«Общественная позиция»
(проект «DAT» №16 (287) от 23 апреля 2015 г.
Біле жүріңіз
Тәуелсіздік таңы атқалы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстандағы шығармашылық одақтар мемлекеттік қолдаудан қағылды. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс есебінен түсетін қаржы шығармашылық одақтардың қажетін толық мәнде өтей алмайды. Соның салдарынан болуы да керек, соңғы кездері елімізде балама шығармашылық одақтар құрыла бастады. Соның бірі – Әлем Халықтары Жазушылар одағы (ӘХЖО) пайда болғалы жыл толған жоқ. Біз осы жаңа шығармашылық құрылымның жетекшісі Қайрат Дүйсеновпен сұхбаттасқан едік.
–Қайрат мырза, өзіңіз жетекшілік ететін «ӘХЖО» қоғамдық бірлестігі қалай пайда болды? Ол бүгінде не тындырып жатыр деп айта аласыз?
– Одағымыз өткен жылдың қыркүйек айында ашылды. Бүгінге дейін бізге 50-ге тарта қаламгер мүше болып қабылданды. Жазушыларымыздың арасынан Ресей (А.А.Поликанин, М.Замшев, В.Д.Поволяев), Қытай (Ә.Мажит), Қырғыз (Н.Байжігітов), Өзбекстан (Я.Хужамбердиев), Тәжікстан (Ә.Нуралиев), Түркия (Я.Омероглы) мемлекеттерінде өкілдеріміз бен мүшелеріміз бар. Иран, Ауғанстан, Түркмения, Әзірбайжан, т.б. елдерден өкілдер тағайындау және қаламгерлерді мүшелікке тарту мәселесі қолға алынды. Шетелдегі және Қазақстандағы қоғамдық негіздегі қызметті иеленген азаматтар бүгінгі таңда аталған мемлекеттер мен өз елімізде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Қазірше интернеттегі akgo.org интернет-сайты одағымыздың үні рөлін атқаруда. Бұл сайттың бір ерекшелігі – бізге мүше болып қабылданған әрбір қаламгердің қысқаша өмірбаяны мен кітаптарының тізімі қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жарияланады.
– Ал енді бұл одаққа мүше болған отандық ақын-жазушылардан кімдерді атар едіңіз?
– Негізінде, одағымызға мүше болып қабылданғандардың басым бөлігі қазақстандық қаламгерлер. Атап айтар болсақ, арамызда; Ә.Қарпық (Қазақстандағы ЮНЕСКО өкілі), М.Ысқақбай, Н.Алпамысқызы, О.Сүлейменов (Қазақстандағы ЮНЕСКО өкілі), Ү.Уайдин, С.Оспанов, Ә.Нұрманов (Қазақстандағы БҰҰ өкілі), З.Асабаев, Б.Шарахымбай, Б.Бопайұлы, Д.Әлбозым, А.Шаяхметов, Ә.Шегебай, К.Қошым-Ноғай сынды есімдері елге белгілі тұлғалар бар.
– Дегенмен, біздегі ресми танылған және мемлекеттік негізде мойындалатын Қазақстан Жазушылары одағымен арақатынастарыңызда кірбің жоқ па?
– Қазақстан Жазушылар одағы – соңғы 70–80 жылда қазақтың әдебиеттегі ғұламалары мен барша ақын-жазушылары шыққан киелі шаңырақ. Бұл орайда сіз айтқандай кірбің болуы тіпті де мүмкін емес. Біз бір-бірімізбен әріптес, бір-бірімізді толықтырушы әдеби құрылым саналамыз.
ҚЖО басқармасындағы Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай, Жұмабай Шаштайұлы, Ұлықбек Есдәулет – менің ұстаздарым. Бұлардың қатарына кезінде ҚЖО-ның үні рөлін атқарған «Әдебиет айдыны» газетін басқарған марқұм Талаптан Ахметжанды, басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған Болат Шарахымбайды қоссам болады.
Мен «ӘХЖО» қоғамдық бірлестігін ашпас бұрын, БҰҰ Адам құқығын қорғау комитетінің Қазақстандағы өкілі, академик Нұрмановтың иелігіндегі «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігіндегі Халықаралық жазушылар одағын басқарып келдім. Бүгінде екі жүзге таяу мүшесі бар айтулы одақтың құрылғанына алты жылдай болды. ҚЖО мен ХЖО-ның арасында осы уақытқа дейін бірде-бір рет келіспеушілік немесе бір-біріміз жайында келеңсіз әңгіме айталған емес. Осы қарым-қатынас ары қарай сақталатынына сенемін.
– Әйтсе де, «үй ішінен үй тігудің» белгілі мақсаты болу керек қой. Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағымен бәсекелесу ме, жоқ әлде ол одақтың бүгінгі жұмысына көңіліңіз толмағандықтан жасалған қадам ба?
– Меніңше, әр одақтың өз мақсаты, өз әлемі, өз бағыты бар. Әлем Халықтары Жазушылары одағының басты мақсаты – аты айтып тұрғандай, әлем қаламгерлерінің басын үлкен бір шығармашылық ортаға біріктіру. ӘХЖО, біріншіден, әлемдегі ең мықты қаламгерлерді Қазақстанға танытса, екіншіден, еліміздегі ең мықты қаламгерлерді әлем елдеріне танытады деп есептейміз және осы бағытта талмай еңбек ететін боламыз.
– Мінез-құлқы мың басқа ақын-жазушыларды жаңа одаққа тарту оңай болмаса керек. Бұл арада, айналып келгенде, бәрі қаржыға кеп тіреледі. Одақты қаржыландыру жағы қалай болып жатыр?
– Бұл енді біздің жанды жерімізге тиетін сұрақ. Жаңадан дүние есігін ашқан нәресте жан-жақты қолдауға қандай мұқтаж болса, біздің одағымыздың жағдайы да сондай көмекті қажет етеді. Бірақ бұл қаржы табылмаса, одақ жұмысын тоқтатады дегенді білдірмейді. Біз ең бастысы – заңды түрде құрылдық. Біздің қазіргі хәлімізді сәт сайын үлкейетін тірі жасушаға ұқсатуға болады. Яғни, одағымыздың жаны бар.
Жасыратыны жоқ, одақтың қазіргі талғажау етіп отырғаны – қаламгерлерден түсіп отырған бір реттік мүшелік жарна ғана. Мәселен, біз өткен жылдың соңына қарай еліміздегі шетел елшіліктерінің мәдениет саласындағы өкілдерін арнайы шақырып, тұсаукесерімізді және Қазақстан мемлекеттігінің 550 жылдығына орай халықаралық деңгейде әдеби шарамызды өткізсек деп жоспарлаған болатынбыз. Бұл жобаларды іске асыруға жетерліктей (біздің қазіргі жағдайымыз үшін) қаржымыз болмағандықтан, ол шараны әзірге тоқтаттық. Сондықтан тұсаукесерімізді осы жылға қалдырып отырмыз. Оның үстіне күзгі айлардың бірінде (бәлкім, жыл соңына қарай) Бірінші құрылтайымызды өткіземіз.
Одағымыздың ертерек аяққа тұруына, алға қойған мақсаттарымызға ертерек жетуімізге демеушілік білдіргісі келетін ірі-ірі кәсіпкерлер, меценат азаматтар табылып жатса, оларға есігіміз айқара ашық дегіміз келеді.
– Бізде – журналистер қауымы ортасында Қазақстан Журналистер одағына балама ретінде Тәуелсіз Журналистер одағы құрылған болатын. Алайда ол одақтың не істеп, не тындырып жүргені туралы ел-жұрт тұрмақ, журналистердің өздері де ештеңе білмейді. Жаман айтпай жақсы жоқ, сіздердің де күйлеріңіз осы жағдайға тап болса, жақтастарыңыз сырт айналып кетеді деген қорқыныш жоқ па?
– Несін жасырайын, алғашында ондай қорқыныш болған. Өйткені жаңа одаққа мүше болып қабылданғанымда, мен сол одақтың мүшелігіндегі бар болғаны он үшінші қаламгер едім. Тәжірибе көрсеткендей, одақ әлі өмір сүріп келеді, оның үстіне онда баяғыдай он үш қаламгер емес, екі жүзге тарта мүше бар.
Әрине, біздің жұмысымыз бұқара халық күнделікті көретін немесе тыңдайтын телерадио арналарынан ұдайы көрініп, насихатталып отырмағанын жақсы білеміз. Бірақ бұның бәрі де уақытша. Бірте-бірте ол күндерге де қол жеткіземіз. Ал сырт айналу мәселесіне келсек, біз – еріктілер ұйымымыз. Ерікті ұйым болғаннан кейін, біз ешбір мүшемізді күштеп ұстамаймыз, оған құқымыз да жоқ. Сондықтан одағымызға мүшелікке өтетін әрбір қаламгер біздің бар мүмкіндігімізді алдын ала біліп алып, ойланып-толғанып барып нақты шешім қабылдайды.
– Жалпы, шетелдердегі осы тектес одақтардың жұмысы, тәжірибесі жайлы не айтасыз?
– Өкінішке қарай, біз жаңадан ашылғандықтан, өзге елдердегі Жазушылар одақтарына тәжірибе алмасуға барып үлгермедік. Менің білетінім – шетелдердегі бұндай одақтардың кейбір талап-тәртіптерінде азын-аулақ өзгешеліктер болғанымен, жалпылама алғанда, бәрі бір-біріне ұқсас. Халықаралық әдеби шаралар өткізу тәртібі де ұқсас жасалады деуге әбден болады. Негізгі айырмасы – өткізіліп жатқан іс-шараларға жан-жақтан, ұйымдастырушы одақтан бөлінетін қаржы мен оған қатысушыларға ғана байланысты.
Жұмыс, тәжірибе мәселесіне қатысты өзім сырттай бақылап жүрген Ресейдегі Интернационалды Жазушылар одағы жөнінде айта кетейін. Қырық мемлекетте өкілі бар айтулы одаққа мүше болу үшін, алдымен мүшелікке кандидат болып қабылданасың. Ірі әдеби шараларға қатысу құқығы кандидаттарға да беріледі. Толық мүше болып қабылданғанға дейін, белгілі мерзім арасындағы өтілден өту керек.
Қаламгер сол мерзім ішінде өзінің шығармашылығын жан-жақты көрсетіп, шебер жазушы немесе дарынды ақын екендігін көрсете білуі шарт. Шығармашылықпен жаңадан айналысып жүрген жастар үшін арнайы әдеби курстарда оқу қарастырылған. Айтпақшы, бір Ресейдің өзінде ондаған Жазушылар одағы мен бірнеше Пен-клубтар бар. Түркияда да солай. Халықаралық деңгейдегі Жазушылар одағы мен Пен-клубтар Еуропа елдері мен басқа да құрлықтарда жетерлік десем болады.
Мүшелерінің санымен емес, сапасымен ерекшеленетін өзіндік одақтар да бар. Моңғолияда ең әйгілі ақындар мен жазушыларды ғана мүшелікке қабылдайтын өте абыройлы одақ бар.
– Сіз аталмыш Одақтан өзге «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігіне қарасты Халықаралық Жазушылар одағына да төрағалық етіп жүрсіз. Қос Одаққа қатар төрағалық етіп отырғаныңызға қарап, бұл одақтарды серіктес деуге бола ма?
– Жоқ, бұл екі Одақ қазірше серіктес емес. ӘХЖО – менің жеке жобам. Ал ХЖО авторлары жүйелі түрде Абылай хан, М.Шолохов, «Ұлт мақтанышы», т.б. алтын медальдарымен, мадақтамалармен марапатталып тұрады. Бірнеше рет «Ақбозат» ақындар мүшәйрасын өткіздік. Бұл шаңырақтың баспасынан 20-ға жуық қаламгерлердің шығармалары жарық көрді. Білім ордаларында арнайы іс-шаралар өткізіп келеміз. ЖОО-да өткізілген әдеби шараларға да қазылық етіп жүрміз.
– Сөз соңында ӘХЖО-на мүше болғысы келетін үміткерлерге қойылар талаптармен таныстыра кетсеңіз.
– Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған кезде Жазушылар одағына мүше болып қабылдану үшін, қаламгердің тоғыз баспа табақтан кем болмайтын жеке кітабы жарық көруі шарт еді. Біз осы тәртіпті негізге алдық. Одағымызға өтуге талап білдірген қаламгердің көлемі он баспа табақтан тұратын жеке кітабы жарық көруі керек. Өтініш берушінің бізге ұсынған еңбегі міндетті түрде ӘХЖО Ақылдастар алқасының талқылауынан өтеді.
– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңіз ілгерілей берсін!
Сұхбаттасқан – Меруерт АЛТЫНБЕК