«Общественная позиция»
(проект «DAT» №23 (387) от 15 июня 2017 г.
Апта аптығы
Алматының «Қалқаман» ықшам ауданынан әрі оңтүстік-батысқа қарай, «Алтын Орда» базары алдына салынатын он жолақты жол жұмысы жоспарланған уақыттан кешігіп басталады. Бұл жөнінде «Азаттыққа» «ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметкері Нұрхат Ақылтаев айтты.
Оның айтуынша, жүргізушілер арасында «Алтын орда кептелісі» атанған көлік кептелісін тарқатуға септігін тигізетін он жолақты, бірнеше көпірлі жолдың жобалық-сметалық жұмыстары аяқталып, биыл маусымның 12-сінде мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Сараптамадан келген соң тендер өткізіліп, мердігер компания анықталады.
– Мердігер анықталысымен 3,8 шақырым жол мен ондағы жолайрықтарды салуға кіріседі. Биыл құрылысқа 2 миллиардтан астам теңге бөлініп тұр, – дейді ол. Нұрхат Ақылтаевтың сөзінше, жұмыстың бірер айға кешігуіне «жол бойына салынады» деп жоспарланған екі гипермаркет иелерінің келіспеушілігі себеп болған. Олар инвестиция және даму министрінің орынбасары Роман Скляр және Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың араласуымен келісімге келген. Жол келешек гипермаркеттерге де ыңғайлы болуы үшін, жоба бірнеше рет өзгертілген.
– Соңғы нұсқа бекітілді. Биыл күзде басталса, келер жылдың соңында аяқталады. «Алтын Ордадан» кейінгі «Асыл арман» ықшам ауданынан шыққан көліктер кедергісіз Райымбек даңғылына шығады. Іргелі, Абай ауылдары тұсынан айналма жол өтеді, – деген ол «Азаттыққа» жаңа жолдың жобасын көрсетті.
Алматы облысына қарасты республикалық маңыздағы жолдарды жоспарлайтын «ҚазАвтоЖол» компаниясы былтыр қыркүйек айында «Алтын Орда кептілісін» тарқататын он жолақты жол 2017 жылы мамыр, маусым айларында басталатынын мәлімдеген. Сол кезде «Азаттыққа» сұхбат берген Нұрхат Ақылтаев жол салуға 10 миллиард теңге қажет екенін айтқан.
Azattyq.org