«Общественная позиция»
(проект «DAT» №16 (380) от 27 апреля 2017 г.
КҮН ТАҚЫРЫБЫ – ЖАҢҒЫРУ
Өткен аптада Алматыдағы «Солақайлар» әдеби клубының кезекті отырысына қатысудың сәті түсті. Басқосудың спикері – философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жукешев қоғамдағы біраз өзекті мәселелердің ұшығын тарқатып, қызықты ой-пікірлерін ортаға салды. «Бүгінде сөз болып жатқан жаңғыру мәселесі қазақтың тілі мен рухы арқылы жүзеге асуы керек» дейді ғалым.
Сол кездесуде айтылған қызғылықты деген мәселелерді ықшамдап, газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз. Ескерте кетейік, ғалымның сөзіне желеу болған сұрақтар – сұхбаттасуға қатысушылар тарапынан қойылған еді.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен, неге ол қоғамда өз орнын таба алмай келеді? Оның себебі неде?
Неше жыл өтсе де, биліктегі лауазымды адамдар қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Мемлекеттік құжаттар екі тілде дайындалады, бірақ орысшасы пайдаланылады, ал қазақшасын ысырып тастайды. Оқулықтардың сапасы да жақсармады. Көркем әдебиетіміз тығырыққа тіреліп тұр. Бұның түпкілікті себебі – тіл мәселесі шешімінің ғылыми тұжырымдамасы жоқтығында.
Қазақ тілін нормалау мәселесі шалағай болып тұр. Біздер Ахмет Байтұрсыновтың кезінде жасалып, негізі қалған грамматикамен келе жатырмыз. Ал қазір қазақ тілін стандарттау қажеттілігі туып отыр. Тіліміз индустриалды қоғамның талаптарына сай болу керек. Біз болсақ, аграрлы қоғамның грамматикасымен жүріп келе жатырмыз. Ал индустриалды қоғамның нормаланған әдеби тілі жасалған жоқ. Қиындықтың көбі осыдан туындауда.
Қазіргі қазақ тілінде қоғамға қандай материалды жеткізе аламыз, ал қандайын жеткізе алмаймыз? Қазақша ойды жеткізу үшін, тілдің белгілі бір деңгейі болу қажет. Қарапайым ғана мысал: тілдегі жазылудың әртүрлілігі – әкім – хәкім немесе өмір – ғұмыр деген сияқты. Ал әдеби тіл болу үшін, осы нұсқалардың біреуі таңдалып алынып, әдеби норма ретінде бекітілуі керек. Ал бізде ол жоқ: біреу – «көкейтесті» деп, екіншілері «көкейкесті» деп жаза салады.
Мен көптеген оқулықтарды қарап, зерттеп жүрмін. Біздің қазақ тіліндегі философиялық оқулықтардың ішіндегі терминдерді алып қарасаңыз, толып тұрған түсінбеушіліктерге тап боласыз. Біздің адамдар көзқарас пен дүниетанымның арасын ажырата алмайды. Мысалы, «ой-сана» дейді: «ой» не деген сөз ол? Орысшадан алғанда – ол «мысль», «сана» деген – «сознание». Ал «ой-сана» дегенде не болады?
«Қадір-қасиет» дейді: «қадір» – «достоинство», «қасиет» – «свойство». Ал екеуін қосып, «қадір-қасиет» деп жазғанда не болады? Міне, біздің терминология осындай былықпаларға толып тұр. Тілді стандарттау жұмысы әлі күнге дейін жүргізілмеген.
Бізде тағы мынандай жағдай бар: қазақ тілі бай дейміз. Иә, қазақ тілінің бай екендігі рас. Өткен ғасырда Тіл институты қазақ тілінің сөздік қорын жасады. Бірнеше жылдың ішінде тілдік бірліктердің саны 2 млн 500 мыңнан асыпты. Содан кейінгі жұмыс тоқтап қалған. Өйткені Кеңес Одағының кезінде ол тілді ары қарай дамыту керек болмаған. «Тілдер кейін бірігіп кетеді, қосылып кетеді», «қазақ тілінде жоқ терминдерді, аббревиатураларды орысша жазыңдар» деп, жалпы тіл білімінің бағытын тоқтатып қойған.
Ал соның салдары айналып келгенде қазақ тілі ғылымда пайдаланылмағаннан кейін, жалпы ресми іс қазақ тілінде жүргізілмегеннен кейін, қазақ тілі кең қолданысқа ие болмады. Негізгі мәселе қазақтың тілінде емес, қазақ тілінің аграрлық қоғамда қалып қойып, индустрияланған әдеби тіліне стандарттап, нормалап енгізу жұмысының жоқтығында.
Егер қазақтың кейбір сөздерін тек әдеби тілде қолданатын болсақ, болашақта жастарымыз біраз сөздерді түсінбей қалуы әбден мүмкін ғой?
Менің ойымша, қазіргі жазушылар ондай сөздерді қолданбағаны жөн. Қолданбайтын сөздерді сезіну керек, интуиция керек. Заманауи зиялы адамға қойылатын талап мөлшері 10-12 мың сөздің лексикалық бірлігінен тұрады. Оны мен ойлап шығарған жоқпын, ол ғалымдардың тұжырымы. Демек, қазақ тілі сөздігіндегі 92 мың сөздің ішінен 10-12 мың сөзді іріктеп, оларды қолданыстағы тілдік норма ретінде белгілеу керек.
Бірақ бұл норма, мысалға, «серке» деген сөзге тыйым салу деген түсінік емес. Бірақ «серке» – ешкінің еркегі және «лидер» деген мәнді білдіреді. Осындай былық бізге қажет пе?
Сол нормаланған 10-12 мың сөз – жиналыста, экономика мен саясат саласында, жалпы айтқанда, ресми іс жүргізуге қажетті сөздер. Ол сөздерді іріктеп алу керек, ал іріктеу үшін жиілік сөздерді анықтау қажет. Бізде осы болмай тұр. Ғылыми материалдарды жинап алып, соның ішінде ең жиі кездесетін сөздерді таңдап, мектептің бағдарламасына енгізу керек. Айтылған 10-12 мың сөзді білу – тілдік нормаға тәуелді, нормаланған, стандартталған ресми іс жүргізуде қолданылатын сөздер. Нормаға түсу, стандарттау дегеннің жалпы халықтық тілге еш зияны жоқ. Керісінше, ойдың, идеяның жеткізілуіне көмектесіп, оларды бір қалыпқа келтіріп, тіл ары қарай жетіле береді.
Мысалы, «функционалдық лингвистика» деген атау бар. Бұл – қазақ тілінің функциясын атқаратын ареал. Ал қазақ тілі қай жерде өз функциясын атқара алады? Мысалы, авиакосмосты дамыту керек дейміз, бірақ қазақ тілі бұл салаға әзірше бара алмайды – оны мойындауымыз керек.
Мысалы, өткен ғасырда Теміртауда металлургия комбинаты салынған кезде бүкіл ССРО-дан мамандар шақырылып, үш жылдың ішінде 250 мың тұрғыны бар қала салынды. Соның 139 мыңы қазақтар болды. Арада үш жыл өткен соң, әлгі 139 мыңнан ошарлы ғана адам қалды. Мінеки, өзіне тиесілі нәрсеге қазақ өзі барып араласпаса, ол жерде қазақтың тілі де дамымайды.
Бұған қоса, «контент», «тілдің мазмұны» деген бар. Бұл да бізде әлі зерттелген жоқ. Біздің қазақша газеттер: орыстар бізді неге оқымайды, біздің әдеби кітаптарды неге оқымайды дейді. Ал қазіргі заманда адамға қандай рухани азық керек – алдымен сол тақырыпты біліп алу керек. Қазіргі жастарға, орыс тілді адамдарға қандай материалдар қызық болатынын анықтап алған абзал. Ал біздің бүгінгі әдебиеттің негізгі тақырыбы – ауыл. «Ауылға қарай кетіп барамын», «ауылдан кетпеу керек», «ауылдан кетіп қалғандар қайтып келу керек» деген сияқты тақырыптар. Өткен ғасырда қазақ жазушыларына мәселе қойылып, өндіріс тақырыбына шығармалар жазыңдар деп нұсқаулар берілген. Оның бәрі іске асырылған жоқ. Оның себебі «ментальды лексика» деген ұғымда жатыр.
Адамдар неге француз тілін үйренгісі келеді? Өйткені француз тілінде соны оқуға татитын әдебиет болғандықтан.
Қазақ тілін неге үйренбейді? Қазақ тілінде басқалар оқуға татитын әдебиет болу керек. «Ауылым», «ауылдағы туған бауырым», «құда балам» деген тақырыптардың оларға керегі шамалы. Смартфонды басып қалсаң, туысқандар туралы 99 ән шығады. Шетелге барып, «сват мой» деп әндетіп көр – қалай болар екен: жатып алып күледі. Мысалы, оларға «балдызым» деген сөзді жеткізіп көр – «сестра моей жены» деп…
Енді корпустық лингвистикаға келейік. Ең жиі кездесетін үш мың сөзді білген адам кез келген мәтіннің 85 пайызын түсінетін болады. 25 жылдың ішінде қазақ тілін аптасына 4-5 рет оқытып, осы үш мың сөзді қолдандық па? Біздің оқытып отырған сөздеріміз жиілік принципінен алынған жоқ. Тіл үйренушілерге «жиеннің ішіндегі жиеншар», «немеренің неменесі» деген сөздерді оқыту қажет пе? Олардың орнына балаларға күнделікті өмірде, тұрмыста қолданылатын, қызметке қатысты жиіліктегі сөздерді үйрету керек еді. Оқулықтағы мәтіннің барлығы сол сөздерден құрылуы тиіс еді. Сөйтіп, үш мың сөзден тұратын әдеби корпус жасап алып, содан кейін оны 10 мыңға, одан 12 мыңға жеткізуге болар еді.
Осыны жасап алғаннан кейін, қазақ тілінің сөздігіндегі 98 мыңын емес, 50 мың сөзін толық нормаға түсірген кезде тіл үйренушінің бәрі тез арада қазақ тілінде сайрап кетер еді. Нормаланған 10 мың сөздің өзі қазақ тілінде іс жүргізуге мүмкіндік берер еді. Ал осы 10-12 мың сөздің сыртындағы сөздер – жалпы халықтық тіл болар еді.
Әрине, осы бағытта ғылыми істер жасалып жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Диссертациялар, монографиялар жазылып жатыр. Бірақ солардың ішіндегі терминология да түсініксіз. Ғылыми терминология қатып қалған, ешкім бұза алмайтын, басқа мағынада қолдана алмайтындай болу керек.
Мен қаншама оқулықтарды қарап шықтым – түгел қате. Оқулықтардың авторлары терминологияны ажырата алмайды. Мысалы, «стиль» деген сөздің материалын зерттейді дейді. Сөздің материалы деген – сөздің өзі. Ол –лексика!
Тіліміздің дамымауының түпкілікті себептерінің қатарына өркениеттер жатады. Қазақтың 45%-ы ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысады. Демек, қазақ тілінің ауылда тұратын қазақпен байланысы бар.
Ғылымда «стадиальная теория развития» деген ұғым бар. Ол – қоғамдардың бөлінуін білдіретін ұғым. Бұндай жағдай тарихта талай рет болған. Қоғамда индустрия пайда болғаннан кейін, «цивилизационный разлом», «өркениеттік жарылыс», «өркениетті екіұдайлық» дейтін түсінік орын алды. Ол халықтардың ішкі рухани екіұдайлылығына алып келді. Мысалы, Ресейде халық батысшылдар және славянофилдер болып бөлінеді. Батысшылдарға – І Петр, Екатериналар жатады, ал Ленин, Сталин, Путин – славянофилдер.
Қазақтарда да осы жағдай қалыптасып отыр. Қазақтардың екіұдайлылығының ерекшелігі – біріншілері ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысады, екіншілері – қалада тұрып, өндіріспен айналысады. Ауылда тұрғандар – қазақ тілді болады да, қалада тұрып, өндіріспен айналысқандар – орыс тілді. Осы түйсіктердің орнығуы «өркениеттің екіұдайлығына» алып келді. Әрине, бұл жерде Кеңес Одағы саясатының сарқыны да жатыр.
Біздің бүгінгі әдебиетіміз кеңес заманында қалыптасқан образдан шыға алмай жатқан сияқты. Бөрік киген ақсақал мен кимешек киген әжеміздің образдарын қазіргі жас жазушыларымыз жалғастырып келеді. Қаланы жазайық десек, ауылда да адамдар тұрып жатыр ғой. Оларды қайда жібереміз?
Қазіргі алдыңғы қатарлы мемлекеттерде ауыл тұрғындарының саны 5%-ды құрайды. АҚШ-та 300 млн адамның 3 миллионы ғана ауыл тұрғыны болып есептеледі. Соның өзі 1 млрд адамды тамақпен қамтамасыз ететін деңгейге жеткен.
Қазір ауыл-қала деп бөлінуден шығып кету керек. «Қазақ ауылда тұрады», «ауылда тұра беру керек» деп, осы уақытқа дейін солай жазып келдік. Ал сол ауыл қазақты маңдытпады. Егер қазақ осы күйде қала берсе, онда біздің рухани дамуымызда өзгерістер болмайды. Демек, қазақ ауылда малын бағып, аптасына бір қойын сойып, тыңқиып жата бергеннен не пайда?! Қазақты өнеркәсіпке тарту керек.
Ал оның ішінде қай өнеркәсіп? Қазақ бірден космос пен жоғары технологияға бара алмайды және бармайды да. Өйткені оның миында ментальдық аппарат жоқ. Мәселен, Теміртаудағы қазақтардың кетіп қалғаны да сол. Қазақтың дамуы ең алдымен сол қазақтың қолындағы шикізатқа бағытталу керек. Қазақтың қолында тері бар ма: ендеше, мысалы үшін, былғарыдан аяқ киім, сөмке, елтірі өнеркәсібін жасауы керек. Қазақтың қолында жүн бар ма: онда тоқыма өнеркәсібіне; сүт бар ма: демек, сүт өндірісіне тарту керек. Осының бәрін Алматы, Астана, Қарағандыда емес, сол ауылдардың аудан орталықтарында, моноқалаларда жүзеге асыруға тиіспіз. Мінеки, осы арқылы біртіндеп, сала мен сананы индустрияландырамыз. Қазақ мына өркениетке, жаһандануға қарсы, «Батыс елдері жаман» деген сөз бен идеологиядан арылуы керек.
Сіз жинақталған үш мың сөз болу керек, тілді дамытуды содан бастауымыз қажет дедіңіз. Соның осы уақытқа дейін қандайда бір баламасы болды ма?
Баламасы болған жоқ. Біздің лингвистер оны ұқпайды. Мысалы, ағылшын тілінен үш мың сөзді білген адам киноны көріп, көркем әдебиетті оқып, сөйлесіп, өзара түсінісе алады екен. Ал біз айтып өткен 10-12 мың сөз деген – ол да орыс лингвистерінің тұжырымы. Кез келген салауатты адам өз саласындағы 10-12 мың сөзді білсе, ол толыққанды тіл біледі және өзінің ойын жеткізе алады деп есептеледі. Мен айтып отырған 10 мың стандартталған сөздер біздің жағдайымызда жетіп жатыр. Әзірше осыған қол жеткізуіміз керек. Ол сөздерді теріп алып, жиілік сөздігін жасау керек. Ол үшін әртүрлі тақырыптағы материалдарды компьютерге салып, ең жиі кездесетін сөздерді іріктесек болады. Ол қиын емес: тек күш пен ынта және кішкене қаражат керек. Осы уақытқа дейін қазақ тілін дамытуға кеткен ақшаның көбі далаға кеткен қаржы деп айтуға болады. Себебі – ол қаржы ешқандай нәтиже берген жоқ.
Сіз тілді прогреске түсіру арқылы қоғамға прогресс жасауға болады дейсіз. Бірақ бұның көркем әдебиетке керісінше ықпал етуі мүмкін бе, әдебиетіміз артта қалып қалады деп ойламайсыз ба?
Біріншіден, әдебиетіміз баяғыда артта қалып қалған. Қазір бізде әдебиет тоқтап тұр деген пікірлер бар. Жүздеген романдардың ішінен «Жұлдыз» журналына басатын ештеңе таба алмадым деген сөздерді де естігем. Қазіргі қазақ әдебиетінің ішінде оқуға татитын нәрсе жоқ дей алмаймын, бірақ әдебиет тоқырау кезеңінде екенін мойындамасқа амал жоқ.
Екіншіден, тіл мемлекеттік деңгейге көтерілсе, іс жүргізілсе, сол тілде шенеуліктер сөйлеп тұрса, жиналыстар қазақ тілінде жүргізіліп жатса, бұл жағдай әдебиетке кедергі жасайды дегенге келіспеймін. Керісінше, әдебиеттің дамуына ықпал етеді.
Мен қазір тақырыптың да шектеулілігін көріп отырмын. Бізде поэзия бар дейміз. Иә, поэзия бар, бірақ тағы да сол – оттың басы, ошақтың қасы, адамның жеке сезімі, туған жер, «табиғатты сүйемін» дегеннен аспаймыз. Ал саяси мағынасы бар, әлеуметтік мәні бар азаматтық поэзия, бір кездері елді дүрліктіретіндей, көтеретіндей тақырыптар қайда кетті? Бізге керегі – қазақ ақындары халықтың әлеуметтік жағдайын жазуы, осы тақырыпты көтеруі.
Бізде саясат пен әдебиет араласпау керек деген көзқарас бар. Ол жөнінде не айтасыз?
Ондай көзқарасқа мен қосылмаймын. Кез келген іс, кез келген адам, кез келген әрекет саясаттан тыс қала алмайды. Ол мүмкін емес. Әдебиет – ол барып тұрған саясат. Саясат әдебиетке байланысты. Әдебиет халықты өсіреді, әдебиет халықтың дүниетанымын кеңейтеді және әдебиет кенде қалса, дүниетанымды тарылтады. Қазіргі қазақ саясатпен айналыспайды, митингілерден еш хабарсыз, саяси партия, сайлау дегенмен жұмысы жоқ. Толыққанды массаға айналған.
Осындай жағдай қазақтың басынан бұрын да өткен. Ол кезде қазақты кім көтерді? Ұйқыда жатқан қазақты Алашордашылар оятты, Міржақып, Ахмет,Әлихандар оятты. Сол кезде қазақ өзінің тірі екенін танып, автономия болу керек екен деп, төбесін көрсете бастады. Алашордашылардан басталған әдебиет пен поэзия өзгеріске ұшырады. Мәселен, «Оян, қазақ!» – туған-туысқан туралы шығарма ма, әлде саяси ұран ба?! Байтұрсыновтың «Масасын» алыңыз – ол саясаттан аулақ па?! Осыдан кейін көптеген романдар да, повестер де, поэмалар да жазылды. Театрларда спектакльдер қойылды. Түгелдей бір ренессанс жасалды.
Тағы бір мысал келтірейін – 60-жылдар. Ол кезде «қазақтың тарихы жоқ», «ұлт жойылады», «тіл жойылады»… деген сөздер көп айтылды. Сол кезде қазақты бір көтеру керек болды. Сонда қазақты не көтерді? Оны көтерген – өнер болды. Әуезов бастап жазған романдар жазылды, поэзия дүркіреп кетті, тарихи романдар – Есенберлиннің, Сматаевтың кезеңі бастады.
Қазір сол сценарийді қайталау керек деп ойлаймын. Бұл бізге ауадай қажет болып тұр. Сондықтан мен жас әдебиетшілерге үлкен үміт артамын. Қазір олар азаматтық поэзия жасауы керек. Әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, «өйттім-бүйттім», «өлдім-күйдім», «сағындым», «өлдім-талдым» дегенді шектеу керек.
Оның орнына «қайда жүрсің қазақ», «ел қайда кетіп барады», «еңсеңді көтер», «біз қайдамыз» деген тақырыптарды жазу керек. Қазақи сарындағы бардты, джазды, саксафонды оркестрге қосу керек. Бүгінгі өркениетте «туысқандар» тақырыбы көркем әдебиеттің объектісі бола алмайды. Көркем әдебиеттің объектісі – қоғам.
Дүниежүзілік әдебиетті қараңыз: өзекті, халықтық, қоғамдық, әлеуметтік. Біз де осы тақырыптарды жазуға тиіспіз. Ал енді оның көркемдік жағы – ол адамның өз тілін меңгеруіне байланысты деп ойлаймын. Қайткенде де сол көркемділікке нормаланған әдеби тіл арқылы келу керек.
Бүгінгі таңда латын алфавитіне көшу мәселесі қарастырылып жатыр. 10-12 мың сөз қазақ тілін меңгеріп кетуге аздық етпей ме? Оның ішінде кірме сөздер де аз емес. Сонда біз басқалардан енген сөздерді өздеріне қайтарып береміз бе?
Бұл мәселенің бәрі Батыс лингвистикасында талай қозғалған, сан рет көтерілген. Сондықтан бізге үлгі бар. Егер мен айтып өткен жұмыстар басталса, бәрін ақылдасып отырып жүзеге асыруға болады. Оны жалпы лингвистиканың заңдарына сүйеніп отырып жасаған жөн.
Қазіқ тілі, расында да, аграрлық қоғамда өте бай болған. «Қырымның қырық батыры» жүз томдығын түгел ақтаратын болсақ, талай-талай сөздерді тауып алуға болады. Осыдан 30 жыл бұрын Қытай елі балақтарын түріп алып, плантациядан шықпайтын, күріштен басқа ештеңе білмейтін. Ал қазір қытай тілі түгелдей индустриалды тілге айналды. Кезінде ағылшындар, бізде өндіріс дамымай тұрған шақта, тек метафоралар мен теңеулер естуші едік дейді. Ал индустрияландыру қалай басталды – ағылшын тілі нормаланып, қатып қалды. Барлық ұғым өз орнында, шегелеулі. Бірақ ұғымдардың бәрі қатып қалса, қазақ тілі де «қатып қалады» деген сөз жоқ. Ағылшындардың әдебиеті дамымай қалды ма?! Сондықтан өркениетке қосылу, ену, бас ию арқылы тілді әмбебеп қағидаларға сүйене отырып дамытуға барлық мүмкіндік бар. Тек талмай жұмыс жасасақ болғаны.
Мысалы, автоиндустрияны алайық, дөңгелек пен тежеуіштен басқа қазақ сөздері жоқ. Ондай жағдайда қайтеміз?
Жаңа айтып өткенімдей, қазақ тілінің индустриялануы аяқ киім фабрикасынан, сүт өнімдерінен, жүн, тері өндірістерінен бастап біртіндеп басталуы керек. Біздер бір мезетте машина жасауға бара алмаймыз, ондайға тек қазақ тілі ғана емес, көптеген халықтың тілдері дайын емес. Бізге ең болмаса чехтар мен поляктардың деңгейіне жетіп алу қажет. Тілімізді әлеуметтік және гуманитарлық салада іс жүргізетін деңгейге жеткізу мақсатын қоюымыз керек. Ал жоғары техникалық сала – біз үшін ғимараттың 30-қабатымен пара-пар. Біз алдымен бірінші қабатты игеріп, сосын 2-қабатқа шығуымыз керек. Сосын барып 3-қабатқа көз салуымызға болады. Ары қарай бәрі ағылшынша кететін шығар. Біз үшін ол да жаман емес.
Абайдың қара сөздерін қараңызшы: оның тілі тіпті кейінгі ақындардан өзгеше тіл. Абайда артық, көп сөз жоқ. Бірақ біз содан шығып кеткен секілдіміз. Көп сөзділік кейіннен қосылған сияқты. Осының себебі неде?
Бұл сұрақтың түпкілікті себебі – қазақ әлі аграрлы қоғамда өмір сүріп отыр, ал Қазақстан болса – индустриалды қоғамға өтіп кетті. Осы екі нәрсе қатар жүруі керек еді. Қазақ өзі индустриалды қоғамға өтіп, өзімен қоса тілін де, рухын да сол қоғамға өткізуі керек. Егер қазақтың өзі өтпей, ауылдан шыға алмаса, орыстар келіп, қазақ тілін жасап бере ме?!
Мен Абайдың тоқсан тоғыз өлеңін жаттап өскендердің бірімін. Мектептен бастап Абайдың өлеңдерін қолды сілтеп қойып жүріп жатқа айттық. Бірақ бүгін біз Абайдан озуымыз керек десең, «сен Абайдан озатын кімсің» дегендер шығады. Егер Абайдан озбасақ, онда қоғам алдыға жылжымайды – осыны түсінуіміз керек. Абай – өз заманының адамы. Абайдың ұлылығын әбден таныдық, оған күмән жоқ. Кез келген жерде әдебиет пен мәдениетке қатысты сөз болса, Абайсыз сөйлемейміз.
Әрине, Абайға кір келтіру – күнә. Бірақ Абайдың заманы – қазақтың аграрлы қоғамының заманы. Абайдың тұсында үйір-үйір жылқы, мыңғырған жайлау болды. Бірақ қазір заман мүлде басқа. Сол заманды аңғару керек. Оны сезіну керек. Алтынбек Сарсенбаев айтқандай, қазақ тілі – қалалық тіл болған заманда ғана мемлекеттік деңгейге көтеріледі. Сол сияқты қазақ әдебиеті де қалалық болғанда ғана дәрежесі өседі. Ол не деген сөз? Ол қалада жүрген адамның жан дүниесін қазіргі заманның деңгейінде аша білу керек деген сөз. Әдебиет осымен айналысуы керек. Басқа жол жоқ.
Жазып алған –
Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,
«D»