Қазақстан өркениетке емес, РЕСЕЙГЕ ЕЛІКТЕУДЕ

Бұл екі арада

 

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) қызметі мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Шетел гранттары есебінен жұмыс істейтін бірқатар құқық қорғау ҮЕҰ өкілдері «заң жобасы шетел гранттарына іс жүзінде монополия орнату, ҮЕҰ қызмет түрлерін шектеу арқылы құқық қорғау ұйымдарын Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігінен айыруды көздейді» деп мәлімдейді. Олар бұл заң жобасын Ресейде қабылданған «Шетел агенттері туралы» заңмен салыстырады.

Заң жобасын әзірлеу идеясының авторы – Қазақстан азаматтық альянсы, үкіметшіл ҮЕҰ коалициясының президенті Нұрлан Ерімбетов. Ол – елде шетел гранттарын беретін негізгі донор – «Сорос-Қазақстан» қорындағы бақылау кеңесінің бұрынғы мүшесі. Екі жыл бұрын азаматтық альянс басшысы болып тағайындалғаннан бері оның риторикасы да өзгерген.

– Мен шетел компанияларының қаржыландыруына үзілді-кесілді қарсымын, өйткені шетел ақшасы – екіжүзділік пен сайқалдық. Мен бұрын шетелден ағылған ақшаның орнына енді өзіміз қаржыландырсақ деймін, – деп мәлімдеді Нұрлан Ерімбетов баспасөз өкілдеріне.

Оның айтуынша, «Қазақстан қоғамына пайдалы» жобаларды іске асыру шартымен қазір шетел компаниялары гранттарын алып отырған үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын енді мемлекет қаржыландыра алады. Ал бұл жобалардың қаншалықты пайдалы-пайдасыз екенін шенеуніктер анықтауы тиіс деп санайды Ерімбетов.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры сияқты көптеген құқық қорғау ұйымдары заңды бұл күйінде қабылдауға қарсы. Қор өкілдері заң жобасын талдап шығып, жайсыз қорытындыға келген.

– Шенеуніктерге елдегі гранттарды бөлуге заң жүзінде монополия орнатып, құқық қорғау жұмысын шектеу мүмкіндігін беретін мына заң жобасы шетелдің қаржыландыруы арқылы тәуелсіз әрі объективті зерттеулер жүргізіп, биліктің ресми көзқарасына балама көзқарас ұсынатын үкіметтік емес ұйымдарды шын мәнінде тіршілігінен айырады, – дейді қор сарапшысы Амангелді Шорманбаев.

Ескерте кетейік, сарапшылар сынаған заң жобасын қазақстандық құқық қорғаушылар «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңға немесе 2012 жылдың шілдесінде Ресейде қабылданған «Шетел агенттері туралы» заңға ұқсатады. Заң «шетел агенті» деп танылған қоғамдық және саяси ұйымдарды шетелден қаржыландыруға қатаң тыйым салады.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн