Дұрысы қайсы?
Қазақстандық композитор Алим Заиров ресейлік режиссер Сарик Андреасянның «Мафия» фильміне ән жазатын болыпты. Бұл Заировтың композитор ретінде екінші ресейлік жобасы көрінеді.
Небары 26 жастағы композитордың әні аталған фильмнің басынан аяғына дейін шырқалады екен. Қазір композитор әннің жазылуы бойынша Украина елінің әншісі Роман Вишневскиймен бірге жұмыс жасауда. Осыған дейін оның туындысы «Ограбление по-американски» блокбастерінде орындалған болатын.
Ал Алим Заиров болса: «Қазір әннің басты идеясы мен құрылымы бойынша және фильмде орындалуына байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Қарқынды түрде жұмыс жазға қарай басталады», – дейді.
Сонымен қатар композитор қазір режиссер Жасұлан Пошанов пен продюсер Асқар Ұзақбаевтың «Шлагбаум» фильмінің музыкалық жұмыстарымен айналысып жатқанын айта келіп: «Біз фильмге стандартқа кішкене сай келмейтін музыкалық қадамдарды қолдандық. Дәл қандай екенін қазір айта алмаймын, құпия болып қалсын. Бірақ көрермендердің көңілінен шығып, қызықты музыкалық қадамдарды табады деген ойдамын», – деп ағынан жарылған еді.
Осы ретте өнер дейтін шет-шекарасы жоқ кең айдында өзгелердің де ықыласына бөленіп, қазақ дейтін халықтың жұрт алдындағы мәртебесіне сызашықтай болса да үлес қосып жүрген Алимдей азаматтарға разы боласың. Бірақ БАҚ атаулының бәрінде, интернеттің иін тірескен ақпар-жақпарында осы бауырымыздың аты «Алим» болып жүргені көңілге бір түрлі ой тудырады. Дұрысы – «Әлім» шығар. Ал олай болмаса, оның ұлтының басқа болғаны ма?
Топтаманы дайындаған –
Төлеу ТҰРМАН