«Общественная позиция»
(проект «DAT» №45 (362) от 08 декабря 2016 г.
Апта аптығы
Ақтөбедегі «арнайы операция» мұнай ұрлығына күдіктілерді ұстау мақсатында жүргізілген, дейді билік. Ұлттық қауіпсіздік комитеті «қылмыскерлерді қорғауына алған әлдебір радикалдар» туралы мәлімдеді.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті желтоқсанның 7-і күні комитет қызметкерлері мен Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және Ішкі істер министрлігі бірлесіп, Ақтөбе және елдің кейбір аймағында «мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан» деген күдікке ілінген қылмыстық топтардың жолын кесу операциясын жүргізгені туралы хабарлады. Арнайы қызмет күдіктілерді қолға түсіргенін мәлімдегенімен, нақты қанша адам ұсталғаны, олардың кім екені және қандай көлемде мұнай және мұнай өнімдері қолға түскені жайлы толымды ақпарат бермеді.
ҰҚК-нің ресми ақпаратында «мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны» туралы да айтылған. «Мұнай ұрлағандарға «қылмыстық» қорған болған радикалдық салафизмді жақтайтындардан құралған қылмыстық топтың бірнеше мүшесі тұтқындалды» делінген ҰҚК хабарламасында. Ұсталғандардың қанша адам екені айтылмайды.
Ақтөбедегі «арнайы операция» жайлы ақпарат жергілікті уақыт бойынша сәрсенбі күні түс кезінде интернетте жарияланды. Хабарламада Ақтөбе қаласы шетіндегі 41-разъезде орналасқан Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты аумағын қарулы жасақ қоршауға алғаны айтылған. «Азаттық» тілшісі зауыт орналасқан жерге жеткенде, қарулы жасақтың кәсіпорын территориясына ешкімді өткізбей және сыртқа шығармай күзетіп тұрғанын көрді.
Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты маңында жиналған мұнай тиеген КАМАЗ маркалы жүк көліктерінің бірінің жүргізушісі, өзін Айдос Ивановпын деп таныстырған адам «Азаттық» тілшісіне Байғанин ауданынан боранда екі тәулік жүріп, бүгін зауытқа мұнай алып келгенін, таңертеңнен бері зауытқа кіре алмай тұрғанын айтты.
«Азаттық» тілшісіне ҰҚК облыстық департаменті мен қалалық ішкі істер басқармасындағылар бұл оқиға жайлы комментарий бермеді.
Сәрсенбі күні түс кезінде әлеуметтік желілерде тараған видеороликтерде Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты деп аталған кәсіпорынға келген бірнеше жүк көлігінен түскен арнайы киімі бар қарулы адамдардың кәсіпорын кеңсесіне жүгіріп кіріп, сыртта қалғаны кәсіпорын маңын қоршауға алғаны бейнеленген. Бірнеше сағаттан соң ҰҚК мұнай ұрлығына қатысы бар деген күдікке іліккендердің ұсталғаны, олардың тұрғылықты жері мен бірқатар кәсіпорындарда тінту шаралары жүргізіліп жатқаны туралы хабарлады. ҰҚК «арнайы операция» өткізген «Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты» компаниясының ресми сайтында кәсіпорынның 2011 жылдан жұмыс істейтіні жазылған.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде маусым айында қарулы шабуылдар салдарынан жеті адам қаза тапқан. Билік теракт деп атаған оқиғалардан кейін оған қатысы барларды ұстау барысында аса күдікті оққа ұшқан. Қарулы шабуылдарға қатысы бар деп айыпталған жеті адамға өткен айда Ақтөбе соты өмірлік түрме жазасын кескен. Тағы екі адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Azattyq.org