АМЕРИКАДА ТҰРАТЫН МҰХТАР МАҒАУИННІҢ КҮН ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №16 (380) от 27 апреля 2017 г.

 

Біле жүріңіз


 

Ақпанның ортасы мен сәуірдің басында екі мәрте АҚШ-қа іссапармен барғанымда, Вашингтонның орталығынан көлікпен қырық минуттай жүретін жерде – Мэриленд штатының Роквилл қаласында тұрып жатқан қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин ақсақалмен жүздесіп, жата-жастана әңгімелесіп қайттым. Жасы 77-ден асқан шағында да өзіне тән жазу дағдысы мен дисциплинасынан айнымаған екен. Қазіргі күн тәртібі шамамен мынадай.

 

Таңертең тұрғасын қазақша таңғы ас ішеді: бал қосқан жылы су, шағын құтыдағы женьшень тұнбасы, ірімшік, авокадо мен май жаққан ақ нан, бір жілік суық қой еті, сүт қатқан шай. Сосын бірден жазу бөлмесіне кіріп кетеді. Сырт-сырт еткен машинка дауысы үзілмейді. Түс уағында 10-15 минутқа шығып, үй ішінде, патио-балконда аяқ жазып жүреді, сосын үйде қызмет қылуға әзір адамдары бола тұра, ешкімді әурелемей, өзі бір тостақ шайы мен сусынын құйып алып, қайта бөлмесіне кіріп кетеді. Кешке дейін бас-аяғы кемінде жеті сағат тапжылмай отырып жазады. Жазу бөлмесінің үш қабырғасы түгел шыны есікті биік кітап сөресі.

АҚШ-қа әкеткен кітаптарының дені – өзі сүйіп оқитын әлемдік классиктер, әдебиеттану бойынша көрнекі жазбалар мен түркі-моғол жұртының тарихына қатысты жазылған фундаменталдық еңбектер. Сөрелерге бала-шағасымен түскен фотолар да қойылған. Бір бұрышта – теріге салынған Шыңғысханның алып суреті.

Мен барған кезде Ілияс Есенберлин туралы 120 беттік естелігін аяқтап, көңілі көтеріңкі жүрді. Бұл естелікті жазу кезінде әрбір деректі академиялық дәлдікпен өлшеп, Қазақстандағы кітапханасынан көптеген құжаттар алдырумен болды. Алматыда тұратын қызы Айғаным айтқан сәтінде әлгі құжатты жазушы тұрған пәтерден тауып, «WhatsApp»-пен ағасы Едігеге салып жібереді, Едекең оны дереу әкесіне принтерден шығарып бере қояды. Сол себепті Роквиллдегі үйдің қонақ күтетін орта бөлмесінде тұрған «Brother» принтері – ақсақалдың машинкасынан кейін үздіксіз үн шығарып тұратын екінші құрылғы.

Жазу үстелінің үстінде машинкасынан бөлек қалам мен қарындаш, қайшы, ұстараның жүзі, өшіргіш пен штрих-корректор жатады. Машинкамен терген жазбасын әуелі бір сүзіп оқып, штрих-корректормен қателерін түзеп шығады. Сосын қайта көшіріп басады. Таза көшірмені Едекең жақын бір адамдарына компьютермен теруге жібереді. Әдеби шығармаларын тек қаламмен жазатын ақсақал публицистика мен мақалаларға келгенде жазу машинкасын қолайлы көреді. Кешкі сағат алтыдан аса жазушы бөлмесінен шығады. Сосын әр тараптан келіп, ас үйге жинала бастаған бала-шағасымен һәм немерелерімен бірге кешкі асқа отырады. Едекең қызметінен, келіні Алтын мен Бақытжамал әжеміз сырттағы шаруаларын пысықтап үйге оралады.

Одан бөлек қай елде тұрса да, бұл шаңырақты ақсақал мен Едекеңнің үш жұртынан келген ағайын-туыс пен бала-шаға түрлі себеппен уақытша паналап жатады. Біреуі қоныс аударушы, біреуі білім іздеуші дегендей. АҚШ-тағы саяси ахуал мен халықаралық оқиғалар туралы бізбен әңгімелесіп болған соң, жазушы «Dell» деген ноутбугын ашып, бір жарым сағаттай Қазақстанның, Қытай мен Моңғолияның қазақша сайттарын қарайды (жоғарғы суретте сол дәстүрімен патио-балконда отырған беті). Сосын орыс тілінде америкалық және ресейлік бірнеше сайтты оқиды. Кейде Бақытжамал әжеміз екеуі «YouTube»-тан тарихи телесериал көріп отырады.

Әзірше интернетте игерген тараптары – осылар. Әлеуметтік желілер туралы естуі ғана бар. Түнгі оннан көп асырмай ұйқыға жатады. Ақсақалдың күн сайын тынбай 8-9 сағатын ой еңбегіне, шығармашылық жұмысына арнайтын кестесіне қайран қалмасқа болмайды. Бір әңгімелесіп отырғанда, жазушы болам дейтін адамның кем дегенде екі нәрсені ескеруі тиіс екенін айтты.

Біріншісі, қуатты көркем шығарманың өзегі мен ажары – адам тағдыры.

Екіншісі, кәсіби жазушы дисциплинаға бой үйреткені дұрыс. «Күзде жазам, түнде жазам, ішіп алсам ғана жазам» дегеннің бәрі жүйесіздік һәм ішкі тәртіптің нашарлығы, кәсібиліктің жоқтығы. Аз-аздан болсын, күнде жазу керек, күнде оқу керек», – деді ақсақал бір сөзінде. Ал мен естелігімді әзірге осы жерден қайыра тұрам…

Ғалым Боқаштың

«Фейсбуктағы» жазбасынан

 

 

ТЕРМИНКОМ тілімізге тыйым САЛМАСЫН!


 

Кез келген ұлтты ұлттық сана-сезімінен, ұлттық намысынан айырудың алуан түрлі тәсілі бар. Сол тәсілдің бірі – өз қол астындағы ұлтты, әсіресе қазақты туған тілінен айыру. Бұл тәсілді, әсіресе терминком деп аталатын мекемедегі әлдекімдер әлі де қолданып келе жатыр. Тіпті орыстан енген «самолет», «двигатель» дегенге де тиіспеңдер деп, шыж-быж болатындар да – осы терминкомдағылар. Мұндағылар қазақтың түркі тілдері ішіндегі ең бай, ең шұрайлы да шырайлы тіл екенін, атақты академик Маррдың өзі бір кезде түрік тілі әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдің бірі дегенін біле ме екен?!

 

Жақында үкіметте болған бір үлкен жиында қазақ тілінің төл баласындай болып кеткен «оташы», «мұражай», «сазгер» сияқты толып жатқан сөздерді қайтадан «таз қалпына» келтіру керек деген ұсыныс жасалды. Терминкомдағылар аузына салып берді ме, әйтеуір ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев та қазақшасы табылған термин сөздерге шүйлікті.

Ал термин деп аталған қазіргі қолданыстағы шетел сөздері қазақшалап айтуға болмайтындай өте бір терең мағыналы, не киелі сөздер емес. Мысалы, терминкомдағылар «тиісуге болмайды, бұл халықаралық сөз» деп отырған композитор сөзі (лат.) бар болғаны – «құраушы, құрастырушы» дегенді ғана білдіреді. Және терминкомдағылардың бұл сөздерді бүкіл жер-жаһан солай айтады дегені – қып-қызыл өтірік. Бұл қазақ тілі ғылыми, техникалық атауларды атауға қабілетсіз деген өз өтіріктерін дәлелдеп, қалың қазақты ақиқаттан адастыру үшін жасалған қулық. Олар «термин» деп жүрген осы сөздерді 2 миллиардқа жуық қытай – қытайша, жапон – жапонша, үнді –үндіше, корей – корейше атайды. Оның үстіне бұдан жүз, екі жүз жылға жуық өмір сүрген ғажайып сазгерлер мен күйшілерді композитор деу – олардың әруағына жасалған зор қиянат, қылмыс болар еді.

Ал «музей» деген не? Ол біздің заманымыздан жүздеген жыл бұрын мыңнан астам «құдайға» табынған гректердің аңызындағы Урания, Камиопа, Клио, Мельпомена, Эрато, Терпсихара, Евтерпа деген құдайбикелердің (богинялардың) храмы ғана. Ендеше арғы-бергі тарихымның, әдебиетім, мәдениетім, өнерімнің көнекөз мұраларын сақтайтын киелі жайды қазақ неге «мұражай» демей, «музей» деп, олардың храмының атымен атауы керек? Бұл қазақтың тіліне қарсы жасалып жатқан жымысқы саясат емес пе?

Немесе «аптека». Бұл көне латын тілінде бар болғаны – «қойма», «қамба» деген сөз ғана. Ал оның қазақша дәріхана деген нақты мән-мағына беретін атауы тұрғанда, оны неге «аптека» деуім керек? Терминкомдағылар «тиісуге болмайды, ол термин» деп отырған «хирург» сөзі «қол жұмысы» дегенді ғана білдіреді (грекше). Оны мен өз тілімде «оташы» десем, ерсі ме?

Ал «калория» (лат.) – жылу деген сөз ғана. Мысалы, «президент» дегеніңіз бар болғаны – «ең алдыда отырушы» дегенді білдіреді. Осы терминком қазақтың «жәйт» деген әдемі де әуезді сөзін «жайт» деп өзгертті. Бұл қазақтың «ә» дыбысын орысшаға бейімдеп, «а» қып айтқызу үшін жасалды. Қазір бүкіл газет-журнал «жәйт» демей, «жайт» деп жазатын болды.

Терминком ананы да, мынаны да «термин» деп, оны қазақта бар атауымен айтуға тыйым салайық десе, оған үкіметтегілер қосылса, оған әлгіндей қазақтар мыңдаған термин сөзді қазақшалапты, бұл дұрыс емес деген өтірік қосылса, балабақшадан бастап, сәбилерімізге үш тілділік үйретіліп жатса, бұл ана тілімізді осындай қитұрқы тәсілдермен жою арқылы қазақты жоюдың әдіс-тәсілдері емес дей аласыз ба?

Осының бәріне үнсіз қалсаң, жойылмайсың ба, қазақ?

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,

ақын, ҚР Мәдениет қайраткері

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн