Бейсенғазы НҮКЕН: ШЫНДЫҚ – МЕН ЖАҚТА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №8 (372) от 2 марта 2017 г.

«Желтоқсан ақиқатының» ақиқаты қайсы?

 


 

2012 жылдан бастап «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ-не істелініп жатқан қарсы әрекеттер шаш етектен. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, небір желтоқсаншы батырлар ұйымға тіркеле салысымен ұйымға байланысты теріс ақпараттар беруден шаршамады. «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ 2008-2016 жж. аралығында ұлттық мүддеде 186 іс-шара өткізіп, өз қаражаттарынан 8 000 000 теңгедей жұмсады.

 

 

«DAT»-газетінің № 07 санында (23.02.2017 ж.) басылып шыққан «Желтоқсан ақиқаты» жаңарды» деген мақаланы оқып, мақаланың авторы Жеңісбек Сабрайымның «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ-нің істеп жатқан жұмыстарынан хабарсыз екендігін түсіндім. Ұйым төрағасы Нүкен Бейсенғазының 2008 жылдан бері ұйымның жұмысын тоқтатпай, бүгінгі күнге дейін 186 іс-шара өткізілгенінен бейхабар екен.

2008 жылдың мамыр айында «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігін құруға 850 000 теңгедей қаражат тауып, бәрін өтеген мен едім. Ақша болмаған жағдайда ұйым құрылмас еді. Ұйымды құруға бастамашы болған – Әділханов Халелхан, Отарбаев Ертас, Құспеков Бейсенбай. Олар 2006 жылдың желтоқсан айында маған жолығып, желтоқсаншыларға байланысты жаңадан ұйым құруды ұсынды. Ұсыныстарын қолдасам, құрылатын ұйымның төрағасы етіп мені сайлайтындықтарын жеткізді. Ұйым құруға Гүлмира Тойболдина атсалысып, бірнеше рет отырыстар өткізілді. Осы сөздерімді дәлелдейтін ағаларым бүгінгі күні ортамызда жүр. Олар Дос Көшім, Болат Дүйсембі.

Ол кезде мен «Ұлттық патриоттық «Ұлт тағдыры» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры едім. Бірінші Құрылтай жиналысым (27 мамыр 2008 ж.) «Алматы» қонақүйінде өтті. Зиялы қауымнан құрылтай жиналысына келгендер – Мұхтар Шаханов, Амалбек Тшан, Рысбек Сәрсенбайұлы, Дос Көшім, Советхан Ғаббас, Бейбіт Қойшыбаев, Болат Дүйсембі, Жұмаш Көкбөрі болды. Еліміздің сегіз облысынан өкілдер келді. Алыстан келген желтоқсаншылардың жол ақылары, тамағы, қонақүй орындарын мен төледім. Құрылтай жиналысынан кейін ұйымның құжаттарын дайындап, Астана қаласына барып, тіркеу комитетіне өткіздім.

Тіркеу жеті айға созылды. Өз басым Астанаға 5 рет барып қайттым. Жол шығынын өзім төлеуге тура келді. 2009 жылдың наурыз айының 27-күні «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ ҚР ӘМ ресми тіркеуден өтіп, ұйым заңды күшіне енді.

Республикалық деңгейде тіркеуден өткен соң, заң жүзінде еліміздің сегіз облысынан филиалдар ашу керек болды. Арада бір жыл өткізбей, жүгіріп жүріп филиалдардың құжаттарын дайындап, екі қалалық, алты облыстық филиалдарды тіркеуден өткіздім. Филиалға шыққан шығындарды өз қаражатымнан төледім. Алматы қаласының ішкі-саясат басқармасында «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ жетінші ұйым болып тіркелді. Басқа алты ұйымның есігін қаға алмай, өздерін желтоқсаншы қатарына тіркеле алмай жүргендердің саны 200 адамдай қатарымызға жиналды. «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ атына тіркеліп, ұйым атынан куәліктер алып, «желтоқсандық» деген атаққа ие болды. Ақтала алмай жүргендер ұйымның көмегімен ақталып жатты.

Ұйым 2012 жылы Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Сәбира Мұхамеджанова, 2013 жылы Ләззат Асанова, 2014 жылы Сұлухан Назаровалар жерленген жеріне және оқыған оқу орындарына ескерткіштер орнатты. 2013 жылы ұлтымыздың мақтан тұтатын тұлғалары – Абылай ханның 300 жылдығына, Райымбек батырдың 310 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына, Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына, Аңырақай шайқасының 180 жылдығына, Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына арналған шаралар өткізілді. 2009 жылдан бастап жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін күнін еске алуға орай «Алматы – Жаңалық марафонын» өткізіп жүрміз.

Осы бағытта істелініп жатқан жұмыстарымызға қаншама қарсылықтар болды. Ішімізден өзімізге қарсы шыққан адамдармен бірге басқа ұйым басшылары да болды. 2012-2014 жылдар аралығында Жексембаев Жақсылық, Жапашева Ләззат, Бейсенбаева Жұлдызай, Әділханов Халелхандар бастаған топ «ұйым төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы ұйымның ақшасын жеп қойды» деп, Астана қаласындағы «Адам құқығын қорғау» орталығына, Алматы қаласының Қаржы полициясына, Алматы қаласының Экономикалық және жемқорлықпен күресу басқармасына, Алматы қаласының Түрксіб аудандық, Алматы қалалық кассациялық соттарына арыздар жазып, мені сотқа берді. Жазған арыздары дәлелдемелер таппағандықтан, барлық сот шешімдері мен жаққа шешілді. Арыз жазушылардың мақсаты – мен отырған орынтаққа отыра салу. Өздері ұйым құра алмады, менің қаражатыммен құрылған ұйымға аш кенеше жабысты. «Дайын асқа – тік қасық» деген ойларын іске асырмақшы. «Аққа – құдай жақ» дегендей, барлық сотты жеңіп шықтым. Тынышталған болар деп жұмысымды жалғастыра бердім.

2016 жылдың қыркүйек айында ШҚО Аягөз қаласындағы «Ардагер» саябағында Тәуелсіздігіміздін 25 жылдығына тарту ретінде «Желтоқсан – 1986 жыл» ескерткішін қойдым. 2012-2016 жж. аралығындағы істелініп жатқан жұмыстарымыздың 100 пайызына Жексембаевтың тобы араласқан емес. Олармен 2012 жылдың шілде айынан бастап байланысымыз үзілді. Ұйымнан өз еріктерімен кетті.

2016 жылдын 19 мамырында ҚР ӘМ Тіркеу комитетінде «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ басшысына байланысты өзгеріс болғандығын білдім. Тағы да Жақсылық Жексембаев бастаған топ мен білмейтін жиналысты өткізіп, сыртымыздан жалған құжаттар жасап, тіркеу комитетінен тіркеуден өтіпті. Ұйым басшысы Құрымбаев Болат деген беймәлім адамды төрағалық орынға сайлаған.

Енді азаматтық тұрғыда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бүгінгі күні Ж.Жексембаевтардың тапсырған жалған құжаттары Тіркеу комитетінен алынып, сот отырыстары өткелі жатыр. Тіркеу комитетіне тапсырған құжаттары жүз пайыз жалған екендігіне көзіміз жетті.

Ұйым мақсатына 9 жылдай тапжылмай еңбек еттім, ыстық-суығына көндім. Енді кеше – наурыздың 1-і күні Алатау ауданында тағы да сот отырысы басталды. Сол сотта шындықты тағы да айтып, жеңіп шығу парызымыз деп білем.

 

 

Шындық басқадай екен

 

ЖЕЛТОҚСАН ҰЙЫМДАРЫН

САУДАҒА САЛМАҢЫЗДАР!

 

Қазекем: «Адамның сөзіне аспандағы бұлт та айналады» деген ғой. Мен сол бұлттай болдым. Abai.kz ақпараттық порталының 27 ақпандағы санында жарияланған «Желтоқсаншының ащы шындығы» деген мақаланы (Б.С.Нүкенов жазған) көріп, «ащы шындықты нар тәуекелмен айтқан екен» деп, риза болып, оқып, иланып, құптап, оған қарсыларға қаттырақ пікір жолдап едім.

Кейінгі пікірлерді оқып және өзіме телефон шалған адал азаматтардың айтқандарын түсініп, нағыз шындыққа көзім жетті.

Содан түйгенім: Бейсенғазы Нүкенов сужұқпастың көкесі екен! Желтоқсан мәселесін бүлдіріп, өтіріктен шалап жасап жүр екен. Соны білген соң, порталда жазған ойымның ағаттығына өкіндім. Сол үшін «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының төрағасы Болат інім Құрымбаевтан, оның әділ ісін қостап, қажымай көмектесіп жүрген Айша, Жұлдызай, Гүлмира қарындастарымнан, таза жанды басқа желтоқсаншы іні-қарындастарымнан да кешірім өтінемін!

Қазекем: «Білмеген у ішеді» деген де ғой: мен де ойда-жоқта сондайға ұшырап, Нүкеновтің сылдыр-судыр сөзіне сеніп қалыппын. Ойпыр-ай, шімірікпес «шешендердің» түр-түрі бар екен-ау!..

Құрметті желтоқсаншылар! Абай атамыздың: «Бас-басына би болған…» дегеніндей, қазақ тарихындағы Желтоқсан көтерілісі мәселесін бұрмаламай, бірнеше ұйым құрып, саудалай бермей, марқұм желтоқсандықтардың аруағын, тірілердің өздерін сыйлап, бірден-бір адал орталық болуды ұйғарған «Желтоқсан ақиқаты» ұйымын қолдаңыздар, оның төрағасы ҚҰРЫМБАЕВ БОЛАТПЕН қанаттас болыңыздар! Өйтпесеңіздер, Желтоқсан көтерілісін заң жүзінде әділ бағалауға селқос болып, былтырғы 30 жылдығында тіпті ләм-мим демеген билік сіздерді бірте-бірте шілдей тоздырып жібереді – ойланыңыздар!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

Abai.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн