«Общественная позиция»
(проект «DAT» №17 (381) от 4 мая 2017 г.
Апта аптығы
Құй күл, құй жыла
Өткен жылдың желтоқсан айында балық аулап, дем алғысы келген атыраулық «көкелер» үшін мұздың үстіне арнайы төселген кілемнің суреттері әлеуметтік желілерде тез таралып, елдің біраз күлкісін тудырып еді. Енді, міне, дәп сондай жағдайға елбасымыздың өзі ұрынып қалды.
Өткен аптада президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтың Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жұмыс кездесулері барысындағы суреттердің бірінде екеуінің жүзім алқабындағы топырақтың үстіне төселген кілемдегі жүрістері бейнеленген (қараңыз). Соны көрген жұрттың «қазақстандық жағымпаздықтың» брендке айналып бара жатқанын мойындамасқа амалы қалмаған секілді. Ал аяғың шаң-топырақ болмай, ауыл шаруашылығының жағдаятын білу мүмкін еместігін қос президенттің «білмей қалуы» да күлкі тудырады.
Көпшілік жүгінетін «Уикипедия» ашық энциклопедиясында «жағымпаздық» жөнінде – «адам мінезіндегі ұнамсыз сипат, оның айналасындағы адамдар мен қызметтестеріне, өзінен қызмет жағдайында жоғары тұратын адамдарға жақсы көріну үшін шектен тыс қошеметшіл болуы. Көбінесе өз қабілетіне өзі сенбейтін, оңай жолмен артық пайда табуды не билік-мансапқа қол жеткізуді өмірінің мақсаты тұтқан адамдар бойында кездеседі. Жағымпаздықтың әлеуметтік ортаға, қоғамға тигізетін зияны көп. Жағымпаздық орын алған әлеуметтік ортада адамгершілік принциптері мен шынайы құндылықтар рөлі төмендеп, адамдар қарым-қатынасында жалған өлшемдер белең алады. Сондықтан халық жағымпаздықты ащы күлкімен шенеп отырған», – деп жазылған.
Байқасаңыз, осы анықтамада қазіргі Қазақстанның жағдайына барынша анық сипаттама берілген. Бүгінде қызмет бабымен өсу үшін, өз салаңның білікті маманы болу, жұмысқа қажетті тәжірибе және әріптестер мен ел алдында абырой жинау шарт емес. Ал адалдық пен заңдылықты сақтау, керісінше, адамның өзіне зиянын тигізіп кететін қасиеттерге айналды. Бүгінгі Қазақстанда қызметтік баппен өрлеу үшін, керек адамның күйеу баласы, қажетті фамилияның иегері, сыныптасы немесе курстасы болумен бірге жағымпаздықтың дайындық курсынан өту жеткілікті болды.
Димаш АЗАМАТОВ,
«D»