Қазақтардың ҚАСІРЕТІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (292) от 28 мая 2015 г.

 

Саяси қуғын-сүргінге шетелдік көзқарас

 

Роберт КОНКВЕСТ 1917 жылы американ бизнесменінің отбасында туған. Британдық дипломат, тарихшы, әдебиетші, жазушы-фантаст, ақын. Гувер (Стенфорд, АҚШ) соғыс, бейбітшілік және революция институтының профессоры. Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысушы. Отан алдындағы еңбегі үшін Британ Империясының Орденімен марапатталған. Биыл 98 жасқа толады.

Шығармаларын АҚШ және Британия үкіметтерінің тапсыруымен жазған. Кеңес Одағы жайлы жазылған «Ұлы террор: 30-жылдардағы сталиндік тазалау» – соның бірі. Оқырман қауымға ықшамдалып ұсынылып отырған тарау – сол кітаптың бір бөлігі.

Ағылшын-американ тарихшысы һәм жазушысы Роберт Конквестің КСРО-дағы коллективтендіру мен 1932–1933 жж. ашаршылыққа арналған жаңа кітабын толқымай оқу оңайға түспейді. Автор құжаттық негізден еш жерде ауытқымағанымен (ғалымның адамгершілігі және ол атқарған ұланғайыр жұмыс турасында кітаптың ауқымды анықтамалық бөлімі де хабардар етсе керек), баяндау бояуын қалыңдатуға күш те салмайды – өйткені мұнда айтылған жайттардың өзі де сезімге қаламгердің қандай болмасын буырқанған қиялынан әрмен әсер етеді.

Р.Конквестің туындысы, автордың өз сөзімен айтқанда, «сөздің барынша мағынасымен алғандағы адамзат мәдениеттерін» ұғынуға жетелейді.

Өзбекстан, Түркмения, Тәжікстан, Қырғызстан мен Қазақстаннан тұратын Кеңестік Орта Азия – патша армиялары ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Россияға күштеп қосқан мұсылман жұрттары. Мұндағы коллективтендіру КСРО-ның еуропалық бөлігіндегідей жүргізілсе де, оның кейбір өзіндік ерекшеліктері болды (…).

Бірақ Орта Азиядағы өз алдына ауыр фактілердің баршасы да қазақтардың басына түскен сұмдық нәубетке қарағанда бозараң тартар еді.

1926 жылғы ел санағына сәйкес КСРО-да 3 млн 963 мың қазақ тұрған; ал 1939 жылғы санақ (үстемесі көп) бойынша – небәрі 3 миллион 101 мыңға әрең жетті. Егер табиғи өсімді ескерсек, халықтың аштықтың және қуғындаудың салдарынан азаюы 1,5 миллионға жуықтаған. Халықтың 1930 жылғы 4 миллиондық санына қарағанда, негізгі табиғи өлім (Қытайға қашқандарды және тумағандарды шығарып тастағанда) 1 миллонннан кем болмауы керек. Тақауда жарияланған зерттеудегі мәліметтер шығынның бұдан да көп болғанын дәлелдейді. 1929 жылы Қазақстандағы шаруа ұйымдары 1 233 мың болса, содан 1936 жылы 565 мыңы ғана қалған1. Бұл сұмдық цифрларға мал санының керемет күрт азайып кеткенін қосыңыз (бұдан көп жағдайда адам өлімі өршіген). 1929 жылы мүйізді ірі қара саны 7 422 мың болса, 1933 жылы 1,6 миллионға азайған; қой басы 2,2 миллионнан 1,7 миллионға дейін төмендеген2.

Адамзат тарихындағы мұндай отаршыл державадағы адами және экономикалық тұрғыдағы масқара күйреудің себептері мен салдары Батыс мамандарының назарын бұрынғыға қарағанда көбірек аударуы қажет.

 

***

Қазан революциясы кезінде, орыстар ХVІІІ және ХІХ ғасырлар барысында жаулап алған Қазақстанда ұлттық Алашорда партиясы құрған өз үкіметі пайда болды. Бұл үкімет Қызыл армияның екпініне қарсы тұра алмады, бірақ осы ауқымда коммунистік қозғалыстың негізі соншалық шектеулі ғана еді, сондықтан Алашорда партиясының көптеген ардагерлері жаңа әкімшіліктің құрамына алынды. Қазақ жерлері Ресейдің патша заманында қосып алған Орта Азияның ең солтүстігінде жатқандықтан, олар орыстардың Сібір мен Қиыр Шығысты отарлау жолында қалды. Сондықтан Қазақстанның бар аймағы дөрекі түрде екі бөлікке бөлінді: оның солтүстігінде көп орыстар қоныс тепті (1896 – 1916 жж. аралығында), олар көбінесе егін шаруашылығымен айналысты; ал оңтүстікте, кеңінен жайылып жатқан далада қазақтардың басым көпшілігі малын бағып жүрді.

Кейін Қазақстандағы осындай ерекшеліктерге орай, большевиктер көптеген қиындықтарға килікті. 1926 жылы Қазақстан халқының ширектен төмені ғана егіншілікпен күн көрді; 38,5 пайызы тек мал бағумен, 33,2 пайызы – мал өсірумен және егіншілікпен айналысты. Тек 10 пайыздан төмені көшіп-қонып жүрді, бірақ үштен екісі «жартылай көшпенділер» еді – олар тек жазда ғана малымен бірге жүретін3. Кеңес үкіметі бірнеше жылдың ғана барысында бұл көшпенділерді жартылай көшпенділерге айналдыруды (оларды коллективтендіру арқылы), олардың жүздеген жылдардың қойнауына кететін ерекше шаруашылық және мәдени дәстүрлерін тас-талқан етіп, отырықшы жер игерушілер етуді көздеді; ал мұндай шешімнің халықтың ежелгі ұмтылыстарына кереғар келетіні даусыз еді.

Бұл мәселелер ендігі коллективтендіру науқаны басталғанға дейін әлденеше рет талқыланған болатын. Көптеген аңғарлы агрономдар қазақтардың мал бағу шаруашылығы рулық қарым-қатынастармен реттелетініне назар аударды, сондықтан рулық құрылымдарды қирату экономикалық тұрғыдан өте қауіпті деп есептеді. Оның үстіне жергілікті жағдайлардың білгірлері елдің мал бағатын аудандары егін өсіруге жарамсыз дегенді де алға тартты.

Сталин өлгеннен кейін жарық көрген кеңестік тарихшының еңбегінде4 қазақтар коллективтендіруге мүлде даяр емес еді деген пікір КСРО-да қатты сынға ұшыраса да, бұл күнде көптеген кеңестік зерттеушілер қазақтар зорлап коллективтендіруге, «екпінді жылдамдықпен коллективтендіруге» әзір емес еді дегенді мойындайды.

Қиындықтың бір жағы көшпенділерді отырықшылыққа аударуда жатты – мұндай ауысу көшпенді халықтардың «экономикалық және мәдени тұрғыдағы артта қалушылығын жою» деген партиялық доктринаға мұрындық болды. Бұл міндет нақты түрде былайша суреттелген-ді: «отырықшылыққа көшу дегеніміз жартылай феодализм байлығын, рулық қарым-қатынастарды жоюды білдіреді…»5. Мақсат, міне, осы болды.

Қайтадан қаралған бесжылдық жоспарда көшпенді халықтарды отырықшылыққа көшіру мәселелері де қамтылды, сөйтіп Алматыда «Отырықшыландыру жөніндегі арнайы комиссия» құрылды.

Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстанның территориясы барлық Кеңестік Сібір мен Қиыр Шығысты азық-түлікпен қамтамасыз ететін аймақ ретінде бағаланды, ал көшпенділерді отырықшыландыру арқылы Оңтүстік Қазақстанның алқаптарынан мол астық алу көзделді.

ВКП/б Орталық Комитетінің 1929 жылғы қарашада болған пленумында қазақ көшпенділерінің жерлерін конфискациялау және осы жерлерде орасан зор астық совхоздарын құру туралы қаулы қабылдады. 1932 жылдың өзінде-ақ осы «астық алыптары» 1,6 миллион тонна өнім беретін боп есептелді6.

Экономист мұндай идеяны нағыз есуастық деп бағалар еді: өйткені  айтылмыш территория егін өсіруге мүлде жарамсыз болатын. Тіпті бұл аудандарда қазірдің өзінде мал шаруашылығының жалпы өнімі егіншіліктен түсер өнімнен төрт есе асып түседі7.

 

***

Жаңа экономикалық саясат тұсында қазақтар өздерінің дәстүрлі өмір салтымен ғұмыр сүрді. Бірақ Кеңес өкіметі бұған наразы еді. 1925–1928 жылдар аралығында жүргізілген «қазақ ауылын кеңестендіру» науқанынан ештеңе шықпады, өйткені ауылдарда құрылған Кеңестердің басына ың-шыңсыз жергілікті ру басылары – байлар келді. Қазақ қоғамының рулық сипаты, сондай-ақ мұсылмандық бағыныштылық кодексі олардың өміріне партия қызметкерлерінің әсерін тигізуге кедергі болды. Троцкий Қазақстан Компартиясының жетекшісі Голощекин «орыс деревнясында бейбітшілікті, қазақ ауылында азамат соғысын уағыздайды» деп атап көрсетті. Партияның ХV съезінде Молотов байлар «мемлекетті қазақ астығынан айырды» деп мәлімдеді.

1929 жылдың қаңтарында Қазақстандағы коммунистердің саны небәрі 16 551 адам болды, ал 1931 жылдың қарсаңында Қазақстанның барлық селолық аудандарында 17 500 коммунист болды, ал осылардың төрттен бірі ғана қазақ аудандарында тұратын8.

ВКП/б Орталық Комитетінің «ұсынысы» бойынша 1928 жылғы 27 тамызда қабылданған Жарлық «жергілікті халықтың ішіндегі ауылдарды кеңестендіруге өз ықпалымен кедергі келтіріп жүрген бай мал иелерінің жайылым алқаптарын конфискациялау», сондай-ақ жарты миллион ірі қараға ие болып отырған 696 бай және жартылай феодал отбасыларын малын конфискациялап, өздерін жер аудару жөнінде нұсқау берді9. Бірақ осы шараның өзі іргесі берік қазақ қоғамына пәлендей әсер ете қойған жоқ. Тек 1930 жылы жағдай толық кулаксыздандыруға жеткізді; 55–60 мың шаруашылық «байлардыкі» деп жарияланды; олардың 40 мыңы кулаксыздандырылып, қалған мал-мүлкін тастап, үдере көшіп кетуге мәжбүр болды.

 

***

1929 жылдың 11–16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өтіп, онда бір ай бұрын болған ВКП/б Орталық Комитеті пленумының шешімдерін орындау жоспары талқыланды. Аталған қаулыда (РСФСР территориясындағы барлық көшпенділерді орналастыру туралы Жарлық – 1936 жылға дейін Қазақстан автономиялық республика ретінде РСФСР құрамында болған – 1930 жылдың 6 сентябрінде ғана қабылданғанына қарамастан) коллективтендіруді жүргізудің басты бағыты көшпенділердің отырықшы өмір салтына көшуі шарт екені атап көрсетілді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті отырықшы өмір салтына ауысуға дайындықты бастауға шешім қабылдап, бірінші бесжылдықтың аяғына дейін 544 мың көшпенді және жартылай көшпенді отбасы (барлық саны 566 мың) отырықшылыққа көшуге тиіс деген қаулы алды10.

Партия көшпенділерді отырықшыландыру ісіне ең болмаса шаруалардың колхозға ерікті түрде бас қосқандары сияқты «еріктілікті» сақтауды қажет деп таппады. Қазақстанның жетекші партия қызметкерлері коллективтендіруді күшпен жүргізу жөн болмаса да, халықты тізеге салып отырықшылыққа көшіруді дұрыс деп тапқан қаулы қабылдады11. Шынтуайтында, коллективтендіру де еріктілік принципімен еш санаспастан, жедеғабыл жүргізіліп жатты. 1930 жылғы 5 қаңтардағы Жарлыққа сай, Қазақстанның малды аудандары да 1933 жылдың аяғына дейін толық коллективтендірілетін аймаққа жатқызылды. Ал мал басын ортақтандыруға келсек, бұл тұрғыда да нақты шешімдер қабылданбады. Кейбір колхоздарда әуелі мал конфискацияланды да, соңынан қайыра иелеріне қайтарылып берілді. Конфискациялау жөнінде бұйрықтар жиі берілді, осыған орай қазақтар билік иелеріне әйтеуір мал бермес үшін сойысқа кіріскен сәттерде басшылар кешірім сұрап, бұрынғы бұйрықтарын өзгертуге мәжбүр болған12.

1930 жылдың 10 наурызына қарай Қазақстан халқының 56,6 пайызы коллективтендірілді, бірақ республиканың көшпенді аймақтарында бұл көрсеткіш 20 пайыздың маңайында қалды. Сталиннің 1930 жылғы 2 наурыздағы шаруаларға қысым көрсетуді бәсеңдетуге шақырған үндеуінің ықпалы бұл өңірде сәуірдің аяғы – майдың басында ғана білінгендей болды13.

1930 жылдың көктемінде құрылған колхоздардағы жағдай шимай-шатақ болғанына күмән келтіруге болмайды. Үйлер, қоймалар, ауыл шаруашылығының құрал-саймандары жетіспеді, бірақ бәрінен сорақысы – астық өсіруге оңтайлы жердің тапшылығы еді: көптеген колхоздар шөл және шөлейт аймақтарға орналастырылды, су қорының аздығынан тұрақты мал шаруашылығымен айналысуға да мүмкіндік болмады. Ол аздай-ақ мал басына қажетті жемшөп әзірленбеді, оның үстіне малды жайылымға айдауға «рұқсат етілмеді»14. Кейбір колхоздарда не тұқым, не мал болмады, яғни өсуге ешқандай материалдық негіз қаланбады. Жоспар бойынша 1915 тұрғын үй мен 70 қамба салынбақ еді, осыдан үй-жайдың небәрі 15, қамбалардың 32 пайызы ғана тұрғызылды! 1930–32 жылдарда отырықшылыққа көшірілген 320 мың адам үшін бар болғаны 24 106 үй, 108 монша салынды15.

Осы кезеңде құрылған колхоздар бір-бірінен жырақ орналасқан 10–15 түтіні бар 10–20 ауылдың басын біріктіретін, сөйтіп кейбір колхоздардың территориясы қайсыбір тұстарда 200 шаршы шақырымға дейін жететін16. Енді жұмысты ұйымдастыру жағына келейік: бірқатар аудандарда бір есепші орта есеппен 12, бір техник – 50 колхозды қамтып қызмет етті. 1930 жылдың июнінде бүкіл республикада небары 416 агроном мен басқа да ауыл шаруашылығы мамандары, олардың төртеуі ғана қазақ болды17. Колхоздардың көпшілігінде жоспар деген болған емес, олардың бар мақсаттары – әйтеуір өлмей-жітпей күн көру еді.

Басқа кеңес еңбектеріне қарағанда өзгеше жазылған қазақ тарихшысының18 бір зерттеуінде қазақтардың коллективтендіруге қатты қарсылық көрсеткені жайлы мағлұматтар келтірілген. Партия қызметкерлері қарулы қарсылыққа килікті, біразы қаза да тапты (жалпы 1930 жылдың көктемінде Қазақстанға жіберілген 1200 жиырмабесмыңшылдардың 400-і ғана малды аудандарға келді)19. Республика көлемінде «қарақшы бандалар» кезіп жүрді, олар колхоздарға шабуыл жасап, малды айдап әкетіп, сойып алып жатты. Ауылдар топ-тобымен өзара келісіп, билік орындарына ұйымдасқан түрде қарсы шықты. Арнайы шабармандар ауыл-ауылды аралап, қазақтарды колхозға кірмеуге шақырды. Басмаштардың бандалары күшейе келе ОГПУ отрядтарымен шайқасты. Қазақтардың көпшілігі басқа республикаларға немесе Қытайға қашты. 44 мың отбасы Түркменияға өтіп, көпшілігі басмаштарға қосылды20.

Қазақстандағы коллективтендіруде қиындықтардың кінәсі жергілікті ұлтшыл партия Алашорданың мойнына артылды. 1930 жылдың басында ұлтшыл лидерлер қосылыпты-мыс деген «заговор» ашылды; коллективтендіру өршілескен қарсылыққа кездескен ауылдарда бүлікшілердің «орталықтары» табылды.

Қазақстандағы қарсыласу қозғалысына деген ресми көзқарас соңғы елу жылдан астам уақыт ішінде өзгерген жоқ.

Жуырда марқұм Константин Черненконың Қазақстан мен Қырғызстанның ОГПУ-дің Шығыс шекаралық округының отрядтары құрамында 1930–33 жылдары басмаштармен «аяусыз күрескені» мадақталады (оның бұл әскери тәжірибесі Ауғанстандағы мұсылман көтерілісшілерімен қазіргі соғыс кезінде, сірә, актуальды болуы ықтимал21.

Коллективтендіруге қарсыласа отырып, қазақтар КСРО-ның басқа республикаларындағы шаруалар сияқты малды жаппай сойып алуға мәжбүр болды. Коллективтендіру басталған алғашқы апталарының өзінде Қазақстанның көптеген аудандарында қолдағы малдың 50 пайызы пышаққа ілінді. Кеңес ғалымының зерттеуінде 1930 жылдың барысында 2,3 миллион бас ірі қара мен 10 миллион қой шығын болғаны айтылса, енді бір еңбекте 1929–30 жылдары барлық малдың 35 пайызы опат болғаны келтіріледі22.

Аман қалып, орталықтандырылған малдың басым бөлігі ұланғайыр совхоздарға берілді, бірақ, бір ақпарға қарағанда, оларда сайлы баспаналардың болмауынан орасан зор совхоздардың біріндегі 117 мың бас малдың 13 мыңы ғана қыстан шыққан23.

Осындай тас-талқан күйреудің адамдық факторы болмаса да, экономикалық қорытындысы Мәскеудің ашу-ызасын туғызды. Енді жергілікті кадрларды жаппай тазалау басталды: 1930 жылдың ортасына қарай Қазақстанның тек екі облысында бес аудандық партия комитеті таратылып, жүздеген партия қызметкері тұтқынға алынды24. 1932 жылдың соңын ала «тазалау» жұмысы республика басшылығын да мол қамтыды.

Коллективтендірудің алғашқы кезеңінде көшпенділерді колхоздың артель сияқты түріне күштеп қуып тықты, бірақ ВКП/б-ның 1930 жылдың маусым–шілде айларында өткен ХVІ съезінде жартылай көшпенді аудандарға қолайлылау ТОЗ-дар дұрыс келеді деген шешім қабылданды25. Осы жылдың 1 сәуірінде Қазақстандағы ауыл халқының 52,1 пайызы коллективтендірілді, 1 тамызға қарай бұл цифр 29,1 пайызға дейін кеміді, әйтсе де 1931 жылдың 1 қыркүйегінде 60,8 пайызға дейін жоғарылады26; мұндай ырғақ жалпыодақтық процеске де сай келеді деуге болады.

1930 жылдың маусымында жергілікті басшылық көшпенді және жартылай көшпенді аудандарда ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтары мен малды бұрынғы иелеріне қайтып беруге нұсқау берді; бірақ сол жылдың қарашасында құрал-жабдықтар қайтадан ортақтандырылды, ал 1931 жылдың июнінде малды қайтадан ортаға жинау басталды, осы тұста республикада сиырлар мен қойды жаппай сою толқыны тағы көтерілді27.

1931 жылдың қысында Қазақстанды 1928 жылы астықты аймаққа айналдырудың ұланғайыр жоспары жүзеге аспай қалғаны мойындалды. Жоспарланған алқаптардың ширегі ғана өңделді, бірақ одан келген пайда шамалы болды. Ресми құжаттар мал басының, тұқымның, құралдардың, құрылыс материалдарының жетіспегенін куәландырады. Шаруаларды жаңа жерде малмен әйтпесе астықпен тәуірлеу қамтамасыз етуге болар деген далбасамен колхоздан колхозға сапырылыстыра беруден де ештеңе шықпады. 1932 жылдың ақпанына қарай Қазақстандағы барлық колхоздардың 87 пайызға жуығы және жеке шаруашылықтардың (бұлар негізінен көшпенді малшылардан тұратын еді) 51,5 пайызы тұяқсыз тақыр қалды. 1926 жылы республикадағы қазақ жұртының 80 пайыздайы малмен жан сақтаған еді, 1930 жылдың жазында олардың ара салмағы 27,4 пайызға дейін құлдырап кетті. Оның үстіне егін шаруашылығы мал шаруашылығындай бел ала алмады, өйткені өңделген егін алқаптарының аумағы осы уақыт ішінде 17 пайызға ғана өсті28. Осынау цифрлар қолдан жасалған алапаттың ауқымынан хабар бере алса керек.

1930 жылдың ортасына қарай рұқсат берілген соң қазақтар колхоздардан өз малын алып алды, ал кейінірек, 1931 жылы коллективтендірудің жаңа толқыны көтерілгенде, малын алыстағы жайылым-ормандарға қуып әкетті. Қыс түсе малды сойып алуға тура келді, қатырылып жасырылған ет көктемге жететіндей-ді. Бірақ 1932 жылдың көктемінде Қазақстанды алапат аштық жайлады29. 1932 жылдың соңына қарай жеке меншікке берілген азын-аулақ мал аштықтың аранын сәл ғана қайтарғандай болды: қайтарылған 123 мың бас ірі қара мен 211 мың қой-ешкі30 – 1930 жылға дейінгі қазақ даласында қайнап жатқан табын-табын малдың жұлығындай ғана еді.

 

***

Ауылда тұрып, бұрын ет пен сүтті қорек еткен халық енді жерге қарап қалды. Көбісі амалсыздан колхоздар мен совхоздарға кірді. Бірақ оларда да талғажау ететін дәнеңе де жоқ еді. Бір совхозда «алты ай бойына түйенің желінінен басқа жейтін ештеңе болмады»31.

Кейбіреулер жаңа жерлерге қоныс аудармаққа талпыныс жасады, бірақ асқынған аштықта олардың көбісі құрбан болды. Хрущев тұсындағы жылымық жылының кезінде бір кеңес тарихшысы «республикада өндіргіш күштер сұмдық күйреді, ауылдардағы адамдар қырылып қалды»32 деп жазды.

Күйреудің төркіні үстірт ойлағанға экономикалық және саяси қателіктерге тірелетін сияқты, бірақ терең үңілсек, оның тамыры әріде – адамзат мәдениетін түсінбеушілікте жатыр. Партиялық ойлаудың үстірттігі және ұшқарылығы Қазақстанда тайға таңба басқандай көрінді. (Ресми деректерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстанда ислам дінінің әсері осы кезеңде күшейе түскеніне таңғалуға болмайды33).

Қазақстандағы аштық сонау 1921 жылдағыдай қолдан, сондағыдай әдістермен жасалды, яғни аштық тек қана идеологиялық мүдделерді діттеуді көздеген ақылға сыймайтын саясат жүргізудің нәтижесінде орын алды. Бірақ Қазақстандағы аштықтың Украинадағы аштықтан өзгешелігі сол, ол әдейі ұйымдастырылған жоқ. 1932 жылдың аяғында Қазақстанға көмекке екі миллион фунт астық34 бөлінді (жан басына шаққанда 200 грамнан кем), әйтсе де бұл кейін Украинаға бөлінген астықтан көптеу еді.

Қазақ даласында ешкім күтпеген аштықтың жергілікті халықтың Кеңес өкіметінің саясатына қарсылығын қалай сабасына түсіргенін көрген Сталин кейін Украинаны тізе бүктіру үшін әлгі тәсілді қолданды деген болжам айтылып жүрді.

 

***

Кезінде жарияланбаған, Қазақстан Компартиясы мен үкіметінің 1934 жылғы 14 қарашада ВКП(б) Орталық Комитетіне жолдаған ресми есебінде былай делінген: «1932 жылы және 1933 жылдың басында малды аудандардағы орын алған орасан аштық қазіргі кезде тыйылды», сондай-ақ шетелге көшу және «малшы қазақтардың босуы» тоқтатылды35.

«Босу тоқтатылды» дегенге келсек, 1930–1932 жылдары отырықшы өмір салтына күштеп көшірілген жарты миллион халықтың тек 30 пайызы ғана жері, қоймалары, еңбек құралдары бар отырықшы шаруалар боп саналатын. 1930–1932 жылдары отырықшылыққа мойын ұсынғандардың 25 пайыздайы 1932 жылдың аяғына қарай алдында малы болмаса да көшіп-қона бастады36. Мұндай лажсыз көшіп-қону өмірдің қоғамдық және экономикалық негіздерінің күйреуінен кейін туған-ды. 1933 жылдың соңында меншігінде ештеңе жоқ тұлдыр көшпенділер қазақ жұртының 22 пайызын құрайтын еді37. Жан-жақты есептерге қарағанда, 1930–1931 жылдары қазақтардың 15–20 пайызы республиканы тастап кетуге мәжбүр болды: Өзбекстанға 300 мыңы ауды, қалғандары Орта Азияның басқа республикалары мен Қытайға асып кетті. Ресми деректерде «жаппай миграция»38 болғаны айтылады. Көрші ортаазиялық республикаларға көшкендерді де өздеріндегідей тағдыр тосып тұрған-ды, сондықтан көпшілігі азып-тозып, бұрынғы жұрттарына қайыра оралды39.

1932 жылдың ақпанында өткен ХVІІ партия конференциясында Қазақстандағы коллективтендірудің қиындықтары негізінен көшпенділерді отырықшылыққа көшіре алмағандықтан орын алды деген тұрғыдан түсіндірілді. Бірақ қайткенде де 1936 жылға дейін 400 мың отбасы отырықшы күйге «көшті» (сонда осынша халыққа 38 мың ғана жаңа баспана салынды!)40.

Осындай «жеңістен» кейін жергілікті жағдайды елеу жайына қалды, сөйтіп, 1935 жылы ТОЗдар кәдімгі артельдерге айналдырылды. Ақыры 1938 жылы Қазақстанда коллективтендіру өзінің әуелде ойға алынған түрінде аяқталды.

 

***

Көшпенділерді күштеп отырықшылыққа көшіруден туған аштық көрші Қырғызстанды (ондағы 167 мың шаруашылықтың 82 мыңы көшпенділер еді; отырықшылыққа ауысқандар үшін 38 мың ғана баспана салынған!)41, сондай-ақ Батыс Сібірдегі татарлар мен башқұрт жұрттарын да қатты шарпып өтті. Челябинскідегі ірі партия қызметкері42 шетелдік коммуниске былай деген: «Аштық Оралда, Батыс Сібірде және Еділ бойында бізге жақсы қолғабыс тигізді. Аштықтың әсерінен алдымен бұл аудандардағы бізге қырғиқабақ халықтар шығынға ұшырады. Олардың орнын орталық облыстардан қашқан орыстар басты. Біз, әрине, ұлтшыл емеспіз, дегенмен «жаңағыдай» жайлы фактіні бағаламауға да болмайды». (Келесі жыл Сталиннің бұл көзқарасты құптайтынын дәлелдеді, ол тек кіші ұлттар ғана емес, украиндықтарға да көресіні көрсетті.) Башқұрттар мен басқа да азиялық мұсылман халықтар арасындағы көп мөлшердегі өлім-жітімді челябілік партия қызметкері оларға бесжылдықтың нұсқауларына орай көшпенділіктен отырықшылыққа ауысуға икемсіздігінен деп түсіндірмек болады.

Хрущев өз естеліктерінде Самараның түбіндегі негізінен чуваштар тұратын аштық жайлаған колхоздарға келгенін айтады43. Бұдан шығыстағы жерлерден 50 мыңдай буряттар мен хакастар Қытай мен Монголияға қашты44. Экономикалық құрылымы Қазақстанға орайлас Қалмақ АКСР-інде бар халықтың 10 пайызы – 20 мыңға жуығы (есеп бойынша) қырылды, оның бер жағында 1929–1931 жылдар аралығында көшпенді қалмақтардың саны бір-ақ пайызға өскен (1939 жылғы «санақтың» күмәнді деректеріне сүйенсек). 1933 жылғы сәуірде қалмақ коммунисі Араш Чапчаев жергілікті кеңестердің съезінде бір кезде жайнап тұрған ауылдардың қаңырап қалғанын, халықтың жаппай ашығып жатқанын ашына айтты. Ол колхоздарды таратуды ұсынды, біраздан кейін Чапчаев жоғалып кетті. Оралдағы «Северный» лагерінде отызыншы жылдардың басында болған қалмақ «кулактары» жайлы мәліметтер бар, тек 1933 жылдың ортасына дейін олардың көпшілігі қаза тапқан45. «Пәлендей ауыр қылмыс жасамаған» бұрынғы көшпенділер шахталарға, ағаш дайындауға жұмысқа жіберілген. Олар еті жоқ тағамға үйрене алмай қойды, бәрінен орыс шаруаларына қарағанда бұрын ұстап көрмеген еңбек құралдарын игеру тіпті қиынға соқты46.

Формальды түрде тәуелсіз мемлекет «социалистік» емес, «халық» республикасы болған, ал шындығында Мәскеудің толық бақылауындағы Монголияда да коллективтендіру науқаны жарияланды. 1932 жылдың басына дейін моңғолдар қолда бар малдың үштен бірі – 8 миллион бастан айрылды. 1932 жылы бағытты өзгерту, коллективтендіруді тоқтату туралы нұсқау берілді47. Кеңестік азиат территорияларын сөз еткенде, шекарадағы Амур мен Уссури бойына қоныс тепкен казактардың тағдырына да тоқтала кетуге болады. 1932 жылы казак деревняларына жіберілген партия қызметкері казактардың үйлерін, мал-мүліктерін тастай-тастай, шекарадағы мұз құрсаған өзендердің арғы қабағындағы казактарға (революция кезінде өтіп кеткендер) қосылып, қазірде өздерінің топшылауларынша жаңа да жарқын өмір көшіне ілескен 48.

 

1932–1933 жылдардағы қайғылы оқиғалар, оның ішінде Орта Азиядағы аштық алапаты жайлы отандас тарихшылар мен жазушылар ақыры жуық арадағы уақытқа дейін тыйым салынып келген тақырыппен ашық айналысуға мүмкіндік алды. Олардың көбісі қазірдің өзінде сындарлы ізденісте, олар, шамасы, шетелдік зерттеулердің тұжырымдарын бекітуі де, кей тұстарын теріске шығаруы да мүмкін.

 

Аударған – Марал ХАСЕН

 

1Марта Олкут. Қазақстандағы коллективтендіру процесі. «Русское ревю», 40, сәуір, 1981. 136 б. /Әті қарай «М. Олкут…»

2М. Олкут, 123 б.

3Қазақстанның ауыл шаруашылығын коллективтендіру. 2т.Алматы, 1967, 222 б.

4А. Кучкин. Қазақ ауылын кеңестендіру.М., 1962.

5«Революция және ұлттар», № 5, 1932, 59 б.; Олкут, 132 б.

6«Вопросы истории», 1960. №2. 36 б.

7М. Олкут, 142 б.

8Сонда, 140 б.

9«Большевик Казахстана», № 12, 1938; Ленин идеяларының салтанаты. 136-137 бб.

10Б. Төлепбаев , 202 б.

11М. Олкут, 133 б.

12Қазақстанның ауыл шаруашылығын коллективтендіру, 2 т. 287 б.

13М. Олкут, 129 б.

14Б. Төлепбаев , 206 б.

15Сонда, 203,206 бб.; Олкут, 129-130 бб.

16Ә.Б. Тұрсынбаев. Колхоз құрылысының Қазақстандағы жеңісі. Алматы, 1957, 149 б. /Әрі қарай «Ә. Тұрсынбаев…»/

17М. Олкут, 130 б.

18Ә. Тұрсынбаев, 144-148 бб.

19М. Олкут, 127 б.

20Ю. Поляков пен А. Чугунов, 154 б.

21«Красная звезда», 1984, 10 апрель

22М. Олкут, 138 б.

23С.О. Пидхайни. Кремльдің қара істері. 2 т. Детройт, 1955. 243 б. /Әрі қарай «С. Пидхайни…»/

24«Большевик Казахстана», № 1, 1939, 87 б.

25Қазақстан ауыл шаруашылығын коллективтендіру. 306 б.

26М. Олкут, 137 б.

27Сонда, 131 б.

28Сонда, 133-134 бб.

29С. Пидхайни, 2 т. 243 б.

30«Большевик Казахстана», №1, 1939 ж. 13 б.

31Россияда бастан кешкендер, 1932 ж. 197 б. /авторы жасырын/

32В. Данилов, 293-294 бб.

33«Большевик Казахстана», №№ 9-10, 1937 ж. 47 б.

34М. Олкут, 134 б.

35Қазақстан ауыл шаруашылығын коллективтендіру. 2 т. 142 б.

36М. Олкут, 133 б.

37Сонда, 135 б.

38В. Данилов, 293 б.

39М. Олкут, 128 б.

40Сонда, 139 б.

41Б. Төлепбаев, 203 б.

42Ловин, Челябі трактор заводының директоры. А. ДЖ. Тавдулдың «Нью-Йорк Америкэн» 1935 жылғы 19, 20 августегі материалынан келтіріліп отыр.

43Хрушев есіне алады: соңғы өсиет. Нью-Йорк, 1976 ж. 72 б.

44Роберт Рупен. Монголия шындығында қалай басқарылады. Стэнфорд, 1979, 55 б. /Әрі қарай «Р. Рупен…»/

45С. Пидхайни, 1935 ж. 2 ноябрь

46Дж. Литлпейдж. 109-111 бб.

47Р. Рупен, 55 б.

48Петро Григоренко. Естеліктер. Лондон, 1983, 48 б.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн