«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 01 (272) от 08 января 2015 г.
Зығырдан
Жайшылықта жұрттың аузынан: «Бейнеттің зейнетін көр» дегенді ара-тұра естіп қалсақ та, бүгінгі нарықтық қоғамда сол бейнетпен тапқан зейнеті көбіне-көп зейнеткерлік қордың уысында екенін аңғарамыз. Онсыз да «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтін қазақтың қазіргі таңдағы зейнеті – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) көздеулі зейнатақы.
Байқаған болсаңыз, бүгінгі бүтін әңгіме де осы зейнетақы дегеннен шығады. Әрине, онда да біз сарсылып тақырып іздеп, ойда-жоқта төбесінен топ ете түскенімізден емес, кезекті бір «ДАТ» оқырманының датынан – «Мен Тұрғынбай Әбу» деп басталатын қынжылысы мен қапасы тұнған хатынан ұғып-білгенімізді, түйсініп-түйгенімізді жаздық.
Сол ағамыздың сөзіне сенсек, осы алдағы 2015 жылдың қаңтар айында зейнеткерлікке жасы толады екен. Сонсоң ғой, қалбақ қағып, зейнеткерлікке қатысты құжаттарын қамдап, аудандық зейнетақы төлеу орталығына тапсыруға жеткені. Сонда сол орталықтың қызметкерлерінің не дегенін естіп-білсеңіз?! Олар: «Сіз Қазақстанға 1998 жылдан кейін келгендіктен, сізге ең төменгі базалық 11000 теңге көлемінде зейнетақы тағайындалады. Сіздің Қазақстандағы 8-9 жылғы еңбегіңіз ескерілмейді. Екі ел арасындағы келісім-шартқа байланысты зейнеткерлік заңнамаларына биыл қазан айында осындай өзгерістер енгізілген, бірақ зейнетақы қорына жиналған ақшаңызды аласыз», – деп, шығарып салған.
Енді он мың теңгенің Алматыдай әйдік шаһарда он күндіктің құрсағына да жұқ болмайтынын ойлағасын, жағаңызды ұстап, аңырай ашылған аузыңызды жалма-жан жауып көріңіз! Сонда ар жағындағы жиырма күнде терезесінен сығалаған қарттығын жолдас қылып, кімнің есігіне телміргендей? Қай жұмыстың босағасын күзеткендей?
Айтпақшы, сол шығарып салма сөзінің астарында көп-көп көмескі жайт жатқан еді. Осы жерде 11000 теңгелік зейнетақының оп-оңай бұйыруына себеп болған «Қазақстанға 1998 жылдан кейін келуінің» мән-жайы былайтұғын: хат авторы – Тұрғынбай Әбу 2006 жылы Моңғолиядан атамекенге қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған. Содан бастап 8 жыл бойына Алматыдағы жоғары оқу орындарында оқытушылық қызмет атқарады. Қазір де Орталық-Азия университетінде оқытушы.
Осындайда құлықсыз биліктің қисынсыз қисабына таңғаласың? Әлде адам ақысын жеу – осылардың маңдайына бақырайтып жазылған-ау, шамасы?! Әйтпесе онсыз да қарығы ашылмаған, тағдыры тарғыл қандасының қартайғанда қарттық есебінен алар аз қаражатына мұнша сараң болмас па еді?! Тіпті бұл жымысқы саясатты екі ел арасындағы тәп-тәуір «келісім» атымен жүзге асырудың өзі – әбестік! Біздің білуімізше, бұл ретте Тұрғынбайдың өз отанында он жылдың өн-бойына сіңірген еңбегінің ақталмауы – тіпті тегін емес!
Естеріңізде болса, баяғы бір «Қызылағаш оқиғасында» сол апатты ауылға арнайы барған ел президенті Назарбаевтың бар қазақтың көзінше «жығылған үстіне жұдырық» қылып: «Оралмандар, сендердің осы елге еш еңбектерің сіңбеген» деген мәнде бәтуәсіз сөз айтқан еді. Міне, осылай елім-жерім деп келген ағайынның еселеп төккен терін біржола жоққа шығарған. Сол сөзімен Назарбаев біздің безерген шенді-шекпенді атаулыға әжептәуір «өнеге» болған еді. Ал енді осыдан кейін жаңағы бір биліктің бишігінде жүрген, жұқана ғана тірлігі бар жай қызметкерге өкпелеп көр!
Әгәрәки, бұл жердегі бар мәселе президенттің қашанғы қасаң өлшеміне – еңбек «сіңіру» мен «сіңірмеу» қағидасына тіреліп тұрса, біз де білгенімізді бүкпей айталық онда: бағзы бір сүйегінің өзіне қына шыққан өңшең өзге жұрттың білгіштерін қайдам, тәңірісінің пейілі түсіп, осы топырақта туып-өскен толағай бір ағам айтатын: «Кімнің болсын отанына қосқан еңбегі – қазақ руханиятына қосқан үлесімен өлшенеді», – деп.
Тап-тамаша сөз емес пе?
Шынында, рухани байлық болмаса, «дүние біткен боқтың қабы» екені әзелден белгілі-ақ! Ендеше сол шекара асып, шеттен келген қандастар тұтас ұлттың руханиятына не бере алды дейсіз бе?
Мұндайда бәрін атап түгесу мүмкін бе? Әуелі қырық жыл тастүрмеде жатып, «тергеушім, мен қылмыскермін» деп «мойындап», күллі қытайдың қазақ ұлтына жасаған жауыздығынан, қыл қысқасы, өзіне істеген қиянатына дейін жазып шыққан Қажықұмар Шабданұлын атар едік. Мүбәдә, бізден басқа жұрт болса, «Қылмыс» романын Нобель сыйлығына баяғыда-ақ ұсынар еді-ау (мұны басқасын атамағанда, Орхан Кемал мен Мо Янь алған осы Нобель сыйлығының, әсілінде, не үшін берілетінін білгендіктен айтамыз – Қ.Қ.)?
Ал Шығыс Түркістанды құру жолында қапыда мерт болған Оспан батыр жайлы «Қаһарлы Алтай» атты роман жазған Жақсылық Сәмитұлы мен Мемсыйлықтың иегері, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовті атамай өту мүмкін бе? Ақиық ақын Мұқағалидың өзі: «Тап осы ақын болмаса, мұрнымды кесіп берейін», – деген Жәркен Бөдеш ше?
Тіптен тұтас түркінің ошағы сынды Түркия жері аталса да, тарыдай шашыраған қандасыңның таудай талабымен мақтанасың! Сол уақытта аударуға анау-мынаудың жүрегі дауаламайтын Құран Кәрімнің өзін аударып, 800 мың данамен таратқан Халифа Алтайдың ұшан-теңіз еңбегін қайда қоясыз? Мұндағы еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін білетін әлемге әйгілі спорт шебері Мұстафа Өзтүріктің елге қосқан ершімді еңбегін айтпау мүмкін бе?
Сонау Қарақалпақтың Қоңырат деген жерінде туып-өсіп, кейіннен ғана елге оралған қазақтың ғажап ақыны Төлеген Айбергеновтың ақындығы мен руханиятқа, оның ішінде әдебиетке қосқан өлшеусіз еңбегін кім жоққа шығара алады? Оның бер жағында хат авторының кіндік қаны тамған бай өлке – Баян-Өлгей мен өзге елдерден білімі мен білігі қатар озып, кімдер жарқырап шықпаған десеңізші?
Ал оқу-ағарту саласында елдің ертеңі, Қазақстанның нұрлы жолы үшін тынбай шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Тұрғынбай Әбудің еңбегін көрмеу – барып тұрған мысық тірлік (бұл жердегі нұрлы жол – президенттің биылғы нұры тасыған «Нұрлы жолы» емес)!
P.S.: Сірге жияр тұста «елге еңбегі сіңбеген» деп, қазақ пен қазақты бөле-жара қарайтын ел президентімен оның айналасындағы басшы-қосшыларына ескертеріміз: ел арасын алатайдай бүлдіретін, әрі-беріден соң қазақты екіге, үшке бөлетін бұндай арзанқол, артып айтқанда, «однаразовый» саясатқа бармағанын ескертеміз!
Сонымен қатар шенеунік біткен «ала қойды бөле қырқып, жөнге жарымасын» жадында ұстауы ләзім! Ол үшін нені істеу, нені істемеу керектігін өздері анық білсе керек?..
Қозыбай ҚҰРМАН,
«D»