Аралдағы балық зауыты ҚАЛАЙ ҚОЛДЫ БОЛДЫ?

Елге танымал болған «ДАТ» газетіне хат жолдай отырып, «Новая газета-Қазақстан» газетінде басылған (03.03.16 ж.) «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Т.Кенжебаевтың Аралдағы «Атамекенбалықөнеркәсібі» зауыты туралы мақаласына осы кәсіпорынның ардагері ретінде жауап беруді парызым санадым. Ал «ДАТ»-қа жүгінген себебім – Қызылорда елі негізінен қазақша сөйлейді, менің пікірім қазақ тілінде оқылсын деген ойым еді.

Республикамыз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттің және халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында елге шетелден инвестиция тартып, бұрынғы қаражат тапшылығынан тоқтап қалған әртүрлі шаруашылық саласын жолға қоюды қолға ала бастады.
Осы мақсатпен Арал ауданының белгілі тумалары 2007–2008 жылдары Оңтүстік Корея мемлекетінен балық өндеу зауытының заманауи жобасын өндіріс жабдықтарымен, инфрақұрылымдарымен, мамандарымен әкеліп, облыс түгілі, Орталық Азия көлемінде жоқ, балық шаруашылық саласындағы дүниежүзілік талаптарына сәйкес зауытты Арал қаласында салып, оны 2009 жылы іске қосты. Оның жылдық қуаты – 6 мың тонна балық өнімін құрайтын.
Бірақ елдің азаматтары жасаған перзенттік борышы іспеттес бұл игілікті істі аймақтық билік дұрыс бағаламай, зауыттың толыққанды, кедергісіз жұмыс жасауына өз тарапынан қажетті қолдау көрсетпеді. Керісінше, нешетүрлі кедергілер туғыза берді. Соның ішіндегі ең ауыры – теңізден балық аулауына бекітілген арнайы учаскелер бермеуі.
Жалпы, өңірдің балық шаруашылығында тұралап қалған мәселелер туралы мен неше дүркін БАҚ арқылы, қоғамдық ресми-бейресми кездесулерде билік өкілдерінің, елдің назарын аударып келемін. Соның ішінде – «Айқын» газетінде (08.10.11 ж.) «Аралда балық неге қымбат?» деген сұхбатымда жағдай ашық көрсетілген еді.
Арал теңізінен балық аулау учаскелері 2006 жылы жеке кәсіпкерлерге он жыл мерзімге тендермен бекітіліп берілген болатын, ал «Атамекенбалықөнеркәсібі» зауыты 2009 жылы іске қосылған. Сонда да қосымша өткізілетін тендерлерден үміті болды. Ол тендерлерге қатысуына, жеңімпаз атануына толық заңды сәйкестігіне қарамастан, заманауи қуаты бар зауыт қасақана ысырылып қала берді. Есесіне, материалдық-техникалық базасы болмаса да, көптеген жеке серіктестіктердің су айдынын қолдануға 10 жылға келісім-шарттары бар.
Осылайша балық аулау учаскелері болмағандықтан, зауыт өзінің өндірістік қуатында балық аулап, қабылдап, өнім шығару мүмкіндіктерін пайдаланудан шектеле берді. Шикізатты балық аулауға квоталық қағазы бар тұлғалардан қымбатқа сатып алып, жұмыс жүргізуге мәжбүр болды.
Дегенмен, зауыт басшылығы 2009–2013 жылдары аралығында білікті жұмысшылар мен мамандар қабылдап, мемлекеттен ешқандай несиеге қаражат алмай-ақ, бірқалыпты жұмыс жасады. Жаңа өндіріс орны 150-дей жұмыссыз аралдықтарға қызмет орнын ашып, жағалаудағы ондаған балық шаруашылықтарына тапсырыс беріп, Евроодақтың шарттарына сәйкес өнімді экспорттауға еврокод алып, өнімнің сапалық дәрежесін дәлелдейтін дүниежүзілік сертификаттар мен лицензияларға ие болды. Қырыққа жуық шағын және орта тоннаждық флот жабдықталды. Катер-көліктерді қажет кезде балықшыларға беріп тұрды.
Шығарылған жоғары сапалы өнімдерін ТМД асып, Европаның бірнеше елдеріне жөнелтіп, әріптестік қатынастарын нығайта түсті. Өнім үлгілері сан түрлі көрмелер мен сауда жарыстарына қатысып, арнайы жүлделерге қол жеткізді. Соның ішінде Ұлттық марапат – «Алтын сапа» дипломы да бар.
Сөйтіп, бұл зауыт аудандағы ең ірі балық өндеу орталығына айналды. Атына заты сай өндіріс ұжымына басшылары үнемі сапалы әлеуметтік қамқор көрсетіп келді. Ауысымдық қызметкерлерге жұмыс орнына қатынайтын арнайы автокөлік, ыстық тағам дайындайтын асхана, ерлерге, әйелдерге душ бөлмелері, тек шетелдік кинолардан көретін сенсорлық әжетханалар, жұмыстық киім мен компьютерленген кеңселер, интернет желісі, дүкен, т.б. бұрын-соңды аралдықтар көрмеген мүмкіндіктерге қол жеткізілді. Зауыттың футбол мен шахматтан жеке командалары құрылып, жергілікті жарыстарға үнемі қатысып, жүлделер алып жүрді.
Сондай қамқордың бір белгісі – ардагерлер ұйымының пайда болуы еді. «Атамекенбалықөнеркәсібі» зауыты жалпы мүгедектер мен жалғыз басты қарттарға, көп балалы отбасыларға, жесірлер мен жетімдерге, әлеуметтік әлжуаз жерлестерімізге, дарынды жастарға сан алуан көмек түрін көрсетіп тұрды.
Содан 2013 жылы облысқа жаңа әкім болып Қырымбек Көшербаев мырза келгеннен кейін, аудан нысандарын аралаған кезінде, біздің зауыттың жұмысымен де танысты. Ұжыммен кездесу барысында кәсіпорын басынан кешіп отырған қиыншылықтардан құлағдар болып, зауыттың бірқалыпты жұмыс істеуіне бетбұрыс жасап, көмектесетінін айтқан болатын. Сол жиналысқа мен өзім қатысып, бірнеше сауал қойдым.
Алайда арада екі-үш ай өтпей-ақ, облыс басшысының пиғылы кері өзгеріп, зауыттың басына қара бұлт төнді десем, артық айтылған болмас.
Облыстың және «Казагрофинанс» компаниясының басшылығы бірлесе отырып, кенеттен бұрынғы зауыттың барлық жұмысшыларын аудан әкімі прокуратура мен полицияның көмегімен күштеп, бір күнде зауыттан қуып шықты. «Казагрофинанс» басшылығы тез арада зауытты алдымен Қарағанды балық өсіру питомнигіне берді. Одан кейін «Қызылорда ЭКО» ЖШС-не, сонан соң кәсіпкер Т. Жұқашев басқарған «Аралбалықзауыты» ЖШС-не беріп, зауыттың атын өзгертті. Бірақ ол өзгерістен зауыт зырлап тұрған жұмысын жалғастырып кете алмады.
Ақыры 2015 жылдың ортасында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың араласуымен зауыт әлімжеттікпен, «Казагрофинанс» АҚ-ның келісімінсіз «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) «Қарашалаң» сервистік дайындау орталығына берілді. Бұл өте теріс шешім болды, себебі «Байқоңыр» ӘКК-сы – «Атамекенбалықөнеркәсібі» зауытына бес қайнаса, сорпасы қосылмайтын айдаладағы тұлға.
Күні бүгін сол «Қарашалаң» орталығы зауыт қызметкерлерін ақысыз демалысқа таратып, күзетшілерін ғана қалдырған. Зауытты дамытамыз деп мақтанған жетістігі осы болса, оларды есекке теріс міңгізуге болады екен.
Менің ортамдағы ардагерлер, таныс шенді-шекпенділер мен ауылдың қарапайым тұрғындарының бұл мәселеге байланысты пікірі ортақ – облыс әкімі, оның нешетүрлі кеңесшілері мен қолдаушылары қазақтың ниетіне жат, теріс іспен айналысып, өз бабаларының елінде айдың аманында қарақшылық жасағаны. Дос болып келіп, дұшпандыққа барғаны – біздің санамызға сыймайтын нәрсе.
Біздің білуімізше, облыс әкімінің қамқорындағы «Қарашалаң» орталығы «Байқоңыр» ӘКК-нан қөп көлемде несие алып, екі жылдан бері Ресей жерінде балық өңдеу зауытын салып жатыр. Бұл жағдай Аралдағы көпшілікке белгілі. Сонда Елбасымыз Н. Назарбаевтың үкімет отырысында айтқан: шетелдерден елге инвестиция тартып, ал сыртқа бір тиын шығармау керек деген нұсқауы қайда қалады? Бұл талапты Елбасы таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде облыс, республика басшыларына тағы қатаң тапсырған болатын. Бұл тапсырманы қызылордалық әкімдер қалай жүзеге асырып жатқаны осы жағдайдан белгілі болса керек. Егер сыртқа, басқа елдің мүддесіне жұмсалып жатқан қаражат көзін анықтау қажет болса, мемлекеттің Бас прокуратурасы мен Қауіпсіздік комитеті тексеріп, мен келтірген деректің дұрыс-бұрысын анықтай алары сөзсіз.
Қызметшілері жұмыссыз қалған «Атамекенбалықөнеркәсібі» зауытының осыншама сергелдеңге түсуіне жоғарыда отырған қолы ұзын басшылардың бір-бірімен бармақ басты, көз қысты сыбайластығы – жемқорлықтың айқын белгісі болса керек. Тиісті тексеруші орындар осы жағдайдың анық-қанығына жетіп, зауыттың бұрынғы жұмыс ырғағына қайта оралуына жәрдем жасайды деген сенімдемін. Зауытты қарақшылыққа салғанды қоятын уақыт жетті ғой: неге жоғарыдағы басшылар соны түсінбейді?
Жылқыбай АРҒЫНҒАЗИЕВ,
«Атамекенбалықөңдеу зауыты» ЖШС-інің
ардагерлер ұйымының төрағасы,
Арал ауданының құрметті азаматы,
Қызылорда облысы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн