«Общественная позиция»
(проект «DAT» №9 (373) от 8 марта 2017 г.
Постфактум
Сонымен, Қазақстан парламенті екі күнде едел-жедел қабылдаған Конституцияны өзгерту туралы заң Конституциялық кеңеске жолданды: аузы-мұрны беймағлұм ол орган «мақұлдан» басқа сөз айтпасы аян. Одан әрі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған соң, заң күшіне енеді.
Бірақ осы заң және Конституцияға енгізілген жарым-жарты өзгерістер легитимді болады деп айта аламыз ба? Егер ел арасында «Назарбаевтың Конституциясы» аталып жүрген 1995 жылғы Ата Заң бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданғанын ескерер болсақ, парламенттің пәрменімен қабылданған соңғы заң, орыстың орайымен айтсақ, «Фильканың грамотасы» болып қалады. Себебі бүкілхалықтық плебисцит негізінде қабылданған Конституцияға парламенттің өзгеріс енгізуге ешқандай қақысы жоқ. Бұған дейін де Конституцияға парламент арқылы қабылданған біршама өзгерістердің күші сол «Фильканың фикциясы» болып табылады.
Елдегі жекелеген саясаткерлер де парламент қабылдаған «өзгерістерді» өгей санайды. Мәселен, мәжілістің экс-депутаты Ғани Қалиев: «Парламентте тіпті өзі қабылдайтын бюджеттің қалай орындалып жатқанын қадағалайтын функция жоқ», – дейді (Azattyq.org).
Ал бұрынғы сенат депутаты әрі президентшіл «Қазақстан патриоттар партиясының» экс-жетекшісі Ғани Қасымовтың айтуынша, атқарушы билікке тәуелсіз конституциялық сот институтын жаңғыртпай, билік тармақтарын тәуелсіз деп айтуға болмайды. Оның сөзінше, билік тармақтары арасындағы жанжалдарды, төменгі сот инстанциялары алдын ала қарауы тиіс адам құқығына қатысты заң бұзушылықтарды Конституциялық сот қарауы тиіс. Ғани Қасымов «Конституциялық сотты жаңғырту туралы ұсынысымды» Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы авторлары ескермеді деп қынжылады.
Халықтың ерік-жігерінен тыс қабылданған заңға өкініш білдірген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) басшыларының бірі Айдар Әлібаев: «Депутаттар барып тұрған сандырақ ұсыныстарды да қабылдауы мүмкін. Егер ертең президент оларға «парламентке жалаңаяқ келіңдер, кімде-кім туфли киіп келсе, парламенттен қуамыз» десе, олар қардың үстімен жалаңаяқ келеді. Сондықтан мұндай парламент арқылы Конституцияға өзгеріс енгізудің мәні жоқ», – дейді.
Дегенмен, «бетпақ жеңді – бейбақ көндінің» керімен айтқанда, қалай десек те, заң қабыданды деген «жоралғыны жұтып» қоюымызға тура келеді. Конституциясына өзгерістер енгізуге қарсы өре тұрған қырғыздың ерік-жігеріне жетерлік қауһарымыз жоқ екенін мойындауымыз керек.
Енді «қазаншы» қалай айтты – қоғам соған көнеді. Көндіретін көпірме сөздер де көп боп тұр. «Жалпыхалықтық талқылау барысында барлық ұсыныстар қолдау тапты десе болады, – депті президент Назарбаев жұма күнгі парламент палаталарының бірлескен отырысында. – 26-бапқа түзетулер мен өзгерістерді талқылауға қатысқандардың 70%-дан астамы қолдады. Бірақ басқа да пікірлер болды. Олар меншік ұғымы тек жерге меншікке қатысты болады деп есептейді. Осыған қатысты және жер реформасы туралы заң қабылданғанда мәселелер туындады. Кез келген саяси шешім таразыланған, халықты біріктіретін шешім болуы керектігін ескере отырып, 26-бапты бұрынғы редакцияда, өзгеріссіз қалдыру керек деп шештік».
Ендігі дәтке қуаты – президенттің «басқа да пікірлер болды» дегені. Яғни, Ақорданың билігі 26-бапты қорғап қалған халықтың «басқа пікірінен» сескеніп, «әркімді» тықпалау жақсылыққа апармайтынын сезген. Ендеше елге ендігі міндет – «басқа пікірдің» қызуын басып алмау.
«Көп – қорқытады» деген даналық далбаса болмаса керек…
Ермұрат БАПИ