ҚАЗАҚТЫҢ САНЫН ӨСІРУГЕ Кәрім Мәсімовтің үкіметі қарсы шықты…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 45 (269) от 11 декабря 2014 г.

 

ҚАЗАҚТЫҢ САНЫН ӨСІРУГЕ

Кәрім Мәсімовтің үкіметі қарсы  шықты…

 

Әрине, бұл өскісі келіп жүрген Өскенбаевтың өз сөзі емес. Ол – бары-жоғы болар-болмас министрдің толар-толмас орынбасары ғана. Өз атынан айту үшін Қайырбекке қалың құйымшақ керек. Бірақ ол бұны үкіметтің атынан айтып отырғандықтан, ол үкіметтің басында Кәрім Мәсімов тұрғанын қазақ жұрты түсінсе керек.

Сонда бұл құптамаудың астарында не мәселе тұр? Оны түсіну үшін ғұлама болудың қажеті жоқ: ол қарсылық – қазақтың саны өсуіне деген қарсылық. Елде күн сайын үшем туып жатқан аналар көп емес: бірен-саран ондай аналардың жағдайын жергілікті жерде шешуге болады.

Ал «Алтын алқа» алған аналарға кезектен тыс және мемлекеттің есесінен тұрғын үй бермеу деген сөз – қазаққа қаны қастың сөзі. Әдетте, қабылданған мемлекеттік ереже бойынша, «Алтын алқа» белгісі жеті және одан да көп бала туған аналарға беріледі. Ал біздің елде жеті баланы туатын қазақтан басқа әйел – некен-саяқ. Яғни, бұл марапаттың талабына жеткен аналар қазақты еселеген ерліктің үлгісін көрсетті деп қабылдау қажет.

Бүгінде пәтер сатып алуға немесе үй салып алуға шамасы келмейтін отбасының отанасы тым құрығанда топырлатып бала туып, қатары қысқа қазаққа адам қосып, баспаналы болсам дейді. Енді, міне, етегі шаранадан кеппейтін аналардың табиғат берген жалғыз мүмкіндігін Мәсімов мансұқ етті. Осыны оғаш десең, өзің оңбаған боласың!

Бұл жағдайды «мемлекеттік шығындармен» шатастыру – қазақта шаруасы жоқтың шатпағы. Ал ол шатпақ Кәрім Мәсімовтің үкіметінен шығып отыр. Бұл үкімет ғаламдық гигант жобаларды, ЭКСПО мен Астананың құрылысын шығын санамайды, иірімі ит-қоқыс инновациялық ит-рәсуаға шашылады, бірақ қазақтың болашақ тағдырына тікелей қатысы бар демографияны діңкелеп құртуға құлшынып отыр. Басқа қисынның қиюын келтіру қиын: еліміз әсіресе солтүстік және шығыс аймақтарда қазақтың санын үстем етуге зар болып отырғанда, Кәрім-әкә келешегі кетік қазақты кәлбән еткісі келеді. Бұны «елбасы» деген ен-таңбасы бар адам біле ме, жоқ әлде Мәсімовті меңзетіп отырған соның өзі ме?

Ермұрат БАПИ

 

Республиканский еженедельник онлайн