Воскресенье , 20 апреля 2025

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ: бір орталыққа тұтасу ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (308) от 29 октября 2015 г.

 

Тарихқа жаңа көзқарас

 

(Жалғасы. Басы газеттің 01 қазандағы №33 санында)

 

Ел ішінде 1731 жылғы 10 қазан жиналысынан бастап жүрген үдеріс қазақтың басқарушы элитасының саяси ақыл-ойының кенжелеп қалға­нын танытты. Біріншіден, біртұ­тас, бір орталықтан басқарыла­тын мемлекет құруды көздеген идеяны терең және жан-жақты талдап, сараптауға ел ағала­ры­ның қауқарсыздығын байқатты. Замана талабына жауап бере алатын, ең дұрыс деп мойын­дауға тұратын бастаманы қос­тау немесе жетілдіре отырып қолдау деңгейіне жете алма­ғанын, қайткенде де мемле­кет­тілікті сақтау сынды жасампаз идеяны пысықтай отырып, оң шешім қабылдауға дайын ем­ес­тігін, мұндай елдік мұратты ойлауға саяси тұрғыда пісіп-жетілмегенін көрсетті.

 

Екіншіден, ел тағдырын мем­лекеттік көзқарас тұр­ғы­сы­нан пайымдауға көтерілмегенін дәлелдеді. Протектораттық да­мудың болашағын елестете алмады. Шындап келгенде, оларды қазақ елінің Ресей протектораты болуы емес, сол белес арқылы Әбілқайыр ханның қа­таң орталықтандырылған билік жүйесін құру ниеті шошытты. Ол­ар күллі мемлекет билігін бір адамға – Әбілқайыр ханға бе­ру­ді ойларына да алғысы кел­меді. Өйткені жекелеген ру-тай­палардың қожайыны болып жүрген өздерін енді кенеттен жеке-дара билеушіге тәуелді етуді, сөйтіп әмірші қол астын­дағы пенде сезінуді қорлық көр­ді. Оларға бүгінгі жүре тың­дап, өз дегендерін істей беруге ыңғайлы аға хан институты қолайлы еді. Бір ханның билігін қолдап, оны күшейтіп, оған өз­дерінің бағыныштылығын арт­тырғаннан гөрі, әрқайсысының өз аймақтарында іс жүзінде хан­ға тәуелсіз түрде, еркін қо­жайындық жасап жүруін жал­ғас­тыра беруі олар үшін әл­де­қайда тиімді болатын. Сол се­бепті қайткенде де Әбілқайыр хан­ның күшеюіне жол бермеуді көздеді. Шынтуайтында, олар 1731 жылы протектораттыққа емес, Әбілқайырға, оның бола­шақта монархқа айналуы ықти­мал құзыретіне қарсы шыққан еді. Бұл топ тек онысын ашып айт­пай, қалыптасқан тыныс-тір­шіліктеріне жаңа қауіп төн­діруі мүмкін ұсыныс әкелген ор­ыс елшілігін кері қайтаруды талап еткен. Талаптары орын­дал­мағандықтан, ішкі пиғылда­рын бүгіп, кінәні ханға аударуға жандарын салған. Солардың: «Әбілқайыр хан жеке басының пайдасын көздеп, халық өкіл­де­рі­мен (билер кеңесімен) ақ­ыл­­даспай, қазақ елін орысқа бағындыруды қош көрді» деген айыптауымен, соны қоштай кет­кен бертінгі ұрпақтың тілі­мен айтқанда, «жеке басының пайдасын көздеген Әбілқайыр хан сатқындық жасап, қазақ елі­не отарлық қамыт кигізді» деген тұжырыммен тұздықта­лып, ғасырларға кеткен зілді жала орнықты.

Соның салдарынан 1731 жылғы тарихи жиынның артынша елде орын алған сепараттық әрекеттерге тиісті әділ баға берілмеді. Мәселен, 1733 жы­лы Ұлы жүздің аса ықпалды бес бас адамы (Төле би, Қодар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бө­лек батыр) патшайым туы астына сұранды. Орта жүздің бір топ старшындарымен бірге Сәмеке хан патшайымның қорғауына өтуге екінші рет тілек білдірді (ал­ғашқысы 1731 жылы болатын). Осы оқиғалар, біріншіден, қазақ еліндегі аға хан мәртебесі мемлекеттік бірліктің тұтас та мығым болуына қызмет ете алмайтынын көрсетті, екіншіден, қазақ еліндегі белгілі тұлғалар­дың (кіші хандар, сұлтандар, билер, батырлар, рубасыла­ры­ның) ел бірлігін арттыру жолын­дағы мемлекеттік көзқарастары дамымағанына дәлел болды.

Егер парасатқа салып, Әбілқайыр ханның орыс протекциясын қабылдауға бар­ған жағдайын жан-жақты сараптаса және оны ел игілігіне қалай пайдаланудың жолын ойласа, онда орыс билігінің өз­дерін қорғауына тікелей алуын сұрамаған болар еді. Керісін­ше, протекторат билеушісі Әбіл­қайыр ханның төңірегіне топтасып, орыс туы саясында қазақ мемлекеттілігін нығайтып алу бағытын ұстанған болар еді. Олардың империя бодан­дығына жеке-жеке сұрануы іштеріндегі сепараттық пиғыл­ды айқын аңғартып, қазақтың күшті хандығын құрғызбауға мүдделі орыс саясатына әбден сәйкес келді.

Ал Әбілқайыр хан Ресейге адалдыққа ант бергенде, жоға­рыда айтқанымыздай, орыс патшайымының қолдауына сүй­еніп, Қазақ хандығын біртұ­тас­тандыруды, билікті орта­лық­­тандырып, өкіметін едәуір күшейтіп алуды көздеген болатын. Сөйтіп өзіне башқұрттар мен қарақалпақтарды, Хиуа мен Бұхараны қаратуды, оңтүс­тіктегі қазақ жер-суы мен астанасын жоңғарлардан қайтарып алуды мақсат еткен. Бұлардың өтеуіне ол патшайымның елі­нен шыққан орыс сауда керуен­дерінің сапарларын қауіп­сіз­дендіруді мойнына алды, ре­сейліктердің қазақ жері ау­ма­ғынан алтын кен орындарын із­дестіруіне жәрдемдесуге, қа­зақ­тардың Ресей қол астын­дағы халықтар мекендейтін ай­мақ­тарға шабуылдауын тоқта­туға, басқа да көмектерін және жабайы аң терілерінен дайындап алым беруге уәде етті. Оның бо­дандық хақындағы тү­сінігі осындай болатын. Ал ор­ыс үкіметі Әбілқайыр хан да, өзге тұлғалар да Ресей туына адал боламыз деп берген антты Ресейге мәңгілікке бағынуға ке­ліс­ті деп есептеді (қазақ би­леу­шілері мұндай актіні ағым­дағы жағдайға орай өздеріне қажет уақытша одақ құруға деген заң­ды құқының көрінісі ретінде санаған). Терістіктегі қуатты монархияның протектораты болуға бейілдігін растап, 1738 жылы екінші рет ант беру ар­қылы Ресеймен бейбіт қа­рым-қатынас орнатуға жол аш­қан, сөйтіп еліне көп жақсылық әкел­ген Әбілқайыр ханның даң­қы шартарапқа тарады. Кіші жүз – терістік-шығыс Арал маңын мекендейтін саны көп Шекті о бастан оның негізгі әл­еуметтік тірегі болатын, оған қоса үлкен ұлы Нұралы сұлтан басқаратын Байұлы бірлестігі руларының көпшілігі, басында Есет батыр тұрған Жетіру бір­лестігі – түгел дерлік, Орта жүз руларының едәуір бөлігі – Арғын тайпасының Жәнібек батыр жетекшілік ететін көптеген рулары, ханның екінші ұлы Ералы сұлтан басқаратын Керейлер, ішінара солтүстікті мекен­дейтін Найман мен Уақ – оны өз ханы деп таныды. Ішкі саяси жағдай біршама тұрақтанып, нығайды. Протекторат ретінде дамудың алғашқы жылдарында Әбілқайыр ханның саяси жағ­дайы осылай, іс жүзінде аға хан мәртебесіне біршама сәйкес келіп тұрды.

Бұл кезде Орта Азиядағы халықаралық ахуал қа­зақ қоғамын бір орталыққа ба­ғындырып басқару жүйесін құ­ру қажеттігін күн тәртібінен еш түсірмеген еді. Әбілқайыр хан Сырдың төменгі ағысына қала салып, жоңғарлар мен иран­дық­тардан қорғану шараларын жүзеге асыру үшін, қазақты сыртқы жаудан қорғауға мін­деттенген патша үкіметінен 1739 жылы әскери көмек сұ­рады. Бірақ, бірнеше рет сұ­ра­ғанына қарамастан, көмек бе­рілмеді. Соның салдарынан қа­зақ елінің оңтүстігі мен терістік-шығысындағы саяси жағдай ши­еленісе түсті. Парсылар Хи­уа мен Бұхараны жаулап алды. Жоңғарлар Ертіс пен Есіл арасында, Сыр аумағында көшіп-қонып жүрген қазақ руларын шапты. Сонда ресейлік әкім­шіліктің жәрдем бермей алдаусыратуына ашуланған Әбілқа­йыр хан оған сенімсіздік біл­ді­ріп, жоңғар қонтайшысымен тіке­лей келіссөз жүргізіп көрді. Өзбек ақсүйектері мен шон­жар­ларының шақыруымен Хиуа­ға аз уақыт хан болып та қайтты.

Жоңғарлардың қалың қолы 1741–1742 жылдары Ұлы жүз бен Орта жүзге шабуыл жа­са­ған шақтардағы шайқастардың бір­інде Абылай сұлтан тұтқынға түсті. Дұшпан тегеуірініне төтеп бере алмаған Әбілмәмбет хан жасағымен Електің жоғарғы ағы­сынан Орынборға қарай ше­гінуге мәжбүр болды. Сонда қа­зақтың аға ханы Әбіл­қайыр­дың өтінішіне сәйкес, Ор қама­лының коменданты жоң­ғар әс­керінің қолбасшысына Ресей мемлекеті қазақтарды өз боданы ретінде қорғайтынын мәлім­деді. Шап­қыншылық тоқ­татылды.

Бірақ қалың қолымен Орта жүздің едәуір бөлігін басып алған жоңғар қонтайшысы Галдан Церен қазақ әміршілерінен Жоңғарияның саяси протектораты екенін мойындауды талап етті. Осы талапты талқылау үш­ін 1742 жылғы көктемде 1500 адам қатысқан жиналыс өтті. Көпшілік Галдан Цереннің талабын орындау қажет деген ойға келді. Билер Әбілқайыр хан­ға: «Біз қалмақтармен үйре­нісіп қалғанбыз, қалмақтардың сұрағанын беру керек», – деп мә­лімдеді. Қызба, намысқой Әбілқайыр хан қатты ашу ша­қырып, оларды дөрекі түрде ақымақсыңдар деп сөкті. Жоң­ғар мәселесі бойынша өзінің Орынбор экспедициясының жаңа басшысымен кеңесуі ке­ректігін жария етті.

Бірақ Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Батыр және Барақ сұлтандар қонтай­шы талабына көніп, оған өзде­рінің аманаттарын жіберіп жатты. Алайда Аңырақай жеңісінің бас қаһарманы Әбілқайыр ба­һадүр ханның иланымынша, Қазақ хандығы жоңғар қонтай­шысына бағынам десе – абыройдан айрылады. Осындай па­йыммен ол жоңғар протекциясын мойындауға үзілді-ке­сілді қарсы шықты. Күш-қуаты артып тұрған Галдан Церенге кіріптарлықтан құтылу үшін, онымен соғысуға жақсы жа­рақталған тұрақты әскер күшін пайдаланбақ болды. Сондай жоспарына сәйкес, қазақты қорғауға міндеттенген Ресейден нақты әскери жәрдем сұ­рауды жөн көрді. Әрі өзектілігі арта түскен өзінің байырғы сая­си мақсатына жетудің – хан­дықты бір орталыққа толығы­мен бағындырудың сәті туды деп есептеді. Ол 1742 жылғы 18 маусымда Орынбордағы жа­ңа әкім Иван Неплюевке Галдан Цереннің қазақтарға қой­ған талап-хатын және өзінің Ресей тәжіне адалдығын білдіре отырып, көмекке қарулы күш сұраған жеке хатын жолдады. Ресейдің әскери көмегі оған ең алдымен жоңғар қонтайшы­сының талабын орындауға бет алған Әбілмәмбет хан мен Ба­рақ, Батыр сұлтандарды күш­пен ауыздықтап тоқтату үшін керек еді. Осындай жолмен ол мемлекеттік тұтастыққа қол жеткізуді, Орта жүздегі өзіне бәсекелес болып жүрген шың­ғыс тұқымдас бауырларын бір­жолата бағындырып алып барып, ықпалын күллі қазақ еліне жүргізуді ойлады.

Алайда империя үкіметі қа­зақ елінің саяси құрылымын Әбілқайыр хан армандағандай дәрежеде жетілдіруді, хандық­тың қатаң орталықтандырылған мемлекеттік жүйесін құруды ойына да алмайтын. Сондықтан ханның бұл өтініші де жауапсыз қалдырылды. Бірақ қазақ эли­та­сының арасында жоңғар қон­тайшысына қарай бағдарлану күшейіп бара жатқанын үкімет еріксіз ескеріп, Орынбор экс­педициясының жаңа бастығы генерал Неплюевке арнайы тапсырма берді: Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей қол астында екенін жоңғар әміршісі Галдан Церен ресми түрде мойындасын, соған қайткенде де қол жеткізу керек. Осы мәселе ор­айында Орынбор өлкесінің патшайым бекіткен жаңа қожа­йыны мен қазақ ханы тұңғыш рет бетпе-бет кездесті. Әбіл­қайыр хан үш жүздің 155 өкілін (Кіші жүзден – 83, Орта жүзден – 68, Ұлы жүзден – 4 адам) сон­дай-ақ ордасындағы жоң­ғар мен қарақалпақ елшілерін ертіп, 1742 жылғы 23 тамызда Ор қамалына келді.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

Жазушы

 

(Жалғасы бар)

 

 

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн