АЩЫ ДА БОЛСА, АҚИҚАТ ҚЫМБАТ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №8 (372) от 2 марта 2017 г.

Бұрынғы «Жас Алаш» бізде қонақта

 


 

• (Қазақстан президентімен сырттай дидарласу)

 

Әлеуметтік желілерден белгілі болғандай, «Жас Алаш» газеті меншік иесінің (құрылтайшы) шешімімен басылымның басшылығы ауысқан еді. Бұл ауыс-түйістің нәтижесі қалай боларын газеттің болашақтағы мазмұны мен саяси-қоғамдық ұстанымы айқындайды деген сенімдеміз.

Ал газетке жаңа басшылық келген соң, аяқ астынан және алдын ала ескертусіз болған өзгеріске наразылық білдірген редакция ұжымының бір жартысы өз қызметтерін доғарған екен. Бірақ төтенше болған өзгеріс нәтижесінде газеттің кезекті нөміріне «ескі» редакциялық ұжым дайындаған дүниелер жарыққа шықпай қалған.

Біз әріптестік қолдаудың белгісі ретінде «Бұрынғы «Жас Алаш» бізде қонақта» деген айдармен 96 жылдық тарихы бар басылымның доғарыстағы редакциялық ұжымына «ДАТ»-тың бетінен орын беріп отырмыз.

Ескерте кетейік, «Жас Алаштың» жаңа редакциясы тарапынан дәл осындай ынтымақтастыққа ілтипат болса, екінші тараптың пікірін де өз оқырмандарымызға жеткізуге дайынбыз.

 

Оқырманға газеттегі тосын өзгеріс жайтты түсіндіру үшін, мәлімдеме дайындап, оны кезекті нөмірге жариялауға кіріскен едік. Жағдаятқа құлақтанып үлгерген жанашыр адамдар редакцияға жиналған. Сол алқа-қотан жиылыста төмендегідей әңгіме-сұхбат болған-ды.

Рысбек Сәрсенбайұлы: Сіздер қашан да халықтың ойындағы сөзді айтып, көзқарастарыңыз бен пікірлеріңізді ашық білдіріп жүрсіздер. Басымыз қосылғанда бос қайтпайық, елдік мәселені талқылайық. Күні кеше мемлекет басшысы зиялылармен кездесті. Ондағылардың не дегенін жұрт көрді. «Айналамдағылардың, жағымпаздардың, сарай ақындарының не айтатындарын жатқа білемін. Одан бөлек сіздер не айтар едіңіздер?» деп, президент Н.Назарбаев алда-жалда осында отырған сіздерді шақырып, сондай кездесу өткізсе, қандай мәселені қозғар едіңіздер? Сұхбатымызды шартты түрде «Нағыз зиялылармен президенттің дидарласуы» деп атасақ. Сөзді, Қабеке, Сіз бастасаңыз.

Қабдеш Жұмәділов, халық жазушысы: 60 жылдан бері «Лениншіл жас» – «Жас Алаш» газетіне автор болып келе жатырмын. Ең алғаш өлеңдерім жарияланған. Атымыздың шығуына, әдебиетші ретінде қалыптасуымызға көп көмектесті. Сонау кезеңдерден бері үзбей оқып келеміз. Бізге қымбат газет. Бір ғасыр бойы халыққа қызмет етіп жүр. Барынша шындықты, ақиқатты айтып келе жатқан газет. Сонысы үшін сүйеміз.

Мына егемен өкіметіміз ақиқатты айтқан баспасөзді де, жеке адамды да ұнатпайды. Іштеріне шындық жақпайды. «Жас Алашқа» нешетүрлі қастық, қысастық ұйымдастырып жатқанына куәміз. Жасан Зекей дегенді айдап салып, қаншама әуре қылды сендерді. Оны керемет екен дегенге, барып емделіп те көргенбіз. Оның ғалымдығы шикі. Назарбаевпен суретке бірге түскендердің біреуінің басын ойып тастап, өзінің басын орнатып қойған суретті кітабына салып, көптеп таратқан кісіні кім дейміз? Бәлен миллионға газетті жығып бергенде, қалың оқырман біз төлейміз деді ғой газетін қорғап. Мұның өзі халықтың ықыласын білдіреді. Сот әділетсіздік жасады.

Қайсыбірін айтайық. «Жас Алаш» талай нәрсені қолға алды. Қажығұмар Шәбденұлының алты томдығын шығаруыма екі жыл уақытым кетті. Жазушылар одағы тұяғын қимылдатқан жоқ. Төрағасы Нұрлан Оразалин жылы сөз айтпақ тұрмақ, келген шаруамды құлағына да ілгісі келмеді. «Әу, мен сенен он жейдені бұрын тоздырдым ғой, жасы үлкен деп тыңдасаң қайтеді», – дедім. Сондағы жауабы: «Мен сізден он есе терең ойлаймын!». Мұндай тым «терең ойлайтындармен» қалай ұғысарсың!

Міне, сол кезде қасымыздан «Жас Алаш» табылды: қырық жыл түрмеде отырып, шыншыл шығармалар жазған, елге жетуді аңсап, шерменде болған жазушымыз Қажығұмар Шәбденұлына Халықтық сыйлық берейік деп бастама көтерді. Қимаған Мемлекеттік сыйлығынан сол артық деді. Халықтан, әдебиет сүйер жанашырлардан жиналған миллион жарым теңгені қызы мен немересіне салтанатты жағдайда Рысбек өз қолымен табыс етті. Қажығұмарды елге келтіруге жәрдемдесуді сұрап, екі рет президент атына хат жаздық. Нәтиже шықпады. Міне, осындай қиын-қыстау сәттерде, азаматтардың басына іс түскенде, қажет кезінде халық жағына шыққан «Жас Алаш». Ондай басқа газет бар ма?

Билікте отырғандардың не ойлайтынын, миында не бар екенін мен білмеймін, түсінбеймін. Олардың өзінің қаратып алған газет, журналы, авторлары бар шығар – сөзін сөйлеп, сойылын соғатын. Бұлбұлдары бар бағып отырған…

Біз «Жас Алашты» қорғаймыз, осы ұжыммен біргеміз. Бұл халықтың газеті. Оған ешкім қоқан-лоқы жасамасын. «Жас Алашпен» ойнау, оны қорлау – халықпен ойнау, ақиқатты қорлау!

Осы күндерде баспасөзде президент кетсе, орнын кімге беріп кетеді, мұрагер кім болады деген сөздер жүр. Мен мұны артық әңгіме деп есептеймін. Неге президент өзінің қалаған адамын қойып кетуі керек? Егер ол қалаған адамын таққа тастап кетсе, онда мына режим жалғаса береді деген сөз. Біз Назарбаевтың жеке басына емес, сол орнатқан режимге қарсымыз. Бүкіл ел солай. Орнына кімді қоярын ол да, баспасөз де айтпасын. Біз халықты жаңа сайлауға дайындауымыз керек. Мұрагерлік дегенді мидан шығарған жөн. Халық соған сеніп алған әбден. Бізде қазір құлдықтың, жеке басқа табынушылықтың екінші сатысы жүріп жатыр: бағыну, жағыну сатысы. Халықтың санасынан мұрагерлікті аршып алып тастау керек. Жаңаша, демократиялық жолмен сайлау өткізіп, халық өз таңдауын жасауы тиіс.

Рысбек Сәрсенбайұлы: Қабеке, мен Назарбаев болып сізге мынаны айтсам: «Қажығұмар туралы маған ешкім ештеңе демеді ғой! Мен білмей қалыппын…».

Қабдеш Жұмаділов: Сіз, Нұреке, Жаңаөзенде халықты қырып салғаннан кейін де «маған ешкім ешнәрсе айтпап еді» дегенсіз, білмей қалғансыз. Сіз президентсіз, сөзіңізге сенбегеніміз жөн болмас дегенбіз.

Рысбек Сәрсенбайұлы (президент болып): Халайық, менің қызым да, күйеу балам да президент болмайды! Талай таза сайлау өткіздік, тағы да сөйтеміз. Халық өзінің таңдаған қалаулысын президент етіп сайлап алады. Сіздер оған алаңдамаңыздар!

(Жиынға қатысушылар арасында күлкі туды: «Лайым осы әзіліңіз шындыққа айналсын!» деген сөздер естілді).

Софы Сматаев, жазушы: Біз, Нұреке, Теміртауда бірге қызмет істедік. Сонда жүргенде демократияны сұмдық аңсаушы едік қой. Мына біздің ұлтымыздың интеллигенциясы шығармашылық, ғылыми интеллигенция болатын. Бірақ техникалық интеллигенциясы жоқ еді. Соны кешкісінгі бас қосуларда талай рет айтып, неге жолға салмаймыз деуші едік. Сол кезде сіз демократ болатынсыз – қазіргідей емес. Орталық комитетте бірге істеген кездерде мен Колбинге қарсы шығып жүргенімде ақыл айттыңыз: онымен ұстаспаңыз, ол не партиядан шығарады, не ауыру қылады деп. Партиядан шығара алмады, бірақ ауыру етті. Халықтың тілі, аузы болып сөйлейтін азаматтарымыз қашан шығады деуші едік. Билікте өзім отырсам, сондайларға өзім жол ашамын, қолдау білдіремін деуші едіңіз. Қайда қалды сол айтқаныңыз?

«Жас Алаш» менің жан сырымды жайып салатын мінберім. Халықтың жүрегіндегісін, көкейдегісін айтқысы келсе, соған бірден-бір мүмкіндік беретін газет – осы «Жас Алаш». Сондықтан, бұйыртса, оның беттерінде мен мемлекетке, басқаруға, ондағы жөнсіздіктерге қатыстының бәрін тізбелеп, ашып беретін, елдің өксігін, өкінішін жария ететін боламын. Қыспаққа алып, төбеден төмпештегенде, мұңданған халықты жұбататын, көзінің жасын сүртісетін газет – осы «Жас Алаш».

Халық әр уақытта да адалдықты, әділдікті жақтайды, Нұреке! Халықтың алыптығын басып, ақиқатын көміп тастадыңыз. Халық қазір ергежейлі болып қалды. Кеудесін тіктей алмайды. Соны сіздің маңайыңыз жасап отыр. Мен де қазақтың жазушысымын. Бірақ «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналы менің аты-жөнім кетіп бара жатса, сызып тастайды. Жазғанымды баспайды. «Егемен» де сол. Егер «Жас Алаш» газеті жабылып қалатын болса, онда менің аузыма құм құйылады. Көкірегіме шер толады. Жүрегімді ыза кернейді. Өйткені халықтың сөзін, тілегін жеткізетін, арман-мүддесін айтатын басылым бұл.

Халық – дүниенің тұтқасы. Оны тәуелді етіп, пендеге – одан құлға айналдырдыңыздар. Анығын, ақиқатын білдірмеудің, көзін соқыр, құлағын керең қылудың амалын асырдыңыздар. Тәуелсіз басылымдарды қудалап, қуғындап, жауып тастап, еркін ойға, бостан сөзге жол бермедіңіздер. Адам мен малдың айырмасы – ойлау мен еркіндіктен көрінеді. Сонда сіз халқыңызды мал етпексіз бе? Мал бағатын қойшы немесе түйеші болып отырмақсыз ба? Осыны ойламайсыз ба?

Халық – құдірет. Ол қашанғы бүгіліп, иіле бермек?! Күндердің күнінде еңсесін тіктеп, сілкінгенде, басынып, мойнына мініп алғандар жан-жаққа ұшып түсер. Сонда қайтпексіздер? Халық түбінде ақиқатын іздейді, алыптығын танытады. Жалғандық пен айлакерлік алысқа апармайды. Халықтың аузындағысын жырып алумен пайда табу көгертпейді.

«Жас Алашта» ақиқатты қылыштай кесіп айтатын, өткір жазатын жас жігіттер бар. Солардың бәрін баулып, басқарып отырған менің Рысбек інім. Кейде осылар көзсіз батырлық жасап жүрген жоқ па, ертең биліктің шабармандары кесе-көлденеңдеп тұра қалмай ма, қараулық жасап, қастандық ұйымдастырмай ма, қолдарындағы қаруын тартып алмай ма деген үрей менің де кеудеме кіреді. Газеттің әр санын қолға алған сайын, әр бетін ашқан сайын, осылардың істеп жүргені қазаққа нағыз керек шаруа екеніне көз жеткізе түсемін. Іштей риза боламын. «Жас Алашқа» жазылуға әкім-қаралар тыйым салса да, құдды баяғы халық жауындай үрейлендірсе де, соттарға сүйрелеп, миллиондап айып тартқызса да, газетіміз құламай, сүрінбей келеді. Халық сүйген баспасөз ешқашан жеңілмеуі керек. Оның бір ғана тірегі бар. Ол – халық. Нұреке, бұл газетті сіз оқыңыз.

Рысбек Сәрсенбайұлы (Нұреке болып): Сәке, Сіз «Жас Алашты» оқы дейсіз. Мен ол газетті жақтырмаймын ғой. Өзімді де оңдырмайды, қыздарыма да тыныштық бермейді, күйеу баламды, айналамды, бәрін сынайды. Мардытпаған министр, әкімдерді, жемқорлықпен ұсталып жатқандарды қызметке қойып жатқан кім? Өзіммін. Солармен бірге тырдай жалаңаштап, айнаның алдына қояды қаздай тізіп – халық көрсін деп. Ондай газетті мен қалай оқимын? Маған да жүрек керек, денсаулықты ойлаймын. Өзімді қинағым келмейді. Төңірегімдегілердің бәрі құлаққа жағатын тәтті сөз айтып жатқанда, ащы сөзбен мүйіздейтін газетті неге оқуым керек? Баяғы алпысыншы жылдардағы демократияны аңсағанымыз үшін бе?

Мырзан Кенжебай, ақын: Нұреке, шексіз еңбек сіңіріп жатқан көрінесіз, «Егемен Қазақстаннан», «Казправдадан» оқимын, «Хабар» телеарнасынан көріп отырамын. Бірақ халықтың ішіне жиналған шер-мұңы лықсып тұр, соны ойласам, не тындырғаныңызды түсіне алмаймын.

Қазақтың зар-запыранын, мұң-шерін айтатын бірден-бір газетке – «Жас Алашқа» неше жылдан бері биліктегілер жауша жабысып қалды. Жаныма батады. Қиянат, қудалау, қолдан келген барлық жамандықты жасау тыйылмай келеді. Ұлттың сөзін сөйлейтін басылымға қақпақ қою, жуасытуға әрекет жасау – ол қазақтың аузына қақпақ қою, тұншықтыру деп ойлаймын. Халқымыздың аузын аштырмау – тәуелсіздік алғанына 25 жыл болған елде тілінің бағының жанбауын, тілінің сорлап қалғанын айтқызбау, рухынан айырып, мәңгүрттендіру. Шыншыл «Жас Алашты» жоқ ету немесе өзгерту осы мақсат үшін керек.

Рас-өтірігін кім білсін, диктатор деген Сталиннің өзі мақтауға тыйым салған көрінеді кезінде. Сізді ғой мақтауға малтықтырып тастады. «Айбозым» деп ат қойылған кітап қолыма түсті. Авторы әкеп берді. Бастан-аяқ сізге арналған екен, Нұреке. Тіпті өрескел кеткен жерлері көп. Мақтауын аспандата келіп, «әлемнің кілтін, 18 мың ғаламның кілтін сіздің қолыңызға берсе, шырт үйіріп басқарар едің-ау, ағеке!» дейді. Бұдан өткен шектен шығу, жағымпаздық басқа мемлекеттерде бар ма, жоқ па – білмеймін. Осындайларды білмей отыруыңыз мүмкін емес. 18 мың ғаламды басқарады деп Мұхаммед пайғамбарға да ешкім айтқан жоқ.

Жерге байланысты митингіге шықтық. Сол тұста телеарналардан енді ешқандай аяушылық болмайды дедіңіз. О заман да, бұл заман – өз халқына аяушылық болмайды дегенді бірде-бір король, патша, президент айтпаған еді. Сондай сөзді сіздің аузыңыздан естідім. Осыңыз ұят болды!

Екінші бір ұятты жағдайыңыз – «кімде-кім орысша сөйлесе, оған қазақша жауап берсең, жұмыстан қуамын, жауапқа тартамын» дедіңіз. Құдайдың рахымы түсіп, ел басқарып отырған адамсыз – мұныңыз жөн болмады. Осында тұрып, осында туып, өмір сүріп, қазақтың жерінен нан жеп отырған орыстарға, басқаларға сіз қазақша неге үйренбейсіңдер деудің орнына мұныңыз қалай?

Қазақстанда «нұр» деген сөздің қадірі әбден кетті. Аттаған жердің бәрі – «нұр» – дүкен, кафеден бастап. Кеше біреу «нұр-моншадан» келе жатырмын дейді. «Нұр-дәретханаға» да кіріп-шық дедік оған. Қасиетті сөздің қадірін кетіріп болды. Осы сізге ұнай ма?

Теледидар – өте қуатты қару. Күллі Қазақстанда орыс тілінде сампылдап тұр. Айтатыны – Ресейдің саясаты. Ол қазақты ұлт етуді, тәуелсіздігін сақтауды көздемейді. Қайта керісінше жұмыс жасайды. Қазақты азғындататын, санасынан айыратын, тілінен алшақтататын саясат белең алды. Телевидениені қазақтандырмай, өз елімізге ие бола алмаймыз.

Нұреке, жағымпаз, жантық шалдармен кездесе бермей, мына Қабдеш, Софы ағаларымыз сияқты турашыл зиялылармен дидарласып тұрсаңыз, сөздеріне құлақ түрсеңіз, өзіңізге де, елге де пайдалы болар еді. 2020 жылдан кейін кететін шығарсыз президенттіктен. Соған дейін тыңдап қалыңыз.

Рысбек Сәрсенбайұлы (Нұреке орнына): Кеткені несі? Биліктің біразын үкімет пен парламентке бөліп бердім, сондықтан жұмысым жеңілдеді. Қалған шаруаға шалдың да шамасы жетеді. «Кетедіні» кім шығарып жүр-ей, жамандыққа бастап. Ондай әуенге салатын оппозицияны жоқ етсем де, менен құтылғысы келетіндер бар екен ғой әлі.

Мырзан Кенжебай: Нұреке, мына қаптаған террористерді қайдан тауып алғансыздар? Жоқ нәрсеге әуеспіз ғой: экстремист, араздықты қоздырушы деп, қит еткенді қамай салады қазір. Қолдан жау жасап не көрінді? Бұл не, халықты қорқытып ұстап отыру үшін әдейі ойластырылған айла-шарғы ма?

Жақында хабар таратты: екі қазақ Ресейде террорлық әрекет жасамақ болыпты деп. Қазақ қашан басқа елге басқыншылыққа барып, күш көрсетіп, ойран салған еді? Тарихта ондай жоқ қой. Мұның бәрі сіздің кезіңізде пайда болғаны несі? Қазір «террорист», «исламист» десе, бәрі аңырайып, қазаққа қарайтын болды.

Қабдеш Жұмаділов: Терроризм, экстремизм деген қазақта жоқ. Оның аты – ашынған адамдар, жұмыссыздықтан, жоқшылықтан тарыққандар. Терроризммен күресіп жатырмыз дейді. Шын мәнінде өз халқымызды тұншықтырудан басқа не болсын?!

Талғат Айтбайұлы, жазушы, публицист: Жаңаөзендегі қырғынды не дейміз? Мұнайшыларды қолдаған, қорғаған «Жас Алаш» оқиғалардың бел ортасында жүрді. Қайғы жұтқан қазақты жұбатты, көмек ұйымдастырды, еске алулар мен қоғамдық талқылаулар өткізді. Жаңаөзен ақиқаты туралы кітап шығарды.

«Жас Алаш» – халықтық газет. Ашынған ел, тиісті мекеме есігінен сығалатпай, маңдайы тасқа соғылып, сорлаған жұрт «Жас Алашқа» келеді. Осы газеттің төбесіне су құйсақ, не болады?

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қошқар ата ауылынан жақында ғана зейнетке шыққан мұғалім Әлдебай Бекқұлов хабарласты: «Жас Алашқа» жаздырмай қойды», – дейді. Билік осылай қысастық жасау арқылы да ақиқатшыл газеттің таралымын қасақана шектеп жатыр.

Елдің Конституциясы ойыншық болмауы керек. 26-баптағы «Қазақстан Республикасының азаматы» дегенді «әркім» деп өзгертті. АҚШ соңғы жылдары Конституциясының бір әрпін де өзгерткен жоқ. Неге? Өйткені бұл заңда мемлекеттің тағдыры тұр.

Конституцияға «әркімнің» енгені келешек ұрпақ алдында жасаған қиянатымыз екенін «Жас Алаш» бүгінге дейін жеріне жеткізе жазды. Соның тілін байлап, аузын матап, ақиқатты айтқызбауға күш салып отыр билік.

Махмұт Жетенов, газет жанашыры: Жер реформасына қатысты, Ата заңға өзгеріс енгізуге байланысты қарсылықты, халықтың наразылығын «Жас Алаш» кеңінен түсіндіріп, мәнін ашып жазды. Биліктің қитұрқы саясатына қарсы екенін анық байқатты. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, отарсыздандыру саясаты жүргізілуі керек еді. Ол саясатты билік жүргізген жоқ. Оны «Жас Алаш», «ДАТ» секілді тәуелсіз, азат басылымдар үнемі ескертіп келеді және империялық астамшылықтың, ескіні көксеушіліктің көріністеріне батыл тойтарыстар берді.

Еуразиялық одақтың ұшпаққа шығармайтынын, оның тәуелсіздікке тигізер залалдарын сан мәрте жазды. Экономикалық, саяси тәуелділікке бастайтын кесірлі келісім-шарттарды жасауға болмайтындығын ескертті. «Жас Алаштың» осындай белсенділігі, патриотизмі қазақ билігімен қоса, ресейшілдерге де түрпідей тиді. Басылымның қоғамдағы орны оларды сескендірді.

Дамыған елдерде оппозицияны қудаламайды. Ол қоғам дамуының қажетті бөлігі болып табылады. Ал бізде керісінше, оппозицияның, тәуелсіз ақпарат құралдарының үнін өшіруге әуес. Өйткені одан қорқады.

Дайындаған –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн