Ақтауда өткен қоғамдық тыңдауларда «Каспий жылу, су арнасы» МКК (КЖСА) директоры Ыхылас Көшербай өздерінің су тасымалдау, жылу энергиясы мен су тарату бойынша көрсетіп отырған қызметтеріне тарифтерді көтеруге мәжбүрлеп отырған себептер туралы айтып берді, деп хабарлады ҚазТАГ.
«Инженерлік желілердің орташа тозығы 86%-ды құрайды. Кәріздік су сорғыш стансалардың жабдықтары мен тазарту құрылғылары моральдық тұрғыдан тозған», – деді кәсіпорын жетекшісі.
Көшербай мырзаның айтуынша, ескі желілерді қалпына келтіріп, тозған техникаларды алмастыру үшін, су, жылу тасымалдау және кәріз бағасын көтеру керек. Өйтпеген жағдайда, оның айтуынша, «қаланы коммуналдық апат, ал кәсіпорындарды – кезекті банкроттық күтіп тұр».
Егер антимонопольдық ведомство тарифтерді бекітсе, онда 1 тамыздан бастап түбіртектерде төленетін сома ұлғаяды. КЖСА өкілдерінің мәліметтерінше, екі бөлмелі пәтер үшін тариф 35%-ға артады (тұтынуды есепке алмағанда).
ҚазТАГ