«Общественная позиция»
(проект «DAT» №37 (401) от 12 октября 2017 г.
Желідегі жазбалар
АнекDAT
Алмазбек Атамбаевтың қазақ билігі туралы сөзінен кейін екі дос – қазақ пен қырғыз өзара дауласып қапты.
Қырғыз: Біз басшыны халықпен үнемі санасуға, оның пікірін ескеруге үйреттік. Мысалы, Бішкектегі президент кеңсесінің алдына барып: «Сен, Атамбаев, билікте болғанда, қазынадан бір сом ұрласаң, үкімет қызметіне тек өз жақыныңды жисаң, осы қазір тырқыратып қуамын!» деп бетіне айта аламын. Ал сен ше?
Қазақ: Бәлі, сол да сөз боп па?! Мен де Астанаға – Ақорданың алдына шығып: «Әй, Алмазбек Атамбаев, билікте қазынадан ештеңе ұрлаған жоқсың ба, жоғары қызметке тек жақыныңды тартпадың ба, байқа!» деп айғайлап тұрып айта аламын.
• Кенжебек Тыныбаевтың ФБ-парақшасынан
Кей кездері билікке таңым бар. Жанармай тапшылығына осы екі-үш шенді кінәлі, міне, сазайларын бердікпен мәселе шешілмейді. Бұндай қулыққа 100 рет алданған халық 101-ретте сенеді деп кім айтты? Мұнай нарығы мен бағаның жасақталу үрдісін айқын етпей, мұндағы арам ойыншылар мен делдалдардың былығын ашпай, шенділердің ауыз жаласқанын тыймай, монополияларды құртпай, дәнеме де өзгермейді: мұнай зауыттары сол күйі ең керек кезде жөндеуге жабылады, бағалар үйреншікті түрде шарықтайды, тоз-тозы шыққан халық наразы болады да, сосын басылады.
Мәселе сол – ұзаққа бара қояр ма бұндай көнгіштік? Отпен ойнау ғой.
Расул ЖҰМАЛЫ
Дамуымыздың долбарын
ЕЛ КӨРІП ОТЫР ҒОЙ…
Атамбаевқа ренжіп, жауап қайтарған біздің премьер-министр Сағынтаев:
«Біз дамыған 50 мемлекет қатарына кірдік, т.т.» –деп, өтірік жетістіктерді тізбелеп беріпті.
– Дамыған мұнайлы елде ендеше неге жанармай жоқ, болса неге қымбат?
– Техникасыз, күрекпен қазса шығатын елде неге көмір жоқ?
– Дамыған Ұлы дала елінің тең жартысы неге квартирант боп жүр?
– Тәуелсіз ел болсақ, ана тіліміз неге жетім бұрыштан сығалап жүр?
– Тәуелсіз, полигонсыз ел болсақ, шетелдің улы зымырандарын неге Ұлы даламызға қабылдай бересіздер?
– Тәуелсіз, демократиялы ел болсақ, ұлтын-жерін сүйген азаматтарды қудалап, қамауға неге дайын тұрасыздар?
– Дамыған 50 елге кірдіңіздер деп қай ел бізге қызыға қарап жатыр? Әйтеуір кім-көрінген шетелдіктің бәрі миығымен күлуде ғой.
– Ей, Сағынтаев мырза! «Дамыдық, дамудамыз», – деп, өтірік қорытынды жасай бергенше, шынайы дамуға неге ынталанбайсыздар?
Қазақ елінің қалай дамып жатқанын ел көріп отыр ғой…
Aibolat Bukenov
ҚАПТАҒАН ҚАЛЫҢ ҮТІР
қазақты кәріс қылмай ма?
Бұлар бәрінің жағдайы да, ойы да өздерінікіндей деп ойлайды-ау деймін: бүкіл қазақ шетелге шығып, сол жақта жүріп, қолындағы ноутбугымен жазып, жұмыс істейтін сияқты… Оу, бұ жақта да біраз адам қалайын деп отырмыз, ең әуелі осы елде тұрып, оқып, жазатын адамдарға ыңғайлы жағын ойласаңыздаршы!
Кеше футбол көрдім: түрік төрешісінің аты-жөнін Cüneyt Çakır деп жазып, Джүнейт Чакыр деп дұрыс оқып жатыр (Сунейт Какир екен деп отырған жоқ). Түрік әліпбиі бүкіл Еуропа-Америкаңызға таныс. Ақыры біздікілер өзімізден бұрын Еуропа-Америкаға түсінікті болса екен деп отыр екен (как будто соларға қазақ тілі керектей), неге Тіл білімі институтының түрік үлгісімен жасалған нұсқасын ала салмайды? Ертең қазақтан Әлиғазы Өңешов деген бір төреші шығып, халықаралық маңызды матчқа қазылық етсе, олар мына (A’li’g’azy O’n’es’ov) қаптаған қалың үтірді көріп, А-ли-г-ази О-н-еш-ов деп, кәрістерше (Ким Пак Сун) бөліп оқу керек екен деп отырмасына кім кепіл?
Мен латын әліпбиі деген бастаманы біздің елдегі «улап-шулап кірісіп, басталайын деп қалып, ақыры қожырап, тоқтап тынатын» сансыз көп шаруаның бірі деп ойлаймын (осы 26 жылда толығымен біткен бір іс есімде жоқ). Сонда да көріп отырған соң, кейде үнсіз қала алмайсың…
Сәкен СЫБАНБАЙ
АТАМБАЕВҚА РИЗА БОЛДЫМ
Ауылға барып, бақытты күндерімнің белгілерін іздеп, біраз жүрдім. Тапқаным – ұқсамайды, танығаным – таңқалдырмайды. Бала кезімдегідей емес. Бұрынғы у-шу көшелер тыныш. Дяд Умуттың газвода сататын киоскісі жоқ. «Әй, аузыңа сиейін, бері кел!» – дейтін Тілеужан апамды есіме алдым! Әкем жұмыс істеген ГОХ-ты (Гос. ондатровое хозяйство) іздедім. Таппадым. Анауы да ұнамайды, мынауы да дұрыс емес! Бір моралист болдым!
Алматыға қайтып барам. Өзім өстім, өндім, өзгердім, ал ауыл менің бала кезімдегідей қатып қалу керек екен?! Музей сияқты! Не деген эгоизм?!
Қырғыз Республикасының президенті Атамбаевтың Назарбай туралы сөздеріне риза болдым! Биліктің жандайшаптары Атамбаевтың бұрынғы сөйлеген сөздерін келтіріп, «жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деп қояды. Өтірік сөйлегені – рас, жағымпазданғаны – рас. Сол өтірік қалпынан танбай қалу шарт па?! Бөтен мемлекеттің саяси науқанына араласып, президенттік сайлауына өз кандидатын тықпалау деген саяси сауатсыздық емей – не енді?! Пікірі, әрине, өзгерді!
Назарбайдың шестеркалары мен сауатсыз моралистеріне жалынды сәлем!
Болат АТАБАЕВ
Қытай Ресейді «лақтырып»,
АМЕРИКАҒА БЕТ БҰРДЫ
Helgi Sharp:
Киссинджер институты соңғы 25 жылда американдық саясат (Екінші д/ж соғыстан кейін халықаралық аренада басымдыққа ие бола бастаған) либералдық құрылымды әлем бойынша жаһандандыруға бағытталған деген қорытындыға келді.
Осы мақсатта Уашингтон бұл системаға Ресей мен Қытайды терең интеграция жасау және дипломатиялық, экономикалық факторлар арқылы осы елдерді өз орбитасына тартып, олардың арасында Уашингтон мен американдық құндылықтар бұрынғыдай басымдыққа ие болып қала беретіндей және аталған елдерді де қанағаттандыратындай жүйе орнатқысы келді. Соңғы жылдардағы оқиғалар тізбесі АҚШ-тың бұл жоспарынан бас тартпағанын, бірақ РФ-ны тізімнен сызып тастап, Қытайды «жұмсақ қолға үйрету» саясатына күш салып отырғандығын көрсетті.
Неге? Өйткені Ресейдегі өркениет құндылықтарының даму эволюциясы әзірге батыстық үлгідегі жаһандық интеграцияға дайын деп айтуға келмейді деген қорытынды жасалды. Сөйтіп, баррикаданың арғы бетінде басқа әлем қолын бір сілтеген: оларға бас үйретуге тек қана қамшы қолдану керек деген үш варвар ел қалыптасты (РФ, Иран, КХДР).
Бұл саясаттың мақсаты айқын – алдымен оларды әбден экономикалық әлсірету, сосын жапондық немесе германдық үлгіде «құтқару».
Мәселені әскери жолмен шешу мүмкін емес, өйткені оларда ядролық қару бар және оны қолданудан жүзі жанбайтын идиоттар басқарып отыр.
Қытаймен мәселе мүлдем басқа. Еске түсірейік – АҚШ «томагавкілермен» Сириядағы РФ базасын атқылап жатқанда, Си Цзиньпин Трамптың Мар-а-Лагодағы үйінде қабылдауда отырды және өзінің геосаяси одақтасын құтқаруға тіпті саусағының ұшын да қимылдатқан жоқ.
Мұндай жағдай осыдан 5 жыл бұрын болуы мүмкін бе еді? Мүмкін емес еді.
Содан кейін Пекинге сауда жеңілдіктері басталды және 15-тей бірнеше миллиардтық контрактілерге қол қойылды.
Қазір Трамп Пекинге жиналып жатыр. Құр қол емес, әр сала бойынша екі жаққа да тиімді ұсыныстар пакетімен барғалы жатыр.
Бұл визитті дайындау үшін Тиллерсон Қытайға келді, ол күні кеше ғана РФ-ға қарсы санкцияларға жауапты болып бекітілген. Мемхатшы Қытай басшысымен кездесіп те үлгерді, өзара сауда мәселелері, КХДР-мен арақатынас, алдағы АНЫҚТАУШЫ визит жайы талқыланды.
Шамасы, Пекинге жаңа преференцияларға уәде берілген сияқты, өйткені кеше Қытай 1 қаңтарға дейін елдегі барлық КХДР кәсіпорындары жабылуы керек деп мәлімдеді. Мұндай жағдай осыдан 5 жыл бұрын болуы мүмкін бе еді?
Ал бұл уақытта Ресей не істеді? Дым да. Өйткені ол жаһандық мәселелерді шешуден демонстративті түрде шеттетілген. Тіпті Солтүстік Корея мәселесінен де. Өйткені өзі сол изгой елмен бір қатарға қойылған.
Иә, Кремль бұрқылдап, аузын бұртитып отыр, бірақ ол бұрқыл қазір әлемдік көшбасшылардың бірінің бұрқылы ретінде емес, өлім алдында жатқан науқастың ақырғы дем шығаруындай қабылданатын болған.
Тағы бір тосын сый – Трамптың Пекинге сапарымен бірге қарашаның 2-жартысында РФ-ға салынатын жаңа санкциялар. Демонстративті түрде салу жоспарланып отыр, ал Пекин тағы да, «Томагавк соққысы» кезіндегідей, демонстративті түрде үндемей қалады. Өйткені тұрақты достар деген болмайды, тұрақты мүдделер ғана бар.
Осы үшін Қытай аса шапшаң (тарихи тұрғыдан алғанда) жылдамдықпен бұрынғы одақтастары қазір изгой елдерге айналғандардан теріс айналып, қазіргі әлемдік құрылымның орталығына бет бұруда. Ал Уашингтон қарымта ретінде жаңа одақтасы үшін капитан мостигінен сәл-пәл ығысып, оған орын беруге дайын. Диалектика ғой…
Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ