АШТЫҚ ЖАРИЯЛАҒАНДАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №2 (366) от 19 января 2017 г.

 

Апта аптығы

 

Ереуілдеген ел бар

 


 

 

Ақтаудағы OCC компаниясының кәсіподақтар кеңсесінде аштық ұстап жатқан жұмысшылар қатарын Қаламқас пен Жетібай кеніштерінен, вахталық ауысымнан келген мұнайшылар толықтырды. Олар «Нұр Отан» партиясын талаптарына құлақ асуға шақырады. Ал партияның облыстағы бөлімшесі ондай арыз түспегенін айтады.

 

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company компаниясының жүздеген мұнайшысы Республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді сұрап, аштық жариялағандарына екі аптаға таяды. Олардың қатарын қаңтардың 17-сінен бері компания қызмет көрсететін Қаламқас және Жетібай кеніштерінен келген жүздеген мұнайшы толықтырып, алғашқыда 90-нан астам болған наразы жұмысшының саны қазір 400-ге тақады.

Cолардың бірі, үш баланың анасы, ОСС компаниясының жұмысшысы Ақзер Нұрғалиева: «Даусымыз билік құлағына жетпесе, мәселемізді заң аясында шешпесе, біз бәріміз жатуға дайынбыз. Мен ана ретінде, жұмысшы ретінде, Маңғыстаудың тұрғыны ретінде атсалысуға келіп тұрмын. Бүгіннен бастап аштық жариялаймын», – деді Ақзер Нұрғалиева.

Аштық жариялаған ОСС мұнайшылары өздерінің «Нұр Отан» партиясының мүшелері екенін айтып, партияның облыстағы филиалына реніштерін білдірді. ОСС машинисі Мақсат Төпеев қаңтардың 9-ы күні барып Ақтаудағы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасарларының бірі Мұхамбет Жүнбасовпен кездескенін, оның келуге уәде бергенін айтты.

– Бүкіл халық, осы арадағы жұмысшылар «Нұр Отанға» жарна төлеп жатыр. Оны не үшін төлеп жатыр, халқын қорғамаса, жаны ашымаса? Неге келіп хабарын алмайды? Біз ақша үшін жатқан жоқпыз бұл жерде. Тәуелсіз кәсіподақты қорғау үшін жатырмыз. Қаншама адам жатыр аштықта?! – дейді Иманғали Молдағалиев.

«Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиева «мұнайшылардың аштық жариялағандарынан хабардар екенін, бірақ заңсыз болғасын, бармай отырғанын» айтты. Халила Нұрғалиева олардың «Нұр Отанға» келгенін теріске шығарып, «арнайы арызданбады» дейді.

ОСС компаниясында 40 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан Мақсат Тасыбаев «облыс прокурорының орынбасары мұнайшыларды Астанаға келісім үстеліне шақырып, кейін оны екі күнге кейін қалдырғанын» айтты. «Бұл қалай сонда? Халық толқулы. Айтылған заттардың елбасына жетпеуі мүмкін емес», – деді ол.

Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Ержан Бердібеков «Азаттыққа» бұл мәселеге байланысты комментарий бермеді. Ол ұйымдастыру бөлімінің прокуроры Айбек Мұнатов арқылы ресми хат жолдауды сұрады. Маңғыстау облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сүйіндік Алдашев та «жиналыстан қолы босамағандықтан» комментарий берген жоқ.

Еске салсақ, ОСС тәуелсіз кәсіподағы 2011 жылы құрылған. Оның 1611 мүшесі бар. ОСС компаниясы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Қаламқас, Жетібай кеніштеріне қызмет көрсетеді. Оның 400-ден астам мұнайшысы Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жабылуына наразылық білдіріп, қаңтардың 5-cінен бері аштық жариялап жатыр.

Ал 16 қаңтар күні «Өзенмұнайгаз» компаниясының құрамындағы Бұрғылау жұмыстары басқармасының (БЖБ) кәсіподақ ұйымы Oil Construction Company мұнайшыларына қолдау білдіріп, облыс билігіне ескерту хат тапсырды. «Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсан айында болған оқиғаның не себептен және қалай туындағаны белгілі. Хатты осындай оқиға келесіде қайталанбасын деп жазып отырмыз» делінген хатта.

Маңғыстау облысы әкімінің атына жолданған хатта Қазақстанның зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет екеніне және оның ең қымбат қазынасы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандығы екендігі айтылған. ҚР Конституциясының 1-бабына сілтеме жасаған БЖБ мұнайшылары облыс әкімінен хатқа бес күн ішінде жазбаша жауап беруді сұраған.

«Бізге тәуелсіз кәсіподақ керек. Әріптестеріміздің он бір күн бойы ашығуына назар аудармау – адамды қинау деп түсінеміз. Мен БЖБ кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде оларды қолдаймын», – деп мәлімдеді Марат Жүсіпбаев «Азаттыққа».

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн