баяндаманың қосымша құпия бөлігінде келтірілген. Барша ақпарат көздері мен оны өңдеу әдістерін біз, құпиялылық сақталуы қажеттігіне орай, ашық жариялай алмаймыз» – делінген баяндамада.

Баяндаманың жария бөлігінде өздеріне жылышырай танытқан кандидатқа Мәскеудің көмектесуге бел буғандығы айтылады. Ол үшін Клинтонды кандидат ретінде масқаралауға тырысқан. Путин Ресейде 2011, 2012 жылдары орын алған жаппай наразылықтар үшін Клинтонды ашықтан-ашық айыптайды, соған кек сақтап қалған және сол үшін өш алуға тырысқан.

Бұрынғы КГБ агенті Трампты Сириядағы және Украинадағы Ресейдің саясатына түсіністікпен қарайды, бізге достық позиция ұстанады деп есептейді. Мәскеу Трампты Ирак пен Сирияда террористік Ислам мемлекетіне (ISIS) қарсы халықаралық коалиция құруға көмектеседі деп есептеген.

«Сайлау қорытындысына Ресейдің әсері болды ма, жоқ па – енді оны біле алмаспыз, ол барлау ұйымдарының жұмысы да емес, бірақ олардың осы процеске араласқаны, оның ұзақ мерзімдік салдары бар екендігі анық», – деді барлау комитетінің басшысы Адам Шифф.

«Ресей тек қана кибершабуыл емес, сонымен қатар БАҚ-тарда ашықтан-ашық үгіт-насихат жүргізгені, әлеуметтік желілерде тролльдер қызметін кеңінен ұйымдастырғаны анық болып отыр. Ресей мемлекеттік БАҚ-тарымен қатар, RT телеарнасы спутниктерін, ағылшын тіліндегі видеоларды пайдаланып, Клинтонның сайлауына қарсы әрекеттерді қаржыландырған» – делінген баяндамада.


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн