«Общественная позиция»
(проект «DAT» №9 (373) от 8 марта 2017 г.
Конституция мен косметика
Жасыратын несі бар, Конституцияға енгізіліп жатқан бұл реформаларға қатысты жұрт ойы о бастан екіталай еді. Біріншіден, біздің билік бір бастаманы қолға алса, о бастан аузы күйген жұрт оның ар жағынан әйтеуір бір қитұрқы іздеп отыратын болды: оған заңдарды тек өз пайдасына ғана өзгертуге әуес биліктің өзі кінәлі.
Екіншіден, бізде «реформа» сөзінің қадірі қашқаны қашан! Қай министр орнына келе сала жариялаған реформасын жүзеге асырып, ел алдында ашық есеп беріп еді?!
Десек те, парламент талқылап, бірауыздан мақұлдап, ендігі жерде енгізгелі жатқан өзгерістердің қазіргі кезең мен болашақ үшін маңызды үш тұсы бар. Біріншіден және де оны қоғам да, билік те, кландар да ашық мойындауы тиіс, мұның бәрі алда елді күтіп отырған жаңаша дәуір – постназарбаев кезеңіне арналып жасалып жатқан алғы шарттар. Ең алғашында осы өзгерістер туралы айтқан президенттің сөздері мен саяси ұсыныстары қарқынды әрі көңілге қонымды еді.
Бірақ, өкінішке орай, депутаттар біраз бастамалардың артын сиырқұйымшақтатып жіберген секілді. Құдды бір жауапкершіліктен өздері қашатын сияқты! Әлде Ақорданың өзі осындай өзгерістер жасауға жүрексініп қалды ма, білмедім. Оның есесіне о баста елбасы айтпаған біраз «жеке басқа табынушылық» элементтері осы жобаға еніп кетіпті.
Әрине, атышулы әрі елдің ерекше наразылығын туғызған 26-бапқа енгізілмек болған «әркім» сөзі мәтінге кірмегені дұрыс болды. Бірақ осы баптың түпкі себебіне қатысты күмән бұлты сейіле қойған жоқ, өйткені ол мәселе тек қана «кейінге қалдырылды». Сондықтан қоғам бұл бапты ұмытпауы керек!
Екіншіден, талқылау басталғанда, мен «бұл бастама ертеңгі билік формасы мен мазмұны туралы кланаралық келісімнің негізгі базасы болады» деген едім. Яғни, бас билікке етене жақын бірнеше ықпалды топ өзара билік тармақтарын бөліп алғысы келеді. Оның үстіне бір-біріне ата жауындай қараса да, елбасы алдында сыр бермей отыратын олар Қазақстанға «екінші елбасының» келуіне мүлдем қарсы болмақ! Сондықтан соған артылуы тиіс барлық өкілеттіктерді үшке бөлмекші еді.
Сол мәселе біршама шешілгендей көрінгенімен (мәселен, парламент пен үкіметтің бірқатар өкілеттігі өсіпті), негізгі діттеген мақсатқа қол жете қоймаған секілді. Өйткені баптарға енгізіліп жатқан толықтыруларды «толыққанды конституциялық реформа» деп атауға болмайды, бұлар – тактикалық мүдделерді ғана шеше алатын өзгерістер. Ал жан-жақты конституциялық реформа туралы біз осы жылдары нақты түрде (арнайы Конституция жобасын әзірлеп!) айтып келеміз. Олардың ішінде президенттік билікті шектеу, парламент пен үкіметке бірен-саран емес, шын мәніндегі өкілеттіктерді беру, Конституциялық сотты қалпына келтіру, тәуелсіз сот жүйесін енгізу, сөз бостандығына кепілдіктер беру секілді ұсыныстарымыз бар. Бірақ қазіргі билік ол талаптар туралы әңгіме қозғаудың өзінен қорқады!
Басқаша айтсам, болашақ билік конфигурациясы туралы Ақорданың іші мен маңайында өрістеп жатқан кланаралық тартыста барлық топ бір адамдай мойындап, келісімге келетіндей консенсуске әзірше қол жеткізілмеген тәрізді. Сондықтан да біз таяу болашақта Конституция мен заңдарымызға енгізілуі мүмкін жаңа, тіпті тосын ұсыныстардың куәсі боламыз. Мәселен, «президенттікке үміткерлерге қойылар талаптар басқа заңдармен реттелуі мүмкін» деген бапта үлкен сыр жатқан сияқты…
Ең бастысы – осы өзгерістерді талқылау және жинақтау барысында мемлекеттік жүйені түбегейлі демократияландыру мәселесі тіпті ескерілмеді! Яғни, «бір қадам алға, екі қадам артқа» деген принцип үстемдік орнап жатыр. Мұның өзі алда тұрған бас билік ауысар шақта мемлекетке өз зиянын тигізуі әбден мүмкін!
Конституция секілді түпнегізді әрі түбегейлі құжатты күнде өзгерте беруге болмайды ғой. Сондықтан осы саяси кезеңді бар жағынан тиімді пайдаланып қалуымыз керек еді. Әзірше, кешегі депутаттардың сөзіне қарасақ, біз ондай тарихи мүмкіндіктен айырылып қалған сияқтымыз.
Талқылау барысында бір байқағаным: Ата Заңға қатысты бір тың әрі орынды ой айтқысы келген біраз саясатшы мен сарапшыны «осы сөзім елбасының жеке басына тиіп кетпейді ме екен?» деген бір үрей мен қорқыныш билеп, үнемі жоғары жаққа қарап тұрғандай көрінді маған. Елбасының өзі «менен өкілеттіктерді алыңдар, сондай саяси реформаға өзім мұрындық боп отырмын ғой!» десе де, депутаттар осы идеяны жүзеге асыруда аса бір саяси сақтық әрі тарихи қорқақтық танытты деп санаймын.
Үшінші мәселе қоғамға қатысты. Әрине, осы жылдар ішінде ел ішінде биліктің кез келген қадамдарына деген сенімсіздік қалыптасқаны рас. Сондықтан да азаматтар оларды талқылауға құлықсыз. Оның үстіне шын мәнінде оппозициялық партиялар мен тәуелсіз БАҚ алаңын бульдозермен тегістеп тастап, билік осындай аса маңызды құжаттарды жан-жақты талқылап, қоғамның санасында саяси әрі моральды түрде легитимді етіп алу механизмін өз қолымен жойып тастады. Біз соның куәсі болдық. Сол жұмысшы тобына мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, елге сөзі өтетін танымал тұлғалар енгенде, қазір елбасы қол қойғалы отырған жобаға деген халықтың көзқарасы басқаша болар еді емес пе?!
«Сенің жақтаушың кім – соны айт! Мен сенің кім екеніңді айтамын!» демекші, осы күндері біз қазіргі билік тармақтарындағы үлкенді-кішілі өкілдердің қандай маман, шешен екенін де көріп қалдық! Екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын, талқыланып жатқан тақырыпқа қатысты тың әрі дәйекті пікір айта алмайтын, алдындағы бір бет қағаздан бас алмайтын, бір нәрсе боп қалса, «елбасының бастамасы, сондықтан оны қолдауымыз керек» деуден аса алмайтын олардың өзі-ақ осы өзгерістерге деген ел ішіндегі күмәнді он есе арттырып жіберді! Ащы болса да айтайын, осындай маңызды кездерде қоғам да, әрбір азамат та өзінің де жеке бас жауапкершілігін сезінуі тиіс. Әйтпесе билік қоғам енжарлығын өз мақсатында пайдаланып жатқаны рас емес пе?
Сондықтан де ертеңгі күні тағы да бір «саяси сұмдық» бастамалар көтеріліп, Конституция мен заңдарымызға өзгерістер енгізіліп, билік форматы аяқ астынан құбылып, оның өзі мемлекеттік мүдделер мен құндылықтарға өз зиянын тигізіп жатса, қолды кеш сермеп қалмаймыз ба? Осындай саяси берекесіздікке жол бермеу үшін, азаматтардың да саяси белсенділігі артуы тиіс! Әрбір Қазақстан азаматы Ата Заңмен мұқият танысып шығып, оған енгізілетін өзгерістердің ертеңгі күні нендей жаңалықтарға (не, жаман айтпай жақсы жоқ, қандай кесірліктерге) бастайтынын жан-тәнімен ұғынып алуы тиіс! Патриотизм Коституцияны оқудан, оның жақсы тұстары мен кемшіліктерін білуден басталады! Ертеңгі тарих кітаптарында жазылар «2017 жылғы Конституциялық өзгерістер» деген тарауға қатысты алғашқы пікірім осы…
• PS. Осы жиында елбасына қатысты «мықты-мықты мақтау» айтқан депутаттар тағы да көзге түсті. Ішінде «мен елбасын сүйемін» деушілер де табылып жатты. Әрбір осындай дифирамбшыл депутаттың артында не бір топ, не бір шенеунік тұрғаны түсінікті. Осы сөздер болса, ел ішінде біраз мысқыл мен әжуа туғызып жатқаны да рас. Сонда сол куратор-шенеуніктер осындай жөнсіз әрі дарақы мақтау елбасының өзіне нұқсан келтіретінін біліп отырып жасай ма екен, білмей жасай ма екен?..
Әміржан ҚОСАНОВ,
арнайы
«D» жобасы үшін