Қазақ эстрадасында құлаққа үйір, көңілге сүйкімді әндерімен тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп келген «Арнау» дуэтінің ақыр-аяғы тарайтыны белгілі болды. Тіпті соңғы уақыттарда топ мүшелері Нұржан Керменбаев пен Салтанат Бақаева жеке-жеке өнер көрсетіп жүргені – «жұлдызшыл» жұрттың құлақ естігені емес, көз көргені.
Мұндайда ақыр-аяғы деп анықтап айтатынымыз да, бүгінде қазақ эстрадасынан құрамы бүтін топ көру – бір әні түзу әнші көруден де қиынға соғып тұр. Әрине, бұл ретте «Арнауға» тағар айыптың сиқы мен сықпыты бұл емес. Оның үстіне кезінде «Қап-қарашка» атанып, халықтың ықыласымен ержеткен Нұржан Керменбаевтың уәжі біздің ойша да орынды.
Сол Нұржан осыдан сәл-сәл бұрынырақ басылымдарға берген бір сұхбатында Салтанаттың кішкентайлы болуына байланысты топтың жұмысы аздап тоқтап тұрғанын айтқан. Сонымен қатар, Бақаева да театрдағы жұмыстарына байланысты топты сүйреген үлкен үміттің үддесінен шығуға үлгере алмай жүрсе керек.
Бірақ әріптестерінің сөзіне сенуге тура келсе, бүгінде топ мүшелерінің өнердегі отауы әлдеқашан бөлек тігілген. Оның айқын дәлелі де – әрқайсысы жеке шығармашылығымен айналысып үлгерді деседі.
Әсілінде, «өнер тек өнер үшін» қағидасына жүгінсек, «Арнаулықтарды» ептеп ақтап алуға болар ма еді, кім білсін?! Ал «қазақпайский» қасаң қағидаға салсақ, «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз тағы бар…