«Общественная позиция»
(проект «DAT» №24 (388) от 22 июня 2017 г.
Құрылтай қарсаңында
Моңғолияда туып-өсіп, Америкада біраз жыл тұрып, атамекендеріне келген апалы-сіңлілі Айнұр мен Алтыннұр мұндағы әсерлерін «Азаттық» радиосына айтып берген екен.
Америкадан экология мамандығы бойынша бакалаврлық білім алып келген 22 жастағы Айнұр Жекей Қазақстанда – Назарбаев университетінде магистратурада оқыған. Алтыннұр да биыл Назарбаев университетін химия инженері мамандығы бойынша тәмамдаған екен.
Олар 1995 жылға дейін Моңғолияда тұрған. Кейіннен олардың отбасы Америкаға көшіп кетеді. Олар АҚШ-та 8 жыл тұрып, сол жақта орта білім алып, университеттің бакалавриатын бітіріп, Астанаға 2014 жылы келген. Апалы-сіңлілі қыздар қазақ тілінен бөлек ағылшын, моңғол, түрік және орыс тілдерін меңгерген.
«Біз ең алғаш Қазақстанға келгенде, мұндағылар қазақша сұрағымызға орысша жауап берді. Біз неге Қазақстанда қазақ тілінде сөйлемейді деп таңдандық. Бізді Қазақстанда ауылдан келгендер деп менсінбей қарады. Бірақ біз Америкадан келген едік», – дейді Айнұр Жекей.«Бізге ата-аналарымыз «оралман» деген сөзді отанына оралғандарға байланысты айтатындықтан, ең керемет сөз деп түсіндірген еді. Бірақ Қазақстанда оралмандарға жақтырмай қарайтынын түсіндім. Бірақ мен әлі де өзімнің оралман екенімді, қазақ екенімді айтып мақтана алам», – дейді Алтыннұр Жекей.
«Америкалықтар – мінезі ашық адамдар. Олар ешкімнен ұялмайды. Ойын ашық жеткізеді. Ал қазақтарда «ел не ойлайды?» деген түсінік бар. Бірақ оны кемшілік деп қарамаймын. Ол екі елдің өз менталитеті шығар», – дейді Айнұр.
Олардың сөздеріне қарағанда, бұдан былай қазақтың қос қызы алған мамандықтары бойынша шетелде жұмыс істеп, білімін шыңдап, содан кейін Қазақстанға қайтып келеміз деген ойда.
Түпнұсқа: Azattyq.org
ҚАЗАҚСТАН ҚЫТАЙҒА 12,5 миллиард доллар ҚАРЫЗ
Қазақстандағы жобалардың біразы Қытайдан алынған қарыз капиталы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда Қытайға қарыздың жалпы көлемі 12,5 миллиард АҚШ долларына жеткен, деп хабарлайды Stan.kz.
«Қазіргі кезде біз ҚХР-ға қарыз болып отырған ақша 12,5 миллиард долларға жетіп отыр. Банктер бойынша – 2,7. Өзге секторлар бойынша – 8,97. Кәсіпорындар мен фирма аралық қарыздар 944 миллион. Шамамен осындай. Сонымен бірге Қытай тарапының да Қазақстан алдында берешегі бар. Біз де құнды қағаздарды салып отырмыз. Ол 12 миллиард долларды құрайды. Айырмашылық 579 миллион доллар. Бұл жағдай сыртқы қарызға қарағанда жақсырақ», – деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Егер сыртқы қарыз бойынша көрсеткіш нақты болса, екі ел арасындағы сауда қатынастарында ала-құлалық байқалады. Жақында ғана ҚХР төрағасымен кездесуде Назарбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы айырмашылыққа таңырқаған еді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, айырмашылық 5 млрд долларға жеткен. Бұл аптада осы тақырыпқа сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Ол сандарға қатысты айырмашылықтарды «ірі халықаралық оқиға» деп атады. Егер министр Сұлтанов бұл ретте жағдай әдіске тіреліп тұр десе, сенат төрағасы мұның себебі контрабанда деп бір-ақ атады.
«Сіз қазір әдіснамалық келіспеушілікті бірінші орынға шығарып қойдыңыз. Ал мен бірінші орынға контрабанда мәселесі мен көлеңкелі экономиканы қояр едім. Соңына дейін әділетті қарау керек», – деді Қ. Тоқаев.
Stan.kz