Арыстарға атылған ОҚ АЗ БА ЕДІ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №43 (407) от 23 ноября 2017 г.

 

Ғалым ағама хат


 

«DAT» газетіне (№38, 19 октябрь, 2017 ж.) «Қазақты – қазақ басқара алмайды деген кімдер еді?» деген атпен шыққан мақала қоғамда қызу талқыға түсіп жатқалы біраз болды. Авторы – алаштанушы, жазушы, ф.ғ.д. Тұрсын Жұртбай. Ғалым «…Егер тарихқа әділ баға бергіміз келсе, 1924-25 жылдары «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деп, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллинді неге айтпаймыз? Аттарын неге атамаймыз? Біреуінің 37 бет, екіншісінің 47 бет хаты бар. Екеуі де Сталиннің қабылдауында болғандар. Содан екі жарым айдан кейін Сталин Голощекинді Қазақстанға жіберді емес пе? Рысқұлов Мәскеуге кетті, Сейфуллин Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметіне алынды. Міне, тапқан пайдалары…» деп жазады.

 

Енді автор айтқан әділдікке жүгіне отырып, алдымен Сәкен Сейфуллинге қатысты тұстарына тоқталайын. Біріншіден, Т.Жұртбай айтқандай, С.Сейфуллин 1924-25 жылдары Сталинге хат жазып, соның арқасында Халық комиссарлар кеңесіне төраға болған жоқ. Ол бұл қызметке үш жыл бұрын, 1922 жылы желтоқсанда кіріскен. Екіншіден, Сейфуллинді қызметтен алдыртқан Голощекиннің өзі емес пе? Үшіншіден, Сәкен қызметтен кеткенде, орнына Н.Нұрмақов қалды. Неге екені белгісіз, ғалым хаттың қай мұрағаттың, қай сөресінде тұрғанына сілтеме жасамайды. Мақала соңындағы kaz.365info.kz деген жазуға қарағанда, бұл материалды редакция интернеттен көшіріп басқан болуы керек.

Қазақстанның, Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан архивтерін сан мәрте сүзіп, «Сәкентануға» алпыс жылдан аса ғұмырын арнаған, С.Сейфуллин туралы оннан артық кітап жазған ф.ғ.д., профессор Тұрсынбек Кәкішұлы: «Мұрағаттардан Сәкеннің біреуді қаралап жазғаны, болмаса мансап үшін ұлтына қиянат жасағаны жайлы ешқандай мәлімет табылған жоқ. Сәкенді қаралаудың көкесін менің көзім кеткен соң көресіңдер» дейтін.

Көкеміз көрегендікпен айтыпты. Тұрсекеңнің: «…Көзі тірісінде де, ақталғаннан кейін де, Сәкен Сейфуллин төңірегіндегі әңгіме толастаған емес. Бұл оның бақыты да, соры да. Бақыты болатыны – оның мұрасы, іс-әрекеті архивке тапсырылмай, күні бүгінге дейін мемлекеттік-әлеуметтік тірлігімізге араласып жатуында… Ал соры болатыны – ылғи қаңқу сөздің ортасында болатындығы. Ол көлденең көк аттының да, азулы арыстанның да, ештеңеден хабары жоқ наданның да, тұрақсыз кеудемсоқтың да… аузында бірде мақталып, бірде датталып жатуында…» деп жазғаны есімізде. (Т.Кәкішев. «Халық кеңесі», №143, 28.09.1994 ж.).

 

Мақаладағы жайтқа келер болсақ, бұл баяндау хатта «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деген сөз бен орталықтан адам жіберіңіз деген өтініш мүлде жоқ! Онда Сәкеннің 20-жылдары Коммунистік партияға өткен «оңшылдар» мен «солшылдар» жайлы көзқарасы мен білімін жетілдіруі туралы жазылған. Ол кезеңде мемлекеттік істер төңірегінде партиялар арасында әртүрлі пікірлердің айтылуы заңдылық. Аумалы-төкпелі заманды қойып, қазірдің өзінде саяси партиялар бірін-бірі «жерден алып, жерге салып» жатқан жоқ па?

Сәкендер советтік идеялармен елді жақсы өмірге жеткізгісі келді. 1917 жыл 2 қарашада большевиктер партиясының шығыстың барлық мұсылман халықтарына үндеу жасап, «езілген ұлттарға өзін-өзі билеу құқығын береміз» дегеніне имандай сенді. Олар сол кезде советтік жүйенің түпкі мақсатын, қанды қақпанын сезді, білді деу қиянат болар. Әрі бұл Сәкен мен Тұрар ғана емес, жарты әлем сенген жүйе болатын. Арыстар армандаған социализм теңдік, бостандық орнаған қоғам болуы керек еді. Көксеген социализмге жетуге жоғары жақ еш мүмкіндік бермесе, алғашқы бағыттан ауытқып кетсе, ол арыстардың кінәсі емес қой. Алғашқыда айтылған өкімет басына халық билігін орнатып, халықтың жоғын жоқтаймыз, барлығын тең құқылы қыламыз деген сияқты алапат ұрандар талайды сендірмей қоймады.

1920 жылы Орынбор комитетіне арыз жазған Ахмет Байтұрсынұлы: «Азат етілген қазақ халқы дүниежүзілік революция арқасында ғана бақытқа жете алады… Бұл тек Коммунистік партияның қолынан келеді» деп түйіндеді. Коммунистік партия күш алып кеткен соң, сол арқылы қазақ мүддесін қорғамақ болып, партияға өткен Ахаңдар да, қызыл сұңқарлар да өмір сценарийінің соңын білсе, басқаша болар ма еді. Өздері таңдаған жолмен халықты бақытқа кенелтеміз деп мақсат қойған тұлғалар идеялық тартыстар кезінде тартынып қалған жоқ. Совет үкіметіне құлай сеніп, еңбекші таптың жарқын болашағы үшін барын салды. Өзгелер де солай. Идеялар арасында аласапыран айтыс-тартыс жүріп жатты. Сол кезде құр айтысты қойып, қатаң бұйрық беріп, қатал шешімге барған тұлғалар аз ба? Ол жайлы басқа емес, Тұрсын Жұртбай ағамның өз аузынан естіген едім.

Бірақ солардың арасынан әсіресе Сәкенді бөліп алып, қайта-қайта оққа байлауда не сыр бар? Сталиннің қабылдауында болғандар, хат жазғандар жетерлік. Сәкен қабылдауда болғанда былай депті дейтіндей дерек еш жерде тіркелмеген. Ешқандай айғақ болмаса да, біреудің қолымен «от көсеуді» қалай түсінеміз? Қазіргі күнде хат бірқатар оқырманға таныс болғанымен, нақты түпнұсқаны көрмегендіктен, кейде бұл Мәскеудің әдейі ұйымдастырған қитұрқы әрекеттерінің бірі емес пе екен деген де ой туады.

Аталмыш хат жайлы т. ғ.д., сәкентанушы, архивтен тың материалдар тауып, ақынды тыңғылықты зерттеген ғалымдардың бірі, «Сакен Сейфуллин – Председатель Совета народных комиссаров Казахстана» кітабының авторы Марат Абсеметов былай дейді: «Бұл материал белгілі. Кезінде Тұрсынбек аға жазған. Бұл жерде таптық күрестің нәтижелері көрініп тұр. Бірақ Сәкен үзілді-кесілді орыс большевиктері жағында болды деп айтуға болмайды. Мендешовтың орыс жағына кетіп қалғанын жақтырмай жазған. Әлихан – Алаш идеясымен, Мұстафа – түрік идеясымен, Сәкен – совет идеясымен қазаққа бақыт әкелеміз деді. 70 жыл қазақ оқыды, өнеркәсібі дамыған елге айналды. Жақсы жағы да болды. Ол хатта Сәкеннің сұрағаны – Академияда оқу туралы. Ал қазақтан басшы болмасын деген сөз жоқ».

 

Осы тұста С.Сейфуллин мен Т.Рысқұлов жайлы бұрынырақ айтылған пікірлерге тоқтала кеткен жөн болар. «…Жиырмасыншы жылдары Сәкен – Қазақстанда Голощекин жүргізген саясатқа ашық қарсы болған адамның бірі. Ол тіпті Голощекиннің қабылдауына бармай кеткен, онымен кездесе қалса, теріс айналып кететін болған. Сәкеннің бұл мінезін кек тұтып, «өркөкірек» ақынды жуасытып алу үшін, Голощекин оған қарсы мақалалар ұйымдастырып, партиялық тазалаудан өткізген» («Сәкен туралы жаңа сөз». С.Қирабаев, академик. «Қазақ әдебиеті», №38, 23.09.1994 ж.).

«…Сәкенді 1928 жылғы компеске-тәркілеуге, колхоздастыру науқанына, отаршылар үшін жасаған индустриялауға, 1932-33 жылғы аштық салдарына, 1937-38 жылдардағы қазақ зиялыларын құрту науқанына еш араластыра алмаймыз… Сәкен Қазақстан үкіметін басқарған уақытта бірнеше игі істерге мұрындық болды. 1923 жылы «Қазақты – қазақ дейік, қатені түзейік» деген айбатты мақала жазып, орыс тарихында, тілінде қырғыз – Киргизия болып келген елдің 1925 жылы Қазақстан аталғаны рас болса, онда Сәкен ұлтжандылығының үлесі жоқ деп кім айта алады? («Сәкеннің тарихтағы орны хақында». Т.Кәкішев. «Халық кеңесі», №143, 28.09.1994 ж.).

«…Совнарком басшысы Сәкен Сейфуллиннің батыл араласуымен халық шаруашылығын қалпына келтіру бағытында біраз жұмыстар істелді. Өнеркәсіп саласында елеулі ілгерілеушілік байқалды. Мұнай, алтын, жез, түсті металлдар өндірісі дами түсті. …Қазақ жерінде автомобиль, темір жол, әуе қатынасын өркендету ісі қолға алынды». (Амантай Кәкен. «Сәкен Сейфуллиннің «Егемен Қазақстандағы» қолтаңбасы». 19.11.2017 ж. «Егемен Қазақстан»).

«…Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне «быв.пред. Совнаркома Киргизии» (Қазақ Республикасы үкіметінің бұрынғы төрағасы) деп қағазға түскен. Екеуара қандай мәселе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жасау абырой әпере қоймас» («Сталиннің қабылдауында болған». Зарқын Тайшыбай, профессор. 13.04.2016 ж. «Егемен Қазақстан»).

Көрнекті ғалымдар нақты айғақтармен мемлекет және қоғам қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, әнші-сазгер, ұлтжанды ұлы суреткер С.Сейфуллиннің тарихтағы орнын осылай көрсетеді. Ақынға арналған көркем шығармалар, ғылыми еңбектер, ұлы тұлғалардың естеліктері қаншама. Осының бәрі халықтың аяулы перзентіне деген махаббатынан туған.

 

Дәлелдеу керек болмаса да, қарапайым оқырмандарға түсінікті болу үшін, Сәкен Сейфуллин атқарған істерге тағы бір қысқаша тоқтала кетейін. Сәкен 1922 жылы Совнарком кезінде «Алаш» көсемі Ахмет Байтұрсыновты Наркомпросқа төрағалыққа ұсынған, қызметке алған. 1923 жылы Орынборда үкімет мүшелерінің қарсылығына қарамай, «Қазақ халқын бай мен кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртты, жоғын бірге жоқтады …», деп айырықша құрметтеп, Ахаңның 50 жас мерейтойын өткізген. 22 қарашада Орталық Атқару комитеті Сәкеннің пәрменімен қазақ тілінде кеңсе істерін жүргізу туралы декрет шығарған. ҚАЗАҚ деген (кейбір үкімет мүшелері қарсы болған) тарихи атымызды қайтаруға орасан зор үлес қосқан. Сол кезде отызға да толмаған тұңғыш үкімет басшысы іскерлікпен халық шаруашылығының, өнеркәсіп саласы мен экономиканың, әлеуметтік саланың, көптеген жаңа жобалардың ілгерлеуіне тікелей ықпал еткен. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне өңдеу жұмыстарын жүргіздірткен. А.В.Затаевичке «Қазақтың 1000 ән-күйін» жинаттырған. Жер-жерлерден қазақ мектептерін аштырған. 1922-24 жылдары үш мыңдай стипендия тағайындап, қазақ жастарының тегін білім алуына мүмкіндік жасаған. Қанша талапты жасты өз үйінде тұрғызып, оқытып, талай бұлақтың көзін ашқан. Керек болса, Нарком мүшелерін түгелдей ұлттық кадрлармен жасақтаған. Бұл – Сәкен Сейфуллиннің Т.Жұртбай меңзеген жылдары жасаған еңбегі ғана.

Бұдан кейін мемлекеттік істерден шеттетілген Сәкен жазушылық, ағартушылық қызметке ауысты. Шығармашылықпен айналысты. Ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинады. 1931-35 жылдары «Ескі әдебиет нұсқалары», «Билер дәуірі әдебиеті» жинағын, «Қазақ әдебиеті» оқулық-хрестоматиясын, «Батырлар жыры» жинағын құрастырды. «Ақан сері» өлеңдер жинағын, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастанын, Ы.Алтынсаринның, Ж.Жабаевтың және Ақмола өлеңдер жинағын кітап қылып бастырды. ЖОО-да фольклор жинау экспедициясын ұйымдастырды. 1931-32 жылдары Голощекинге қарсы ашық түрде қызыл үкіметті оңдырмай сынаған «Қызыл ат» поэмасын, «Біздің тұрмыс» драмасын жазды. Аталмыш шығармалары сол кезде-ақ газет-журналдарда жариялана бастады. Сол үшін Голощекин Сәкенді қанша рет оққа байлады.

Ол кәсіпқой театр өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. ҚЖО құрды. 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақтың көркем өнері мен әдебиетінің онкүндігінде ұлт мұрасын Одаққа танытуға жанын салғандардың бірегейі болды. Құр сүлдері қалған Мағжанға көмек қолын созды. Басын қанша қауіп- қатерге тіге жүріп, ұлтына қалтқысыз қызмет етті. Ұлт мүддесін жоғары қойғандықтан, «Алашордашыл» деп сыналып, партиялық тазалаудан өтті. Әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесі ұшан-теңіз. Шығармашылықпен айналысуға уақыты тапшы болса да, өлеңдері қазақ поэзиясына жаңа форма әкелді, әндері ұлттың үніне айналды. Осының бәрі бір адам үшін аз еңбек пе? Айтылмағаны қаншама. Мемлекет болып қалыптасуымызда Сәкен араласпаған, ақынның шапағаты тимеген сала жоқтың қасы.

 

Ал бүгін келіп, Сәкен жасаған еңбектің жүзден бірін істемегендер алаш арысын бір сөзбен тарихтан сызып тастағысы келеді. Небәрі қырық үш жасқа дейін қазақ үшін осынша қыруар істер атқарған Сәкенге «Қазақстанды қазақ басқара алмайды деген» деп жала жабу қандай қисынға сыяды?

Бір қызығы, автор сөзінің соңын «егер де қазақты – қазақ басқара алмайды дегені рас болса, онда ол кісілерге деген құрметім жоғалары анық» деп бітіреді. Сонда қалай, «…рас болса» дегеніне қарағанда, бұл кісі өз пікіріне өзі күмәнмен қарай ма? Әу бастан қазақты құртуды жоспарлаған Сталиннің екі қазақ хат жазды екен деп (сондай мағынада болса, бір сірә), амалсыз Голощекинді жіберді деу – қай сасқанымыз?

1923 жылы РКП(б)-ның XII съезінде барлық күш-жігерді жергілікті ұлтшылдықпен күресуге бағыттау қажет деген ұсынысын өткізе алмаған Сталин кейін бар билік өзіне тиген кезде Голощекин сынды жендеттерін іске қосты. Ол оның ежелгі жоспары, оқшантайда сақтаған оғы болатын. 1937-38 жылдары екі жыл бойы КСРО бойынша тәулігіне 1200–1300 адамды атқызып отырған дүлей диктатор біреуді тыңдай қояр ма еді?

Қалай болғанда да, қазаққа орталық бодандықтың шеңберін сызып қойған. Қазақ тұрмақ, өз ұлтын, өз жақын-жуықтарына дейін қырғынға ұшыратқан Сталиннің қанқұмар болмысы «тазалау» бұйрығына дейін де қан ішпесе тұра алмаған. Енді келіп, бас жендеттің қасапшылығын қос арыстан көріп, әрі «қу жақпен» сыбайлас қылғымыз келеді!

Иә, шаш ал десе, бас алатын белсенділер, сатқындар біздің саяси элитада аз болмаған. Бірақ олардың қатарына ұлы істер атқарып, ұлты үшін құрбан болған Сәкенді қоса алмаспыз. Бұл менің Тұрсынбек Кәкішев бастаған «Сәкентанушылардың» еңбектерімен жақсы таныс болғандықтан жасаған тұжырымым. Ал Сәкенді Кәкішевтен артық білемін дегендер болса, мархабат, дәлелдесін!

 

Құрметті менің Тұрсын ағам! Мен келтірген деректерді Сіз мен тумай тұрып та білген боларсыз. Өнер саласында жүрген мен тұрмақ, қазіргі күнде өзіңізбен сөз таластырар ғалым кемде-кем. Дегенмен, ол хатта Қазақстанды қазақ басқара алмайды деген сөздің жоқ екенін біле тұра, «жаңалық» ашқаныңызға қайранмын. Жоғарыда ірі ғалымдардың, академиктердің айғақты деректерін, пікірлерін қоса жаздым. Олардікі білместіктен айтылған десеңіз, тағы өз еркіңізде. Осы уақытқа дейін жауап беретін тиісті орындар бар ғой деп күткенім рас. Бірақ біраз оқырман көрнекті ғалым айтқан соң, ақиқат деп ойласа керек, күн өткен сайын Сәкен солай депті, Тұрар бұлай депті деген берекесіз әңгіме «отыз рулы елге» тарап кетті. Ал өшіріп көріңіз! Ру-рудың атынан сөйлеп, жауласуға даяр жүргендер қаншама?!

Мен бұл жолғы мәлімдемеңізді «жаңылмайтын жақ болмайдыға» баладым. Қалғаны оқырмандардың құзырында.

«Тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда, олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуі тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы» деп, Ақселеу ағамыздың айтқаны әрі әділ, әрі ел берекесіне негізделген парасатты пікірі екен ғой.

 

Қанат ЖҮНІСОВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн