«Общественная позиция»
(проект «DAT» №02 (273) от 15 января 2015 г.
Сүйінші!
Жақында Алматы қаласындағы Қазақстан Ұлттық кітапханасында Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, республикалық «Қазақ үні» газетінің президенті, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі ақын Қазыбек Исаға Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының Сергей Есенин атындағы сыйлығы – «Алтын күз» орденін тапсыру салтанаты болып өтті. Марапаттау рәсіміне Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Бақыт Сарбалаев, Аманхан Әлім сияқты бір топ белгілі ақын-жазушылар, республикалық БАҚ өкілдері, бірқатар саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Еске сала кетейік, «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл» секілді жыр жинақтары арқылы жырсүйер қауымға танымал Қазыбек Иса мұндай халықаралық марапатқа қазақ ақындары арасынан тұңғыш рет ие болды.
Ақынды марапаттауға Мәскеуден арнайы келген Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Владимир Середин өз сөзінде бұрынғы кеңестік кеңістікте болған республикалар арасында мәдени, әдеби байланыстар үзіліп көрмегенін алдымен атап өтті. «Соның бір дәлелі ретінде «Советский писатель» баспасынан орыс тілінде жуықта жарық көрген «Антология казахской поэзии» атты көркем безендірілген қомақты жыр жинағын айтуға болады. Қазақтың әйгілі ақындарының туындылары орыс тілі арқылы көптеген оқырмандарын тауып, бұл бастама бірден қолдауға ие болды. Мұндай игі істер алдағы уақытта да тұрақты жалғасын таппақшы. Осы жинақтан бізге Қазыбек Исаның жырлары өз өрнегімен ерекше ұнап, біз одан басқа жыр топтамаларын сұратып алып, Есенин атындағы орденге лайықты деп таптық. Реті келгенде айта кетейін, Қазыбек Исаның өлеңдер жинағы алдағы уақытта орыс тіліне аударылып, Мәскеуде жарық көрмекші. Оған қоса, көптеген ұлттардан тұратын ақын-жазушылардың арасынан қазақ ақыны Қазыбек Исаға Есенин атындағы сыйлықтың берілуі қазақ әдебиетіне, қазақ халқына деген ерекше құрмет деп түсініңіздер», – деді мәскеулік қонақ.
«Саясаттан ешқайда қашып құтыла алмасымыз белгілі. Ақын да саясаттан сырт қала алмайды, өзінің азаматтық үнін қосуға міндетті. Лев Толстойдың «А спокойствие – душевная подлость» дегеніндей, үнсіз қалу іштегі үрейді білдіреді. Қазыбек Иса Есенин сыйлығына лайықты ақын. Оның да Есенин сияқты өзгеге ұқсамайтын ерекше мінездері бар. Ал мінезсіз ақын болу мүмкін емес. Тәуелсіздікті әрбір ақын өзінше жырлайды. Маған Қазыбектің азаматтық позициясы мен ұлттық ұстанымы ұнайды. Ол бұл бағытта өзіндік шешімімен, өзіндік үнімен ерекшеленеді. Әрине, Есенин атындағы сыйлыққа лайықты ақындар бізде баршылық, өзге елдерде де жетерлік. Ал Қазыбек ініміздің орыс халқының ұлы ақыны Есенин атындағы сыйлыққа ие болуы бүкіл қазақ үшін үлкен қуаныш, мақтаныш», – деді белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков өз сөзінде.
Ал ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбек былай деді: «Рас, саясат жағынан келгенде, біздің Ресейге айтар өкпеміз аз емес. Бірақ мәдениет пен әдебиет саясаттан жоғары тұр. Біз Ресейді Пушкиннің, Толстойдың, Достоевскийдің елі деп білеміз, алдымен осы жағын еске алуымыз керек. Олар да Қазақ елін Абайдың, Жамбылдың, Мұхтардың елі деп білуі керек. Біз қазір кіммен болса да тең дәрежедегі тәуелсіз мемлекетпіз. Жалпы әдебиет пен мәдениетте шекара мен қашықтық деген өлшем жоқ, болмауы да керек… Өзіміз өлеңдерін оқып, жаттап өскен дарынды ақын Есенин атындағы сыйлықтың қазақтың талантты ақыны Қазыбек Исаға берілуі біздің қазақ әдебиетінің мерейін, беделін көтере түседі деп есептеймін».
Кеш иесі ақын Қазыбек Иса аталмыш салтанатты шараға жиналған қауым мен Ресейден арнайы ат арытып келген құрметті қонақтарға өз алғысын айтып, Есенин жырлары мен өз өлеңдерін оқып берді.
Зейнолла АБАЖАН