Театрдағы тағайындаулар
Күні кеше – президенттік сайлауға бір күн қалғанда, Алматыдағы мемлекеттік театрларда ауыс-түйіс өтіп, жаңа тағайындаулар болды. Қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған М. Әуезов атындағы Академиялық драма театрына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ерлан Біләл директорлық қызметке тағайындалды. Ал Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының басшылық қызметіне танымал продюсер әрі актер Сәбит Әбдіхалықов бекітілді.
Мәдениет және спорт министрлігі әзірге аяқ асты болған бұл тағайындаулардың еш себеп-салдарын ашып айтпады. Ал министрліктегі дереккөздің айтуына қарағанда, Алматыдағы аталмыш екі театр бұдан былай өзін-өзі қаржыландыруға көшетін сыңайлы. Біреу таққа қонған күні екеудің театр басшылығына тағайындалуы өнерді нарыққа көшірудің бастамасы ғана болмақ. Сол себепті екі театрға нарық жағдайында басшылық жасай алатын іскер азаматтар тағайындалған.
Бетті дайындаған – Жансая ЕРТАЙ