«БИЛІКТІ БАҒАЛАЙ БІЛМЕЙТІН» жазушы ағамен мерейтой мезетіндегі сұхбат

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №14 (285) от 09 апреля 2015 г.

 

Мерейтой мүйісі

 

Елге етене танымал қарымды қаламгер, ақиқатшыл азамат, әділеттің ақ жолынан жаңылмаған аға, еліне еңбегі сіңер інілеріне жанашыр ақсақал, қазаққа да, қоғамға да қайырымды қайраткер… Тұлғасына тең осындай теңеулер тіркесін тізе берсең, газеттің жарты бетін алар жақсылығы жайсаң Ғаб-ағам – Ғаббас Қабышұлы 80-ге келді.

 

– Ғаббас аға, сонымен, «80» деген елдің сеңгірі менмұндалап қалған екен: алдымен мерейтой құтты болсын!

– Рахмет! «Селкілдетем!» деп жеткен шығар, көрермін. «Желкеңе шығамын!» деген 70 те пәлен жерде қалғалы 10 жыл болды.

– Өмір ғой, аға, «құтты болсынмен» бірге Кәрішал құрдасыңыздың алдынан жарылқасын деудің қатар келгенін айтсаңызшы!..

– Әділдік үшін жаратылған Азамат еді-ау Кәрекем! Сырлас болдық. Мен сәлемдесуді: «Ей, жас жігіт!» деп бастайтынмын. «Осы атың маған ұнайды» дейтін еді ол. Жаны жәннәтта болғай!

– Ғабе, осы сіздің 70 және 75 жылдық мерейтойыңыз Өскемен жақта аталып өтіп пе еді? Анау-мынау емес, Алтайдан шыққан аз жазушының бірі едіңіз – ел-жұртыңыз елеп-ескеріп пе еді дегенім ғой… Оны да сұрап отырғаным – бірде Оралхан (Бөкеев) марқұм Жүрсін досына (Ерманов) айтқан екен: біздің жақ орыстанып кеткен халық қой – итпісің-кісімісің деп елейтіндей дағды дағдарып қалған деген екен…

– Ақын жолдасым Сабырхан Асанов: «Көктем оңтүстіктен басталады» деп өлең жазғанда, мен: «Әй, божбан! Менің Шығысымнан күн шықпаса, сенің Оңтүстігіңе көктем көктен түсе ме?» – деп едім. Ал солай перзенттік сезіммен мақтанған Шығыс өзінің топырағында туып-өскен ақын-жазушы, ғалым атаулының бәріне дерлік шырай танытқан емес. Әкім-қарасының кеңсесі қайда екенін біліп алған бірен-саран інілеріміз болмаса, басқалар – «Алматы асып кеткен саяқтармыз». Оралхан шындықты айтты.

Менің жасым 70-ке тақалғанда, бір күні Өскеменнен телефон соғылды. Бала күннен досым – журналшы Тоқан Берғалиев екен. Есен-саушылық сұрасып бола бере: «Ғабке, мен кеше обләкімдікке барып, әуелі әкімнің мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасарымен, одан кейін әкімнің өзімен сенің юбилейің туралы сөйлестім, 60 жасында атаған жоқпыз, енді 70 жасында елеп-ескерейік дедім. Әй, ұятсыздар-ай, екеуі де: «Ол – оппозиционер! Жо-жоқ, шақыра алмаймыз!» деп азар да безер болды. Енді кімге айту керек, Астанаға хат жазайық па?» – деді.

Мен күлдім де: «Әй, Тоқа, креслосын әкесіндей, портфелін шешесіндей көретін ол байғұстарға бекер барғансың. Мен саған: «Бар, сөйлес» дедім бе? Деген жоқпын. Ендеше кемпөшкеңнің жанында тыныш қана отыр. Астананы да есіңнен шығар, ондағылар да – сенің әкім-сәкімің сияқтылар», –  дедім. 75 жасымда да Шығысымыз сол «саясатынан» ауытқыған жоқ. 80 жасымда да солай «ұстамды» болатындары сөзсіз.

– Басқасын қайдам, ал өзіңіздің төл қара шаңырағыңыз – Қазақстан Жазушылар одағы сіздің 80 жасыңызды атап өтерлік қам жасап жатқан шығар? «Шығар» деп, күлбілте күдіктің кебін келтіріп отырғаным – соңғы 20 жылда биліктің шымбайына тиетін біраз сөз айттыңыз: Ақордаға жалтақтаған одақтағы бауырларыңыз осыңызға одырайып жүрмей ме дегенім ғой…

– Иә, қаламгерлердің қара шаңырағына 1966 жылдың көктемінде жас жазушы болып еніп, одан 1996 жылдың жазында зейнеткер болып шығып, содан бері отбасымда немере-шөберелерімнің атасы қызметін атқарудамын. Өткен айдың орта шенінде Одағымыздағы басшы інілерімнің бірі (аты-жөнін айтпай-ақ қояйын) телефон шалып: «Ғаб-аға, сіздің 80 жылдығыңызды алдымыздағы 1 апрельде Күлкі күнімен орайластырып өткізсек деп отырмыз», – деді. Мені жас әзіл-сықақшылардың ортасына аппақ шашым ұйқы-тұйқы күйімде отырғызып қоймақшы-ау деп іштей мырс етіп, жасым 70-ке, 75-ке толғанда, ләм-мим демегендері есіме түсіп: «Мен сатирик қана екенмін ғой… рахмет, «атап өтеміз» деп әуре болмай-ақ қойыңдар!» – дедім. Ренжіген жоқпын. Менде «мерейтойға» әуестік болған емес. 7 сәуірде Одақ ұжымы шақырып, төрағаның бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай інім иығыма шапан жапты, баршасы құттықтады – соған ризамын.

– Аға, осы 80-нің биігінен қарасаңыз, кейінгі жақта қарауытып, жадыда жатталып қалған не көрінеді? Өткен өмірде өркеш-өркештеніп өкініш көп қалды ма, жанды жадыратар жақсы жол-жылғалар сайрап жатыр ма?

– Денсаулықтың арқасында жылда бірер облысқа жол тартып, үлкен-кіші туыстарыма, күзгі жапырақ бола бастаған дос-жолдастарыма барып қайтамын. Көбі ауылдарда тұрады. «Табақтағы тарыға» қарық бұқаралық ақпараттар күндіз-түні алақайлап, құлаштап жазып жатқан «Экономикалық дамуы әлемді қызықтырып отырған, демократиясы әлемдік деңгейде гүлденіп тұрған Қазақстанның» белгісі, мысалы, кешегі кең тынысты 100 ауылдың 90-ында жоқ.

Артта қалып жатқан жолдарға қараған сайын, әлгі анау суайт Никита Хрущевтің: «Совет адамдарының бүгінгі ұрпағы 1980 жылы коммунизмде өмір сүретін болады», – деген сандырағы есіме түседі. Біз сол «коммунизмге» аялдамастан ағып өте шығып, шын мәнінде не екенін өзіміз де білмейтін бір «измде» отырмыз. Айналамыз – желкөбік сөз. Соның тап бүгінгісі – «Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше қамқорлық». Иә, оларға сый-сыяпат көрсетілер, қаржылай жәрдем жасалар. Пәтер беріліп жатқан көрінеді. Жақсы делік. Бірақ бүгінде аман-есендерінің жасы ең кішісі 90-ға толған ол ардагерлердің ондаған жылдар бойы пәтер тауқыметін тартқандарын үкімет, облыс, қала, аудан басшылары биыл ғана білгені қалай? Белі бүгілген қарт жауынгерге пәтер кілтін беріп, суретке түсіріп, ай-хойлап газетке жазып, «айды аспанға шығарғандарына» айыздары қанатын болса керек.

– Аға, кезінде сіз басқарған «Ара» журналы жөнінде сұрамасақ, айып болар: сол кездегі партияның Орталық комитеті әр санын сын садағы ретінде қабылдайтын журналды бүгінгі қазақ билігі көзіне ілмейтіні несі?

– Заман өзгеріп, заң бұзылды ғой. Бүгінгі ерікті екі ауыздың бірі еліріп жамандайтын Кеңес өкіметі кезінде шыншыл, батыл, баспасөз беделді болды. Олардың әділ сынынан жалтарғысы келгендерге: партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдары, Халықтық бақылау комитеті, Партиялық бақылау комитеті, Партиялық комиссия тосқауыл қоятын. Біз, газет-журнал редакторлары, дау-дамайда солардың төрелігіне жүгініп, әрқашан жеңіп шығатынбыз. Сол әділетшіл ұжымдардың бәрі Кеңес өкіметімен бірге мұрағатқа кетті де, баспасөздің тағдыры әкімдердің қолында қалды. Сын семсерінің орнына шүберек қамшы ілінді. Өзің айта қойшы, газет бетінен «фельетон» деген жанрды көрмегеніңе неше жыл болды?..

– Шынын айтсам, есімде жоқ. Шамасы, ол «эпосқа» айналған жанрлардың бірі болғаны рас, енді…

– «Ара» десек, ол «Нұр Отан» партиясының қалауымен «Айқын» газетінің айына екі шығатын қосымшасы болды. Пәтерде тұрған студент сияқты пәтер иесінің қабағын бағуда. Журнал болуын сұрағанымыздан дәнеңе шықпады.

– Ал Еуразиялық одаққа қосылып, кеңестік кездің жұртта қалған жыртық шапанын желбегей жамылған бүгінгі қазақты жарамсақ жағдайға душар еткен саясатқа айтар сөзіңіз қандай болмақ?

– Тоқ етерін айтсам: Ресейді билеп-төстеп тұрған, әу деп президент болысымен: «Жер бетінің кез келген нүктесіндегі орыс жәбір көре қалса, біз оған қорған боламыз!» – деп ершігештенген, сол пиғылымен Украинаға қарсы ресми соғыс ашып, дүниені дүрліктіріп отырған Путиннің ауласынан шыға алмасақ, алда талай орға тап боламыз. Путин мен премьер-министр Медведев «табандылықтарынан» тартынбаса, Ресей биылғы жылды мүлде қаусап аяқтауы әбден мүмкін.

– Ежелгі ақсақалдар бас көтеруге лайық ел баласына жанашыр болушы еді. Сіз де заман зықысын шығарған сол даналардың сынығы сияқты боп, Әкежан мен Ғалымжан інілеріңізге шыр-пыр сауға сұраған санаулы зиылының бірі едіңіз: енді олардың және Талапкер Иманбаев, Мұхтар Әбілязов, Болат Атабаев, Төлен Тоқтасынов сияқты азаматтардың елге қайтар күнінен күдеріңіз үзілген жоқ па?

– Жоқ! Алайда, өкінішке қарай, Әкежан мен Ғалымжанның қоғам мүддесіне адал, әділ, жан-жақты білімді, алғыр тұрпаттарынан сескенген, сондықтан жазықсыз жала жауып, елден кетуге мәжбүр еткен бүгінгі билік арқырап тұрғанда, ол екі Азаматтың елге оралуын өз басым қаламаймын. Себебі – Заманбек пен Алтынбектің тағдырлары көз алдымда. Ал Талапкер Иманбаевты ойласам, арақ ішкен сойқан құтылып, оның бөтелкесін тапсырған бейбақ тұтылған сияқтанады.

– Бұны сұрап отырғаным – президенттік сайлау өтіп жатыр: 26 сәуірден кейін күніміз оңала ма, жұлымыр заманның бойына жылымық сіңіп, елдің көші түзеле ме деген үміттен құр алақан емес шығарсыз, аға?

– Қазекем: «Үмітсіз – шайтан» демеді ме. Тірлік керуеніміздің түзу жүруінен мен де үміттімін. Тек үмітіміз, Қожанасыр әпенді айтқандай, «тамақтың иісі мен ақшаның сыңғыры» болып қала бермесе.

– Президент Нұрсұлтан ініңіз сізден тура бес жас кіші екен: бұйыртса, сіздің сексеніңізге келгенде, оның да кезекті президенттік құзіреті түгесіледі. «Базардан қайтқан» жасы бар бауырыңызға нендей елдік тілек айтар едіңіз?

– Нұрсұлтан інімнің бұл сайлауда да 100 пайызға жуық дауыс алатыны шәксіз. Ал соңғы секірісін жасағаннан кейін, оңашаланып, ойланып-толғанса, өткен жолдарына көз салса, ол жолда өзінің біліп-білмей жасаған қателіктерінің салдарынан болған кедір-бұдыр, айқыш-ұйқыш барын көрсе, жалған намысты ысырып қойып, шындықты қару етіп, өткеннің өкінішін түзеуге батыл кіріссе, «бәрекелді!» дер едім. Кезекті мерзімі қандай ағаттықтан болсын арылуға жетеді. Егер Нұрсұлтан өзін сайлаған халықтың соңғы сенімін ақтағысы келсе, арам табыстың тамырына балта шаба алар, «бардак» үкіметпен ымы-жымы бір озбыр-обыр монополистердің оңай олжасына, арзан қалжасына айналып, уақ-уақ еселенетін қымбатшылық қақпанына тап болған көпшілікті тұрмыс азабынан құтқара алар мүмкіндігі мол, тек ықыласы болсын.

– Жә делік, ағасы. Соңғы сұрақ: Сіз – әзіл-сықақшы ғана емес, сан қырлы жазушысыз. Осы тұғырыңыздан қарағанда қазіргі қазақ әдебиетінің бет-беделі қандай?

– «Бет-бедел…». Күтпеген сұраққа күлкіге сайдыра жауап берейін. Тәуелсіз Қазақстанда, Сәбит Мұқанов ағамыз айтқандай, екі «тап» бар. Бірі – жеріміздің асты-үсті байлығын ухиттап-сухиттап миллиардер болып алған: Миттал, Ким, Өтемұратов, ерлі-зайыпты Құлыбаевтар… тобы. «Семей полигонынан зардап шеккендерге керек жәрдемнің бәрін жасаймыз!» деп, 10 миллиард доллардан астам қаржы жинап алып, одан семейліктерге 1 доллар да берместен өзара бөліске салған: Шодиев, Машкевич, Ибрагимов… тобы. Соңғылар – Олжас Сүлейменов құрған «Невада-Семей» қозғалысы акционерлік қоғамының арнаулы қорының «қайраткерлері» – мұны айтқан сайын әйгілі Жазушы-Азамат Әнуар Әлімжановтың 1989 жылғы шілде айында Семей қаласында болған халықаралық конференциядағы мына бір сөзі ойыма оралады (түпнұсқасын оқып берейін): «И, если мы хотим, чтобы борьба против ядерных взрывов не затухла, организация фонда и открытие расчетного счета – это правильный шаг, но необходимо заранее выработать план расхода средств на этом счету. Деньги на правое дело должны правильно расходоваться. Верхом цинизма было бы простое наглое выбивание денег из народа, и без того хлебнувшего горя. Нельзя допустить нецелевое расходование! Средства должны быть в чистых руках!..».

Пайғамбарлық, көрегендік сөз ғой?!. Солай болды да шықты! Ар-ұяты арзан алаяқтар тәуелсіз Қазақстанда ең бірінші ұйымдасқан жемқорлықты жасады, бірақ ешқайсысының мұрты да қисайған жоқ, керісінше, бүкіл Қазақстанды жарылқағандай-ақ шалқып, сый-сыяпатқа кенеліп жүр.

Екінші «тап» – адал еңбегіне сеніп, алданып қалған жүздеген мың жұмыссыздар; азаннан ақшамға дейін төккен тері далаға кетіп, дастарқаны асқа толмай жүргендер; аңғал-саңғал ауылдардың қылаяғы ауызсуға жарымай отырған шарасыз тұрғындары.

Ал әдебиетіміздің бет-беделі десек… бүгінде ойланып сөйлеуді қойған екінің бірі екіленіп жамандайтын Кеңес дәуірінде жазушылар қауымына лайықты құрмет болды. Аудан, облыс орталықтарына бара қалған қаламгерлерді ауданның, облыстың бас басшыларының бірі қабылдап, хал-ахуал сұрасып, әдебиет, халық шаруашылығы жайында ықыласты әңгіме, еркін пікірлесу болатын. Жергілікті басшылар әдебиетті, оның өкілдерін қадірлейтін.

Сол рухани дәстүрдің жоғалып бара жатқанына жақында, 21 наурыз күні, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы орталығында еріксіз куә болдым. Тұманбай Молдағалиевтың туғанына 80 жыл толуы атап өтілді. Алматыдан он шақты ақын-жазушы шақырылып бардық. Тұманбаймен көп жыл дос-жолдас, қызметтес болған үлкен-кіші: Оразақын Асқар, Ахметжан Ашири, Кәдірбек Сегізбаев, Рафаэль Ниязбеков (Чешенстанның Батыры) және басқалар. Арамызда Қадыр Мырза Әлидің жұбайы Салтанат болды. Ауданның басшылары бізге ең болмаса: «Қош келдіңіздер!» деген сиықтарын да көрсетпеді. Төрт көзі түгел барған әкім-қаралармен қолтықтасып, бізден бөлек жүрген Одақ басшылары әдебиетті сыйлауды білмеген шенеуніктерге рухани дәстүріміз туралы бір ауыз сөз айтпаған болды. Той жаршысы да, сөйлегендер де: Қадыр мен Тұманбай – қазақ поэзиясының қос қанаты, деп жілпінсе де, ешқайсысы Салтанатты елеп-ескермеді, тым құрыса бір шоқ гүл ұсынбады… 1994 жылы «өз күніңді өзің көр» деп шетқақпайланған әдебиетіміздің ажары қашан оңаларын білмеймін. Менің білетінім – жоғарыға жолтапқыштардың кітаптары жыл сайын том-том болып та шығатыны, «билікті бағалай білмейтін» менің кітаптарым шықпайтыны.

– Енді «80-ге келген осы шалды алдап-сулайықшы» деп, бір кітабыңызды шығарып берер – ол үмітті де үзбейік, аға! Тоқсанға келгеніңізде тағы бір осылай «тоқайласуға» жазсын, аман болыңыз!

 

Ермұрат БАПИ

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн