«Общественная позиция»
(проект «DAT» №24 (388) от 22 июня 2017 г.
Желідегі жазбалар
«Байқоңырдан» ұшырылған зымыранның зарары үшін «Роскосмос» Қазақстанға соқыр тиын да төлемейді екен. Сол зымыранның қалдығы Жезқазған маңындағы Талап ауылының төбесінен түскен. Соның салдарынан өрт шығып, Қазақстан азаматтары ажал құшқан еді. Сөйтсек, алдын ала келісім бойынша, ресейлік зымыранның құйрығы дәл осы маңға құлауы тиіс екен-мыс.
Бізге мәлім дерек.
Қарағанды облысында құлаған зымыранның бөлшегі жанғанда зардап шеккен Вячеслав Тыц. Ол Қазақстан Республикасының азаматы. Денесінің 50 пайызын күйік шалған. Осымен алтыншы тәулік өмір үшін күресіп, шалажансар жатыр. 1964 жылғы тағы бір Қазақстан азаматы сол жерде қаза болды.
Ресейлік зымыран сәтті ұшқанымен, оның құйрығы Ұлытау ауданының Талап елді мекенінен 20-ақ шақырым жерге құлады. 10 гектар жер өртенді.
Талғат Жүсіптің дегеніне сенсек, осынша зардап әкелген ресейлік зымыран тасығыштың құйрығы келісулі жерге түсіпті, «Ресейдің түк кінәсі жоқ екен». Дәлірек айтсақ, Ресей жалдап отырған жерге құлаған-мыс.
Сонда Ұлытау ауданы мен Талап елді мекенін Ресей жалға алып отыр ма?
Ресейдің «Роскосмосы» Қазақстан азаматтарын қыру үшін арнайы лицензия алған ба? Қазақстан мен Ресей үкіметі өзара келісімді қарастырғанда, зымыран қалдықтарын тастау үшін неге елсіз жерді белгілемеген?
Осыған дейін сан рет құлаған Ресей зымырандарының қалдықтары Қазақстан ауылдарының тастөбесінен түсіп жатқанын жазып-ақ келеміз. Естір құлақ қайсы?! Төтенше жағдай қызметкерлері жергілікті жұртты неге ескертпеген немесе эвакуация жасамаған? Қазақстан азаматының қазасына кім жауап береді? Қаза тапқан азамат Ресейдің сатып алған мүлкі ме?
Демек, төтенше жағдайларды ескерместен, ҚР азаматтары тұрып жатқан елді мекенді зымыран қоқысын тастайтын күресінге берген Қазақстан шенеуніктерін жауапқа тарту керек!
Бұл не масқара?!
Нуреди Абдиганидің ФБ-парақшасынан
Өмірдің өзі анекDAT
• ЭКСПО-ға үлкен шар салғалы жақсы болды. Как раз бiр шарик жетiспей жүр едi.
• Менің болашақ пенсиям ЭКСПО-ға менен бұрын жеткен сияқты…
• Алыстағы бір түкпірдегі ауылда ЭКСПО туралы әңгімелесіп отырған малшылардың біреуі: «Мұғалім болсам, барар едім…» де-епті.
• – Айырпорттан қонақүйге қырық мыңға апарған сен бе?
– Иә
– Ал не айтасың?!
– Өзім кері апарып тастайын. Біреулерге желініп жүрер.
«Қазнеттің айтқыштары» желісінен («Фейсбук») алынды
БОРАТ КӨРІП ҚОЙМАСЫН…
(Қазақстан жаңалықтары)
1. Қазақстан банктерін жаппай жабу керек. Мұны айтушы – кез келген көлденең көк атты емес, британдық білім иесі, Ұлттық банкте бірнеше жыл жұмыс жасаған маман Дәурен Жолдыбек.
«Мемлекеттен де, халықтан да орасан зор қаржыны теспей сорып жатқан мұндай банктер неменеге керек? Елімізде «Даму» қоры, «Бәйтерек» холдингі сияқты аса ірі мемлекеттік корпорациялар бар, оларға мемлекет миллиардтаған қаржы құйып отыр, ал Ұлттық компаниялар бизнесті кредиттеп отыр, сонда банктің қажеті қанша – олар «Даму» қорынан ақша алады да, Сізге береді, тағы оның үстіне % алады, мемлекетке мұндай аралық буын керек пе? Бұл – өз халқын ашықтан-ашық тонау.
Әсіресе ипотека дегеніміз – адамдарды нағыз құлға айналдырудың құралы. «Банк құрыса – қаржы системасы құриды» деген барып тұрған арсыз өтірік», – дейді Д. Жолдыбек.
2. Бірінші шілдеден (2017 ж.) бастап көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуді «РосТех»-қа қарайтын Ресей системасы жүзеге асыратын болды. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ келісімі шеңберінде жүзеге асып жатқан шара көрінеді. Келісімге сәйкес, ЕАЭС аумағындағы барлық көліктерде ортақ электрондық паспорт деген болады (шассидің төлқұжаты).
Енді қарапайым логика: мемлекеттік есепке алу мен тіркеуді бөтен мемлекеттің қолына беріп қою деген сөз – тәуелсіздігіңнің қандай да бір бөлшегінен айырылу деген сөз. Егер көліктің төлқұжаты дегенді «РосТех» жүргізсе, онда біраз уақыт өте келе, жұмысқа ыңғайлы болу үшін мемлекеттік нөмірді беруді де орталықтандыру қажеттігі тумай ма? Артынан жүргізуші куәлігін де орталықтандырайық?
Бір күндері жер кадастры, жылжымайтын мүлікті тіркеуді орталықтандыру, жеке және заңды тұлғаларды бір орталықтан тіркеу… тиімді демесіне кім кепіл? Олай болса, бізде осы үкіметтің қажеті қанша?
3. ЭКСПО-ға қатысқан американдық жорналшы «Қазақстан 5 млрд долларға құрылыс салғанмен де, оған қонақ шақыруды ұмытып кетіпті» деп, мысқылдап мақала жазыпты. Әрине, шындықты бәріміз де біліп отырмыз, мысалы, Қазақстан шақырудай-ақ шақырды: елбасы сапарға барған жерінің бәрінде де айтып жүрді. Шетелге шыққан делегациялар қолдарынан келгенше насихаттады, ақшаны аяған жоқ. Соңғы үш жыл бойына ЭКСПО-ны жарнамалауға кеткен қаржының шын көлемін жарияласаңыз, кейбір жүрегі әлсіз адамдар инфаркт алатыны анық.
Бірақ мәселе шақыруда емес, кім шақырғандығында екендігі мағлұм болды. Мәселе – Қазақстанның саяси аренадағы салмағында, «Нұр Отан» пиаршылары айтып жүргендей, алдыңғы қатардағы көшбасшы мемлекеттердің бірі емес, дамушы мемлекеттердің соңғы жағындағы көп елдердің бірі екендігінде сияқты – баруға болады, бармай қалсаң да, ештеңе болмайды дегендей…
Бұл да ештеңе емес, оқиғаның одан әрі дамуы тіпті детективке бергісіз – Қазақстан жағы Джеймс Палмердің мақаласын теріске шығарып, оның айтқандары шындыққа жанаспайды деп салды. Қарапайым тілмен айтқанда, «өтірікші, нағыз суайт» деп айыптады. Тіпті қыза келе, «Ол ЭКСПО түгілі Қазақстан территориясына кірмеген де», – деп соқты. Бұлар интернет бар екенін ұмытып, ол өтіріктерін Палмер бәрібір білмейді, ал Қазақстан халқын әдеттегідей алдай салуға болады деп ойлап қалса керек.
Қырсыққанда, Қазақстанның бұл жауырды жаба тоқу әрекетін Палмер оқыпты, сөйтіпті де Қазақстанға кірген-шыққан, ЭКСПО-ға қатысқан билеттерінің көшірмелерін, қай қонақ үйде тоқтағанына дейін интернетте жариялапты.
Шын масқара енді болған сияқты. Мынаны Борат көріп қалмасын деп тілейік. Онда бұрынғы – бұрынғы ма, енді оған қоса өтірікші, суайт мемлекет деген атаққа толық ие болатынымыз анық.
Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ
ҰЯТТАРЫҢ ЖОҚ ЕКЕН, Астананың алыпсатарлары!
Ресейде тұрып жатқан құрбым қоңырау шалып:
– Биба, мына астаналықтардың есі ауысқан ба? – деді ренжіп.
– Не болып қалды?
– ЭКСПО-ға достарым барған еді. Екі күн болды, сандалып жүр. Бір бөлмелі квартираның суткасы 45–50 мың деп тұр.
– Рас па? Бәлкім, «Хайвилдің» үйлері болар?
– Жоқ. Кәдімгідей «ЖК»-ның үйлері.
Сонымен, бүгін Астанада құрбымның өтінішімен пәтер іздедім. Масқара! Баға аспанға ұшып тұр. ЭКСПО-ның жанынан 29 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерді айына 95 мыңға әрең таптым. Қуанып кеттім. Үй иесі хиджап киген әйел екен. Жылы ұшырай қарсы алды. Көздің жауын алатын «BI-груптың» көп қабатты үйінің «С» блогына кірдік.
Міне, қызық! Дәлізден кіргеніміз сол еді, алдымыздан қауға сақалды ер кісі шығып:
– Мына жаққа өтіңіз, – дегенде, басында қатты сасқалақтап қалдым. Неге дейсіз ғой? Осы жасыма дейін бірінші рет көріп тұрмын – подъездің ішінде кіре берісіндегі пәтерді.
Ендігі көріністі айтайын. Бір бөлмелі пәтердің ішінде екі орынды кереует, оның дәл жанында электр газ плитасымен бірге ыдыс-аяқ қоятын екі шкаф тұр. Ал санузелін айтпай-ақ қояйын. Өте лас. Қарау мүмкін емес.
– Мыналарыңыз не? – дедім үй иесіне қарап.
– Пәтер… – дейді ол да күліп. – Негізі біз бұл пәтерді ЭКСПО-ның шетелдік азаматтарына арнайы жасағанбыз.
– Мына пәтеріңізді шетелдіктерге көрсетпеңіздер. Мазақ болмайық бекерден! – дедім қабағымды түйіп.
Шығып бара жатып:
– Ұят деген болу керек қой! Жұмыртқадан жүн қырыққандарыңыз тіпті жараспайды. Өздеріңіз намаз оқып жүрсіздер. Ораза айы тағы бар, – дедім де, ашуланып шығып кеттім.
2017 жылы салынған бұл үйдің сыртқы пішіні енді керемет! Ырза боласың. Ал ішкі көрінісі адам шошырлықтай.
Кеше аэропорттан бір танысымызды күтіп алдық.
– Таксистерің 6 мың деп тұр… – деп шағымданды ол да.
ЭКСПО деп барлығымыз қуанып жатырмыз. Бірақ деймін де, осының қызығын ортадағы саудагер, ұяттан жұрдай қазақтар көріп жатыр. Осындай намысы жоқ қазақтардың ісіне мен ұялып кетемін. Дым көрмегендерін жасап жатыр. Барлығы ойына қандай цифр келсе, соны қоюда. Неге пәтерлердің бағасын шарықтатып тастады деп, бас қатырған бір басшыны көрмейсің.
Американ журналисінің сынын оқығанымда, қатты ұялдым. Ол бергі жағын ғана жазды. Әрі қарай үңілмеді. Кім айтты ЭКСПО көрмесіне тек миллионерлер мен миллиардерлер келеді деп? Қандай надандық? Алыпсатарлардың кесірінен Қазақ елін басқа жағынан көріп жатыр. Шетел азаматтары біз сияқты көрсеқызар емес. Олар жерді, елді көріп, салт- дәстүрімен танысқысы келеді. Осындай кей «көрсоқыр ақшақұмарлардың» зардабынан біздің туризм артта қалып жатыр. Шетел азаматын көрсе, қалтасын қаққысы келіп тұратын сығаннан бетер қазақтардың барына налимын…
Неге біздер жаз басталысымен Түркияға қарай ұшамыз, ал қыста Таиланд пен Дубайды таңдаймыз? Себебі ол жақта ауадан ақша жасап жатқандарды көрмейсің. Әріге бармай-ақ қояйық. Мынау тұрған көрші өзбек елінің өзінде тамақтары арзан. Арзан емес-ау, біздің сөзімізбен айтқанда – су тегін. Иә, мен ашынғаннан қатты жазып отырмын. Жаздыгүні өз елімде демалғым-ақ келеді. Бірақ мынадай сорақылықты көргенде, шетелге қарай безіп кетесің.
Бурабайға жақында барамын. Осыдан үш жыл бұрын бағасы «у» болып тұрған. Қазір тіпті ауыздарын бақадай ашып тұрған болар?
Неше күннен бері Астана қаласынан шетел азаматтарын онша байқай алмадым. Өз қазағым отбасымен сабылып жүр. Жандарынан өтіп бара жатқанда: «Ойпырым-ай, удай қымбат қой мына Астанаң!» – деген ақ жаулықты әжелердің сөзін естіп қаласың. Сонда мына ашкөз саудагерлер өз қазағымның қалтасын қағып отыр ғой. Шенеуніктер бас қатырмайды. Өйткені олардың қалтасы қалың. Ауылдағы мұғалімнің 70 мыңы мен зейнеткердің 30 мыңын алмайды. Оларға бәрібір. Көрмені көремін деп аш қалған қазақтар туралы да естіп жатырмын.
Намысым келіп кетті. Кім кінәлі? Астананың ауасы бір апта бойы қапырық болып тұр. Үп еткен жел жоқ. Ал халық аштыққа шыдағанымен, суға шыдай алмайды. Қара суыңның бағасы да жетісіп тұрған жоқ…
Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ