Суббота , 5 июля 2025

БІРЕУДЕН ЕКЕУ КӨП (Сықақ)

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №44 (315) от 17 декаб­ря 2015 г.

 

Уақыт уыты

 

Бұлай екенін балабақ­ша­дағы бар­мақтай­лар да біледі. Олар­дың қай­сысы­на бол­сын, екі алақа­ны­ң­ның бірін­дегі бір кәм­пит­ті, екін­шісін­де­гі екі кәм­пит­ті көр­сетіп: «Қай­сысы көп?» деші, ол жып-жылы жы­мыңдап, екін­ші алақа­ны­ң­ды не көзі­мен, не иегі­мен нұсқап: «Анау көп» деп күліп жіберсін.

Алай­да осы оп-оңай «жұм­бақтың» шеші­мін табу кей­де қиын да бола­ды. Мыса­лы, иә, мысал­сыз сөй­ле­сең – мысың құри­ды, сон­ды­қтан мысал етіп Мау­сым­бек­тің сон­дай қиын­дық­қа неге тап болға­нын айтып берейін.

Ол – рес­пуб­ли­ка парламен­тіне біздің аудан­нан сай­ланған депу­тат. Біз сай­ла­дық па, бас­қалар сай­ла­ды ма, әлде өзі сай­ланып алды ма – ол жағын мен жақ­сы біл­мей­мін, ал менің жақ­сы білетінім – өзім­нің дауыс беру­ге бар­маға­ным. Соңғы жиыр­ма жыл­дың алға­шқы он жылын­да анау сай­лау мен мынау сай­лау деген­дер­дің бір­де-бірін­де дауыс беру­ге қаты­спап едік, әйелім­ді қоса айтып отыр­мын, оны­мыз әлгі… «әдет­тің озы­ғы бар, тозы­ғы бар» деп жазы­лып жүр­ген­дей, озық әдет болып шықты: сай­лау учас­тө­гі­нің қай­да, не сай­лау екенін, қа­шан өтетінін бір-бірі­міз­ден тіп­ті сұра­май­тын да бол­дық – ауыз ерік­ті, құлақ бос, жүй­ке тыныш, рахат-ақ!

Шір­кін-ай, қаза­қтан сөз қал­ған ба: «сыны­қтан басқа­ның бәрі жұға­ды» деді-ау! Біздің әдеті­міз оң-солы­мы­здағы, ал­­ды-арты­мы­здағы көршілеріміз­дің көбіне жұғып, олар да сай­ла­уда дауыс беріп әлектен­бей­тін болды.

Қазе­кем­нің тағы бір сөзі бар ғой, «әркім көр­генін істей­ді, біл­генін айта­ды» деген. Тамы­з­бай деген ежел­ден етік­ші көр­ші шалы­мыз биы­лғы сай­ла­удан бұ­рын ба, кей­ін бе – бір күні есі­гінің алдын­да: «Әй, бүкіл аудан дауыс бер­ме­се де, сай­ла­нуға ти­істілер сай­ла­на­ды! Так што бері кел, насы­бай атай­ық!» – деп қарқ-қарқ күлі-і-іп отыр.

Жә, ол езуін еркіне жіберіп оты­ра бер­сін, мен Маусым­бе­гімді маңай­лай­ын. Мау­се­кең осы­дан екі апта бұрын жора-жол­даста­ры­мен, иә, өзін­дей де­путаттармен бір­ге әлгі ке­зек­ті кәни­күл деген­деріне шы­ғып, аудан орта­лы­ғын­да, ауда­нымыздың әкі­мі – бал­ды­зы Той­ханның үйін­де тап­жыл­май он күн жатып, той­ға бер­гісіз думан жаса­ды. Қайт­сін, шар­шап кел­ді ғой. Депу­тат­тар­дың жұ­мысы біздің әке­лері­міздің екі өгіз жек­кен ағаш соқа­мен жер жыр­тқан­да­рын­дай секіл­ді. Газет оқи­тын­дар айта­ды. Халық­тың еңбек­те­ген сәбиі­нен ең­кең­деген кәрісіне дей­ін бәрінің кеше­гі, бүгін­гі, ертең­гі хал-жағ­­дай­ын қалай жақ­сар­ту керек­тігін ойлап, иә, егер шын бол­са, күніне он шақты қау­лы қа­былдайтын көрі­неді, иә, қау­лы қабыл­да­у­ла­ры қапы­сыз деседі жұрт. Әрбір қаулы­ны әуелі ор­ыс тілін­де жазып, сон­соң мем­лекеттік тілі­міз – қазақ тіліне ауда­рып, әрине, қате­лесіп кет­пес үшін, содан кей­ін ғана ор­таға қой­ып, әйда, қызу тал­қылайды екен. Ол дегенің, шы­рағым, қай­дан жеңіл бол­сын – ағаш соқа өртеніп-ақ кетер!

Қай қаулы­ны бол­сын, оны да бәрін білетін­дер­ден естіп жүр­міз, қызу талқы­ла­мау мүм­кін емес екен. Өр-ылди­дан жи­налған, біріне бірі ұқса­май­тын ері бар, әйелі бар, оқу өтіп кет­кендері мен оқу жет­пей қал­ған­дары бар, ака­де­ми­к­тері мен әл­­жуаздары бар деген­дей, көп­­тен кім шық­пай­ды, оның үс­тіне өздерінің ұзын саны екі жүз бен үш жүздің ара­сы бол­са, кез­ кел­ген мәсе­лені сөз қылған­да­рында бір­ден тіл табысу қайда?!.

Бірақ осы жолғы жаңа төр­ағалары мәміле­судің жолын тез тауып­ты. Ол Алма­ты­да бес жыл, Мәс­ке­уде төрт жыл, Вашинг­тон­да үш жыл, Еги­пет­те төрт жыл, Қытай­да жеті жыл оқып, өйт­кені қытай­дың жазуы тым қиын деседі, көріп жүр­міз ғой, сына­дан сарай салған­дай, обшым, ол оқуға әдет­теніп ал­ған ғой. Сол төраға­ла­ры таққа оты­рған­нан төрт күн­нен кей­ін: «Құр­мет­ті мыр­за­лар мен ханым­дар, той­ыст, депу­тат­тар! Бар­лы­ғы­мыз мек­теп­те оқы­дық, класс жетек­ші­мізді сый­лай бі­ліп, оған бағы­нып, тәр­тіп­ті болып өстік. Ызна­шит, мен – сен­дердің класс жетек­шілерің­мін, сен­дер – менің класс оқушыла­р­ымсыңдар. Олай бол­са, сен­дер мені сый­лай білің­дер, тәр­тіп сақтаң­дар! Мен сөз бер­ген­де – сөй­лең­дер, мен сөз бер­ме­ген­де – сөй­ле­мең­дер! Мен про­бле­ма­ны қостап қол көтер­генде – сен­дер де көтерің­дер, ал мен көтер­ме­ген­де – сен­дер де көтер­мең­дер. Дұрыс па?» – деп, көзәй­не­гінің үсті­нен қара­ған кез­де зал­дағы­лар бірау­ыздан: «Дұрыс! Дұрыс!» деп­ті. Мек­теп көр­ген­дік, оқу­шы бол­ғандық қой! Оның үстіне жұ­мыс­тары жеңіл­деді – ойла­нып омал­май­тын бол­ды. Күніне он шақты емес, отыз шақты қау­лы қабыл­дай салуға да болады!

Әрине, Мау­сым­бек мұн­да он күн бойы бүк түсіп алып жат­па­ды. Бір мезет көше­ге шығып, таза ауа­мен дем алып та жүр­ді. Көше­ге шыққан сай­ын, иә, сай­ла­уда өзіне дауыс бер­ген­дер­дің кей­біре­улері­мен ойда жоқта кез­десіп қала­тын бол­ды. Олар­дың бірі аудан орта­лы­ғын­дағы ауру­ха­на­ның жабы­лып қалға­нын айт­са, бірі жалғыз мон­ша­ны жөн­деу басталға­лы екі жыл болға­нын, биыл да бітер түрі жоғын айт­ты. Енді бірі аудан орта­лы­ғы­нан жеті шақы­рым жер­де­гі ауы­лы ауыз­су­сыз отыр­ғалы бес ай болға­нын, ал келесісі аудан­ның бұры­нғы әкі­м­інің ата­сы атын­дағы жеті­жыл­дық мек­теп­тің шаты­рын жел жұлып әкет­келі жар­ты жыл бол­ғанын, одан кей­ін­гі бірі Аста­на­да, Алма­ты­да шыға­тын пәлен­бай бет газет­тер­ге бастықтар­дың биыл да еріксіз жаз­ды­рып, онсыз да уақты­лы ала алмай­тын зей­не­тақы­ла­рын жырым­дағандарына күй­і­неді. Көп­шілі­гі ауыл­дар­ды жұмыс­сыздық жай­лап, қым­бат­шы­лық қыспаққа алға­нын түй­і­ле айтып, бәрі де: «Ай, Мау­сым­бек! Пар­ла­мент­ке депу­тат болып тір­кел­генің­де­гі кеш­те сал­та­нат­ты жина­лы­ста саған осы­ның бәрін оңда­уды ама­нат етіп айтып едік қой, есің­де ме?» деген­дерін­де, Мау­секең: «Есім­де, көке, есім­де!», «Есім­де, ата, есім­де!», «Ұқтым, апа­тай, ұқтым! – деп, бәріне: Мен бұл мәсе­лені ал­дағы мәжі­лісіміздің күнтәрті­біне қой­ып кет­кен­мін, көп ке­шікпей тал­қы­лаймыз, бәрін рет­тей­міз!» – деп, құшақ-құшақ уәде үле­стіріп құтылды…

Кәни­күл­дері бітіп, депу­тат­тар пар­ла­мент ғима­ра­тына қай­та­дан жинал­ды. Мә­селе талқы­лау, қау­лы қабыл­дау қай­та­дан қызды.

Құр­мет­ті депу­тат­тар­дың құ­рамы тура­лы алға­шқы ресми ақпа­рат ашық мәлім­де­ген­дей, халық сен­ген өкіл­дер­дің сек­сен пай­ы­зы – қала­ның кадр­ла­ры. Мі­не, газет­тер­дің жазуын­ша, со­лардың қырық пай­ы­зы шет­елдердің курорт­та­ры­на қалжы­рап жетіп, ес жиып, ойнап-күліп емделіп­ті. Әрине, күш-қуа­ты ар­тып, жұмысқа құштар­лы­ғы кү­шейіп келіп­ті. Ал өзі­міз­де қалған жар­ты­сы­ның бірін­ші жар­тысы рес­пуб­ли­ка курорт­та­рын­да аунап-қунап, екін­ші жар­ты­сы ауыл­дағы әке-шеше­ле­ріне, туыс-тума­ла­ры­на бас көр­сетіп қайтқан…

Шұрқы­рап табысқан депу­тат мыр­за­лар мен ханымдар­дың мәжіліс әредік­терін­де­гі әң­гімелері әрқи­лы бола­ды екен, мыса­лы, бір­де: АҚШ пре­зи­ден­ті Оба­ма­ның бір жиын­да сағыз шай­наға­ны­нан баста­лып, Аста­на­да маса­ны құр­ту­дың ғылы­ми тәсілі табы­лға­ны­мен аяқтал­са, бір­де Афри­ка­да 84 жастағы шал­дың 25 жастағы қызға үйлен­гені­нен баста­лып, Қытай­да аюдың «пан­да» деп ата­ла­тын түрін үйде өсі­ру қолға ал­ынғанымен аяқта­лып­ты. Біл­ген­ге дауа жоқ қой, депу­тат­та­ры­мыз бір­де Австра­лия деген елде қой­дың көп­ті­гі сон­ша­ма, халқы­ның жан басы­на шаққан­да бір­жа­рым мың­нан айна­ла­ты­нын айт­са, енді бір жолы дүние жүзі мұхит­та­рын­дағы ең үлкен кит­тің ұзын­ды­ғы пәлен метр, сал­мағы түген тон­на деп тала­сып қалып, циф­ры аз біре­уі циф­ры көп біре­уінің жаға­сы­на жар­ма­сып­ты. Әне­ки, шын­дық үшін жан пида – сол!

Біздің депу­тат­тар ауыл­дан Аста­наға дей­ін – жал­пы халық­аралық мәсе­ле­лер­ді сөз етіп дағ­ды­ланған ғой: мәжілі­сте де, оның әреді­гін­де де сол дәстүр­лерінен жаңыл­май жүр. Дұрыс. Халы­қа­ра­лық үлкен мәселе­лер­­ді қызу айты­спай­ын­ша, рес­публика, облыс деңгейін­дегі кіші мәсе­ле­лер­ге мән беру ың­ғайсыз. Оны Мау­сым­бек те, басқа депу­тат­тар да «бес­ке» біледі. Біл­ген соң мәжілістерінің күн­тәр­тіп­терін­де кіші мәселе­лердің болуын керек етпей­ді. Мыса­лы, төраға­ның хабар­ла­у­ын­ша, осы айда өткізілер мә­жі­ліс күн­тәр­тібін­де қырық мәсе­ле тұр. Мау­сым­бек солар­мен таны­сты да, әдетін­ше, ойла­нуға кірісті: «Біздің аудан орталы­ғын­дағы ауру­ха­на­ның жабы­лып қалға­нын қырық бірін­ші мәсе­ле етіп күн­тәр­тібіне ұсы­най­ын… ұсы­най­ын ба, әлде… маған сай­лаушыларым тап­сы­рған ама­нат қой… бірақ… әлде төр­аға рен­жіп жүре ме… жаңа адам… келіс­пей… да, «келісіп піш­кен тон кел­те бол­май­ды» деген… иә, қоя тұрай­ын, сай­ла­у­шы­ла­рым да шыдай тұрар».

Басқа депу­тат­тар Мау­сым­бек­тен кем бе екен?!. Олар да алды-артын ойлай ала­ды. Өйт­песе, депу­тат болға­ны нет­кені! Мәсе­лен, Мыры­ш­хан ауылы­ның ауыз­суға зары­ғып отыр­ғанына жеті ай болға­нын айта даб­ыл қағуға мін­дет­ті екенін біл­ді де… «жоқ, ауыз­су­ды қала­дан тасып ішіп оты­рған ауыл жалғыз біздікі емес, олай бол­са, ол мәсе­лені әуелі басқа­лар көтер­сін, мен қосы­ла салам ғой» деп іштей шешім шыға­рып алды.

Ал Тегісқұл ше? Ол ауы­лын­дағы мек­теп­тің құлаға­лы тұр­ғанын естіді. Е, неге құла­ма­сын, өзі бірін­ші сынып­тап бастап оқып бітір­ген мек­тебі. Одан бері бір емес, екі мек­теп құ­лайтын уақыт бол­ды. Барып көру­ге Тегісқұл­да мұр­ша жоқ, депу­тат­тық жұмыс онсыз да қауырт. Яғни, мек­теп­ті күр­делі жөн­де­уден өткі­зу мәсе­лесін қашан өзі келесі кани­кул­да­рын­да барып, асы­қ­пай көріп қай­тқа­нын­ша қозғау дұрыс болмайды.

Ана­уға­ли бұлар­дың екеуі­нен де ары­рақ ойла­ды. Өзін сай­лаған посел­ке­де электр жүй­есі құрып кет­келі екі жыл. Себебі бел­гісіз. Соны маңы­зды мәсе­ле етіп мықтап көте­ру­ге Ана­уға­ли мін­дет­ті болға­лы бір жыл, бірақ көтер­мей жүр. Се­бебі бел­гілі. Дүние жүзін­де бар мем­ле­кет­тер­дің бәрі экономи­калық дағ­да­ры­сқа ұшы­рап жат­қанда, бір посел­кенің жоғын жоқтау ұят емес пе? Әрине, ұят! Есі бар пар­ла­мент қиын­шылықты кезең­де мұн­дай ұс­ақ-түй­ек­пен шұғыл­дан­ба­уға тиіс.

Ал әлгі… жә, осы үше­уі жетер. Бір пар­ла­мет­ке мүше бола тұра, біры­ңғай болу­ды біл­ме­се, несі депу­тат, солай емес пе?! Пре­зи­дент­тің, пре­мьер-мин­и­стр­дің, мини­стр­лер­дің айтуын­ша, біздің мәң­гі ел әлем­де­гі шылқа бай он елдің орта­сы­нан не биыл, не келесі жылы ойып тұрып орын ала­ды. Енде­ше пә­лен ауыл­да ауыз­су мен мон­ша жоқ, жарық пен жылу жоқ, ауру­ха­на мен теле­фон жоқ, оның есесіне жұмыс­сыздық бар, ай­лық жалақы тым аз, зейнет­ақы­мызды уақы­тын­да бер­мей­ді де­гендей көди-сөдиді көбейт­пеу керек, біздің мәң­гі елді тыпыр­шып тосып оты­рған анау он елден ұят болады!

Иә, көди-сөдиді, мәсе­лен, де­путат емес Мау­сым­бек айт­са, е, мей­лі, ал депу­тат Мау­сым­бек айт­са, ол енді жараспайды-ақ!

Яғни, біз­де Мау­сым­бек ек­еу. Сай­ла­у­шы­ла­ры­на уәде үл­ес­тіріп кет­кен Мау­сым­бек бар да, пар­ла­мент­тің залын­да «әд­еп сақтап» жүр­ген Мау­сым­бек бар. Ол ғана ма, Мыры­ш­хан да, Ана­уға­ли да, басқа­лар да екі-екі­ден. Олай бол­са, біре­уден екеу көп емей немене?!

Ғаб­бас ҚАБЫШҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн