«Общественная позиция»
(проект «DAT» №11 (328) от 17 марта 2016 г.
Пайым патшалығы
Авторитаризм, демократия және
ТОЛЫҚҚАНДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК
(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)
Осыдан біраз уақыт бұрын, сол кездегі биліктің ішкі саясатының идеологиялық парадигмасын, мазмұнын, оған байланысты қоғамдық, ұлттық жағдайды талдап, елді мұратқа жеткізіп отырған авторитаризмге тиісті біраз ойлар айтылып еді. Солардың ішіндегі ел болашағына және мына сайлауға тиесілі екі пікірге тоқталайын.
Бірі – ұлт болашағын қамтамасыз ететін «күшті орталықтандырылған биліктің» қажеттігі (авторитаризм, бұдан да күшті авторитаризм қажет деуге ыңғайсызданған болуы керек), екіншісі – «демократия тәуелсіздіктен айырады» деу. Бірінші пікір сырт көзге мемлекеттілікті білдіретіндей, «ұлтты жұмылдыруға, шоғырландыруға», қазақтан «үлкен жұдырық» жасауға бағытталған ұтымды идея сияқты болғанымен, елдің қазірі мен болашағы тұрғысынан қате ғана емес, онымен қоса қазақты дүниежүзілік өркениет жолынан адастырып, жоғарыда атқанымыздай, коммунистік тоталитаризмнен заты азиялық авторитаризмге сүйрелейтін арандату сипаты да бар сияқты. Талдап көрейік.
Тарихтың өткен беттеріне үңілсек, «күшті орталықтандырылған биліктің» өміршеңдігі өлшеулі болғанын көреміз. Соңғы және бізге жақын мысал – КСРО. «Әрбір сомның жұмсалуын, кадр мәселесін «темірдей» тәртіптен шешіп отыратын қандай мемлекет еді», – деп, таңдайларын тақылдататындар әлі билік басында отыр. Ол «орталықтандырылған биліктің» түбіне жеткен кемшіліктер жеткілікті айтылған, біздің билікпен ұқсастығы – бірге-бір. Елімізде қазақи ма, «нұрлы» ма, «күшті орталықтандырылған биліктің» бұдан да күшейгенін қалайтындар трагедия болған тарих қайталанса, тек фарс түрінде болатын заңдылық «ерекше жолға» түскен қазаққа тиесілі емес деп ойлайды, шамасы. Шынтуайтына келсек, тарих заңдылығы біздің билік әсіресе сақтағысы келетін «ерекшелігімізге» пысқырмайды. Ақылдымсынып оны жоққа шығаруды бағып көрсек, ол заңдылық бізді ақымақтық пен дамыған елдер «түсіністікпен» жымиятын маймылдық шегіне апарады. Оған көз жеткізу үшін, аз ғана ес жиып, қазіргі біздің «нұротандық» биліктің бітпейтін, кеңейтілген бе, басқа ма – мәжілістерін, съездерін, мейрамға ма, саяси шараға ма – қатысты ашылатын өңдіріс орындарын елбасымен бірге іске қосатын «бақытты», ерекше рухтанған еңбекшілерді және т.т. айтсақ жеткілікті. Шынында да, соқыр көргенінен жазбайды.
Кез келген авторитарлық «орталықтандырылған биліктің» ең басты, түбегейлі қателігі – миллиондаған, әрқайсы өз мүддесі, қызығуы, ұмтылысы, қажеттігі үшін әрекет жасаушы адамдардың іс-қимылдарынан құрылған, тек жалпы бағыты ғана қажетті реттелуге көнетін қоғамдық үрдістің әр тетігіне бақылаушы, тексеруші, сұраушы қойып, халықты өздері дұрыс деп тапқан мақсаттарға сүйрелеу. Біздің билік барлық дамыған демократиялық елдердегі биліктің негізгі басқару жұмысының қандай екенін ұқпады, қабылдамады. Ол жақта билікке тиесілісі – адамдарға қолайлы, ұтымды, бұлжымайтын заңмен қорғалған қаржылық, экономикалық, кәсіптік жағдай жасап, олардың еркін, өз беттерінше, ақылы, білімі, жігері жеткенше еңбектеніп, баюына мүмкіншілік беру. Және осы, негізінен стихиялы немесе өз бетінше, іштей реттеліп отыратын қоғамдық үрдіс мемлекеттің тұрақтылығын, беріктігін қамтамасыз ететін ең маңызды фактор болып табылады.
Ары қарай билік жұмысы – тек салық төлеу үрдісін қадағалау. Ешқандай «тарихи» жолдаумен «рухтану», оны «бүкіл халық» болып, қалғып-мүлгіп «талқылау», «қолдау», елді аралап, мағынасы – «патша сен бейшараларды мүсіркейді» деген керуендер атымен жоқ. Біздің биліктің жаратылысынан елді демократиялық, өркениетті басқару қолынан келмейді.
Екінші жағынан, ондай халық өзін күш ретінде сезініп, еңсесін лайықты өмірге көтеріп, өз жағдайына өзі еге болатындай басқарудан өлердей қорқады. Оның орнына халықты тоқтаусыз насихатпен есуасқа, тобырға айналдыруға, бас көтерерлерін түрлі айла-тәсілдермен тізгіндеп, көнбегендерін қолдан жасалған «кінәлармен» түрмеге тоғыту. Өзін-өзі қанша алдаусыратқанмен, қоғамдағы легитимді (заңды) негізі саяз екенін жақсы білетін билік жайшылықта дұрыс сөздерді әдемі айтқанымен, саяси-құқықтық жағдай кенет шиеленсе, ақылсыздығы мен қорқақтығынан (қарусыз халқына от атуды ешкім ержүректік демес) өзімшіл, арсыз, жауыз бет-бейнесін дүние жүзінен қымсынбай-ақ көрсетуге барады. Ұлы елдердің дүние жүзі саясатында есепшіл екіжүзділіктің әзірше басым болып тұрғанына сенімділіктен болуы керек.
Ал елдің сыртқы мүдделерін қорғауға келсек, сол легитимділігінің әлсіздігінен және өз ұлтына арқа сүйеуге ақылды мемлекетшілдіктің жеткіліксіздігінен: Байқоңыр, гептилды «Протондар», табиғатты, жан-жануарларды қорғау мәселелері, Ресей зымырандарының сынақ полигондары, Кеден одағынан Еуразия одағына сүйретілу, оның экономикалық, қаржылық зардаптары, тоқтаусыз өскен қымбатшылық, өз пайдасынан ұтылу, көрші елдің сойылын соғып, өтірік айту, келесі сөзінде одан жалтару, тәуелсіздікке лайықты бір де мінез көрсете алмау үрдісі қалыптасады. Авторитарлық биліктің іс жүзінде ұлт мүдделеріне түбегейлі, не қарсы, не сатқын екенін сипаттайтын масқаралық: аталған путиндік Ресейдің өзімшіл, шексіз озбырлығынан болып жатқан мәселелерге байланысты қандай болмасын бейбіт, азаматтық келіспеушілік білдіргендерді ұрып-соғып, қамаудан бастап, қисық сот үкімдерімен түрмеге жабу.
Ал «ұлттық жұмылдыруға, шоғырландыруға», қазақтан «үлкен жұдырық» жасауға келсек, бұл ұсыныстар да бір көзге ұлтжанды болып көрінгенімен, іс жүзінде жалаң ұран: себебі елді болат құрсаудай біріктіретін экономикалық қатынастар не әлсіз, не бейтарап, не басқа елдермен байланыста. Түптеп келгенде, жалаң ұран өз «мазмұнын» тек ұлтшылдықпен «нығайтар». Әсіресе «үлкен жұдырықтың» артында ұлтаралық қырғиқабақтыққа апаратын ұлтшылдықтың құлағы қылтиып тұрған сыңайлы.
Ал енді осы ұсыныстарды қазіргі «күшті орталықтандырылған билік» тұрғысынан алсақ, ол ұлттың «жұмылдырылған, шоғырландырылған», әсіресе азаматтық қоғам ретінде оған өз құқықтарын сыйлатқыза алатын мәдениетті, өркениетті «жұдырыққа» айналғанын түбегейлі және мүлдем қаламайды. Керісінше, оның ішкі саясатының мазмұны сол – арандату, жік салу, бір-біріне айдап салу, мансап пен атаққа құмарларын «жарылқау», ұлтын опасыздыққа итермелеу, өтірік көтермелеу, аз ғана қазақтың басын қалайда біріктірмеу. Өз ұлтынан өзі қауіптенудің бір көрінісі – қазақ руханилығына, ұлттық психологияға, мінезге жаңа серпін қосардай болып келе жатқан шетелдік қандастарымыздың керуенін жасанды себептермен тоқтату. Бұл мәселенің жергілікті қазақтарды ұялтатын, ойландыратын да жағы бар: өз қаракөздерін әбден басынып, жүгенсіз кетіп бара жатқан билікке ұяттысы – бізден гөрі басқа, тәртіпті саяси-әлеуметтік жағдайдан келген қандастарымыз келіспеушілікті бірінші білдіріп, қажет десе, қарсылыққа көшетінін талай көріп жүрген жоқпыз ба?
Айтылған ұсыныстарды негіздеу керек болса: «Билік мәдени-рухани, материалды-қаржылық ресурстарды жалпылама (?) халыққа ұсынатын (?) белгілі бір тетіктер жасауы керек (?). Сол кезде бүкіл халық мемлекет үшін жауап беру дәрежесіне жетеді», – делінді. Бұл ойлар саяси романтизм ба, жоқ қазақтың дәстүрлі жанамаланатып айту әдеті ме – түсіну қиын.
Шынына келсек, барлығын қарапайым, қарабайыр десек те болады. Билік 90-жылдардың ортасында халықаралық алаяқтармен ымыраласып, талап-таражға салып, ыңғайы келгенін өзі иемденіп алған материалды-қаржылық ресурстарды жалпылама немесе бөлшектеп болсын, өлсе де халыққа ұсынбайды. Сол кезде көп нәрседен «аттап», иемденген «малы» негізінен халықтікі екенін ешуақытта мойындамайды, оны жасанды заңдармен қоршап, қорғап та қойды. Сондықтан мына билік тұрғанда, «халық мемлекет үшін жауап беретін дәрежеге» ешуақытта жетпейді.
Мәселенің шешімі де «қарапайым»: ұлтжанды азаматтар бастама көтеріп, бүкілұлттық азаматтық қозғалыс екі идея төңірегінде ұйысуы керек. Бірінші – ұлт байлығын оның иесі – халыққа қайтару; екінші – өткен жылдар бойы офшорларға жасырын тығылған, ұлт байлығынан жинақталған 200 млрд доллар қаржыны елге қайтару. Осы екі идея жүзеге асырылу барысында қазақ ұлты өз мемлекетіне жауап беру дәрежесіне көтеріледі.
Осы тұрғыда қазақ азаматтарына тарихи сабақ: өткен ғасырдың 30-жылдарында (ол кезде БҰҰ-да, дүние жүзі қауымдастығы да жоқ) қоғамдық жағдайы артта қалған феодализм бола тұра, Ирак пен Иран сол кездегі ең күшті отаршыл ел – Ұлыбританияны жерінен, мұнай байлығынан ығыстырып, ұлы байлығының басым бөлігін өздеріне қайтарып алды. Халқының бас көтерер патриоттарын біріктірген, «ұйыстырған» идея – ұлт байлығын өздері иелену болды. Біздің қазіргі қазақты да біріктіретін идея – ұлт байлығын, жер қайнауында болсын, офшорларда болсын, өзімізге қайтарып, басым бөлігіміз итшілеген бейшара халден, барлық ұлттың лайықты, бай, өркениетті өмірге қол жеткізуі. «Егемендік» деген қасиетті ұғымды күнделікті өмірімізде жүзеге асыру: жерімізге, байлығымызға, мемлекетімізге, қазіріміз бен болашағымызға өзіміз, ешкімнің нұсқауынсыз, жолдауынсыз толыққанды ие және жауапты болу. Ұлтты біріктіретін идея-ұран осы – ұлт байлығын өзіне және елге қайтару мен толыққанды егемендік.
Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша Батыста білім алған және елдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқыған ақылды, қабілетті, халқына жүрегі жылы жас заңгерлер мен экономика және қаржы мамандарына айтарым: мына биліктің ішкі қатынастары мен қасиеттерін пайдаланып, оның құрамында іс жүзінде тек алаяқтықпен айналысып, біртіндеп өз пайдасын ғана білетін, адамгершіліктен айрылған пасыққа айналғанша, өзің мен ұлтыңды мәдениет пен өркениетке жетелейтін ірі мемлекеттік іске жігеріңді қос!
Қазіргі қазақ қауымының ширек ғасыр барысында өзгеру нәтижелерін нақты, ғылым тұрғысынан айтпайынша, кез келген сөз қазақи «жақсы болайықтың» төңірегінде ғана жүреді. Ғылыми нақтылыққа негізделген талдау ғана қазақ қауымы құрамындағы күштердің саяси мүдделерін, ұмтылыстарын, мақсаттарын анықтап, олардың саяси қатынастардағы қайшылықтарын дәл болжауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, ғылыми нақтылық қазақ қауымы құрамындағы болашақ демократиялық, саяси үстемдікке қол жеткізе алатын күштерді аңғаруға көмектеседі.
Сонымен, көзі ашық әр қазақ ғылыми нақтылыққа сүйеніп, сәл ойланса, аңғаруға боларлық қазіргі қоғамның ішкі мәселелерін талдап көрелік.
Біріншіден, елдің бұрынғы Кеңес Одағы құрамынан шығып, тәуелсіз өміріне байланысты оның экономикалық, саяси-әлеуметтік, рухани-психологиялық жағдайларының біртіндеп күрделі өзгеруі – бұл жылдарға созылған қоғамдық төңкеріс. Ал оның нәтижесі – қазақ қауымы өмірінің әр саласында көріне бастаған қайшылықтар, қарама-қарсылықтар.
Екіншіден, ұлт болмысына бұрынғы қазақ психологиясына тән, оған кеңес дәуірін қоса алғанда, өздерін тұтас, бірыңғай дүние сезінуі, негізгі мазмұны ортақ дүниетанымы өзгерді. Бір-бірін айтқызбай танитын адами жылылық сезімінің орнына Батыс қоғамына ұқсай бастаған, қызметіне, табысына, біліміне, мәдениетіне, өмір жағдайына, ұмтылысына, қызығуларына, мүдделеріне байланысты саяси-әлеуметтік, рухани-психологиялық, керек десеңіз, дүниетанымы, өмірлік ұстанымдары үйлеспейтін әртүрлі топтарға жіктелу келді.
Үшіншіден, қазақи авторитарлық биліктің тікелей «туындысы» – мемлекеттік басқару құрылымдарының барлық салалары: банк, салық жүйесі, сот, прокуратура, құқық қорғау, түзету мекемелері қызметкерлері, барлық деңгейдегі депутаттар, білім беру, денсаулық сақтау және басқа халыққа қызмет көрсету салаларының басшылары мен оларға «жақындар», әдебиет, өнердегі билік «таңдаулылары», журналистикадағы биліктің ішкі және сыртқы «имиджін» жасаушылар, билік жүйесінде «тіректері» мен «крышалары» бар кіші және орта бизнес өкілдері – сол жіктелудің нәтижесінде халықтың 70%-нан мүдделері түбегейлі басқа, түрлі топтардан құралған элита-сымақ қабатқа айналды. Олар сол қоғамдық төңкеріс әкелген саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени мүмкіндіктерді қазақи «ерекшелігімізге» сай ымдаса, ымыраласа пайдаланып, бекіп, байып алған, тәуелсіздікке мызғымас негіз болатын экономиканың, азаматтық қоғамның кірпішін қалады. Елді өркендетуге іс жүзінде не білімі, не қабілеті, не патриоттық жігері жоқ, өзінің тек тәтті тамағы мен жылы төсегінің «тұрақталығын» ғана қалайтын қоғамдық паразитарлық топтар болып қалыптасты. Оларды қоғамдық «паразитарлық топтар» деуім кейбір әсіре патриоттардың шамына тиер.
Бірақ араларында тым аз, адамгершілік қасиеті бойында жаратылысынан және одан ешқандай жағдайда айнымайтын, әр салада, қызметте кездесетін тұлғалар болғанымен, жүйені ішінен білетіндер оның тұтас «бейнесін» өзгерте алмайтынын өздері де мойындар. Мәселе оларды паразитарлық қоғамдық жағдайға «байлап» қойған қоғамдық қатынастардың обьективті, яғни жекеленген ерік-жігерге бағынбайтын, өз заңдылықтарына сәйкес не оң, не теріс өң ала беретін және ең маңыздысы – адамдарды өз ырқына көндіруге бейім, нақты бір қоғамдық ортаны құрайтын табиғатында.
Мысалы, сіз өзіңізді дұрыс адаммын деп ойларсыз, ал қызметтік орта, қоғамдық қатынастар талабына сай атқарып отырған жұмысыңыз сізді пара алуға, біреуді заңсыз қолдауға, жанып тұрған жасқа иттік жасап, жолын кесуге, түптеп келгенде, ұлтыңа опасыз болып, өз қызметіңнің, орныңның берер «игіліктерін» ары қарай пайдалана беруге итермелейді. Әрине, сіз мұндай оңбаған өмірге шыдай алмай, қызметіңізден кетуіңіз мүмкін, алайда жүйе болып қалыптасқан қоғамдық қатынастар оған бүлк етпейді. Сіздің орныңызға басқа біреу келіп, жүйе өз жұмысын жалғастыра береді.
Өмірден мысал. Белгілі әншінің, сол кезде ән жаза бастаған, алайда әлі аты шыға қоймаған досы (ойы – тек балаларына нан табу) полиция қызметіне кіреді. Бірақ жұмысында адам атауына деген түрлі қиянатқа, оған еш арланып қиналмай, күнделікті үйреншікті жұмыс ретінде атқарып жүрген қызметкерлер ортасында зорға жүріп, бірнеше ай ғана шыдайды. Түсінгені – дәл қазір, дәл осы қоғамда полицияда қызмет ету үшін бойыңда адам баласының ең жиіркенішті қасиеттері ғана болуы керек екен. Мен полиция қызметі адамдарды түрлі қауіптен сақтайтын, іштерінде адамгершілігі мол, ержүрек, адал азаматтар бар екенін білемін. Бірақ мәселе жүйеде, оны дәл осылай құрып отырған авторитарлық, қиянатшыл билікте, сол биліктің қалыптастырған қоғамдық қатынастарында. Меңінше, Жаңаөзен оқиғалары құқық қорғау органдарының сол «қоғамдық қасиеттерін» толығымен көрсетті.
Сонымен, біздің «мықтылар», «ақылгөйлер», «пысықтар» паразитарлығының бірінші жағы – билік қалыптастырған қоғамдық жағдайдың барлық жақсылықтарын, жемістерін қазақтың басым бөлігін «жол шетіне» ысырып қойып, өзара ғана таласып, иеленуі, барлық саяси-құқықтық, идеология-насихат үрдістерін тек өз қажетіне пайдаланып, халықты сайлау немесе басқа жағдайларда үнсіз, меңіреу, тізгіндеулі, үйретілген аю сияқты ұстауды «дұрыс» саясат деп білетіні.
Екіншіден, олар туған халқының бай-бақуатты, мәдениетті өмір сүруіне мүмкіншілігі неліктен жыл санап азайып бара жатқанын біліп отыр. Және ұлт байлығын кім-көрінгенге сатып, көпіріп келген қаражатқа халық өз еңбегімен лайықты өмірге қол жеткізе алатын, ғылыми негізделген даму жолын табудың орнына түрлі «өзім білем» жобаларға халық қаражатын одан бір сұрамай шашу ғана қолынан келетін биліктің ішінде жүргендіктен, оның жаратылысы мен қасиеттерін жеткілікті ұққан. Осының бәрін біле тұра, мына билік «болжап» қойған елдің болашағын сезе тұра, ешнәрсе істемейді. Керісінше, мүмкін, сондықтан, белгілі саясаткер айтқандай, жапа-тармағай «алу керек», «жеу керек», «үлгеру керек» шығар. Бұл паразитизмның екінші жағы.
Үшінші – қазақ ұлтының болашағына тиісті «ұзақ емделуді» қажет ететін саяси-әлеуметтік, психологиялық зардабы. Қоғамдық «қауіптілігі» – түрлі мүмкіндіктері мен ресурстары шексіз деуге келетін, дәл қазіргі билік пен қоғамның өзгеруіне түбегейлі қарсы ең консервативті күш. Қалыптасу көздерін алсақ – олар қазіргі биліктің түрлі «продукттері», оның аман-саулығын тілеушілері, риясыз сиынушылары.
Біздің «продукттердің» қазіргі негізгі қоғамдық «қызметі»: халыққа қажеті шамалы, негізі өздерінің алабұртқан көңілдерін басып, аздап рухтануы үшін ұйымдастырылған түрлі саяси шараларда «көсемге» қайта-қайта ду қол шапалақтау, ұрандату, қисынын тауып, аз ғана халықтың пәлендей жетістіктерге жете қоймаған, әлі толыққанды тәуелсіз емес жолын өтірігін көпіртіп «нұрландыру», негіздеу, насихаттау.
Бірақ олар өздерінің сүйікті билігінің «мәңгілігін» қанша қаласа да, қоғам дамуын тоқтату мүмкін емес. Іс жүзінде қалыптасу негізі күмәнді, криминалды немесе осыған жақын болғандықтан, «продукттердің» ұйымдасқан, тұрақты қоғамдық саяси күш болуы екіталай. Олардың қолдарынан келетін консервативті қызметі сол: әр ұлты үшін отқа түсуден тайынбайтын, жанкешті тұлғаны түрлі жасанды кедергілермен өзінің қасиетті азаматтық ісін жасатқызбау, арсыз итшіліктермен ақыл-жігерін сарқытқызу, қажыту. Мына қоғамдық жағдайда олар өздерін құдіретті санар, бірақ мәңгілік Ақиқат алдында олар ұлт тұлғасының аяғына оралған құбыжықтар.
Қалай болғанда да, мына легитимдік негізі тайқы билік қоғам жағдайы өзгеруіне байланысты демократиямен ауысады. Алайда «продукттер» қызметтері мен «астауларына» шырмалып, амалын тауып, жан сақтап, жаңа биліктің ырқын ұға қойып, қоғамдық жұмыстың алдын бермей, мемлекеттің, ұлт өмірінің шын мәнінде жаңаруына аяғына дейін кедергі жасаушылар болады. Бұл қазіргі демократиялық елдердің тарихында сан рет болған жағдай. Ол елдер бұрынғы «продукттерден» жаңа билік құрылымдарын тазарту жолдарын да тапқан. Міне, осындай саяси-құқықтық тәжірибеден жас қазақ демократиясы да сабақ алуы қажет.
Бұл топтарды авторитарлық билік кейде болашақ «орта тап» өзегіне балайтыны бар. Ол сөздері арқылы елді ақымақ ету ме, жоқ осы топтарды тойындырып, санын көбейтіп, өзіне өлгенше берілген саяси-әлеуметтік негіз қалыптастыруды жоспарлай ма – түсіну қиын. Биліктің ондай есебі жүзеге аспайтынын мен жоғарыда ашып көрсеткендей болдым. Ол топтардың шынайы саяси-әлеуметтік, психологиялық қасиеті – тек өз пайдасы, есебі үшін көп нәрсеге «қабілеттілігі», бірақ ешуақытта өз пайдасынан аттап, керек десеңіз, «сүйікті» билігі үшін саяси әрекетке бармайды, мемлекет, ұлт мүддесі, мақсаты дегенді білмейді. Олар – мынау авторитарлық билік негізгі саяси-құқықтық түсініктерден, тұлғаның адамдық затын құрайтын айнымас ішкі рухани моральдық ұстанымдардан мейлінше айырып, көзсіз, жүрексіз, ұятсыз құралдарына айналдырғандар.
Ал Батыс «орта табы» – еркін рынок пен демократия жағдайында өз бетімен, еңбегі, ақыл-жігері, пысықтығымен орта табысты әлеуметтік жағдайға көтерілгендер. Ең бастысы – қазіргі өмір жағдайын тек экономика, қаржы салаларының ауытқуына ғана байланыстыратын, билік құрылымдарының ешқайсының алдында бас имейтін, өзінің еркіндігі мен құқықтық теңдігін өмірлік құндылықтар санайтын әлеуметтік топтар. Олар мемлекеттік билікті төлеген салығына, еркіне, сайлау арқылы қалауына тәуелді екенін жақсы білетін, халықтың 70%-ын құрайтын, елінің тұрақты және бірқалыпты дамуын қамтамасыз етіп отырған, Батыс социологиясы көрсеткендей, түрлі топтардан құралған «страта» (қабат).
Әлімхан НҰРЕКЕЕВ
(Жалғасы бар)