«Общественная позиция»
(проект «DAT» №1 (318) от 8 января 2016 г.
Редакцияға хат
«Қазақстандықтардың хиджаб киюі ұлттық болмысымыздың жойылуына әкеп соқтыруы мүмкін», – деп есептейді ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Оның пікірінше, хиджаб кию адамның мұсылман немесе мұсылман емес екенін айқындайтын басты белгі болып табылмайды. «1981 жылы қабылданған Тунис заңында хиджаб ислам құндылығының негізі емес екені, арабтардың, бедуиндердің мәдениетіне көбірек негізделгені айтылады», – деп атап өтті Қ. Лама Шариф.
«Біздің елдің әйелдеріне мұсылман елдеріндегідей хиджаб киюге рұқсат бере отырып, біз ұлттық болмысымызды жоғалтуға жол ашамыз, – деп есептейді ол. – Қазақстанда бар-жоғы 10 миллион және шетелдерде бірнеше миллион ғана қазақ бар, сондықтан, ең алдымен, біз ұлттық салт-дәстүрімізді сақтауымыз керек, ал, екіншіден, біз әрқашан патриотизм туралы ойлануға тиіспіз. Менің жеке пікірім – хиджаб кию исламның бірінші белгісі деп айтуға себеп бола алмайды».
adyrna.kz
«Ата жолы» қазаққа
НЕ БЕРДІ?
«Ата жолы» деген діни ұйым ба, әлде бірлестік пе – бір жүйе құрылып, Қазақстанда жұмыс істей бастағанда, билік тарапынан оған кінә тағылып, жұмысына тыйым салды. Бірақ қазақтардың арасында әлі де болса «Ата жолын» жалғастырып, уахабиттік, салафиттік ағымдарға қарсы қару ретінде дәстүрлі дінін осылай сақтауға тырысқан әлеумет бар. Олар өрмекшінің торындай етіп, маркетинг жүйесін құрып, жұртты алжастырудың жолын тапқан.
Екінші жағына келсек, елімізде аузында «Алла», бірақ іс-қимылы басқаша уақабшылдар, салафиттер деп аталатын сектанттар тарапынан ұлттық салт-дәстүрге ісләм дінін қарама-қарсы қою белең алды. Ісләм дініне ұлттық құндылықтарымызды қарсы қою арқылы ұлтты түбегейлі жоюға болатынын түсінген сыртқы жауларымыз ішкі топастарды әдемі пайдалана білуде. Әсіресе «Алла» атын жамылған ісләм сектанттары өшпенділік көзқараспен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымды жек көрді. Қазақтың «әулие», «киелі», «қасиетті», «пір», «сәлем салу», тағы басқа имандылыққа баулитын дәстүріне кірпі көрген жыландай жиырылып қалатын болды. Әруақтар жатқан зираттарды қиратты. Жоқтау айтқызбады. Қайтыс болған кісіні «жұмаққа барады» деп қуанды. Қазақтың ертеде өткен хан, уәзір, бай, би, батырларын мақтанып айтсаң: «Алладан басқаны мадақтамауың» керек, аллаға «ширк» келтіресің» – дейді. «Алла» деп айтпа, «Аллаһ» деген айт деп уағыздарынан тек «өлім» сөзі түспейді. Оларды тыңдап отырсаң, өмір сүріп керегі жоқ, тек өле салу керек – сонда жұмаққа барып, «тамашаға» тап боласың. Соның кесірінен қазір «жұмаққа» барамыз деп өзін-өзі өлтіре салатын жастар көбейіп кетті. Оны шала сауатты психологтарымыз «суицид» деп ат қойып, оның қайдан шығып жатқанына милары жетпей жатыр. Алматы облысы, Панфилов ауданындағы жуандығы алты адамның құшағына әрең сиятын әулие ағашын өртеп жіберді. Жеті ғасыр бойы ата-бабамыз тәу етіп келген алып ағаш дүние жүзінде үш-ақ мемлекетте бар екен.
Әулие жерленген орындар көздеріне әзірейілдей көрінді, ұлттық киемізге тіл тигізді. Оларға Түркістан – «екінші Мекке емес», Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауи кесенесі – «ширк». Қайтыс болған кісіге ас беру, жетісін, қырқын, жүзін, жылын өткізуді, ырым-тыйым, дәмге, балаға, жастарға бата беру, шелпек пісіруді, Наурызды тойлаудың бәрін ісләмға жат деп жоққа шығарды…
Сонда деймін-ау, «қажылық» деген атпен сыйынып, Меккеге барсаң, ісләм дінін халыққа таратып, негізін қалағандар да пенделер емес пе? Меккедегі сахабалардың жерленген жеріне барып жүрген жоқпыз ба? Бұл да «Аллаға серік» қосудың бір түрі емес пе? Дәл солардай Түркі жұртын ісләм дініне кіргізіп, құдайға құлшылық жасаған Арыстанбаб, Қожа Ахмет, Бекет аталарға неге сыйынуға болмайды? Адамзатты жаратушы Алла жерде емес, тек көкте емес пе?
Ауылға уақабшылар келді де: «Адамға сенбе, Аллаға сен» деп, уағыздар айтты. Тағы біреуі: «Ұлтты – ұлт жанашырлары сақтамайды, имандылық санаға жеткендер сақтайды», – дейді. Бұл енді діни сеніммен ұлтты құртудың бірден-бір жолы екені айдан анық.
Әйел затына ашық денесін жауып жүру – өте дұрыс. Сол үшін неге тек арабтың ұлттық киімі «хиджабты» ғана киюі керек. Хиджабты уағыздайтындар нағыз мұсылман қазақ болса, барлық денесін жабатын кимешектің неше түрлісін қазақы оюмен сәндеп тігіп, соны жарнамалап неге кигізбейді? Хиджабқа қарсы сөз айтсаң, Арабиядан хиджаб әкеліп сатып, байып жатқан ақымақ байлар шу ете түседі. Өйткені олардың ойында қазақы имандылық емес, алаяқтық сауда жатыр. Қазаққа жаны ашыса, оның орнына әжелеріміз киген тамаша ұлттық киімдерді қайтадан өмірге әкеліп, соны насихаттап, әйеліне, қызына кигізсін. Аналарымыз, әжелеріміз жартылай жалаңаш жүрген бе еді?
Бұлар үйіне қонақ шақырмайды. Шақырса тек өздері сияқты «бауырластарын», қазақты жек көретіндерді шақырады. Бұлардың үйінде қазақтың күйлері күмбірлеп, әні шалқып, қазақ биі болмақ түгілі, қазаққа тән бір зат таппайсың. Домбыра, қазақтың ұлттық киімдері, ыдыс-аяқтары, ұлттық тағамдарды ешқашан көрмейсің. Өздерінің де бұрынғы қазақы аттарын өзгертіп, арабша ат қойып алған. Батырлар жыры, қисса, дастандар, мақал-мәтелдерді жек көреді. Ұл-қыздарына да «құраннан» алдық деп, тек арабша ат қояды. Кішкентай қыздарына да хиджаб кигізіп қойған. Мүлдем наданданып кеткендері: «Қыздарымыз нағыз мұсылман болу үшін, арабтарға күйеуге беру керек» дейтіндері де бар.
Олардың мына қылықтары қазақ ұлтын жою саясатын іске асырып жатқанын дәлелдейді. Осы уағызшылардың бірде-бірі «Мен – қазақпын» деп, асты-үсті тола байлық осындай дархан даланы бізге қалдырған хан, сұлтан, би, бай, батыр бабаларымыздың өздерін, ұлағатты сөздерін уағыздарына қосып айтты ма? Жоқ. Керек десеңіз, біздің дана бабаларымыздың айтқан сөздерін «анау сақаба айтқан», «мынау сақаба айтқан» деп, бөтенге теліп, біздің бабаларымызды мәдени, рухани құндылықтардан жұрдай ақымақтар сияқты қылып көрсетеді. Уахабит пе, салафит пе, хизбут-тахрир ме – әйтеуір көзге көрінбейтін бір күш Қазақтың ұлттық әдет-ғұрпына, ата салтына айналып кеткен дәстүрлерді діни сенімге нұқсан келтіреді деп қаралауы – дін мен ұлттық мәдениетімізді бір-біріне қарама-қайшы қоюдың нақты белгісі.
«Ата жолы» теріс жол ма, әлде басқа ма мен бір нәрсені білемін: 90-жылдардағы қиын-қыстау заманда «Ата жолының» «сұңқарлары» мен «аққулары» ауыл-ауылды аралап, дінімізге шақырып, бес мезгіл намаз, құран оқуды үйретіп, ісләм діні туралы мүлдем түсінігі жоқ солтүстік қазақтарын, ата-дәстүрлі дінімізге бетімізді бұрды. Сол кездерде тарақандай қаптаған өзге діндегі сектанттардан қазақтың көп ауылын қорғап қалды. Аулымызда сауаты бар имам жоқ. Жасы үлкен деп ортамыздан әліпті таяқ деп білмейтін бір ақсақалды сайлай саламыз. Ол тек бізге қайтыс болған кісілердің жаназасын шығару, ас бергенде құран бағыштау үшін керек болды. Бірен-сараны болмаса, тамырынан ажыраған солтүстіктің бар қазағы орысша оқыды. Туған төл мәдениетіміз бен тарихымыздан жұрдай едік. Түркістанды Түркіменстанмен шатастыратын, Шымкентті Ташкенттің бір қаласы деп білетін, оңтүстіктің қазақтарын «өзбектер» деп танитын біздер едік. «Ата жолдықтар» «зиярат» етеміз деп, өркениеттің бесігі болған Отырар мен түркі дүниесінің Меккесіне айналған Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» кесенесімен таныстырды. Ауылдан аттап шығып, облыс орталығын да көрмеген көп қазақтар: қазақтың дархан даласын, Сарыарқасын, Балқаш көлін, Ұлытау, Алатау, Қаратау, Қазығұрт, Қызылқұм, Сырдариясын көрді. Орта ғасырлық өркениет бесігіне айналған Тараз, Мерке, Сайрам, Шымкент, Отырар, Түркістан, Қарнақ, Сауран, Созақ, Алматы қалаларымен танысты. Ежелгі мәдениеті мен тарихынан тамыры үзіліп қалған солтүстік қазақтарын ата-баба дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйым, салт-дәстүрімен қайта қауыштырды. Орыстың Маруся, Маша, Оля, Наташасынан басқа естімейтін қазақ әйелдерінің аузынан енді Айша бибі, Домалақ ана, Бибі Фатима, Әмина түспейтін болды. «Алып қояйық» деген жаман сөзді «Алла» алмастырды. «Боже мой»-ды ұмытып, «Ой алла, біссіміллә, аллаға шүкір» деп мұсылман екенімізді сезіндік…
«Ата жолын» ата жауындай көретін жазғыш, ақылдысымақтар дәл осылар сияқты қазақ халқына еңбек сіңірді ме екен? Өзім тұратын Астана маңындағы Софиевка ауылын алайын. Тың игеруге келгендер бүкіл жамандығын өздерімен ала келген еді. Қазағы аз ауылға «Ата жолы» келмей тұрғанда екі күннің бірінде ауыл болып «запойға» (жаппай ішу) кететін кездері көп еді. Целиноград қаласынан нешетүрлі сектанттар келіп, мектепке дейін уағыз жүргізіп, басымызды қатырды. Осы кезде тарих сахнасына «Ата жолдықтар» шықты. «Ата жолдықтардың» үгіт-насихатынан соң, ауылдың орыстарына дейін «өзбектердің елі» деп түсінетін оңтүстік өңірлерін тану «зиярат» арқылы жүзеге асты. Ресей отаршылары бір қазақты: оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс деп бөліп тастағанын түсінді. Ауыл тұрғыны Хлебова Татьяна: «Ата жолын» ұстанып жүрген Қасымқызы Гүлнәрға еріп, Түркістанға барып келгелі, арақ ішпей, адам сияқты өмір сүргеніме он жылдың жүзі болды. Қазір ауылда бұрынғыдай көшеде арақ ішіп жүру, бұзақылық жасап, отбасының берекесін алу сап тыйылған. Өйткені қазақтар өз діндерімен табысып тазарды. Арақ ішіп мас болып жүру қазақтарды сыйламау екенін түсінген өзге ұлт өкілдері ішсе де үйлерінде тығылып ішетін жағдайға жетті», – дейді ағынан жарылып.
Бұл бірер ғана мысал. «Ата жолдықтардан» басқа дәстүрлі дінімізді насихаттап, қане, қайсыңыз ауылға келдіңіз? Кеңес Одағының атеистік қоғамынан шақшадай басымыз шарадай болған, одан 90-жылдардағы қиын-қыстау заманда бізге кім қолын созды? Мүлдем діннен хабарсыз ауыл халқын қоржыны тола ақшасы бар сектантар мен дінбұзарлардан, қане, кім қорғапты? «Ата жолдықтар» діни сауатсыз болса да, өз уақтысында қазақ ұлтын ісләм дініне ұйытып, тыныштықты, ынтымақты, берекені сақтауға өз үлестерін қосқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ,
Астана қаласы