«Общественная позиция»
(проект «DAT» №19 (290) от 14 мая 2015 г.
Ойдан-қырдан
Эстрада әлемінің әйел әртістері үшін биылғы жыл «төлді» болар түрі бар. Жылдың басын өмірге бесінші сәбиін әкелген сыршыл-сазгер Роза Әлқожа «ашқан» еді, оны Маржан Арапбаева мен Бейбіт Сейдуәлиева қостай жөнелді.
Ал таяуда шоу-бизнесте өзіндік әні мен стильді сәнімен ерекшеленген Сиви Махмуди екі ұлдың артынан қыз баланы дүниеге әкелді. «Ерекше» дейтініміз – Саламат пен Сағадаттың ізін жалғастырушы сәбидің есімін әнші Cивиетта елден ерек етіп, Салидат қойыпты.
Айтпақшы, Сиви-сұлуды перзентханадан шығарып, үйіне құттықтап барған шоу-бизнес өкілдерінің нөпірі көп. Бір топты қазақ эстрадасының айнасы Мақпал Жүнісова бастап барыпты.
Сол сияқты «Тұңғыш рет рок айтқан қыз» деп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген Әсем Көпбаева да тұңғыш рет ана атанды. Ол өз бүлдіршініне араб тілінен аударғанда «данагөй», «ақылды» деген мағынаны білдіретін Арифа деген ат берген екен.
Ал кезінде «Шаншар», кейіннен «Алдараспан» мен «Мафия-тақия» театрларында өнер көрсеткен Жұлдызай Дүйсенбиева өткен жылдың жазында отбасын құрған еді. Таяуда оған да ана атану бақыты бұйырды.
Шоу-думан әлеміне жуық жүретін ақпарат көзінің айтуынша, «әне-міне» деп, эстраданың тағы да бірнеше сұлуы буынып-түйініп отырған сияқты. Қалай болғанда да, туғаны бар, туары бар – сахнадан басқа да сырлы-жырлы дүниенің қызығына батқан қыз-қырқынға құтты болсыннан басқа айтарымыз жоқ.
Ал енді «туғандардың» тобына Алмас Кішкенбаев қалай кіріп кетті деп сұрайсыздар-ау? Оның да реті бар сияқты. Ол жуықта елімізде ең мықты саналатын «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығына реніш айтыпты. Ол өзінің «Instagram» парақшасына: «Ана мен бала орталығының қызмет көрсетуі өте-мөте нашар» деп жазыпты.
Айдаладағы Алмас оны қайдан біліп қойды? Яғни, әншінің жары Мөлдірдің аяғы ауыр деген сөз. Ол аузы-мұрнынан «шығып отырған» Мөлдірін сол орталыққа апарған, ал ондағылар: «Мынаның өзі әлі бала ғой!…» деген сыңаймен әке болғысы кеп жүрген әншіге мұрындарын шүйіре қараған. Соған Кішкенбаев кішкене ренжіп, бар айтпағын айқара ақтара салған. Шамасы, енді оның Мөлдірі ол орталықтан опа таппайтын шығар: басқа перзентхана іздеуге тура келеді…