«АЛМАТЫЛЫҚ АТҚЫШ» ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №40 (357) от 03 ноября 2016 г.

Апта аптығы

Темірқазық

 


  • Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандырылған соты 10 адамның өмірін қиған терроршы Руслан Кулекбаевқа өлім жазасын кесті. Кулекбаев өзіне қатысты сот үкімін орнынан тұрмай тыңдады.

Кеше Алматы қаласының тергеу оқшаулығында судья Ерлан Болатовтың төрағалығымен халық ішінде «Алматылық атқыш» атымен әйгілі болған Руслан Кулекбаевтың ісі қаралып, Кулекбаев пен оның сыбайластарына қатысты сот үкімі шығарылды. Кулекбаевқа өлім жазасы кесіліп, дүние мүлкі тәркіленетін болды.

Оның сыбайластары Жасұлан Сапарбеков, Ербол Құсайынов пен Дәурен Әсембекұлына – 10 жыл, Роберт Люға – 9,5 жыл, ал Нұрсұлтан Абдімомынға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 61 томды құрайтын қылмыстық істің тергеу амалдары шеңберінде 57 сот сараптамасы өткізіліп, 200 куәгерден жауап алынды.

Сот үкімі шыққаннан кейін, Кулекбаевтың қолынан қаза болған полиция қызметкерлерінің туыстары БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, билік өкілдеріне өз өтініштерін білдірді.

 

Мұхамедали АСАНОВ

(Аян Ғалиевтың туысы):

– Қызмет бабы барысында қаза болған полиция қызметкерлеріне арнап ескерткіш орнатса, оған марқұм болған жігіттердің аты-жөндері жазылса, құп болар еді. Ол тек біз үшін емес, өсіп келе жатқан жастарға үлгі ретінде қажет. Полиция қызметіндегілердің жұмысы қандай қиын, қауіпті екенін адамдар білсін дейміз. Себебі ел арасында полиция қызметкерлері туралы сан түрлі пікірлер айтылады. Қалай болмасын, полиция қызметкерлері елді қорғамаса, Кулекбаев секілді қылмыскерлерді ұстамаса, ондайларды полициядан басқа кім ұстайды?! Сондықтан жігіттердің қаны төгілген жерге ескерткіш қойса, оны ары-бері өткен жастар көреді ғой, ол деген тәрбие, ол – еске алу болар еді. Бұған қоса Кулекбаевты өз өмірінің құнымен тоқтатқан Аян Ғалиевқа «Халық қаһарманы» деген атақтың берілгенін қалаймыз. Кулекбаев ұсталғанға дейін қаншама жас жігіттердің қанын ішіп кетті, ол жалмауыз!» – деді.

«Кулекбаев сот шешімін орнынан тұрмай тыңдады, соған қарағанда, еш өкініш сезімі жоқ болып тұрғаны ма?» деген сауалға марқұм болған полицей Аян Ғалиевтің зайыбы Анар: «Жалғыз Кулекбаев емес, оның жанындағы сыбайластарының да ойларына ешнәрсе кіріп-шығып жатқан жоқ. Олардың ішкі сезімдерін де байқамадық. Тіпті Кулекбаевтың өзіне өлім жазасы кесілгенде, не деген қаныпезер адам, ең болмаса бүгін бір өкініш күйде болатын шығар десем, оның эмоциясынан ондай нәрсе байқалып тұрған жоқ. Ол марқұм болған жігіттердің туыстарынан кешірім де сұраған жоқ», – деп жауап берді газет тілшісіне.

«Сіздің жолдасыңызды мемлекеттік марапатқа ұсыну туралы не ойлайсыз?» деген сауалымызға Анар былай деп жауап қатты: «Аян тоғыз жерден жараланса да, өзінің жауына төтеп беріп, Кулекбаевты тоқтата алды. Егер Аян оны тоқтатпағанда, одан кейін тағы қанша адамды өлтіретін еді?! Сол себепті Аянның артында қалған кішкентай балаларына, басқа да өсіп келе жатқан жастарымызға үлгі болатындай, қазіргі заманымыздың батыры ретінде ерлігі ескерілсе деймін. Қаза болған жігіттердің есімдері ұмытылмай, ел есінде қалуы керек. Бауыржан Момышұлының «Батырлық, ерлік деген ізгі тәрбиеден, озық өнегеден» деп айтқаны бар. Осы сөздер менің Аяныма қатысты айтылған деп қабылдаймын. Сол себепті мен өзімнің жолдасым Аянды Халық қаһарманы ретінде танимын, артында қалған балаларына да осыны айтып өтемін».

Димаш АЗАМАТОВ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн