«Общественная позиция»
(проект «DAT» №35 (306) от 15 октября 2015 г.
Тұсаукесер
Өткен аптаның соңында Алматыдағы Ұлттық кітапханада ашаршылық тақырыбы жайлы тың деректерге толы «Ашаршылық ақиқаты» кітабының тұсаукесері өтті. Адамның жанын ауыртар естеліктер мен зерттеулер, құпия мәліметтер жинақталған еңбектің авторы – өлкетанушы, қызылордалық журналист, белгілі қоғам қайраткері Сағат Жүсіп (суретте – сол жақта). Автор қазақ даласындағы 1918–22 жылдардағы аштықты кеңінен зерттеуге тырысып, тарихта таңбаланған қос ашаршылықтың ара жігін бөліп қарастыруды ұсынады. Алты жыл бойы жазылған еңбекте зұлмат жылдардағы қасіретке толы әңгімелер де топтастырылған.
Сағат Жүсіп азаматтық ұстанымымен де қоғамға танымал болған азамат: сонау тоқсаныншы жылдардан бері демократиялық күштердің құрамында азат қазақтың қамы үшін еңбек етті. Қазақстанда «Азат» қозғалысын құрушылардың бірі болды. Кейіннен Республикалық халық партиясы, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы қатарында белсенді күрескер атанды. Ал қазақ қоғамына ұсынып отырған бұл еңбегі де қазағының басынан өткен тауқыметке толы жылдардың деректерімен дәйектелген.
«Айдалада ашаршылықтан өліп, сүйектері шашылып қалған ата-бабаларды еске алу, олардың аруағына дұға бағыштап, әрдайым жүрегімізге ұялату ол – перзенттік парызымыз, – дейді Сағат аға. – Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Ұлы ашаршылық жайлы көбірек айтып, жазып келе жатсақ та, 1918–1920 жылдарда басталған Кіші ашаршылық жайлы жазылған еңбектер көп емес. Мұрағат деректерінде Кіші ашаршылық 1921 жылдары Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезінде, атап айтқанда, 2,5 миллион халық тұратын Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезінде болғанын айтады. Ашаршылық жайлы деректерге терең үңіліп зерттейтін болсақ, қазақтың азапты тарихының қиын кездері 1918 жылдан, яғни Кеңес үкіметі құрыла бастағаннан басталады. Нақтылап айтар болсақ, Сыр бойындағы ашаршылық 1917 жылдың аяғында Перовскідегі Совдеп басына атышулы қанішер Иосиф Гержод келген кезден орын алған».
Кітаптың тұсаукесерін ұйымдастыруға қол ұшын берген, қазақ тілінің жанашыры болып жүрген азамат – Қанат Тасыбеков. Қанат мырзаның бірнеше сериямен шығарған «Ситуативный Казахстан» деп, тіл түзеуге арналған кітабы бұл күндері үлкен сұранысқа ие.
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»