«Азаттық» әлемінде
«Азаттық» тілшісіне Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері «ұлтаралық алауыздық қоздырды» деген айыппен ұстаған «Антигептил» қозғалысының белсендісі «Сәкен Байкенов екі айға қамалды» деп хабарлады. Байкеновті 7 наурыз күні ҰҚК Алматыда ұстап, Астанаға әкеткен еді.
Сәкен Байкеновті қамауға алу туралы шешім шыққан сот отырысы 9 наурыз күні кешке болған. Сот отырысы жайлы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланбады. Байкеновтің жақтастары «белсенді Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалары үшін ұсталған болуы мүмкін» дейді.
Сәкен Байкеновтің жұбайы Қарлығаш Мырзаділова бұған дейін «Азаттыққа» күйеуін «ҰҚК қызметкерлері 7 наурызда күндізгі сағат 11 шамасында Алматыдағы жалдап тұрып жатқан пәтері алдынан ұстап әкеткенін» айтқан. Сол күні түстен кейін белсендіні ұшақпен Астанаға әкеткен. ҰҚК қызметкерлері әйеліне Байкеновтің «ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны» үшін ұсталғанын хабарлаған, бірақ оның нақты қандай іс-әрекет екенін айтпаған. ҰҚК қызметкерлері Байкеновпен бірге оның үйінен ноутбук, iPad планшеті, екі ұялы телефон және 4G интернет байланысы модемін әкеткен.
ҰҚК әзірге Байкеновтің ұсталғанына қатысты ешқандай ақпарат бермей отыр.