«Общественная позиция»
(проект «DAT» №30 (394) от 24 августа 2017 г.
Пайым патшалығы
Біздің ежелгі бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған десең, әсіре исламшылдар өре шулайды: «Тәңір – Алланың бір аты» деп. Ал анығында ежелгі қазақ даласына ислам діні келмей тұрып, көшпенді ел Тәңірге табынғанын қайда қоямыз?
Иә, біз көктегі Тәңірге сиынған елміз. Бүгінгі Қазақстан жалауының ортасында күннің жарқырап тұруы да тәңіршілдіктің киелі белгісі. Елтаңбамызда да тәңіршілдік белгісінің наным-сенімі бейнеленген. Бүгінде «Мәңгілік ел боламыз» деген идеяның түп-тамыры да тәңіршілдіктен тараған. Қорқыт бабаның өлімнен қашып, мәңгілік өмірді іздеуі де сол мәңгілік ел идеясымен үндеседі.
Ал осы кезге дейін қалың қазақ салт-дәстүрінде үздіксіз қолданып келе жатқан: отқа май құю, жаңа айға бата қайыру, аруаққа табынып, жетісін, қырқын, жылын беру, тұсау кесу, қырқынан шығару, сәлем салу, т. с. с. ырымның бәрі тәңіршілдіктің наным-сенімдері. Ал көпшілік араб халқы аруаққа сенбейді, оған құран бағыштамайды. Олар қазақы ырым-сенімнің барлығын «Аллаға серік қосу» деп санайды. Сөйте тұра өздері Меккедегі қара тасқа сиынады. Ол қара тас исламға дейінгі арабтардың ескі дінінің қалдығы…
Қожа Ахмет Яссауй қазақтың Тәңір діні мен арабтың ислам дінін біріктіріп, қазіргі біздегі синкретті (аралас), қазаққа ыңғайлы ислам дінін жасады. Сондықтан қазіргі қазақ ұстанып отырған дін жартылай тәңір, жартылай ислам діні болып табылады.
Мен өзім жасым 50-ден асқан соң ғана мешітке барып, намазға жығылдым. Сонда оқыған-тоқығаны бар сауатты адамның кез келгенінің алдынан шығатын көптеген сұраққа тап болдым. Мысалы, біз неге құдайға араб тіліне түсінбей құлшылық етуіміз керек? Тәңірім бізге қазақ тілін не үшін берді, егер ол тілде мінәжат ете алмасақ? Жаратқан бізге тіл берді: өзі мен пендесіне түсінікті тілде сөйлессін деп. Ал біздің өзіміз түсінбейтін тілдегі, жүректен шықпаған сөз құдайға жете ме?
Күніне бес уақыт намаз оқу – адамды гипноздаудың технологиясы екенін көп қарапайым адамдар біле бермейді. Гипноздалған адам өзін жаруға дайын тұратыны содан. Гипноздалған адам ғана өз Отанына қарсы қару алып (Ақтөбедегі оқиғаны есіңізге алыңыз), бейбіт, кінәсіз адамдарды өлтіреді.
Мүмкін, содан шығар, біз бүгінде қатты діндар болсақ та, Тәңір бізді ұмытып кеткені. Ол бізді орысқа неге бодан етті, неге өткен ғасырдың 30-жылдары аштан қырды? Қай жерде біз Тәңірге баратын жолда қателестік? Неге ол бізді бұлай жазалады? Құдай сүйікті пендесін жарылқауы керек емес пе еді?! Мүмкін, біз қазақтың Тәңір құдайын ұмытып, арабтың Аллаһ құдайына «сатылып» кеткеннен шығар осының бәрі…
Расында, қазіргі ислам діні бізді қанағаттандыра ала ма? Бір кездері ислам әлемі халықты ғылым, білім, жоғары мәдениетке бастаған «жарықтың» отаны болған. Ал қазір ислам әлемі соғыстан көз ашпаған, дамудан артта қалған, ғылым мен техника жаңалықтарын ойлап таппайтын, әлемнің надан бөлігіне айналып отыр. Осының өзі ислам діні қате жолмен жүріп келе жатқанын көрсетпей ме?
Бір күні бір мұсылман ортада мен бізге Библияны (Інжіл) оқуға бола ма деп сұрадым «оқыған» мұсылман білімпаздардан. Олар бір ауыздан жоқ, оқуға болмайды деді. Сонда мен: «Құрандағы Майда сүресінде 68-аятта «кімде-кім Інжілді, Тауратты және басқа киелі кітаптарды оқымаса, өзін дін таптым демесін» – деп жазылған ғой. Сонда сендер Құранға қарсысыңдар ма?» – дедім. Сасқан үйрек артымен сүңгиді дегендей, әлгі дін таратушы надан: «Ол талап қазір өзгерген» деп соқты. «Ол қалайша өзгереді?» десем, қазір басқа кітаптар бар демесі бар ма… Ислам дінін бұзып, құбыжық етіп, қазіргі исламның адасып жүргені осындай надандардың кесірінен емес пе?
Бірде бір дүмше молда: «Арабша құлшылық ету қазақшаға қарағанда он есе сауапты» деп соқты. Сонда ол қазақтың тілін, өзін өзге халықтан он есе төмен деп, қорлап тұрған жоқ па? Біз осы басын құмға тыққан түйеқұс сияқты болып жүрген жоқпыз ба? Біздің – қазақтың дүниетанымы тәңіршілдіктен тарайтынын неге жасырамыз? Ислам уағызының салдарынан шынайы қазақы құндылықтардан безіп жүрген жоқпыз ба? «Қырықтың бірі қыдыр», «қызға қырық үйден тыйым», «құдайы қонақ», тағы солай толып жатқан тәңіршілдіктен алынған наным-сенімнің несі жаман?
Қазақ адамды өлді демеген, қайтыс болды деген, яғни қайтты дейді. «Адам өмірге қонақ» деп содан айтқан. Бұның несі жаман? Яғни, тәңіршілдік түйсік бойынша, өлім жоқ, адам өмірге келеді, өмірден кетеді, қайтады.
Кез келген дін – халықты бағыттап, басқарып отыратын әлеуметтік технология, қауымды басқару құралы. Соны пайдаланған кейбір басқыншы империялар өз мүддесі үшін өзге аңқау халықтарды дін арқылы өр мінезін, танымын өзгерткен, өзіне қызмет еткізуге пайдаланған. Дін – бар болғаны тобырды мемлекетке бағындырған қару ғана.
Рас, қазір елімізде дін еркіндігі бар. Қаласаңыз – таңдаған дініңізге табынуға мемлекеттік тұрғыда қарсылық жоқ. Бұл негізінен өте дұрыс және халықтың тәуелсіз сенімін қалыптастыратын жақсы үрдіс. Тарихты қарап отырсаңыз, тек христиан дінінде 6 мың бағыт бар екен, ал мұсылманның өзінде 73 мазхаб бар.
Міне, исламдағы сол көп таралымның бірі – уахабилік-салафтық сенім біздегі арабтандыру саясатын Аллаһтың атымен жүргізуде. Бүгінде дүниеге келген жаңа ұрпаққа араб-еврей аттарын қою дәстүрге айналды.
Әйел адамның киімі – хиджаб, сөзіміз араб тіліне алмасып барады. Таным-түсінігіміз – құлшылық болды. Арғы жағында құл болу жақын қалды. Содан бірте-бірте құлдық сана қалыптасуда. Сонда шетелдік әмірлері берген ақшасын ақтау үшін, олардың бұйрығымен қандасыңды өлтіру, өз еліңе қарсы қару алып соғысу – діннің, Аллаһтың жолы ма?
Бұл дінді пайдаланып, есінен адасқан сауатсыз қандастарыңның қолымен сенің еліңді жаулап алу, сенің бауырларыңды «құлдыққа» салу емес пе, бодандық қамытын кигізу емес пе? Бізге осы керек пе?! Бізде бостандық пен бодандықты ашып айтып түсіндіріп беретін ғалым жоқ. Оның құндылығын жастарға түсіндіретін ақылы анық, сөзі жанды адам қалмаған ба? Барының өзі басқа бос нәрсені айтады. Білім сіңбеген адам көп. Бәрі де білімдіге ұқсағысы келеді. Бірақ шын білімді адам жоқ.
Ислам діні – қазіргі тілмен айтсақ, политтехнологиялық құралға, жаулап алудың әмбебап әдісіне айналып барады. Қазақтың санасын дінмен жаулаудың нәтижесі мемлекеттілікке, тәуелсіздікке қауіп төндере бастады. Сондықтан біздің елге сырттан келген исламның жат ілімдері қазақтың танымындағы тәңіршілдік таңбаларын өшіру үстінде. «Аллаға серік қосу» технологиясы қазақтың қалыбын бұзуға арналған. Мысалы, қазақтың көне жазулары қазіргі Монғолия жерінен табылғаны белгілі. Сол тасқа жазылған руникалық әріптер неге Монғолияда сақталған? Олар бүгінгі Қазақстанда неге қалмаған? Себебі – сырттан келген ілім оларды қиратып тастаған. Қазақтың ежелгі тек-таңбасын сақтаған руникалық жазулардың мұсылмандық пен ислам жетпеген Монғолияда сақталу себебі содан. Бұл – діни басқыншылықтың бұрыннан қалыптасқан адамның жады-зердесін өшіру үшін істелетін әрекет. Араби құндылықтарды сіңіру үшін қазақи түйсікті түп-тамырымен өшіру қажет болған.
Міне, сол діни басқыншылық саясат өз «жемісін» бере бастады. Қазір қазақтардың ішінде (олар негізінен жастар және олардың сауатсыз, надан тобы) исламның қазаққа жат ағымына түскендер көбейіп кетті. Ол ұлттық обырға айналды.
Оның түпкі мақсаты – Қазақ ұлттық мемлекетін құртып, оның орнына «Ислам халифатын» құру. Біз бұған дейін 300 жылға жуық орыс империясының боданы болдық, енді араб империясының боданы болуымыз керек пе?
Бізге дін жолында көрші Өзбекстаннан үйренер көп. Ондағы қышлақтарда теріс ағымдағы мешіттер жабылған. Радиодан азан шақыру мүлде жоқ. Яғни, дінді айғайлап, күштеп сіңіру әрекетіне тыйым салынған. Оның орнына қышлақтарда спортзал, түрлі өнер үйірмелері, кәсіпкерлік, заңды түсіндіру бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Патриоттық тәрбие, спорт, білім, кәсіп кең етек жайып келеді. 60 жасқа дейінгі адамдарға бетімен сақал қоюға да тыйым салынған.
Қорыта келгенде, дін деген не, дәстүр деген не? Біздегі дін деген – ислам діні. Ал ислам діні деген не? Ол араб халқының құндылықтары.
Ал дәстүр деген не? Ол қазақ халқының құндылықтары, басқаша айтсақ, қазақтың ғасырлар бойы жинаған даналығы. Бізге қайсысы жақын? Әлбетте, өмір сынынан өткен қазақтың өз құндылығы жақын. Ал ол құндылықтар Тәңір танымынан тарайды.
Табиғат – Тәңірдің жазып қойған кітабы. Ал тәңіршілдіктің кітабы – табиғат. Ол исламның шариғатынан тарайтын қатып қалған догма емес. Табиғат толған, шексіз мүмкіндіктің, өсудің, өркендеудің ортасы. Ежелгі қазақ – сол табиғатты Тәңірдің сыйы ретінде таныған халық. Сондықтан біз исламның дәстүрлі жолында жүрсек те, тамырымыз Тәңірден тарағанын таным ете білуіміз керек.
Есмұрат БИТЕМІРОВ,
дін зерттеушісі,
Сарыағаш қаласы