«Общественная позиция»
(проект «DAT» №45 (409) от 7 декабря 2017 г.
Апта аптығы
АнекDAT
Үйіңдегі бес адамның төртеуі шығармашылықпен айналысса, тамаққа эконом болады екен.
• Ақан Серіктің ФБ-парақшасынан
Әттеген-ай!
•Мәжілісте мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатқа арналған үкімет сағатында ҚР мәдениет және спорт министрі тағы да күлкіге қалды.
«Шынында еңбекақы төмен. Жалпы, өнер адамдары ерке емес. Тамағы тоқ емес, аш өзек жүретін шығармашылық адамы ғаламат туындылар дүниеге әкеледі деп есептеледі. Мысалы, Бетховен, Моцарттың аш-жалаңаш жүргенін білеміз, бірақ бұл адамдар әлемдік жауһарлар жазды. Аз қаржыландыруға, біздің дарындар әлемдік деңгейге шығып жатыр. Дегенмен, кітапхана, музей, мәдениет үйлері секілді салаларды қаржыландыру керек», – деді Мұхамедиұлы депутаттың сұрағына жауап бере отырып.
Осыған орай танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі министр Арыстанбек Мұхамедиұлының мәлімдемесі мемлекеттік қызметкердің айтатын сөзі емес дейді («Ратель»). «Әр адамның жеке өз пікірі болады және айтуға құқылы. Ал министрдің бұлай сөйлеуге моральдық хақысы жоқ. Министр Бетховен, Моцарт аш жүріп, небір шедеврлерді дүниеге әкелді дейді. Онда министрлерге кітапханашының айлығын берейік. 30 мың теңгемен бір ай өмір сүріп көрсін. Бәлкім, сол кезде олар қызметтерінде шығармашылық табысқа жетіп, жақсы жұмыс жасар», – дейді композитор.
Сондай-ақ композитор Бетховен мен Моцарт мысалы ойға қонымсыз, бұл тоқ бала аш баламен ойнамайдының кері дейді. «Қазір шоу-бизнес өкілдері мен асабалардың ғана жағдайы жақсы. Бірақ олар нағыз өнерпаздарға жатпайды. Керісінше, шын таланттардың өмірге бейімі жоқ. Оларды мемлекет қолдауы керек. Министр өнер саласының жанашыры болуы тиіс.
Мәдениет саласында күнін көре алмай жүрген адамдар бар. Мемлекеттік бағдарламамен үй алып, ипотекасын төлеуге айлықтары жетпей жүргендер қаншама? Мен мемлекеттік қызметте істеп көрген адаммын. Өңірлерде кітапханашылар тапшы. Ешкім ондай аз айлыққа жұмыс жасағысы келмейді. Ал олар сайлаудың барлық жұмысында құлақ кесті құл сияқты жүреді. Бүкіл қазба байлықтың үстінде отырып, аш болуға бола ма?» – деді Қалдыбек Құрманәлі.
«D»