Қазақ ұлттық мемлекетінің ТҰҢҒЫШ БАСШЫСЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №14 (331) от 07 апреля 2016 г.

 

Әлихан Бөкейханов – 150

(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)

 

Жер-жердегі патша әкімшіліктері «17 қазан манифесін» халықтан барынша жасыруға тырысқан еді, сондықтан да жаңа толқулар бой көрсетті. 1905 жылдың күзінде Қарқаралыда үйездік кеңсе алдында қалың ел қатысқан үлкен жиын өтті. Соңы көше-көшені ұрандата аралаған ірі демонстрацияға ұласты. Сол митингіге, Әлихан Бөкейхановтың анықтамасына қарағанда –«қаражүздікшілермен қызметтес болғысы келмегендіктен, бостандық күндері доғарысқа шыққан» мировой судья (негізінен ұсақ басбұзарлық және азаматтық істерді қарайтын судья), шешендігі мен қоғамдық-саяси белсенділігі арқасында жұртқа тез танымал болған Жақып Ақпаев қатысты.

 

Бұл оқиғаны Қарқаралы үйезінің бастығы Омбыға, Дала генерал-губернаторы кеңсесіне жолдаған ақпарында «бүлік», «тәртіпсіздік» деп бағалап, бұратаналарды жуасыту үшін көмекке әскери жасақ жіберілуін сұрады. Патша чиновнигінің осынау арандатушылыққа тұнған жәдігөйлігін Әлихан Бөкейханов «Степной край» газеті бетінде: «Қазақ халқын білмейтін, оның, өкінішке қарай, сатрапияға айналдырылған даласын білмейтін қылмыскер адамдар ғана осынша жеңілтек ой пішеді! Оссовскийдің әлдеқандай «бүлік» жөніндегі донесениесі – шып-шылғи өтірік», – дей келіп, халықтан Мемлекеттік тәртіпті жетілдіру жайындағы манифесті (патшаның 17 октябрьдегі манифесін) жасыруға тырысқан, одан толқулар сырын бұрмалаған патша әкімінің жымысқы әрекетін батыл әшкереледі.

Қазақтардың Ресейдегі бостандық үшін алысқан күрескерлердің ардақты есімдерін әзірге білмейтінін, бірақ олардың Пестель сынды дарға асылған декабристерден бастап, Шлиссельбург қамалының қазіргі таңдағы тұтқындарына шейінгі азаткерлерді ұзамай-ақ танып-біліп алатынын, яғни олардың да алып империяны шайқай бастаған революциялық қозғалыстың белсенді қатысушысы болатынын сенімді түрде жария етті. «Әміршіл құрылыстың қабіршілері, қылмыстарыңды көбейте бермеңдер! Сендердің күндерің таусылып келеді. Сендермен біз орыстың өкілетті жиналысында есеп айырысамыз!» – деген сөздермен қалтылдап тұрған жүйе қызметшілеріне қаһарлы ескерту жасады.

Қазақ арасындағы бірінші орыс революциясы оятқан жаңа тұрпатты саяси қозғалысты жандандыруға Бөкейханов осындай уытты публицистикалық мақалаларымен әрдайым қызу атсалысып жүрді. Жоғарыда аталған Қарқаралы демонстрациясына орай Омбыдан шығуы ықтимал жазалаушы экспедицияның жасақталмауына ол мерзімдік басылымдар арқылы тиісті қоғамдық пікір туғызу, сондай-ақ земство съезінің Мәскеудегі бюросын хабардар ету жолымен ықпал етті. «Бостандық күндерінде» түрлі жиындардың шақырылуына ұйытқы болып, жұмыстарына қатысып жүрді. Земство және қала қайраткерлерінің қарашада өткен Мәскеу съезіне барып, «4,5 миллиондық қазақ халқы атынан» патшалық режимнің қылмыстарын әшкерелеген сөз сөйледі. Бес қазақ облысынан келген өкілдермен Орал қаласында бас қосып, ұлттық-саяси партия құру жайын ақылдасты. Тәжірибелі қоғам қайраткері, қаламы жүйрік публицист, белгілі ғалым адамның осынша белсенділікпен саяси жұмыстар жүргізуі жандармерия назарынан тыс қалмады, оның жүрген-тұрған ізін аңдып, қауіпті тұлға ретінде ұдайы бақылауда ұстады.

Әлихан Бөкейханов жұмысына қатысып жүретін земство одағы қайраткерлерінің мұрындық болуымен, 1905 жылдың 12–18 қазанында Санкт-Петербургте өткен құрылтайшы съезде жаңа саяси партия –конституционалист-демократтар (кадеттер) партиясы шаңырақ көтерген. Бұл оқиға әйгілі «17 қазан манифесінің» дүниеге келуімен тұспа-тұс орын алды.Одан патша сол жылғы 11 желтоқсанда шығарған жаңа пәрменімен 6 тамызда қабылданған «Мемлекеттік дума сайлауы туралы ережені» өзгертіп, қосымша ережелер бекітті.

Бұл «17 қазан манифесін» дамыту орайында жасалды. Қазақтардың да Мемдумаға депутат болып сайлануына заңды мүмкіндік туды. Ұлт зиялылары жер-жерде осынау жаңа жағдайды ұтымды пайдалану жайын бас қосып ақылдасуды қолға алған. Сондай мақсатпен Семейде ашылмақ облыстық съезге бара жатқан жолында Бөкейхановты жандармерия қолға түсіреді. 1906 жылғы 8 қаңтарда Ямышево поселкесінде (Тұзқалада) тұтқындайды да, Павлодар түрмесіне отырғызады. Содан жандарм басқармасы оны тергеусіз, сотсыз төрт айға жуық абақтыда ұстайды. Өйткені осынау үкіметке сенімсіз, ойы бөтен, бұратаналар ішінде беделі зор тұлғаны Мемлекеттік думаға депутат сайлау науқанынан оқшаулау мақсат етілген еді.

Алайда патша түрмесі ұлттық қозғалыс серкесінің халық арасындағы абыройын арттыра түсті. Ел-жұрт оны сырттай-ақ бір болыстан выборщик (сайлауға қатысу үшін бір қауым ел атынан таңдап жіберілген өкіл) етіп сайлады. Сол себепті қанша қаламағанмен, патша әкімшілігі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты 1906 жылғы 30 сәуірде түрмеден шығарды. Ал маусым айының басында Семейде өткен выборщиктер жиналысы оны Мемлекеттік думаға депутат етіп сайлады…

 

Мемлекеттік дума жұмысына қатысу үшін Санкт-Петербургке жүрер қарсаңда, 1906 жылғы 21 маусымда, Бөкейханов Семейдің қалың жұртшылығымен кездесіп, сөз сөйледі.Сөзінде ол жыл басында өткен екінші съезінде «Халық бостандығы партиясы» делінетін қосалқы аталым алған кадеттер партиясының бағдарламасын тарқата айтты, осы саяси ұйымның азаттық үшін күрестегі маңызды орнына көптің назарын аударды. Өйткені өзінің күллі саяси қызметін Әлихан Нұрмұхамедұлы кадет партиясының ұстанымы ауқымында жүргізгенді жөн көретін.

Ол империя астанасына алып-ұшып жеткенде, Таврия сарайында дуылдаған дебаттар кенеттен тоқтатылар сәт те тақалған еді. Жұмысын қазақ даласындағы сайлау науқаны басталардан бұрын, 1906 жылғы 27 сәуірде бастаған Думада патша үкіметіне жақпайтын мәселелер қаралып, шын мәніндегі революциялық шешімдер қабылдана бастаған. Сондықтан да 72 күн жұмыс істеп, 40 пленарлық мәжіліс, комиссиялардың 18 отырысын өткізген, министрлерге 261 депутаттық сұрау салу жолдаған І Мемдуманы император «қоғамға тыныштық әкелудің орнына аласапырандықты тұтатып отыр» деген желеумен 1906 жылғы 8 шілдеде арнайы манифест шығарып, тарқатып жіберді. Патша пәрменіне бірінші кезекте кадет депутаттар қарсылық білдірді. Оларды Думадағы мұсылмандар фракциясы да қолдады. Фракция жетекшілерінің бірі, башқұрт арасынан сайланған қазақ депутаты Сәлімгерей Жантөрин мен Питерге соның алдында ғана келген Әлихан Бөкейхановты осы наразы топтың Выборгта түскен суретінен көруге болады. Олар мұнда үкімет тарапынан рұқсат етілмей екі күн бойы өткен жиналыста қабылданған «Халыққа халық өкілдерінен» деп аталатын, ел тұрғындарын түрлі салық төлеуден бас тарту жолымен үкіметке пассивті қарсылық көрсетуге шақырған үндеуге қол қойған еді.

Осы «Выборг үндеуіне» қол қоюшылар үстінен үлкен сот үдерісі жүргізіліп, бәріне үш айдан түрмеге отыру жазасы кесілді. Сөйтіп, істі болғандар қатарында өзін де сайлану құқынан айрылдым деп санаған Бөкейханов ІІ Мемдумаға депутат таңдап, сайлау науқанына қатыса алмайтындықтан, Семей қазақтары арасынан лайықты кандидатура белгілеуге атсалысты. Революциялық сипатын өзгертпеуі салдарынан ІІ Мемлекеттік дума да 1907 жылғы 3 маусымда қуылғаннан кейін, «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін өзіне Санкт-Петербург сот палатасы төтенше мәжілісінің үкімімен кесілген жазасын өтеуге, 1908 жылдың басында Семей абақтысына түсті.

Босанғаннан соң астанаға барып, біраз уақыт кадеттер басылымында қызмет атқарды. Бірінші орыс революциясы жылдарында Ресейге қайта оралған масондар ложасына қабылданды. (Революция тарихын зерттеуші шыншыл бас маман ретінде мойындалған, «ХХ ғасырдың басындағы орыс саяси масондығы» (1996) монографиясын жазған профессор В.И. Старцевтің «Француз рәсімі және «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» ложаларына тіркелген орыс саяси масондарының тізімінде» 23-ретпен «Букейханов Алихан Нурмагометович» тұр.) 1909 жылдан Самарада, сондағы Дон егіншілік банкінің бөлімшесінде жұмыс істеді. Халық бостандығы (кадеттер) партиясының Самара комитетіне енді, осындағы масондар тобында жетекші орын алып жүрді. Бір-екі жыл эсерлер партиясы қатарында болды. Кадет әрі масон ретінде демократиялық реформаларды насихаттау мақсатымен құрылған саяси білімдер үйірмесі жұмысына қатысып тұрды.

Осы жылдары Бөкейханов «Қазақтар» атты іргелі еңбегін жазды (І910 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» атты жинаққа енген.) Бұл еңбегінде ол қазақтар тұратын Қазақ және Түркістан өлкелері мен Астрахан губерниясының ұлттық құрамына демографиялық талдау жүргізе келіп, «қазақтардың шаруашылық тіршілігі – малына жаятын жер және суаратын өзен-көл іздеумен үнемі қоныс аударып, бір орында тұрақтамайтын жартылай жабайы көшпендінің қарабайыр экономикасын көрсететін қарапайым формулаға сыймайды» деген байлам жасайды. Таза көшпенді мал шаруашылығын аралас, егіншілік-малшылық шаруашылықтардың алмастыра бастағанын нақты цифрлармен дәлелдейді. Қазақ және крестьян бюджеттерін, олардың табыстарының түрлерін талдайды. Әр жылдың екі-төрт айын ғана жайлауда өткізіп, негізінен қыстауда отырықшылықпен күнелтетін қазақтардың шаруашылығындағы тыныс-тіршілік жайын қарастырады. Олардың өмірінде әртүрлі жайылым, қорық, жазғы қотандардың қандай орын алатынын бай мәліметтермен өрнектеп көрсетеді.

Сөйтіп қазақ халқы ішінде түзілген әлеуметтік-шаруашылық құрылымды оқырман алдына білгірлікпен, көрнекі түрде жайып салады. Осынау ғылыми очеркінде қазақ даласындағы саяси құрылыстың мән-жайын, қазақтар арасындағы саяси-мәдени ахуалды таныстыра отырып, Әлихан Нұрмұхамедұлы патша үкіметінің әрі қанап, әрі ұлтаралық араздықты қоздыратын отарлау және орыстандыру саясатын түрлі мысалдармен қанын ағыза әшкере етеді. Сондай-ақ қазақтардың ұлт азаттығын аңсап шындап ояна бастағанын, ұлт қозғалысын дамытудағы саяси белсенділігін көрсететін маңызды деректер келтіреді.1907 жылғы ІІ Мемлекеттік думаны қуып, сайлаудың жаңа тәртібін жария еткен заңның («3 маусым төңкерісінің») «төрт жарым миллиондық қазақ халқын сайлау құқтарынан айырғанын» айта келе, қазақтың жер-суын зорлықпен тартып алған үкімет енді Мемлекеттік думада осы халықтың өкілдері де отыруын артық көрді деген жұмсақ түйін жасайды.

Оның мұндай сыпайы ескертпесінің астарында қазақ халқына парламенттік жолмен қандай да бір пайда тигізу үміті үзілмегендігі жатқан. Шынында да, ол қазақ зиялыларымен бірге ІІІ және ІV Мемдумалардың конституцияшыл-демократтар (халық бостандығы) партиясы мен мұсылман фракциялары жұмыстарына мақсаткерлікпен атсалысып тұрды.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

(Жалғасы бар)

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн