Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ: ПАРЛАМЕНТ қазаққа қызмет қылуға ПӘРМЕНСІЗ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (292) от 28 мая 2015 г.

 

ДАТ!

 

Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың тарихын зерделуге үлес қосып келе жатқан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы – Қазақстандағы ең алғашқы мемлекеттік емес ұйым. Сырт көзге атқарып жатқан істері жасанды жарнамамен безендіріліп тұрмаса да, тарихтағы ақтаңдақтар ақиқатын ашу жолындағы ізденістері ерен. Қуғын-сүргінге ұшыраған арда азаматтардың тар жол, тайғақ кешу кезеңін зерттеп, шындықтың бетін ашып, елге жеткізуге үлесін қосып жатқан қоғамның төраға орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі жазушы Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ мырзаның «Дат»-ын оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

 

– Бейбіт мырза, тағы да жыл айналып, ақиқаты мен қасіреті ресми мойындалмаған саяси қуғын-сүргіннің даталы күні келіп қалды. Соңғы бірер жылда бұрынғы КСРО елдерінің бірқатары кеңестік режим қолдан жасаған бұл қанды қырғынға баға беріп, өз халқының санасы мен зердесін коммунистік зардаптан жуып-шаю науқанын жүргізіп жатыр. Ал бізде жекелеген қоғамдық ұйымдар өз шама-шарқымен өткізіп жатқан ұсақ-түйек шаралардан басқа мемлекеттік тұрғыда әрекет жоқ. Осының себебін сіз қалай түсіндірер едіңіз?

– Бәрін бірдей жоққа шығара беру дұрыс болмас. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамырда – және оның қарсаңында жер-жерде түрлі шаралар өткізіліп жатады ғой. Мәселен, Алматы түбіндегі Жаңалық қорымына 2002 жылы тұрғызылған мемориалды ескерткіш жанына жыл сайын облыс пен қала жұртшылығының өкілдері келіп, митинг өткізіп тұрады. Онда саяси репрессиялар мен алапат ашаршылық қасіреттері еске алынып, зұлматқа лағнет айтылады, ескерткішке гүл шоқтары қойылады, жазықсыз құрбан болғандар аруағына арнап ас беріледі. Мұның бәрі Алматы облысы мен қала әкімдіктерінің ұйымдастыруымен атқарылып жүр. Бұл дәстүрге айналған. Ал баға беру мәселесіне келсек, мұнда, әрине, нақтылық жетпейді. Тоталитаризмге, сталинизмге жалпылама айып тағумен шектеліп жатамыз. Әрине, мемлекеттік қылмысты Совет өкіметі жасағандықтан, оның тарих сахнасынан әлдеқашан жойылғанын ескере отырып, кеңестік режим қолдан істеген қанды қырғынның жасалу механизмін айқара ашуға, сол шақтағы билік буындарының жұмысына, солардың құлдық әрекеттері салдарынан орын алған апатқа тиісті бағасын беріп, халықтың зердесін жаңғыртуға, санасын оятуға әбден болар еді. Солай ету керек екені көптен айтылып келеді ғой. Халықты тәуелсіздікке дейін жабық боп келген ащы тарихпен тәрбиелеудің ұтымды жағы мол. Ол ел бірлігін арттырады. Мәселен, Қазақ халқы 1917–1919, 1921–1923, 1931–1933 жж. үш дүркін жасанды ашаршылықты бастан кешті, үш дүркін соққан ашаршылық қазақты іс жүзінде ұлттық апатқа ұрындырды. 1917–1933 жылдары қазақ халқының 4,5 миллиондайын «большевиктердің аштық саясаты» (Мұстафа Шоқайдың анықтамасы) тікелей опат етті, ал ықтимал табиғи өсімді есепке алғанда, осы кезеңде қазақ 10 млн. жанын жоғалтты. Дәстүрлі мал шаруашылығы да қатты ойсырады. Патша өкіметі орталықтағы шаруаларды қазақ жеріне қоныс аудартуды мемлекеттік саясат деңгейіне көтеріп, жүзеге асыра бастаған шақта әр қазақ отбасына 59 бастан келетін мал болатын. Шұрайлы жер-суынан айрылған қазақ шаруашылығындағы бұл көрсеткіш монархия құлаған тұста 25–26 басқа дейін төмендеді.

Бұл барып тұрған мемлекеттік қылмыс еді. Оны жасыру үшін, қаншама адамынан айрылған Қазақ автономиясын 1936 жылы одақтық республика дәрежесіне көтерді. Сөйтіп, одақ арқылы қылмысын жасырғандай болды. Бірақ бір жағы соның арқасында бүгін, міне, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Сондықтан ашаршылықты, қуғын-сүргін жылдарын ешқашан ұмытуға болмайды. Бұл біз үшін – үлкен тарихи сабақ. Олардың мәнін халыққа түсіндіру, жеткізу қажет.

 

– Ал кеңестік өкіметтің жүргізген солақай реформасынан кейін жеке меншіктің қолында ештеңе қалған жоқ дейсіз ғой…

– Қоғамдық меншікке алынып, ұжымдастырылған мал саны тәркілеудің алдындағы мөлшерінің сегізден біріндей ғана еді. Мал-жаннан босап қалған қазақ даласына шартараптан бақ қуғандар ағылып келді де, қырылып кеткен көшпенді жұрт сүйегі үстінде жаңа өмір отын лаулатты – индустрия ошақтарын ашты, қалалар салды, тың көтерді, тағысын тағы… Қазақтың өз еліндегі үлестік салмағын жалпы халықтың үштен біріне де жетпейтін (29 %) деңгейге дейін төмендетіп, ұлттық мүддесін жан-жақты шектеді. Олар қазақтың қаралы тарихын білген жоқ, соған саясаттың өзі мүдделі болды. Оны бүгінгі отандастарымыз да біле бермейді. Егер білсе, қазақ халқының трагедиясына жанама түрде болса да қатыстылығын сезініп, маңына саналы түрде топтасар еді. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге шын туысқаншылықпен атсалысар еді. Тарихпен тәрбиелеудің қажеттігі осында. Бұл жұмысты жүйелі негізге қою үшін, ұлттық ұйымдар тарапынан айтылып жүргендей, парламент тиісті құжат қабылдауға тиіс болатын, алайда, өкінішке қарай, ол бұл тарапта осы уақытқа дейін бастамашылдық көрсеткен емес. Бәлкім, заң шығарушыларға президенттің соңғы кездері «қазақ еліне бес-алты миллион адам сырттан келіп қоныстанды», «Қазақстан ежелден осылай көпұлтты болды деп санайтындар тарихты білмейтіндер» дегені тым болмаса енді ой салар. Шындап келгенде, өз беттерінше бастама көтеруге жасқаншақтық танытып келген парламентшілер енді президенттің өзі қимыл бағытын нұсқап отырғанда, ойланып қана қоймай, шұғыл әрекет етуге де міндетті. Өйткені президент елімізді мекен ететін барлық этнос өкілдері үшін «Қазақтарға рахмет айту күні» деп аталатын жаңа мереке белгілеуді ұсынды емес пе! Алайда бұл ұсыныс айтылғалы айдан асты – парламент әлі тым-тырыс. Оның тарапынан «Қазақтарға рахмет айту күнін» рәсімдеу шарасы жасалған-жасалмағаны, әлде сондай ниеттің бар-жоғы әлі белгісіз. Егер бұл шара жүзеге асырылса, өзіңіз айтқандай, халықтың санасы мен зердесін баяғы саяси қуғын-сүргін жылдарынан бері қанға әбден сіңіп қалған коммунистік зардаптан тазартып, жуып-шаю науқанын биліктің өзі жүйелі түрде жүргізуіне жол ашылар еді.

 

– Қазақстандық биліктің ымдап жасаған ишарасына қарағанда, саяси қуғын-сүргін тарихына мемлекеттік мән-маңыз берілмеуінің себебі – КСРО-ның мұрагері саналатын Ресейді ашуландырып алмау керек сияқты. Тәуелсіз мемлекет тұрғысынан бағамдар болсақ, мұндай «сауысқаннан сақ» саясат елдің отарлық, құлдық психологиядан құлан-таза арылуына залалды жағдай екенін айта аламыз ба?

– Сұрағыңыздың негіздемесі жаны бар пайымды аңғартады, солай болуы әбден ықтимал. Ал қойып отырған сауалыңыздағы «отарлық, құлдық психологиядан құлан-таза арылу» ісіне «сауысқаннан сақ» саясат пайда бермейді, ондай саясат залалды дегенді айта алу-алмау мәселесіне келсек… Меніңше, саяси басшылық қызметте еместерге мұны айту – оңайдың оңайы. Ал нақты істегілердің бірқатары оны айтпақ түгілі, сол отарлық, құлдық сана олардың мансап жолындағы басты қорғанышы болғандықтан, іштей мойындауға да бара бермейді. Енді бірқатары мұны түсінгенмен, шамасы, жеке басына саяси айып жамап алуы ықтималдығын ойлап, сақтықпен, кездесуі мүмкін қиындықтардан қашқақтап жүретін шығар. Бірақ шын отаншыл қайраткер кей реттерде «сауысқаннан сақ» саясат жүргізе отырып та, қазақтың ұлттық мүддесіне қызмет ететін шараларды, айталық, алғашқы сұрағыңызға орай еске алынған «Қазақтарға рахмет айту күнін» дәстүрге айналатын мереке ретінде дайындап, өткізуді батыл жүзеге асыра алады.

 

– Сіз саяси қуғын-сүргін жылдарының тарихын көп зерттеген жазушы-ғалым ретінде кеңесқұл, орысшыл сана-сезімнен арылу үшін біздің елге қандай әрекеттер жасау керек деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін сыйлау, сақтау, қоғамдық-саяси функциясын батыл кеңейту керек. Өзге тілде сөйлейтіндерді ешбір кемітпей, кемсітпей, мемлекеттік тілді еркін меңгеруін талап етпей-ақ, қай салада болмасын емін-еркін аударма қызметін пайдалана алатындай жағдай туғызу қажет.

 

– Репрессия жылдарының зұлматын анықтайтын жаңаша айғақтар мен бұрын-соңды жарияланбаған құжаттар қолыңызға түспеді ме?

– «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының идеяларымен қаруланған ғалымдар репрессия жылдары республика партия ұйымы «халық жауларын» жазалау үшін Мәскеуге қосымша квота сұрап, өтініш түсіргенін тәуелсіздіктің басында-ақ анықтаған болатын. Соңғы жылдары нақты дерек – 1937 жылдың соңына қарай Қазақстан большевиктер партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Мирзоянның Сталинге жолдаған құпия жеделхаты табылды. Жазалау науқанына бастау берген НКВД-нің №00447 оперативтік бұйрығымен таныстық. Онда репрессия науқаны 1937 жылғы 5 тамызда басталып, төрт айда аяқталуға тиіс делінген. Кеңестер Одағының әр аймағында бірінші және екінші категориямен жазалауға жататындардың саны белгіленген. Сол бұйрық бойынша біздің республикамызда 1937 жылдың 5 желтоқсанына дейін 2500 адам атылып, 5000 адам ұзақ мерзімге (бұйрықта 8–10 жыл беру көзделген) сотталу керек болатын. Бірақ іс жүзінде науқан төрт ай емес, 15–16 ай (1937 жылғы тамыз – 1938 жылғы қараша) бойы жүрді. Үкімдерді НКВД-ның республикалық, өлкелік, облыстық үштіктері шығарып тұрған. Осы кезеңде № 00447 бұйрықпен белгіленген квота (одақ бойынша 268095 адамды репрессиялап, оның ішінен 75095 адамды ату көзделген, бұл мөлшердің өзі жергілікті партия ұйымдары басшыларының ұсыныстарына сәйкес белгіленген болып шықты) бірнеше есе өсіріп орындалды. 1 млн 770 мыңдай адам репрессияланып, оның 390 мыңы, яғни жартысынан астамы атып тасталды. Қазақстанда бұл кезеңде 118 мың адам репрессияланып, оның 25 мыңдайы атылды деп есептеледі. Яғни, көзделген 7500 адамды жазалау жоспары Қазақстанда 15 еседен де асырылып, артығымен орындалған. Бұйрықта Қазақ Республикасынан 2,5 мың адамды атуға тапсырма берілсе, орындаушылар оны он есе өсіріп, жүзеге асырған. Мирзоянның жоғарыда аталған Сталинге құпия жеделхатында республика бойынша тағы да бірінші категориямен, яғни ату тәсілімен 600 адамды репрессиялауға рұқсат беруін өтінген. Республика басшылығы сондай-ақ оған қосымша тағы 1000 адамды екінші категориямен, яғни ұзақ мерзімге соттап жазалауға рұқсат сұрап құлшынды. Ұсыныс 1937 жылғы 3 желтоқсанда БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюро мәжілісінде бекітілді. Осылай өз большевиктеріміздің де Үлкен террор көрігін өзіндік отынмен үстемелеп қыздыра түскені аныққа айналды. Енді 447-бұйрықтағы квотаны қалыптастырған, сондай-ақ оны асыра орындау хақында жоғарыға жолданған осындай өтініштердің бәрін тауып, жарыққа шығару, сөйтіп тиісті қорытындылар жасау – алдағы уақыттарда орындалуға тиіс шаруа…

 

– Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кірген соң, біздің елдің билігі кеңестік мұраның кесірлі жақтарын саралау ісінде Ресейдің қас-қабағына жалтақтап, ел ішіндегі бастамашыл қадамдарды тұншықтырып тастауға бейімділігі арта түсті деп айтуға себептер бар ма?

– Әрине, бар. Былтырлары үлкен көрші тарапынан ТМД елдеріне ортақ тарихи оқулық жазу бастамасы көтеріліп жатқан, бара-бара бұрынғы метрополия ескі идеологиясын еске алып, тәбеті ашыла түсері кәміл…

 

– Дегенмен, ЕЭО, біздің мемлекеттік билік ойлағандай, адами ізгі бейнеде болмағанын мойындай бастаған жоқ па? Мәселен, биылғы Жеңіс күні қарсаңында Георгий лентасының орнына қазақстандық атрибут қолдану амалына қарсылық білдірмегенін қалай бағамдар едіңіз?

– Жеңіске қазақ зор үлес қосты. Майданға аттанған ұл-қыздарының төрттен үшін құрбан етті, бұл жалпы санының жиырма пайызы еді. Яғни, халқының санына шаққандағы пайыздық үлесі бойынша белорус пен украиннан кейін ең көп шығынға ұшыраған – қазақ халқы. Жауға атылған әр он оқтың тоғызын өз елінде құйды. Іс жүзінде соғыс өнеркәсібін елінің аумағында шоғырландырып, майданның материалдық-техникалық жағының елеулі бөлігін қамсыздандырды. Майдангерлердің азық-түлігін, өзге де мұқтаждықтарын қамтамасыз ету үшін, елде қалған кемпір-шал, бала-шаға тылда жанқиярлықпен күндіз-түні еңбек етті. Қысқасы, фашизмді тізе бүктіру біздің де арқамызға мүмкін болғаны дау туғызбау керек. Сондықтан да көрші елдің басшысының соғыста орыстың өзі-ақ жеңіп шыға алар еді деп мардамсуы кім-кімнің де намысына тиген. Біздің мемлекеттік билік Ресей тарихындағы Ресей атымен жасалған жеңістердің барлығында, соның ішінде ең қанқұйлы соғыста жеңуде, Сталиннің сөзімен айтқанда – «үнсіз қара Ресейдің» де үлесі бар және зор екенін ойламады дейсіз бе?! Демек, біздің тәуелсіз еліміздің Екінші дүниежүзілік соғыстағы рөлін, метрополия қабыл алған колорадолық қоңыз түсіндегі таспадан гөрі, ұлттық сипатымызды білдіретін оюлы көк таспа әлдеқайда айқын, әсерлі білдіріп, отаншылдық көңіл-күй серпілісіне бөлейтінін діттегені кәміл. Тек сондай ұлттық мәні зор таспаны баршаға жететіндей мөлшерде көп етіп дайындауды ұйымдастыруға жұмыстанбағаны өкінішті.

 

– Әйтсе де, Алматыдағы Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы «Бұл жерге саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш салынады» деген жазуы бар қара тастың міз бақпай тұрғанына ширек ғасыр уақыт болды. Қазақ батырлары атындағы көшелер қиылысындағы жағдай осындай болған соң, жалпы Қазақстандағы ауру ахуал оңалып кетер ме екен?

– Ширек ғасыр міз бақпай тұрған сол қара тасыңыз ендігі алынып тасталған да болар. Меніңше, қала үкіметі «шаһар азаматтарының демалып жүретін орнында көңілсіз белесті еске түсіретін ондай белгі тұрғанын» жөн көрмейді.

Кезінде президенттің тапсырмасымен бұрынғы НКВД ғимаратында ашылған саяси репрессиялар тарихы мұражайын да, сондай бір пиғылдың жетегімен болса керек, ғимаратты сатып жіберген де, сөйтіп жауып тастаған. Егер билік буындарын ұстаған азаматтардың халықты тарих арқылы тәрбиелеуде арнайы ескерткіштер мен музей сынды ғылыми-көрнекі мекеменің атқаратын рөлі жөніндегі түсінігі түзелмесе, шынында, сіз айтып тұрған ахуал оңала қоймас.

– Айтпақшы, Алматы қаласында әкім болып тұрған кезінде Иманғали Тасмағамбетов осы ескерткішті жасатып, оны осы даталы күннің құрметіне сол тастың орнына қоюға әрекет жасаған деген сөз бар. Бірақ оған Ақорда жақтан сес көрсетілген екен. Сол дайын ескерткіштің шаң басып, бір қоймада тұрғанын көрген адамдар да бар. Сіздің бұдан хабарыңыз бар ма?

– Жоқ, мен бұдан бейхабармын.

 

– Ел билігі қалай алдарқатса да, ЕЭО еркін экономикалық қарым-қатынастар құрылымы бола алмағанына ақыр соңы көз жетті: Ресей тарапы қазақстандық тауарлардың өз елінде еркін сауда-саттықта болуына түрлі әрекеттермен кедергі келтіруде. Есесіне әсіресе шекаралас облыстарды ресейлік тауарлар жаулап алды. Мәселен, ШҚО шаруа қожалықтары Ресейден келіп жатқан арзан еттің салдарынан мал өнімдерін өткізу мүмкін болмай қалды деп, жуықта біздің газетке көлдей хат жолдапты. Мұндай жағдай Ақтөбе, Атырау, Қостанай облыстарында да орын алуда. Бұл – экономикалық тұрғыда басталған саяси экспансияның бастамасы деп, жекелеген сарапшылар мен саясаттанушылар дабыл қағуда. Осы пікірге сіз қандай ой қосар едіңіз?

– Білікті мамандар пікіріне қосыламын. Ұлттық қозғалыстар өкілдері ішкі өндірістің дамуы ойдағыдай еместігін ескере отырып, еліміздің аталмыш экономикалық одаққа кіруге қарсы екенін баяғыда-ақ мәлімдеген.

 

– Осындай жағдайда Ақорда билігі елдегі ұлттық-патриоттық қозғалыстың пәрменіне сүйеніп, ел ішіндегі толқулы жағдайдың сылтауымен, Ресейге өз талабын көлденең тартып, саяси мойынсұнудан сақтану саясатын жүргізсе, қалай болар еді?

– Өте дұрыс болар еді. Ұлттық-патриоттық қозғалыс ешқандай да оппозиция емес, ол әрқашан билік назарын тәуелсіздігімізді баянды ету жолдарына аударуға тырысып келеді.

 

– Біздің Ресеймен «достығымыздың» ертеңін сіз көз алдыңызға қалай елестетер едіңіз?

– Егер біз демократиялық (ұлыдержавалық емес!) Ресеймен тең дәрежеде достық қарым-қатынас жасап тұруға қол жеткізе алсақ – ертеңіміз екі жаққа да тиімді бағытта дамиды…

 

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн