ҚАРАБАҚ ЖАНЖАЛЫ: Түркі елдері ынтымағы СЫНҒА ТҮСПЕК

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №14 (331) от 07 апреля 2016 г.

 

Мәселенің мәні

 

Қарабақта не болып жатыр?

Өткен сенбіде Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ дауы қайта тұтанып, қарулы қақтығыстар орын алды. Әзірбайжан Қорғаныс министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, Армения бірінші болып Халықаралық бейбітшілік келісімдерін бұзған. 2 сәуір күні екі тарап арасындағы ұзақ жылдарғы жанжал қайта тұтанып, әскери соғыс шаралары басталған.

Қақтығыстар кезінде Армения қарулы күштерінің 6 танкісі, 15 артиллериялық қондырғысы және инженерлік жабдықтар жойылып, 100-ден астам әскері жарақат алған және 18 сарбазы көз жұмған.

Ал Әзірбайжан армиясы Армения шабуылдарына қарсы соққы жүргізген. 12 әзірбайжандық сарбаз қаза тауып, 1 танкі істен шыққан және «Ми-24» тікұшағын Армения ҚК-і атып түсірген. Екі мемлекет арасындағы әскери қақтығыстар Қарабақтағы Агдере-Тертер-Агдам және Ходжавенд-Физули жерлерінде жүріп жатыр.

Қазіргі таңда Әзірбайжан Қарулы күштері Талыш елді мекенін Армения әскерінен азат еткен. Сондай-ақ шабуылдар Геренбой ауданы мен Нафталан қаласында және Сейсұлан елді мекенінде де болған.

Әзірбайжандық БАҚ-тың мәліметтерінде дәл қазір аталмыш елді мекендерде әскери соғыс режімі енгізіліп, қарулы қақтығыстардың екінші кезеңіне дайындықтар жүргізіліп жатқаны айтылады.

Оңтүстік-кавказдық екі мемлекет арасындағы жанжалдар 1988 жылдан бері жалғасып келеді. Таулы Қарабақ пен оның құрамына кіретін жеті аудан (бұл Әзірбайжан территориясының 20 пайызын құрайды – Ред.) Арменияның оккупациясында.

Ал 1994 жылдың мамырында екі тарап қарулы қақтығыстарды доғару және мәселені бейбіт жолмен шешу туралы келісімдерге келген. Содан бері ЕҚЫҰ-ның Минск тобына мүше Ресей, Франция және АҚШ арасында келіссөздер жүргізіліп келеді. Әзірге бұл келіссөздердің ешбірінің нақты нәтижесі жоқ.

Армения оккупациялаған Таулы Қарабақ территориясын Әзірбайжанға қайтарып беру туралы БҰҰ-ның 4 резолюциясын Серж Саргосян басқаратын мемлекет әлі орындамаған.

Ресейлік «gazeta.ru» басылымының деректерінде Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі Қарабақ аумағында қарулы қақтығыстарға жол бермеу туралы бейбіт келісімдерді Армения ҚК 130 рет бұзғандығын айтқаны жазылған.

«Армения қазір аталмыш аумақта 60, 82 және 120 миллиметрлік минометтер мен үлкен калибрлі пулеметтер қолданып жатыр», – дейді Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Вагиф Дяргахлы. Сондай-ақ Дяргахлы мырза 200-ге жуық әзірбайжандық сарбаздың көз жұмғанын теріске шығарған.

Ал Армения президенті Серж Саргосян мырза 18 армян сарбазының Қарабақтағы қақтығыстар кезінде опат болғанын растаған. Бұл туралы ресейлік «vesti.ru» сайты жазады. Саргосян мырзаның айтуынша, Әзірбайжан ҚК Қарабақ аумағында танкі және ауыр артиллерияны қолданған.

Әзірбайжандық «Oxu.az» сайтының хабарлауынша, Қарабақтағы қақтығыстар кезінде қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Армения тарабы Минск келісімдерін бұзғанын және БҰҰ территориялық тұтастық туралы шешімін орындамай отырғанын айтқан.

«Өкінішке орай, Армения оккупациялаған Қарабақ жерін қайтарып беру үшін бірнеше талаптар қойып отыр. Біз барынша бейбіт жолмен мәселені шешуге бар күшімізді салдық. Біз Әзірбайжанның территориялық тұтастығын сақтап қалу үшін бәріне дайынбыз. БҰҰ осыдан 20 жыл бұрын Қарабақты қайтарып беру туралы 4 резолюция қабылдады. Армения осыларды әлі күнге дейін орындаған жоқ», – дейді Әлиев мырза.

«Нaqqin.az» сайтының мәліметтеріне сүйенсек, екі тарап арасындағы жанжалдың қайта тұтануына күні кеше ғана АҚШ-та өткен антиядролық саммит себепкер болған. Әлиев пен Саргосян қатар қатысқан саммитте Әзірбайжан президенті Арменияның БҰҰ шешімін орындаудан бас тартып отырғанын ашық айтып, айыптаған. Осыдан кейін Саргосян өзінің қорғаныс министрімен кеңес өткізген. Ал екінші күні Қарабақта қақтығыстар орын алған.

Тағы бір әзірбайжандық «trend.az» сайтының жазуынша, Таулы Қарабақтағы қақтығыстардың қайта тұтануына Түркия президенті Тайып Ердоған мен Әлиевтің кездесуі себепкер болуы мүмкін.

Ердоғанның Әлиевпен туыстық қарым-қатынаста екенін және Ердоғанның Әзірбайжанға жылы қарайтынын БАҚ біраздан бері айтып-ақ келеді. Тіпті түркі жұртының ортақ армиясын құру туралы идеяны ұсынған Ердоған өз кезегінде Түркия мен Әзірбайжан әскер біріктіретінін айтқан еді.

Түркиялық «Anadolu.tr» басылымының хабарлауынша, Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты Түркия президенті Әлиевке арнайы хабарласып, көмек қолын созуға дайын екендігін жеткізген. Бұл ақпаратты Әзірбайжан президентінің баспасөз қызметі де растап отыр.

«Мinval.az» агенттігінің хабарлауынша, қазірПәкістан Республикасы арнайы телеграмма жолдап, Таулы Қарабақ жанжалына байланысты Әзірбайжанға әскери көмек көрсетуге дайын екендігін білдірген.

 

Қарабақ жанжалы Ресейге пайдалы

МАСЕЛЕНИН МАНИ КАРАБАХ ЖАНЖАЛЫ1Дәл осы тақырыпта болжам жасау қиын болғанымен, Қарабақ жанжалы кімдерге тиімді? Бажайлап көрсек, бұл соғыс бірінші кезекте Владимир Путинге пайдалы. Өткен жолғы Түркиямен арада болған «Су-24» ұшағына қатысты оқиғада Әзірбайжан Анкараның позициясын ашық қолдаған еді. Әрине, Кремль қожайыны бұған тиісінше жауап қайтаруы керек-тін. Сондықтан Путин Түркияға кеткен есесін Әлиев арқылы алуды жөн көреді. Ердоғанға тікелей соғыс аша алмағандықтан, Арменияны қостап, Әзірбайжанға қарсы қоюы да мүмкін. Себебі Армения – ЕАЭО-ға мүше, христиандық Ресейдің форпосты.

Екіншіден, АҚШ пен Ресей арасындағы бәсекелестікте Ресей тағы бір мәрте жеңіліс тапқан еді. Сириядағы жанжалдарды бейбіт жолмен шешуде АҚШ дипломатиясы жеңіске жетіп, Ресей Асад елінен өз әскерін қайтарып алғаны белгілі. Демек, Қарабақ жанжалын қайта өршіту арқылы Кремль реванш алуды көздейді.

Сценарий сол баяғы – Армения Қарабақта провокация жасайды, нәтижесінде бірнеше бейбіт тұрғын қаза болады. Армения мен Әзірбайжан арасындағы жанжал күшейген тұста Мәскеу ағайындық жасап, әскерін кіргізу арқылы жағдайды реттеуші рөлге ие болады.

Сол сол-ақ екен, Әлиев Вашингтонда антиядролық кеңесте жүрген кезде Армения провокация жасады. Алайда Путин үлкен сенім білдірген Армения Қарулы күштері алғашқы шайқаста-ақ жеңіліп қалды. Арменияның Қарабақта 20 жыл бойы құрған әскери күші Әзірбайжанның бірінші шабуылына төтеп бере алмады.

Саргосян ақырында өзінің мәскеулік қожайынынан көмек сұрады. Әзірбайжан алғашқы жеңісін тойлап жатқанда, РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу бірінші болып, одан кейін РФ СІМ Сергей Лавров бар, ақырында РФ президенті Путиннің өзі телефон соғып, тараптарды соғысты тоқтатуға шақырды.

Бұл жерде ресейлік БАҚ-тың да рөлі басым еді. Қарабақ жанжалы қайта тұтанған сенбінің түнінде ресейлік БАҚ Қарабақта жүрген еді (қандай жолмен және соғыс ошағында ресейлік БАҚ қалай жетті – белгісіз). Дезинформациялық саясатты жақсы ұстанған ресейлік БАҚ ресейлік пропаганданы насихаттауға кірісті. Дәлірек айтсақ, Қарабақтағы қақтығыстарға АҚШ пен Ердоғанды кінәлау басталды. Бұл өз кезегінде Украина дағдарысын еске түсіреді.

Ал провокаторлық жасап, жанжалды тұтандырған Армения алғашқы жеңілістен кейін Халықаралық қауымдастыққа шағымданып, әзірбайжандық агрессияны доғаруды талап етті. Алайда Саргосян мырза соғыстың Әзірбайжан территориясында жүріп жатқанын ескермеген болса керек. Ал Әзірбайжанның мемлекеттік территориясында Армения армиясы қайдан жүр? Тағы бір пародокс.

Вашингтондағы Әлиев пен АҚШ мемхатшысы Джон Керридің кездесуінде (антиядролық саммит аясында) Қарабақ мәселесі де сөз болған. Онда Таулы Қарабаққа қатысты АҚШ Әзірбайжанды қолдайтынын және мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне күш салатынын жеткізген. «Біз Таулы Қарабақтағы мәселенің тез арада және бейбіт жолмен шешілуін қалаймыз. Қарабақтағы жағдайларды және Әзірбайжанның территориялық тұтастығын сақтау үшін бірінші кезекте келіссөздер жүргізілуі керек», – дейді Дж. Керри.

Неміс бундестагының депутаты Марк Гауптман Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты мәлімдеме жасап, Әзірбайжанға қолдау көрсететінін айтты. «Германия және ЕО Арменияның Таулы Қарабақты оккупациялауын заңсыз деп таниды. Минск тобының келісімдеріне сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуропа кеңесінің шешімін Армения тез арада орындауы тиіс», – деді ол.

Қазіргі таңда Таулы Қарабақтағы жанжалдарға қатысты Әзірбайжанның позициясын қолдап, Арменияны басуға шақырған мемлекеттер мен Халықаралық ұйымдар мыналар болды: Түркия, Германия, Пәкістан, Грузия Әзірбайжанға әскери көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізсе, Иран, Латвия, АҚШ және НАТО соғысты тоқтатуға шақырған. Сонымен қатар Франция, Украина, Ресей президенттері Қарабақтағы жанжалдарға қатысты пікір білдірсе, одақтасымыз Белоруссия президенті Александр Лукашенко Әзірбайжан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, соғысты тоқтатуға шақырған.

Қарабақтағы жанжалдардан кейін НАТО, ЕО, Еуропа кеңесі және БҰҰ басшылары да шұғыл кеңес өткізіп, қарулы соғысқа жол бермеудің, территориялық дауды бейбіт жолмен шешудің жолын іздестірген.

Орта Азиядағы түркі мемлекеттері Әзірбайжанға көмектесуге қауқарсыз болғандықтан, әзірге үнсіздік танытуда. Осыған дейін Түркіменстан президенті Бердімұхамедов Әзірбайжанды қолдайды деген ақпараттың жалған екендігін айтып, ақталып үлгерген.

Ал 2014 жылы Армения Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін кезде Қазақстан президенті Арменияның оккупациялаған территориясы – Қарабақ Армения құрамына кірмейтінін айтып, Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қолдайтынын білдірген. Тіпті Назарбаев ол кезде Саргосянға ультиматум қойып, егер ЕАЭО-ға мүше болғысы келсе, Қарабақты Әзірбайжанға қайтарып беруі керек екендігін айтқан еді.

Қазір қазақ президенті Кубада ресми іссапармен жүргендіктен, Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты қандай да бір мәлімдеме жасамаған.

Ал Қырғызстан осыған дейін Түркиядан гөрі Путиннің интеграциясына ынтықтығын байқатқан.

Сондықтан Қарабақтағы жағдайда түркі жұртының ынтымағы сынға түсетіні тағы да рас.

Нұргелді

ӘБДІҒАНИҰЛЫ,

Abai.kz

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн