«Общественная позиция»
(проект «DAT» №45 (362) от 08 декабря 2016 г.
Айтыс қайтыс болды…
Бізде барлық жағдайдың, қамқорлықтың, сый-құрметтің эстрада фанерщиктері мен айтыскерлерге ғана жасалатыны несі екен?! Әу бастан қазақтың киелі домбырасының иесі әнші мен күйші емес пе еді?
Бүгінге айқын болған бір анық жайт бар: ол қазақтың әлемдегі ең бай музыкалық мұраға ие халық екендігі. Замана тезінен өтіп, бүгінге жеткен он мыңдай күй мен бес мыңдай әніміз бар екен! Бабалардан мирас болған бұл шығармаларды дүниеге әкелген алтын саусақ әншілер мен күйшілер еді ғой. Бұл күнде сол мұраны көздің қарашығындай сақтап, елге насихаттап жүргендер тағы да сол әншілер мен күйшілеріміз емес пе?! Ендеше «Алтын домбыра» күйші мен әншінің жолы ғой.
Неге «Алтын домбырадан» әнші, күйші өнерпаздар сырт қалады?! Біржанның қолындағы домбырасын тартып алған «Жанбота поштабайшылық» қашанға дейін жалғасады?!
Ақыры бастаған соң, айтайын, қазақ қоғамында бір қызық (бәлкім, шыжық) құбылыс орын алып отыр: өнер десе, қазақтың көз алдына ауыз жыбырлатқыш фанерщик әншілер мен сақалы бар, мұрты жоқ, шапанын сүйреткен айтыскерлер ғана келетін болған күнге жеттік. Бұл күнде жұрт дүниеде бұдан асқан өнер бар деп ойламайтын болған. Әйтпесе өнердің төресі қашан да ән мен күй еді ғой! Бұрынғы қазақ үшін солай болған. «Құлақтан кіріп бойды алған әсем ән мен тәтті күй» өнердің асылы, жауһары саналған. Осылай деген Абай: «Мал үшін жанын жалдап, қобыз бен домбыра алып, топта сарнаған» ақындарды жек көрген.
Ал қазір не болдық: әнші мен күйшіні күресінге тастадық. Олардың аузындағы несібесін фанерщиктер мен уахабит айтыскерлерге жұлып алып бердік.
Салыстыру үшін айтайын: Әміре Қашаубаев атындағы және Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық әншілер конкурсының бас бәйгесін алған әншіге берілетін жүлде екі жүз мың теңге. Ал айтыскерлерге беріліп жүрген «Алтын домбыраның» құны 120 мың доллар тұрады дейді, рас болса. Ас та төк өтетін астарда тігілетін 50, 100 мың доллардың қымбат көліктерін былай қойыңыз. Ал сол астарда қазақтың әні мен күйіне орын жоқ.
Себебі үкілі домбыралы әнші мен күйші ас иесіне тиімсіз. Өйткені әнші мен күйші оның бір заманда кім болғаны белгісіз (қазір батыр, яки би) ата-бабасын мадақтап, мақтап, жырлап, «нұрлап» бермейді ғой. Сондықтан қай аста, айт пен тойда болсын: «Алатаудан, Арқадан ақындарым келіпсің», ал «әнші мен күйшіні қойдай қу қамшымен» дейтін «тапқа бөлушілік» салтанат құрып алған. Тіпті дос-жаранның тойына барсаң, домбыра орнына диск сұрайтын халге жеттік.
Мінеки, ағайын, өнер мен өнерпазды осылай алалайтын болдық. Себебі әнші мен күйшіден «пайда» жоқ. Тым болмаса, «дұрыстап» уахабист та бола алмайды. Өйткені «құрғыр» ән мен күй тым биік, тым асқақ. Жердегі жемге көзі қызарып түспейді. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болмайды. Ал қазір билікке «тауық» керек. Өйткені тауықтан келер қауіп жоқ. Қитұрқы ағымдарға да солай. «Дін тарату» үшін «тауықтар» таптырмайтын «құс». «Шіркін, тауық, шыр айналар, жемің болса, қолыңда!..».
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
Abai.kz
Іште пікір өлгенше…
Болатбектің қолындағы «Алтын домбыраны» Мұхтарға жұлып берді…
Айтыстың бас жүлдесі Болатбек Оразбаевқа емес, Мұхтар Ниязовқа берілгеніне наразы көрермендердің бірі – блогер Айгүл Орынбек. Ол «бас жүлде халықтың мұңын айтқандарға емес, бір кісінің жырын айтқандарға бұйырды» деп біледі. «Алтын домбыраны» Мұхтардың алып кеткеніне риза болмадым. Өйткені Мұхтар Ниязов халықтың мұңын бұрынғыдай жырламайды. Сөздерін тыңдасаң, бір адамды ғана қоштап, біреулердің ғана тілеулерін тілеп отырғандай көрінеді. Ал Болатбек елдің мұңын, әлеуметтік мәселелерді айта білді, сонысымен қарсыласынан озық тұрды», – дейді.
Айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы да «Алтын домбыраға» Болатбек Оразбаев лайық еді деп біледі. «Расымен, шын мықтыны анықтағысы келсе, суперфиналда Болатбек пен Мұхтарды айтыстыру керек еді. Сол сәтте Мұхтар басым түссе, сөзім жоқ. Шындығында, Болатбектің қолындағы «Алтын домбыраны» Мұхтарға жұлып берді», – дейді Бақыт Жағыпарұлы.
Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, жеңімпазды айтысты ұйымдастырушы Жүрсін Ерманның пікірі анықтаған. «Қазір төрағаның екі дауысын қосқанда, төрт те төрт болып отырмыз. Сіз кімге бересіз?» деп едік, Жүрсін Ерман «Мен Мұхтар алса деп тұрмын, ол шулатып отыр» деді. Сонымен «Алтын домбыра» Мұхтарға бұйырды. Шындығында, Мұхтардың бас жүлде алуына Мұхаметжан Тазабеков ерекше жұмыс істеді», – дейді ол.
Еске сала кетсек, Мұхтар Ниязов бас жүлдесіне «Алтын домбыра» тігетін айтыс алғаш өткен 2012 жылы да жеңімпаз болған. Одан кейін бұл сыйлық Жандарбек Бұлғақовқа (2013 жылы), Балғынбек Имашев (2014 жылы) пен Аспанбек Шұғатаевқа (2015 жылы) бұйырған.
Azattyq.org