«Общественная позиция»
(проект «DAT» №43 (360) от 24 ноября 2016 г.
Әттеген-ай!
Тағдыры ауыр, ғұмыры қысқа, мына жалған дүниеден аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шығып, өмір жолы тұмшаланып қала беретін ғажайып тұлғалар болады. Қуаныштысы – олардың артында өлмес мұра, таңдайын қағып, қадір тұтар халқы қалады. Реніштісі – қайсыбір іштар қияпастар олардың өз қолдарымен жазып кеткен дүниелеріне, замандастарының куәліктеріне сенбей, сан-саққа жүгіртіп, күңгірт сөйлеп, күлімсі талас тудырады.
Қазақ даласындағы осындай тұлғаның бірі және бірегейі – Сара Тастанбекқызы. Өлең сөзден торта айырған ақынның соңында да танымал тұлғаларға таңылатын орынсыз дау қалды. Сараның атына қосақталып, өз атын бір көрсетіп қалу үшін жанталасқан сан «жүйрік» құйысқан көтерді. «Сара мен Біржанның айтысы болмаған» деп тырбаңдағандар бұрын да болды, қазір де бар, болатын да шығар. Солар Шайхысыламның Жетісуға сапары туралы сапаршының ұлы Төребай Шайхысыламұлының Сараға қарата айтқан мына сөздерін бір оқыса тілін теңге қотыр басар еді:
Шайхысылам Жетісуды аралады,
Байлар мен би, болысты жағалады.
Қалдырған саған Біржан қолтаңбаны,
Өзіңнен қалап алып, кете барды.
Тайға таңба басқандай анық. Сараны көзі көрген, сол кездің куәгерінің сөзі. Біржан мен Сараның кездескені таза шындық. Ал екі ақын кездессе, сөз қағыспай кетеді дегенге кім сенеді?
1993 жылы Сара ақынның 115 жылдық тойы өткенде, қалап қосылған күйеуі Бекбайдың кейінгі келіншегінен туған немересі Бәтима апай Қарабұлақтан табылып, аса көп, өте құнды мағлұматтар беріп еді. Салынып жатқан молаға еңіреп келіп, егіліп отырып айтқан әңгімелеріне көпшілік куә. Естімеген, кеңестік идеологияның салдарынан тоны айналдырылған жайттарға қанықтық. Жиенқұлдың орыс, француз тілдерінде шешен сөйлегенін, Петербор, Мәскеуге дейін сауда жүргізген аса епті маман екенін кім білген? Олар өз алдына бір әңгіменің өзегі.
Ал бүгінгі айтпағым – Алматы облысының әкім-қараларының Жетісу тарихынан сауатсыздығы, өздері бас болып отырған өңірдің тарихи тұлғаларының ғұмырынан ныспы хабарсыздығы. Күнделікті күйбіңнен аса алмайтыны, тұмсығының астындағыны көре алмайтыны, ел ісіне қырсыздығы. Жыл басынан бері Талдықорған жақтан Сара ақынға қаратыла не шара өтеді екен деп елеңдеумен келеміз. Себебі биыл қазақтың маңдайына біткен бір тума қызы Ақын Сараның дүниеден өткеніне тұп-тура 100 жыл.
Жуырда жолым түсіп, басына соғып, бет сипадым. Тозып кетіпті. Облыс әкімінің, оның алашапқын орынбасарларының, мәдениет, тіл басқармалары, телерадио, газет басшыларының, жорналшылардың қара жерге шықса қақырап қалатын табаны тимегені анық. Әйтпесе біреу-міреуі Сараның дүниеден өткен жылына көз салар еді ғой. Түйсігі барында «Аруақтан ұят болыпты-ау!» деген ой тұтанып, қалам алар еді.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаған ұлы дүбірде Талдықорған қаласынан Керей мен Жәнібек хандардың атына бір көше бере алмаған, Заманбек марқұм айтатын «чинучтардан» не үміт, не қайыр? Алматы облысының басшыларына елбасымыздың өнегесін ежіктеп жазып, «абай.кз» арқылы оқысын деп жібергенмін. Президент 2002 жылдың көктемінде Әз Жәнібек пен Әз Тәуке хандарға Астанада ескерткіш қоюды ұсынған. Жұртшылық түзету енгізіп, Керей мен Жәнібекке бөлмей-жармай ескерткіш қою қажет деген ұсыныс айтты. Келісілді. Ескерткіш қойылды. Мұнан соң Қазақ мемлекетінің бастауында тұрған қос Тұлғаға көше аталды. Міне, осы өнегеден үйреніп, Талдықорған қаласына кіре берістегі, әзірше атаусыз даңғылды Керей мен Жәнібектің атына беруді ұсынғанмын. Талдықорғанға кіріп келе жатқан жолаушы қазақ тарихына еніп келе жатқандай әсер алар еді. Естуімше, Талдықорған облысының көзі тірі шежіресі, Анасы іспеттес Бәтима Сақауова бастаған бір топ азаматтар да дәл осындай ұсыныспен облыс әкімі А. Батталовқа шыққан екен. Бірақ әншейінде ауыз жаппас орынбасары, баспасөз қызметі мелшиіп жатыр. «Жоқ» жеуге шама жоқ, «иә» деуге басекелерінен ым жоқ болса керек. Біреудің аузына қараған күн құрысын!
Анау кезде Қытайға жер беруге келісіпті деген кесауат шыққан соң, анық-қанығын айт деп Алматы облысының әкіміне Ашық хат жолдағанмын. Демалыс күні түнде салғанмын ғаламторға. Ойпырым-ай, сондағы жылдамдықтарын айтамын да! Әп сәтте «Баталов өйткен жоқ, Өнербаев дүйім елді жиып, бұл жөнінде жариялаған. Дақпырт қой, дақпырт!» деген азар да безер жауап қолма-қол сарт еткен. Әкімін қорғаса, құрдай жорға бұларға қазір қай қырсық ілікті екен? Әлде дай-дүй қырқысып, бір пәтуаға тоқтай алмай жатыр ма?
Міне, осындай немкеттілік пен керенаулық көз алдымызда тұрған соң Ақын Сара атаусыз қала ма деп шошимын. Жетісу университетінде ғалымдар, жұрт жайын ойлайтын ақындар мен жазушылар Талдықорғанда қашан да мол болушы еді. Бұл ағайындар неғып үнсіз жатыр? Шенеуіктер жүндеп тастайды деп сескене ме екен? Бірақ өз елінде, өз жерінде кімнен қорқады? Ақын Сараның шығармашылығы мен ғұмырына арнап кең көлемді ғылыми-танымдылық мәслихат ұйымдастырып, ондағы баяндамаларды жеке кітап етіп шығарса, облыстың бюджеті опырылып қала ма? Ақын Сараның аруағына арнап облыс орталығында Ас берсе, облыс банкротқа түсе ме?
Келгендер – кетер. Бірақ Жетісуға кіндігі байланған інілерім бар еді. Олардікі омалып, қай отырыс? Мысалы, облыстық Тіл басқармасының ата қаздай бастығы, ақын Ахмет Кендірбеков, Шыңғысханның жоқтаушысы, «Жетісу» газетінің басшысы, жиенім, дәуперім – Әміре Әрін, телерадионың құлағын ұстаған, сүйрік батыр – Бейсен Құранбек, мәдениеттің сүйегін мүжіген телқоңыр Ахан Әбдуәлиевтер. Бұларға айтар қосымша ұсынысым және бар. Жабылып жүріп, шын мәнінде келісті «Жастар» паркін ашқан екенсіңдер. Шүкір!
Ахмет, Әміре, сендер білесіңдер, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қидаласып, қырқысып, Талдықорғанның қақ ортасындағы төңкеріс көсемдерінен екі көшені тартып алып, бірін Біржанға, бірін Сараға арнадық. Ақын Сараға мейрамхананың артына ескерткіш қойдық. Сол кезде ет қызумен асығыс шешім қабылдап, қате жасағанымызды қазір түсініп жүрмін. Тасада тұр. Керемет әдемі, сүп-сүйкімді дүние көзге түсе бермейді. Осы ескерткішті «Жастар» паркінің ортасына, жастар сейіл құрар жерге орнатса, қандай жарасымды болар еді. Інілерім-ау, төртеулеп, ең болмаса осы шаруаны қолға алуға шамаларың жете ме? Қаржы қажет болса, жұрт жинап береді. Ал енді осы мәселеге ақыл қосар азамат керек болса, облыстық мәслихаттың басшысы Серік Мұқановпен кеңесіңдер. Сендерге де, Жетісуға да, тіпті маған да бөтен емес. Талай тығырықтан шыққан, небір шәкімнен жол тапқан, тәжірибелі ағаларың ғой. Сөз жоқ, бір амалын нұсқайды.
Жыл соңына дейін бір ай уақыт бар. Ынтасы бар ұланға ұлан-асыр той жасауға жетеді. Біз Ақын Сараға арнап екі-ақ шара өткізуді ұсынып отырмыз. Ғылыми-танымдылық конференция арнау, ескерткішін ел көзіне шығару. Өтініп отыр екен демеңіздер. Сараны ардақтау – парыз.
Облыстың қауқары жоқ болса – айтыңдар. Ұялмаңдар. Өзіміз де қалың жұртпыз. Анау жылдары Талдықорғанды облыс орталығы жасаймыз деп жүзге жуық жігіт-қыздар «Талдықорған-тағдырым» атты ынталы топ құрып, мені дәәкөөй басшы сайлап, бүкіл облыстың аудандарынан мыңдаған адамның қолын жинаған тәжірибеміз бар. Ол хаттың алды жанашылардың қолдауымен президентке жеткен. Нәтижесінде Қасымжомарт Тоқаев басқарған үлкен комиссия келіп, хатта жазылғандардың шындық екеніне көз жеткізген, бізбен емін-жарқын әңгімелескен. Осыны ести сала, сол тұстағы Алматы облысының басшылығы мені «кілемге» шақырып, үш сағат тәжікелесіп, қызыл иек кеткенше тістесіп едік. Онда облыс қысқарып, қайран облысыммен бірге мен де қысқарып, қалалық Мәдениет және тіл басқармасының шынашақтай ғана басшысы едім. Мені қызметтен алмақ болған. Қала басшысы С. Жылқайдаров пен орынбасары К. Шәмшидиноваға осындай тапсырма беріп, ықтырып тастамақ-ты. Ықпақ түгілі, «қыңқ» еткен жоқпын. Қайта танымал журналист, жұртты түгел бай-қуатты етпек Нұртілеу Иманғалиев екеуіміз бір амал жасап, өздерінің тақиясын айналдырып кеткенбіз.
Ақыры дегенімізге жеттік. Талдықорған қаласы облыс орталығы атанды. Кешелер сол топтың біразына телефон соқсам, бір-жары шау тартқаны болмаса, дені сау-саламат екен. Жанығып отыр. Ұсынысқа – айқай, жылуға –қаржы қосуға бек дайын. Бір бас қоссақ болды, шаруа жәйлап жылжып кетейін деп тұр. Облыстың әкімінен батсап, Өнербаевты қосып, інілерімді шақырып, тұп-тура Тәуелсіздік күні қарсаңында қос жылқы сойып, қазы айландырып, Ас беруге шамамыз жетеді. Асқа жиналған Қазақстанның әр түпкірінен шақырылатын меймандардың, Жетісу жұртының атынан мемлекет, үкімет басшыларын Қазақстан Республикасының 25 жылдығымен құттықтап, телеграмма жолдасақ дейді. Білсін өздері тағайындаған төмендегілерінің «күйкі тірлігін». Астанадан арнайы келгендеріміз құттықтауды ала кетіп, Ақорданың жәшігіне салатын сияқтымыз. Ерегескенде тура осылай істейміз.
Ақын Сара – қазағы, елі тұрғанда, атаусыз қалмайды. Басшылар бұқпантайлағанда, жұрт бас қосып, өз білген шарасын істейтіні әлімсақтан белгілі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақтың баласымыз. Тек облыс басшылары, інілеріміз бен олардың ақылшылары жұрты қозғалып жатқанда, мешел баладай мойындары қылтиып қарап отырар ма екен?
Әлде қазақ қадір тұтқан Сара ақынды еске түсірер шара өткізе ме? Сәл ғана сабыр сақтап, тосайық. Мүмкін, жыбырлап қалар. Болмаса Жетісу жұртына сауын айтамыз. Шен-шекпенсіздер де таңымыз атып, кешіміз батқан халықпыз. Ақын Сараның бір ісін өзіміз көтеріп кетеміз.
Камал ӘБДІРАХМАН,
Жетісудың қарт
жорналшысы
АҚЫННЫҢ МОЛАСЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛЫПТЫ
Камал Әбдірахманның «Ақын Сара атаусыз қала ма?» деген мақаласы Abai.kz ақпараттық порталында жарияланғанын өткен сенбі күні тойдағы жұрттың әңгімесінен естідім. Қызу талқылап тұр екен. Әркім өзінше ой түйеді ғой. Бірақ барлығы Сараға арнап ғылыми-танымдық конференция өткізуді қолдап сөйлеп жатты.
Қызығушылығым оянып, Abai.kz порталынан әлгі мақаланы тауып алып оқыдым. Несін жасырайын, осы ойлардың өзіме келмегеніне кәдімгідей кейідім. Бәрі дұрыс. Бірақ Камал ағаны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан білемін. Ағамыздың эмоциясы арнасынан асып жататыны бар. Сол жылдары Сарыөзек полигонын жабуға мұрындық болғанын, Сарқанттың, Талдықорғанның бас көтерген казактарын кеудеден соғып тоқтатқандарды бастағанын, облыстың сол кездегі әкімімен алысып жүріп, Талдықорғандағы алғашқы қазақ орта мектебін ашқызғанын жақсы білеміз. Алған бетінен қайтпайтын «неформалдардың» жетекшісі еді, қасында жүрдік, барлық шаруаға атсалыстық.
Сонда Камал ағаны тежеп отырмасақ, сіріңке шақпай-ақ даудың оты тұтанып кететін. Осындай мінезі есіме түсіп, артық-ауыс сөйлеп қоймады ма екен деген ой мазалады. Елге күнде келіп жатқан жоқпыз. Соны ойлап, жексенбі күні Сараның моласына арнайы бардым.
Жоқ! Камал аға жасы ұлғайып, аптығы басылса керек, керісінше, жеңілдете жазған екен. Күре жолдан кесенеге апаратын жол шұрқ тесік, екі жиегін белуардан шөп басып, моланың иесіз екенін әп дегеннен көрсетті. Жете берістегі көпірден көктемде су асып кетсе керек, көпір бүлініп қалған. Келер жылғы көктемде түгі қалмайтыны анық. Кесене қоршауынан сәл ары әлдекім шлагбаум қойыпты. Онысы бір жағына қисайып, осы маңның сиқын алып тұр. Қоршау ішіндегі жағдай да тұп-тура жол үстіндегідей. Сонау жылдары мола алдына гүл отырғызатын астаулар қойылғанын білетінбіз. Олардың да сынғаны сынып, сынбағанының бояуы оңып, сұрықсызданыпты. Мұнда да шөп белуардан. Неше жыл шалғы тимегені анық. Облыс басшылары ат басын бұрмағаны осыдан-ақ көрінді.
Мола ішіне су өтіпті. Тас пен бетоннан салынған кесененің еш жерінен тесік көрінбейді. Су үш ашық терезеден кіргендей. Келешекте шыны салған оңды сияқты. Топырағына біреулер ақ мата жапқан екен, онысына су тиіп, сарғайып, иістене бастапты. Үйінді топырақтың өзін де әлдекім тасып кеткен секілді, жақтауынан төмен түсіп кетіпті. Көңіліміз түсіп, Сара апамыздың әруағына арнап Құран оқыдық. Біздің қолдан келер осы ғана ғой.
Сара ақынның ауыр тағдыры туралы көп жазылды. Тіпті айтыс болмады деушілер де оқтын-оқтын шығып қалады. Бұл да ақын апамыздың ғұмыры бүгінге дейін орынсыз таластың тақырыбы болып келе жатқанының дәлелі. Сара ақынның қалқасында өздерін көрсетіп қалғысы келетіндер бары рас. Солардың «шындық» іздеп жүргендеріне үлкен күмәнім бар. Нақ осы себептен де Сара ақын туралы Камал аға айтып отырған ғылыми-танымдық конференция өте қажет. Жастар ұмытпас үшін, өткенімізді еске алып отырғанның несі артық?
Екінші мәселе, Төлеген Досмағанбетов қазақтың біртуар мүсіншісі еді. Сара апамыздың ескерткішін жасаған сол кісі. Қайталанбас ғажап туынды! Расында да, осындай тамаша дүние көпшілік мол жүретін жерде тұруы керек-ақ! Бұған тойшылдардың бір-жары қарсы болды. Себебі Мұқағалидың ескерткіші тұр дейді. Меніңше, бұл сылтау емес. Керісінше, екі ақын бір-біріне сән берер еді.
Алматыға оралған соң, замандастарыммен ақылдасып едім, көргендерімді жазуға кеңес етті. Олар да, облыс басшылығы қолға алмаса, өздеріміз-ақ қаржы жинап, ең болмаса ас берейік деген пікір айтты. Несі бар, биліктегілерге қарайлайтын дәнеңе жоқ. Сара ақынды қадірлеу парызымыз ғой.
Қадіржан МҰСАҒҰЛОВ,
Алматы,
Abai.kz