Қазақтың жері ШӨЛГЕ айналып барады

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №12 (283) от 26 марта 2015 г.

 

Қатер қайдан демеңіз

 

Ұлы классик Әуезовтың «Абай жолынан» ерекше әсер алған шетелдің бір саяхатшысы оқығанын көзімен көруге құмартып, қасиетті Абай топырағына келген екен. Жидебай қонысындағы Абай кесенесінің биігінде тұрып, шетсіз-шексіз өлі тыныштықтың құрсауында жатқан меңіреу далаға қарап: «Мен Әуезов суреттеген ғажайып табиғатты көрмей тұрмын» депті… Ол табиғат Абайдың жырлары мен Мұхтардың туындыларында ғана қалғанын қайдан білсін?!

 

Сан ғасыр ширегінде елімізбен бірге жұмыр жеріміз де қасіреттің талайын шекті. Адамзаттың әрекетімен және тікелей табиғаттың әсерімен Қазақстанның ландшафты басынан сан түрлі өзгерісті кешірді. Семей ядролық полигоны, басқа да жасырын әскери сынақ орындары, Арал теңізінің суалуы жер бедерін біршама өзгерткен. Қазір қазақ даласына жаппай құрғақшылық пен шөл қатері төніп келе жатқанына маман-ғалымдар ғана дабыл қаққаны болмаса, басқа жұрт бұған әзірге алаң емес сияқты.

Жалпы, еліміздің алып жатқан географиялық орны орман, дала, шөлейт, шөл сынды төрт аймақты қамтитыны белгілі. Алайда бүгінде сол аймақтардың шекаралары үлкен өзгеріске ұшыраған. Яғни, шөлейтті зоналар «құлашын кеңге жайып», топырағы құнарлы аймақты «ығыстыра» бастады. Дүние жүзі ресурстар институты Қазақстан аумағының 99 пайызы құрғақшылыққа бейім екенін атап, бүгіннің өзінде жердің     66 %-ы түрлі деңгейдегі шөлейттенуге айналғанын мәлімдеді. Оның ішінде негізгі аймақтар ретінде Шығыс Қазақстан облысының Семей өңірін, Балқаш көлінің маңын, Қызылорда облысын, Маңғыстау, Қарағанды облыстары аталады. Бұл аймақтардың бірінде топырақ тұзданып, сортаңға айналып жатса, бірінде экологиялық жағдайдың әсерінен жарамсыз болып жатқан күйі бар.

Астықтың мекені саналатын солтүстік өңірдің өзінде жердің 30%-ы жарамсызданған екен. Ал Батыс Қазақстандағы мұнай-газ кәсіпорындарының қалдықтары ауамен қатар топырақ қабатын да ластап, құнарсыз етуде. Көлшікке айналған Аралдың қасіреті айтпаса да түсінікті. Осы маңнан ұшқан тұздар алыс-жақын аймақтың экожүйесін орны толмас өзгеріске ұшыратты. Бұл өлкеде 2 млн. гектар жер шөлге айналған.

Ал ғалымдардың зерттеуі бойынша, Мойынқұм, Балқаш, Алакөл аймағы судың тапшылығы салдарынан жердің тозуына әкеп соқтыратын құрғақ климатты зонаға айналып барады. Шығысқа ойысатын болсақ, мұндағы жағдай да мүшкіл. Кенді Алтайдың кені өзге жұртты қуантып жатқанымен, жергілікті халықты уландырып, топырақ қабатын ластап жатыр. Өскемен қаласына жасаған бір сапарында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің болашағы үшін бұл қаланы құрбан етуге бел буғанын да жасырмады (500 мыңнан астам тұрғындардың болашақ тағдырын осылай өзі шешті).

Экожүйесі ең көп зардап шеккен аймақ – Семей өңірі екенін жалпақ жұрт жақсы біледі. 40 жылға созылған ядролық сынақ радионуклеидтері ауа, су, топырақ құрамын ғана ластап қоймай, жерді бірнеше мыңдаған километр тереңдікке дейін айықпас дертке шалдықтырды. Ядролық сынақтардың кесірінен 20 миллион гектар жер жарамсыз күйде жатыр.

Ландшафтық картаға үңілетін болсақ, елімізде құмды шөлдер алып жатқан аумақтың үлкендігіне көз жеткіземіз. Қызылқұм, Мойынқұм, Қарақұм, т.б. құмды аймақтар мыңдаған жыл бұрын болған өзен-көлдердің орны. Мұнымен қатар, Үстірт, Бетпақдала сынды сазды шөлдер, Сарыарқаның оңтүстігінде кішігірім тасты шөлдер де бар. Ал республикамыздағы орманның алатын аумағы бар-жоғы 4,6% ғана құрайды. Бұл бұталы тоғайларды, сексеуілді жерлерді қоса есептегендегі көрсеткіш.

Даланың шөлейтке, шөлейттің шөлге айналуы қоғамның барлық саласында үлкен қорқыныш тудырады. Барлық 188 млн гектар жайылымдық жеріміздің 26% құрғақшылық салдарынан жылдан-жылға азып-тозып бара жатқандықтан, егістік айналымынан шығарылған жер көлемі жыл санап артып келеді.

Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы жүздеген мың адамдардың әлеуметтік жағдайын төмендетті. Сондай-ақ шөлейттенуге ұшыраған өңірлерде адам өлімі өте жоғары. Жарамсыз ауыз су, шаңды әрі тұзды дауылдар жүрек-қан тамырлары, жүйе ауруларына, қан аздығына шалдықтырып, әсіресе балалар өлімін арттырып келеді.

Осы орайда елімізде шөлейттенуге қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Оның жауабын іздеу барысында бекітілген бағдарлама мен бөлінген бюджеттің бар екендігіне ғана көз жеткізесің. Бізде тіпті шөлейттенумен үздіксіз күрес жүргізетін мамандандырылған институт 90-жылдарғы жекешелендіру дауылы салдарынан жабылып қалған екен. Бүгінгі таңда жердің, топырақтың құрамын жақсарту мақсатында жұмыс істейтін білікті мелиоратор-мамандар да жоқтың қасы. Себебі білім беру саласында мелиорация мамандығы ескерілмейді.

Осы бір олқылықтың кесірінен қыруар қаржы жұмсап, шетел мамандарына жүгінуге тура келеді. Мәселен, Йенс Калькоф есімді австриялық эко-архитектор еліміздегі дегредацияға ұшыраған өңірлердің топырақ қабатын қалыпқа келтірудің жаңа нұсқасын ұсынған болатын. Алматыдан 160 шақырымдай қашықтықта орналасқан, шөлейттеніп бара жатқан 8 мың гектар жерді нысанға алған шетелдік мамандар 2012 жылдан бері «Буғытыдағы ну орман» атты жобаларын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында 22 жасанды көл мен орман алқаптары пайда болмақ. Сумен толтырылған көлдердің маңына ылғалды ұстап тұру мақсатында талдар егілуде. Бұл істі қолға алған маманның айтуы бойынша, жобаның мақсаты – ағаш отырғызып қана қою емес, Қазақстанның өзгеріске ұшыраған ландшафтын қалыпқа келтірудің озық үлгісі екенін көрсету. Қазақстан жерінің аумағы 280 млн.гектар болғанымен, оның 210 млн.гектары дегредацияға ұшыраған, яғни жарамсызданған. Демек, табиғи ландшафтымызға төнген қауіпті өзімізден бұрын өзгелер аңғаруда.

Жер бетінің 70%-ын су алып жатқанымен, адамзаттың да 70%-ы суға зәру. Шөлейттену процесінің қарқынды жүруіне су тапшылығының да әсері мол екені белгілі. Мәселен, Қазақстанға Қытайдан 24 өзен ағып келеді. Оның жетеуі Қара Ертістің сағасы. Қытайдың өндіріс орындарын, қыруар халқын қамтамасыз ететін Ертістің ластану деңгейі айтпаса да түсінікті.

Шөлейттену, су тапшылығы сынды бүкіл әлемді алаңдататын проблемаға бүгінгі қалыптасқан ландшафтық ортасына байланысты Қазақстан екі есе қорқынышпен қарауы тиіс. Шөлейттену проблемасы бүгін де, ертең де, болашақта да алдымыздан шығып отырады. Сондықтан оған қарсы күрес үздіксіз әрі мәңгі екенін түсінуіміз керек.

Жазира АЛТАЙ,

студент-тәлімгер

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн