Бұл екі арада
…2007 жылдың 17-19 наурызы аралығында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, «Маловодное» елді мекенінде жергілікті қазақ ұлты мен шешен диаспорасының арасында қақтығыс орын алған болатын. Нәтижесінде екі қазақ жігіті (Сәбит Садықов, Бақытжан Бүгүтов) шешен жігіттер тура атқан оқтан көз жұмғаны, үш жігіттің (Қайрат Батырханов, Бақыт Сәрсенбаев, Азамат Садықов) ұзақ мерзімге сотталғаны да халықтың есінде.
Бүгін біз айтқалы отырған сөз – осы сотталған үш жігіттің бірі – бүгін жазасын өтеп жатқан Азамат Садықовқа қатысты.
Енді белгілі болғандай, Азамат Садықов 2014 жылдың 18 тамызында Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық істер сотының апелляциялық сот төралқасының шешімі бойынша қамаудан шартты түрде босап, туған үйіне оралған. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмайды.
Арада төрт ай уақыт өткенде Азамат қайтадан түрмеге жөнелтіледі. Бұл жолы – Шығыс Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасы 2014 жылдың қараша айында Шығыс Қазақстан облыстық прокуроры Бағбан Тайымбетовтің (суретте) және жәбірленуші Х.Махмаханованың кассациялық шағымдары бойынша іс қарап, Садықовты қайтадан қамау туралы шешім шығарады.
Сөйтіп, Алматы облыстық сотының о бастағы, яғни 2007 жылғы 7 желтоқсандағы үкімі негізінде әлі өтеліп болмаған жаза уақытын (4 жыл 8 ай, 29 күн) мерзімін қысқартпаған қалпы, жеңіл жаза түріне ауыстыруға шешім етеді.
Кейін Азаматтың «мерзімінен бұрын» босап шығуына қарсы шағымданған Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тайымбетов сотталған жігітті жазасын өтеу мерзімі барысында тәртіп бұзушылыққа жол берді деген желік іздейді. Білікті заңгерлердің айтуы бойынша, түрмеде тәртіп бұзушылық үшін қолданылған жазаның күші алты айдан соң жойылады. Мұндай заңдылыққа қарамастан, кассациялық сот Садықовтың жазасын жеңіл түрге ауыстыру туралы шешімді негізсіз деп таниды.
Бірақ ҚР ҚК 71-бабының 1 және 2 бөлімі бойынша жеңіл, орташа және ауыр қылмыс жасаған күннің өзінде адамның қамауда отырған кездегі тәртібіне қарай жазаның қалған бөлігін жеңілдеу жаза түріне ауыстыруға болатынын екі жақтың екеуі де жоққа шығармайды. Мұндай кезде қамаудағы адам бүкіл жаза мерзімінің 1/3 бөлігін өтеуі тиіс. Ал Садықов мұны артығымен, яғни жаза мерзімінің 1/2 бөлігін өтеген.
Сонда бұл зорлықтың аты не?
Егер қоғам ұмытпаса, 2007 жылғы қанды қақтығыста екі қазақ жігіті – Сәбит Садықов, Бақытжан Бүгүтов оққа ұшып, алты адам Махмахановтар атқан оқтан жарақат алған-ды. Қайрат Батырханов, Бақыт Сәрсенбаев, Азамат Садықовтар «адам өлтірді, жаппай бұзақылыққа жол берді, өзгенің мүлігіне зардап шектірді» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталды. (Айта кету керек, Сәбит Садықов пен Азамат Садықов бір атаның балалары).
Ал Махмахановтардың өлімі үшін қазақ жігіттері мұрындықталған тайлақтай болып, ұзақ мерзімге сотталып кете барған. Шартты түрде сотталғандары тағы бар. Ал шешен жігіттері атқан оқтан түрлі дәрежедегі жарақат алған Ж.Сырласбаев, Ж.Елбаев, Ж.Иманәлиев, М.Оспанов, Х.Сыдықов, Ғ.Ұзақов, Қ.Намысбаевтарға қатысты қозғалған қылмыстық іс «құрамында қылмыс ізі болмағандықтан» жабылған болатын.
Енді біз бұл «бітеу жараның» аузын неге тырнап отырмыз? Мәселе – кезінде 20–30-жылдары өз қазағын итжеккенге иттей айдаған қазақтар тұрғысынан тарайды. Жөн-ақ делік, «Маловодное оқиғасы» үшін Азамат Садықов жазықты бола қалсын; ұлтының намысын қорғаймын деп, ұлып кете барсын. Бірақ ШҚО прокуроры Тайымбетов мерзімінен бұрын босап шыққан өз тумасын қайтадан түрмеге тығуға соншалықты неге зар болды? Қазақстанның барлық заңдылық проблемасы Азаматтың азат болуына ғана тіреліп тұр ма екен? Әлде ол өз ұлтының есесін жегізіп, «саяси тұрақтылықты сақтаған» билігіне жаққысы келді ме? Елінің бір шетіне шығысып, ұлттық намысты аяқ еткісі келтірмеген жігітті «үйтіп-бүйтіп» ертерек босатып жіберудің орнына «итжеккеншіл» прокурорлар аяқ асты «заңшыл» бола қалғаны жыныңды келтіре ме, жоқ па?
Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,
«D»