БІЗ АУЫЛҒА неге сатқындық ЖАСАДЫҚ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №05 (276) от 05 февраля 2015 г.

 

 

Тек бір ғана Астананың құрылысына кетіп жатқан қаржы түпсіз тұңғиыққа құйылып жатқандай. Мысалы, 2013 жылғы тұрғын үй құрылысы қорын алайық… Ел халқының 4,67%-ы тұрақтайтын Астана қаласында

1,1 млн шаршы метр немесе жалпы республика бойынша тұрғын үй көлемінің 16%-ы қолданысқа берілген, бұл орта есеппен алғандағы көрсеткіштен 4 есе көп.

 

 

Біздің үкіметтің қазіргі іс-әрекеті өте бұлыңғыр, қылықтары соқырдың ісі сияқты. Мысалы, Кәрім Мәсімов мәселені толықтай түсіне де алмайтын сияқты. Ал нақты ауыл шаруашылығына қатысты министрлер А. Мамытбеков пен Ә. Исекешевтің әрекеттері тіпті күлкіні келтіреді.

 

 

Бүгінгі күні алдыңғы қатарлы механизатор айына 50–60 мың теңге алады, бұл ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбековтің алатын айлық жалақысынан 20 есе аз… Сонда бүгінгі күні нан мен ет өндіруден гөрі, қағазбастылыққа көбірек көңіл бөлініп отырғаны ма?!

 

Айқармада айтарым

 

Алғашында автор ауылдағы әлеуметтік және демографиялық хал-ахуал жайлы сипаттама жазбақшы болған еді. Алайда зерттеудің нәтижесін салыстыра келе, алынған мәліметтер өте көп екеніне көзі жетті. Осыған байланысты біздің қазіргі демографиялық жағдайымыз да мәз емес екенін, оның үстіне елдегі жетім балалар үйлері мен қарттар үйлерінің аузы-мұрнына сыймай, толып тұрған күйі әрі қарай қандай жағдайға алып келер екен деген ойға оқырман да өз ойын қоссын дейміз. Өкінішке орай, мұның бәрі біздің күнделікті өмірімізде орын алып отыр. Ауылдағы мұндай жағдай біздің халқымыздың тарихында тіпті сонау соғыс жылдарында да болмаған еді.

Біздің қазіргі осал жеріміз осы – ауыл тұрғынын кедейшілікке душар етіп отырмыз. Біз ауылдың намысын аяққа таптадық.

 

Қоғамның даму заңдылығына байланысты шаруалар әрқашан да мемлекеттің дамытушы күші, әрі ең сенімді тірегі болып келді. Талай-талай соғыстардың қиын жылдарында шаруалар бірінші болып, қолдарына айыр-күректерін алатын, қашан да олардың отаны өздері тұрып жатқан сол қара жерден басталады. Ал бейбіт өмір басталғалы бері, олар ертемен тұрып, бірінші болып өздері сайлаған кандидатқа дауыстарын беріп, тезірек егістіктегі жұмысына асығатын. Сөйте тұра, өзі таңдаған кандидат жоғары жақта отырып, өзін ешқашан алдамайтынына ол кәміл сенетін.

Міне, нақ осы патриоттық сенімділік пен қарапайымдылық, төзімділік, тіпті мойынсұнушылық ауыл адамының бойына біткен табиғи қасиеті еді. Ал үкімет болса, тарихи деректерде жазылғандай, кедей шаруаның осы бір ділдік қасиетін үнемі өз ыңғайына қарай қолданып, кейде тіпті шексіз өрескелдікпен пайдаланып келді. Оның үстіне қоғамның басқа өкілдеріне қарағанда, ауыл адамдарын төзімділік сақтауға, қандай жағдай болса да шыдай тұруға жиірек шақырушы еді. Ал қоғамның осынау бір әлеуметтік-экономикалық қиылысындағы өзгерістердің даму бағыты ылғи да біржақты болады.

Біздің ауылдардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі туралы жазудың өзі – өте қиын мәселе. Ал өмірінің жартысынан көп уақытын аграрлық секторда қызмет етуге арнаған мен үшін бұл – екі есе қиын. Тап-тамаша гүлденіп отырған ауыл шаруашылығын жоғалтып алғанымыз – осы күнге дейін менің мойныма түскен ауыр жүк секілді қабырғамды қайыстырады. Оның үстіне еліміз тұрғындарының 45%-ы сол қаңырап қалған ауылдарда өлместің күнін кешуде.

Осындай сәтте сонау ХVIII ғасырда орыстың белгілі саяхатшысы А. Радищевтің «Мәскеуден Петерборға саяхат» атты атақты шығармасында жазған жолдары еске түседі. Ол орыс деревняларындағы мұжықтардың ауыр әрі тегін еңбегін, олардың жұпыны, күйкі тірлігін мынадай сөздермен өте қатаң суреттейді: «Мен жан-жағыма қарадым – сол сәтте менің ішкі дүнием адамзаттың қайғы-қасіретімен қорланды».

Радищевтің дәл осы кітабы сол кездің өзінде ресейлік ақсүйектерді дүр сілкіндірген еді. Соның арқасында Ресейде ауыл шаруашылық реформалары қабылданып, земстволар құрыла бастады. Ең бастысы – ауыл тұрғыны шын мәнінде өзі тұрған жерінің қожайынына айналды. Міне, соның нәтижесінде бір кездері дамуы жағынан артта қалған Ресей Еуропаны астықпен қамтамасыз етуші алдыңғы қатарлы дамушы ел болып шыға келді.

Бүгінгі күні көптеген авторлар ауылдың тіршілігін өте ауыр, абдыраған, құрдымға кеткендей қылып суреттейді. Ең өкініштісі – егер де салыстыра айтатын болсақ, біздің арқа сүйер атқамінерлердің арасында осыған сын тағар, тоқтау айтар бірде-бір ірі тұлға табылмады. Біз табиғи байлығымыз бен мүмкіндіктеріміз баршылық аграрлы елміз. Осыдан 20–30 жыл бұрын тұрғындардың  60%-ы болашаққа нық сеніммен, емін-еркін ауылды жерде өмір сүрді. Сол кезде ауыл тұрғындарында дәл қазіргідей кедейшілік деген болған жоқ еді. Ол кездің сүйікті ұрандарының бірі: «Ауыл және қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін теңестіру!» дегеннің өзі аз да болса күшінде тұрды. Алайда мұның бәрі менің эмоционалдық сезімімнің бір көрінісі ғана.

1991 жылы елде жаппай жекешелендіру жұмыстары басталды. Сол кезде мен Қаратал аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары едім. Ауданда жекешелендіру мен экономикалық өзгерістерді енгізу жұмыстарына басшылық ету маған жүктелді. Жаңадан шыққан заңдар мен құжаттар бастан асады. Жұмыс өте қызықты жүретіндей болып көрінді. Ең алдымен аудандағы тұрғын үйлерді жекешелендіруден бастадық.

Қолдағы бар құжатты оқып, оның шарттарымен және алдағы жұмысымыздың мәнімен, оның нарықтағы нәтижесімен танысқаннан кейін, мен елде мұндай жекешелендіру жүргізуге үзілді-кесілді қарсылығымды білдірдім. Бұл жекешелендірудің нәтижесінде ауыл тұрғыны экономикалық шығынға ұшырайтыны айдан анық болған еді. Мен өз талдауларымда көзім жеткені: қалалық пәтерлердің нарықтық құнының ауылдық жерлердегі тұрғын үйлердің нарықтық құнынан он есе айырмашылығы болды, әрі ол ауыл тұрғындарын бірнеше есе шығынға ұшыратты. Мысалы, сол кезде ауылды жердегі орташа статистикалық үш бөлмелі пәтердің нарықтық құны 2–3 мың АҚШ доллары тұратын. Аудан орталығы – Үштөбеде ол 3–5 мың долларға әрең жететін. Ал облыс орталығы – Талдықорған қаласында бұл сома 6–7 мың долларға, Алматы қаласында – 15 мың долларға дейін жетіп жығылатын. (Бұл жерде, әрине, 1991 жылғы нарық бағасы келтіріліп тұр).

Жекешелендіру кезіндегі ең басты шарт – жалпы еңбек өтілі (трудовой стаж) есепке алынатын. Нәтижесінде орташа ауыл тұрғыны жекешелендірілген пәтерге ие болғаны сияқты қалалық тұрғын да пәтерге ие болған кезде, егер де екеуінің еңбек өтілі бірдей болса, ауыл тұрғыны қалалық тұрғынға қарағанда 5–10 есе желініп қалды. Міне, жоғарыдағы мен айтқан құжаттарда ауыл мен қала тұрғыны арасындағы осындай теңсіздік тайға таңба басқандай көрініп тұрды.

Мен осы әділетсіз әлеуметтік теңсіздік жайындағы өз ойымды барлық есептерім мен талдауларымды келтіре отырып, 1991 жылы «Казахстанская правда» газетінде ашық айттым. Алайда ресми орындардан ешқандай жауап болмады. Тек жалғыз экс-депутат Т. Квятковская ғана сол газет арқылы маған сын айтып, менің сол ұсыныстарымды «пессимистік көзқарас» деп тапты. Ал қалалық министрліктегі шенеуніктер мен заң орындары ауыл тұрғынының айтқандарына құлақ аспады, өйткені сол жекешелендіруден олардың ауыздары майланып, қалталары қалыңдай түскен еді. Есесіне мен өз басшыларымнан «бос сөзді қойып, жекешелендірумен нақты айналысу керек» деген сыңайда ескерту алдым.

Әрине, мәселені шешіп, онымен жұмыс істегеннен гөрі, тыныш қана бұйрықты орындап жүре берген әлдеқайда оңай. Сөйтіп, мен Қаратал аудандық атқару комитетінің аудандағы тұрғын үйлерді жекешелендіру туралы шешімін дайындауға кірістім. Бұл құжатқа біз Үштөбе қаласындағы тұрғын үйлер құнының ең жоғарғы коэффициентін (1,25) және ауылдық жердегі тұрғын үйлер құнының, керісінше, ең төменгі коэффициентін (0,75) енгіздік. Осылайша біз тым болмаса осы аудандағы теңсіздікті жоюға тырыстық. Ал мұндай коэффициенттерді енгізуге бізге сол кездегі заң мүмкіндік берген еді.

Алайда, кейіннен маған белгілі болғандай, жекешелендіру кезінде орын алған әлеуметтік әділетсіздікті осындай әдіспен шешуге тырысқан азғантай ғана топтың бірі – Қаратал ауданы болыпты. Біздің осы мәселе жөніндегі адал шешімдерімізді кейіннен нарық заңдылығы мен өмірдің шындығы өзі дәлелдеп берді. Мысалы, 2007 жылы тұрғын үй бағасы, менің жазбаларым бойынша, мынадай еді: менің туған жерім – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында үш бөлмелі орташа пәтердің құны алыс ауылдарда – 1-2 мың доллар, облыс орталығы Тараз қаласында – 45–50 мың доллар, ал Алматыда – 100–150 АҚШ доллары болды. Бұдан шығатын қортынды: бір-біріне сәйкес жағдайда ауылдағы Мырқымбай (Жаңбырбаев) астаналық Сидоровқа 100 есеге ұтылып қалды.

Ал бүгінгі күні кез келген азамат өзінің жекешелендіріп алған пәтері ауылда, аудан орталығында, облыс орталығында және астаналық қалаларда қанша тұратынын өзі есептеп шығарып, осы әлеуметтік әділетсіздік пен айырмашылықты өз көзімен көре алады. Ал енді тұрғын үйлерді жекешелендіру салдарынан ауыл тұрғыны аудан тұрғынына 4–5 есеге, облыс орталығы тұрғынына 30–40 есеге, ал Астана мен Алматы сияқты ірі қалалар тұрғынына тіпті 100 еседен де жоғары пайыз ұтылып қалғаны баға динамикасының жалпы шешімінен көрінеді. Дәл сол жылдарда ауылдық жерлерде республика тұрғындарының 60% өмір сүріп, олар негізінен мемлекет құрушы этностың өкілдері болғаны айтпаса да түсінікті.

Міне, осының бәріне мынадай негізде қортынды жасауға болады: бүгінгі күнгі нарық жағдайында ауыл тұрғыны үшін мұның бәрі күтпеген әділетсіздік пен әлеуметтік-экономикалық теңсіздік екені анық; біз өзіміздің осы қылығымызбен ауыл тұрғынын бірнеше мәрте экономикалық шығынға (30–100 есе) душар етіп, олардың ар-намысын аяққа таптап тастадық.

Өкінішке орай, 90-жылдардағы тұрғын үй қорының мәліметтері менде жоқ. Алайда тұрғын үй көлемінің адам басына шаққандағы сол жылдарғы орташа есебі бойынша, ауыл тұрғынының қаншалықты ұтылып қалғанын есептеп шығару оп-оңай. Мысалы, 1991 жылы елде тұратын халық саны 16,7 млн адам болып, оның 60%-ы ауылды жерлерде тұрды. Ал енді тұрғын үйлердің 2007 жылғы бағасының негізінде, біздің есебіміз бойынша, жалпы ауыл тұрғыны жекешелендірудің салдарынан 95–98 млрд АҚШ долларын жоғалтып алды. Бұл көрсеткіш Қазақстанның 2007 жылғы ІЖӨ-не тең. Оны ауылдағы әрбір тұрғынға есептейтін болсақ, 9,8 млрд АҚШ доллары көлемінде болып шығады. Міне, дәл осы соманы ауылдағы әрбір тұрғын жекешелендіру нәтижесінде жоғалтып алды.

Дегенмен де сол жылдарға қайта оралайық. Жекешелендірумен қатар совхоздар мен колхоздарды, басқа да мемлекеттік мекемелерді тарату жұмыстары басталды. Біздің аудандық комиссияға «Новый мир», «Байшегір» және «Қоржынкөл» совхоздарын тарату жөніндегі құжаттарды дайындау жүктелді.

Әрине, комиссия одан басқа да нысандарды қарастырды. Әсіресе Үштөбе ет комбинаты, аудандық арнайы жеміс-жидек базасы, монша-кір жуатын кешен және т. б. Жекешелендіруге ұсынылған нысандардың техника-экономикалық көрсеткіштерін жіктей келе, комиссияның төрағасы ретінде ауылдық тұрғындардың ұтылып қалғанына тағы да куәгер болдым. Мысалы, ауылдық нысандардың құнын бағалаған кезде оған қатысты айналымдағы қор да бағалануы тиіс еді (шөп, жем, тұқым, т. б.). Өйткені мұның бәрі адамның қолымен жасалады емес пе?!

Ең қызығы – есеп бойынша, совхоздардың жабдықталуы мықты-мықты құрал-жабдықтармен, станоктармен және күрделі механизмдермен жарақтандырылған өзі секілді қалалық нысандарға қарағанда 2–4 есе төмен болып шықты. Оның үстіне, тіпті тұрған жерін айтпағанның өзінде, қаланың негізгі қоры әрі ішкі құрылымдары анағұрлым жақсы жағдайда еді. Міне, осының салдарынан жекешелендіру кезінде тағы да әділетсіздіктер мен теңсіздіктер орын алып, ауыл адамы қалалық тұрғынға қарағанда 4–6 есеге ұтылып қалды. Дәл осы мәселеге мен өзімше зерттеу жүргізіп, оның нәтижелері жайлы осы тақырыпта жазылған мақаламды кейіннен «Казахстанская правда» газетінде жарияладым.

Алайда бұл жолы да тиісті орындардан ресми нақты жауап болмады. Тек құс бірлестігінің бас директоры Ковинько менің келтірген шешімдеріме сол газет арқылы қолдау көрсеткен болатын. Ал облыс басшыларынан мен тағы да кезекті ескертуімді алдым.

1991–92 жылдарғы жекешелендіру кезінде бүкіл ел бойынша 490 совхоз жекешелендіріліп, ауылдағы әрбір тұрғынға тиесілі жер телімі қоса бөлініп берілді. Содан бастап ұсақ тауарлы, сапасы төмен кішігірім өндірістер елде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Үкімет тарапынан бұл үрдіске ешқандай бақылау болмағандықтан, барлығы да жоспарсыз, өз бетінше жүргізілді. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде ауыл шаруашылығы құлдырап шыға келді.

Ал 90-жылдардың орта шеніне таман біз өз өнімімізді экспорттап отырған аграрийлердің санатынан бірден тек қана импорттық өніммен күн көретіндер қатарына көштік. Сөйте тұра, елдің қазба байлықтарын оңды-солды аяусыз шашып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жібердік.

Ал одан кейінгі уақытта жекешелендіру өзге бағытқа ие болып, халық одан ақырын-ақырын ысырыла бастады. Енді ірі-ірі ақшалы-несиелі, байлы-тұяқты жалған атқамінерлер ойынға қосылды. Солардың салдарынан орын алған экономикалық дағдарыстың сазайын халық осы күнге дейін тартып келеді. Ол туралы, әрине, әңгіме басқа.

Міне, осындай жекешелендірудің жалпы нәтижесі ретінде ауыл тұрғынының экономикалық та, әлеуметтік те дәрежесінің төмендегенін айтуға болады. Өйткені қай жағынан алып қарасақ та, ауыл адамы едәуір ұтылып қалды. Әрине, бұл жерде біз жекешелендіруді қайта қарау керек деген ниеттен аулақпыз. Ауыл адамы қашан да, неге болса да төзімді ғой. Ол, әрине, өзінің алданғанын әлдеқашан түсінген, сөйтіп «болары – болды» деп, үкіметке де, мемлекетке де қолын бір-ақ сілтеді.

Иә, шынымен де, болары – болды. Енді ол өзінің қолы жетпеген қалаға балаларын жіберіп, солардың келешегінен ғана зор үміт күтіп отыр. Ал балалары оқуын оқып, мамандық алып, шамалары келгенше қалада жұмысқа тұруға тырысып жатыр. Тіпті не оқуға түсе алмай, не екі қолға бір жұмыс таба алмай сандалған кейбіреулері діни экстремистердің қатарынан да табылып жатыр.

2000 жылдардан бастап мемлекетте аз да болса ресурстар пайда болып, ақырын-ақырын елді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Тағы да есепсіз кеткен шығындар тұтас бір облыстың бюджетінің ар жақ-бер жағына жетіп артылады. Тек бір ғана Астананың құрылысына кетіп жатқан қаржы түпсіз тұңғиыққа құйылып жатқандай.

Мысалы, 2013 жылғы тұрғын үй құрылысы қорын алайық. Осы жылы жалпы республика бойынша қолдануға берілген тұрғын үй көлемінің   28,2 %-ы тек Астана мен Алматы қалаларында салынған. Ел халқының 4,67%-ы тұрақтайтын Астана қаласында 1,1 млн шаршы метр немесе жалпы республика бойынша тұрғын үй көлемінің 16%-ы қолданысқа берілген, бұл орта есеппен алғандағы көрсеткіштен 4 есе көп.

Әрине, мұнда жеке меншік инвесторлардың үлесі өте жоғары, дегенмен қалалар да өздерінің әлеуметтік құрылыстар мен ішкі құрылымдарға арналған қаржыларын мектептер мен балабақшалар салуға жұмсады. Алайда әлеуметтік құрылысты басқа өлшемде көргіңіз келсе, Астанадан небары 20–30 км жерде орналасқан ауылға келсеңіз болды. Мұнда басқасын айтпағанда, тіпті ауыз су мәселесінің өзі шешімін таппай келе жатқан үлкен проблема. Мысалы, кейбір ақпарат құралдарында айтылғандай, Астананың неше түрлі мәдени-ойын-сауық шараларына халықтың қаржысы жұмсалатыны белгілі. Сондай мерекелік іс-шараның тек біреуін ғана өткізу үшін, шағын қаланың тұтас бір жылдық бюджетіне пара-пар қаржы жұмсалады екен. Егер де іс-шара өткізетін ол қала өз шығынын өзі жауып отырса жақсы ғой, бірақ 16 жасқа толғанымен, Астанамыз әлі күнге дейін салық төлеушілерге ауыз ашып отыр.

Қазақта: «баланы емшектен шығару» деген ұғым бар. Сол сияқты біз де Астананы осы күнге дейін дотация мен бюджеттің «емшегінен» ажырата алмай отырмыз.

Қазақстанның барлық ауылдық елді мекендерінде жалпы саны 7,7 млн адам тұрады, соларға еліміздегі жалпы тұрғын үй көлемінің 20%-нан да аз мөлшерде тұрғын үй бөлінеді. Бұл тек жалғыз ғана Астананың көрсеткішіне тең екен. Оның үстіне осы 20%-дың өзін көбінесе жеке құрылыс компаниялары қала маңындағы ауылды жерлерде ғана салады. Сонда біз кімдерді қолдап отырмыз? Бізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған еңбекшілерді ме, әлде солардың еңбектерін еселеп жеп отырған арамтамақтарды ма? Егер де мәртебесі жоғары ірі қалалар мен ауылдық аудандардың бюджетін салыстыратын болсақ, онда, әрине, қалалық әрбір тұрғынның есебі ауыл тұрғынына қарағанда 3–4 есеге көп. Мысалы, Астананың бюджетін оның әрбір тұрғынына есептегенде шығатын сома елдегі аудан бюджеттерін әрбір тұрғынға шаққандағыдан 3–4 есе көп.

Ал енді бұл көрсеткіш шетелдерде қалай екенін білгіңіз келе ме? Қараңыз: Чехия мен Словакияда оның айырмашылығы небары 1,5–1,8 есені құрайды. Ол жақта ауыл тұрғынын 3-сұрыпты адамдар деп санамайды.

Енді келесі әлеуметтік теңсіздік деп, – айлық жалақыны айтуға болады. Статистика мәліметі бойынша, елдегі орташа айлық жалақы 2014 жылы 116–120 мың теңгені құрады. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 54 мың теңге болып, орташа көрсеткіштің 53%-ын құрайды. Ал Алматы мен Астана қалаларында бұл көрсеткіш ауылды жерлерге қарағанда 3–4 есе көп. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға қайталанып, ауыл тұрғынын елдегі әлеуметтік көштен шеттетіп тастады. Күндіз-түні қырда жүрген егінші мен шелек-шелек сүт сауатын сауыншыны қашанғы біз осылай кемсіте береміз?! Тіпті жоғарыда келтірілген сандардың өзі – аудан бойынша орташа алынған көрсеткіш. Олар шын мәніндегі жағдайды толық көрсете алмайды.

Талдықорған облысының бірқатар ауылдық аудандарында бұрын басшылық қызмет атқарған, қазіргі уақытта «Бостан» шаруашылық қожалығының директоры Ғ. Тұрғамбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындарының нақты алатын айлық жалақысы 2013 жылы 35–40 мың теңгеден аспаған. Талғар ауданына қарасты «Алматы» племзаводы сауыншыларының алатын орташа айлық жалақысы – бұған толық куә. Олар өздерінің демалыссыз және мейрам күндерінсіз, үш мезгілде істейтін еңбектеріне орташа есеппен небары 25 мың теңге, ал суғарушылар – 35 мың теңге алады.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы Рузаев ауданына қарасты «Бірлік» совхозының жеке меншік бидай шаруашылығының тәжірибелі механизаторлары науқан кезінде айына 40–60 мың теңгеден, ал науқан аяқталғаннан кейін 25 мың теңгеден алады. Сөйтіп, жылына шаққанда, орташа есеппен ай сайын 35–40 мың теңгеден шығады.

Бүгінгі күні алдыңғы қатарлы механизатор айына 50–60 мың теңге алады, бұл ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбековтің алатын айлық жалақысынан 20 есе аз. Мысалы, кеңес кезіндегі шопан, Социалистік Еңбек Ері, менің мойынқұмдық жерлесім Ж. Қуанышбаев өзінен жоғары тұрған министрден әлдеқайда көп айлық алатын. Сонда бүгінгі күні нан мен ет өндіруден гөрі қағазбастылыққа көбірек көңіл бөлініп отырғаны ма?!

Сондықтан да қазір біз қауым болып бірлесіп, не жейтініміз жайлы келісіп алуымыз керек: ауыл шаруашылық министрлігінің бас-аяғы жоқ, толып жатқан бағдарламаларын ба, әлде ауыл еңбеккерлерінің шығарып жатқан өнімдерін бе? Әрқайсысының еңбегінің лайықты бағасын беру керек. Бұл ешқандай жарнамалау да емес, немесе теңестіру де емес. Ал алдыңғы қатарлы, көркейген Норвегия елінде бұл айырмашылық небары 5–6 есе ғана. Өйткені бұл солтүстік мемлекет біз сияқты емес, ол өз халқын тек қана өз ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Ауыл тұрғындарының төмен айлық жалақысы жайлы осы келтірілген мысалдарды еліміздің аграрлық секторына жарқыратып келтіре салуға болады. Ал еңбекшілердің науқандық жұмысын ескеретін болсақ, бұл айлық көрсеткіш кейде бірнеше есеге төмендейді. Осы газетте шыққан О. Сәбден мен Ғ. Тұрғамбаев өздерінің мақаласында келтіргендей, біздің елде ауылдық жердегі жұмыссыздықтың нақты көрсеткіші 85–87% құрайды. Зерттеулердің өткен тамыз айында көрсеткен нәтижелері бойынша (ҚазТАГ), Қазақстанда 2,6 млн адам жалданусыз-ақ жұмыспен қамтылған, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Олардың көпшілік бөлігі ауылдық жерлерде шоғырланған – 51,2%. Жеке сауда бойынша, бұл көрсеткіш 24%, транспортта – 8%, құрылыс бойынша – 7%-ға тең. Ал бұлар халық санының 26%-ын құрайды, олардың құрамында ауыл тұрғындары көп, әсіресе жастар жағы басым.

Нарық механизмдері осы мәселелердің бәрін өзі жойып тастайды деген үмітпен осылай көзімізді жұмып, отыра береміз бе? Олай болса, бұрыннан нарықтық экономикамен өмір сүріп келе жатқан басқа елдерге көз салайық.

Мысалы, АҚШ-та ауыл шаруашылығы секторы жалпы бюджеттің 70%-ын шығындайды, оның ішіне механизация, инфраструктура және арнайы қызмет көрсету түрлері (жануарлар мен өсімдіктердің ауруларын емдеу және т. б.) енеді. Ал енді Еуропа елдерінде мұндай жобаларға ауыл шаруашылығы бюджетінің 40%-ы бөлінеді. Ресейге қарсы енгізілген санкциялардың нәтижесінде, фермерлердің күні бұрынғы шығындары үшін ғана Еурокомиссия 460 млн евро бөлді. Бұл еуропалық фермерлердің болжамды шығындары үшін бөлінген, біздіңше 106 млрд теңге. Қазір Әзербайжан мемлекеті ауыл еңбеккерлеріне 2% өсімақымен несие беріп, өзінің аграрлық мүмкіндіктерін жетілдіріп отыр.

Ал біздің еліміз осы күнге дейін «Агробизнес-2020» деп аталатын шолақ бағдарламаны мүжіп келеді. Жалпы үкімет те, Ауыл шаруашылығы министрлігі де аграрийлердің мәселелеріне деген стратегиялық жедел елеулікті шын мәнінде жоғалтып алды. Бізге керегі «Агробизнес-2020» секілді еш нәтижесі жоқ мыңдаған жобалар емес. Бізге нақты керегі – әлеуметтік те, экономикалық та, ауыл еңбеккерлерінің коммуналдық инфрақұрылымын да толығымен жан-жақты қамти алатын мықты бағдарлама.

Ал 1 млн-ға жуық адамды төменгі дәрежелі еңбекпен қамтамасыз етіп отырған бүгінгі ұсақ тауарлы өнеркәсіп орындары елге қажетті өнімді өндіре алмай, жұмысшыларына тиісті айлық жалақысын бере алмай отыр. Олардың қолда бар құрал-сайманы – бар-жоғы бір күрек пен бір тырнауыш қана. Олардағы кеңес заманынан келе жатқан техника дегеніңіздің 70%-ы әлдеқашан тозығы жетіп біткен. Тіпті соларды есепке алғанның өзінде, академик Кайгородцевтің мәліметі бойынша, бүгінгі күні Қазақстандағы жыртылып, пайдаланып келе жатқан 1000 га жерге небары 8,3 трактордан келеді екен. Салыстыру үшін: Италияда бұл көрсеткіш – 70, Францияда – 85, Германияда – 124 тракторға тең. Ал Еуразиялық экономикалық одақ бойынша серіктесіміз Белоруссияның өзінде 41 трактордан келеді. Тіпті көрші отырған Өзбекстанда бұл көрсеткіш біздікінен 3 есе көп болып, 23 трактордан келіп тұр. Соңғы екі елдің экономикасы біздің елге қарағанда әлдеқайда төмен екені белгілі. Белоруссияның ІЖӨ-і 2013 жылы адам басына шаққанда 7404 долларды құрады. Өзбекстанда осы көрсеткіш 1852 долларға тең. Ал бізде ол 2013 жылы адам басына 13 084 долларға тең болды.

Қазір ел қазынасында аз да болса ақша бар. Небір жемқорлардан қорғану үшін, содан нақты аграрийлерге аздап ақша бөлу керек. Бір ғана Бергей Рысқалиевтің қылмыстық тобы 71 млрд теңгеге ұрлық жасаған. Егер де бұл соманы тракторға айналдыратын болсақ, 10 мың дана техника шығады. Енді осыған Павлодар мен Қарағанды облыстарында ұрланған шығындарды қоссаңыз, елдегі ауыл шаруашылығы техникасының екі есеге ұлғаятынын көруге болады. Ал енді ауылдық жердегі машина-тракторларды жөндеу, оларға қызмет көрсету жұмыстарын қандай қаржылық жолмен жүргізуге болады: жеңілдігі бар мақсатты несие арқылы ма, немесе лизинг арқылы ма? Әрине, оның шешімін табуға болады.

Қалай болған күнде де, кредиторлардың 2%-дық сыйақысын жоғалтып алмау үшін, мұндай жобаларды мемлекеттің қолдауы арқылы іске асыру керек. Өйткені ІЖӨ көлемі адам басына шаққанда небары 8165 долларды құрайтын Әзірбайжан елі дәл осылай жасап отырғанда, біз несиелендіруді ауыл тұрғындарының пайдасына қарай көп пайыздық шегеріспен беруге толық мүмкіндігіміз бар. Өйткені ауыл тұрғындарын қажетті техникамен қамтамасыз етпей, біз еңбек өнімін өсіре алмаймыз, онымен қоса шаруаларға еңбектері үшін берілетін сыйақы деңгейін де өсіре алмаймыз. Сондықтан да фермерлерді қызметтерінің маңыздылығына орай қоғамнан тысқары шығарып тастауға болмайды.

Енді тағы да бір мәселеге тоқталып өтуге тура келеді. Осы мақаланы дайындау барысында біз өнімнің нақты бағасын есептеп шығару үшін, фермерлердің толық шығынын зерттеген болатынбыз. Таңқаларлық жәйт – ауыл шаруашылығы өнімінің шығынын есептеген кезде жерді гектарына 200–300 доллардан жалға беру туралы шығын бізге қайта-қайта кезіге берді. Бұдан шығатын қорытынды – ол жерлердің қожайыны онда жұмыс істеп жүрген фермер-шаруалар емес, яғни ол жерлерге жоғарыда отырған шенеуніксымақ әкім-қаралар қожалық етеді. Оның үстіне өздерінің аттарын атамауды өтінген жеке фермерлер ол жерлерді сақтап қалатындарына сенімсіздік танытып отыр. Өйткені жергілікті әкім-қаралар мен кішігірім шенеуніктер барлық жақсы-жақсы жерлерді өздері ақырындап иемденіп жатыр. Сондықтан да соңғы кездері аудандық әкімнің шешімімен қолдан-қолға өтіп жатқан жер ресурстарына тексеріс жүргізудің уақыты әлдеқашан туды. Біз қазір помещик-латифундистерді қызметіне қарай емес, шенеуніктік дәрежесіне қарай бағалап, өсіріп отырмыз. Сондықтан да бізге дереу мынадай заңдылықтар қабылдау керек: егер де аудандық әкім қызметінен кететін болса, оның істеген қызметіне, әсіресе жаңа әкімнің жер мәселесіне қатысты шығарған шешімдеріне дереу тексеріс жүргізу керек, қазақша айтқанда, жақын туысқанбайшылықтың түбіне балта шабу керек.

Бүгін сонымен қатар ауылды жерлерді әлеуметтік тұрғыда жетілдіру туралы жүйелі бағдарламаны жүзеге асыру қажет. Оның ішінде ең алдымен аудандық жерлерде тұрғын үй құрылысына баса назар аудару керек. Әсіресе «Дипломмен – ауылға!» атты бағдарламамен қызметке баратын жас мамандарды (мұғалім, дәрігер, агроном және т.б.) тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынуы керек. Сондай-ақ ауылды жерлердегі спорттық нысандарды, мәдениет ошақтарын (клуб, библиотека және т. б.) қайтадан жандандыру қажет. Сол үшін тіпті Астана мен Алматы қалаларында 3–4 ғимарат пен облыс орталықтарындағы бірнеше пәтерге арналған үлкен ғимарат салынбай қалса да, ештеңе етпейді.

Ауылдық жерлерді мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама бойынша да жандандыруға болады. Ол үшін, мысалы, осы бағдарлама аясында тұрғындары өте тығыз орналасқан ауылдық аудандарда ірімшік, жеміс-жидек консервілерін дайындайтын, сұйықмай, ет-шұжық, сүт өнімдерін шығаратын 200–300 кішігірім зауыт салуға болады.

Ал ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев болса, мұндай ұсақ-түйек жұмыстармен айналысқысы келмей, алып жобалармен құлашын кеңге сермеді. Инженерлік талғамы болмаса да, Исекешев мырза бірден планшет жинау зауытын, фермерлерге арналған ұшақтар жинау зауытын салуға кірісіп, сөйтіп мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаны тас-талқан етті. Осы бағдарлама бойынша салынған нысандардың көпшілігінің ғұмыры ұзаққа бармай-ақ, ашылған бойда қайтадан жабылып қалды. Солардың бірі – Қарағанды қаласындағы темір-кремний зауыты.

Ал аграрийлерге мұндай бағдарламалар ауадай қажет. Өйткені ол бағдарлама ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу мәселелерін шешіп қана қоймай, осы айтылған мәселелердің бәрін де жандандыруға көмектеседі. Оның үстіне ауыл жастарын жұмысқа орналастырып, оларға лайықты айлық жалақы төлеуге де сеп болар еді.

Сөз соңында айтарым: кеңес кезіндегі ауыл тұрғындарына қосымша үстемақы төлеу жүйесін бізге қазір қайтадан жаңғырту керек. Ол кезде ауылдағы мұғалімдерге, дәрігерлерге және басқа да мамандар мен ауыл еңбекшілерінің айлық жалақысына 10% қосымша үстемақы төленетін. Сонымен қатар оларға отын, көмір тегін бөлініп, электр энергиясы үшін төлемақыға жеңілдіктер жасалушы еді ғой. Әрине, қазіргі нарықтық жағдайды сылтауратып, басы артық қаржының жоқтығын алға тартып, мұндай бастамаға қарсы шығушылар да табылады. Оларға біз былай деп жауап береміз:

Жекешелендіру кезінде ауыл тұрғынының құқығы бұзылып, олар 100 млрд долларға желініп жатқан кезде, сіздер неге бір ауыз үн қатпадыңыздар? Жоғарыда айтылғандай, зерттеу бойынша, бұл сома біздің еліміздің 2007 жылғы ІЖӨ-не тең еді.

Елдің тұрғын үй қоры халықтың күшімен жасалған. Жекешелендіру нәтижесі бойынша, неге тек қалалық тұрғындар ғана ұтып, ал ауылдық тұрғындар ұтылып қалды? Сөйте тұра, жолдар мен коммуналдық желілеріміз дұрыс жөнделмеген деп қалалық тұрғындар осы күнге дейін өкпелі. Ал ауыл болса, жолдар мен коммуналдық желілер түгілі, ішетін таза ауыз суға осы уақытқа дейін жарымай отыр. Конституция бойынша біз бәріміз тең құқылы емеспіз бе?! Сондықтан да сол жекешелендіру кезіндегі айырмашылықты ауылға қайтаратын уақыт жетті, әрі оны міндетті түрде қайтаруымыз керек.

Мәселе бұл жерде қаржының жетіспеушілігінде емес. Бұл жерде мәселе әрі стратегиялық, әрі этникалық болжамда болып тұр. Біз ауыл тұрғындарының қайрат-жігерін, оқу-білімін елдің қажетіне толығымен пайдаланбай, оларды нарықтық заманның ағымына өз беттерінше дамуға итере салғанымыз түбінде өзімізге шоқпар болып тимесіне кім кепіл?! Тіпті қазірдің өзінде соның зардабын тартып келе жатырмыз.

Біздің кішкене ғана еліміз (жер шары тұрғындарының 0,23 % ғана) қолданылмай, қараусыз жатқан ауыл ресурстарын қажетінше пайдаланбай отыр. Мұны енді саяси-экономикалық сауатсыздық, этникалық және аймақтық қараңғылық деуге болады. Онсыз да халық саны азғантай елдің 2,5 миллион адамы жұмыссыз жүргенінің өзі – әрі экономикалық, әрі әлеуметтік ауытқушылық: бұл дұрыс көзқарастан арылу емей немене?! Ол мәселе жылдан-жылға қордаланып, үсті-үстіне жинала беретіні хақ. Өйткені ауыл тұрғындарының 25–35%-ы күнкөріс мақсатында, әрі білім мен еңбек қуып қала жағалап кетті. Сондықтан да ауылдағы біздің қаншама жерлеріміз игерілмей, иесіз қалып жатыр. Онсыз да аз халық үшін бұл жығылған үстіне жұдырық емес пе?!

Адам ресурсы – кез келген елдің ең басты капиталы болып табылады. Ал біздің жағдайымызда мұның геосаяси маңызы өте зор. Ауыл тұрғыны қашан да өсуге, көбеюге тырысады. Олардың балалары да, жанұя мүшелері де көбірек. Сондықтан да мемлекеттік бағдарламаларды қабылдаған кезде, ауылдың осы жағдайы үнемі ескерілуі керек, қандай да болмасын экономикалық бағдарлама кем дегенде тұрғындардың екі есе өсіміне сәйкес есептелуі керек. Болашақта біздің елдің халқының саны 35–40 млн адамға жетуі тиіс. Бұл бүгін бар, ертең жоқ, келешегіне балта шабылған алдамшы бағдарламалардан әлдеқайда маңызды. Бұл тек азық-түлік бағдарламасы ғана емес, ең бастысы – бұл ел мен елдегі этносаралық қауіпсіздік пен бірлік. Ал елдің бірлігі бізге ауадай қажет.

Міне, осы заңды үрдісті біз көпұлтты, өте ұйымшыл, әрі шаруашылығы әбден қалыптасқан, ең бастысы – несібесі мол, ауылды азық-түлікпен молынан қамти алатын мықты мемлекет ретінде жүріп өтуіміз керек. Біз мұны ешқашан естен шығармауымыз керек. Біздің көрші елдеріміздің (Ресей, Қытай және Өзбекстан) халқы бізге қарағанда әлдеқайда көп. Сондықтан да құрып кетуге шақ қалған біздің ауылдарды экономикалық тұрғыда қайтадан жандандыру – дереу қаржыландыруды талап ететін аймақтық Жаңа экономикалық саясаттың басты міндеті болып табылады.

Алайда біздің үкіметтің жұмысын талдай келе, олардың мұндай міндеттерді орындаудан аулақ екенін көруге болады. Олардың қазіргі іс-әрекеті өте бұлыңғыр, қылықтары соқырдың ісі сияқты. Мысалы, Кәрім Мәсімов мәселені толықтай түсіне де алмайтын сияқты. Ал нақты ауыл шаруашылығына қатысты министрлер А. Мамытбеков пен Ә. Исекешевтің әрекеттері тіпті күлкіні келтіреді. Қазіргі күннің талабын ескере отырып, онсыз да тұралап қалған экономикамыздың нәтижелі дамуына кедергі келтірмеу үшін, оларды бұл сектордан шеттету керек. Өйткені қазіргі тарих пен оның даму үдерісіне әсер етуші экономиканың түрлену заңдылығына сәйкес, тұрғындарының бәрі жұмыспен қамтамасыз етіліп, адам ресурстарын толығымен пайдаланатын, өмір сүру сапасы өте жоғары, азаматтық қауымдастығы бар ел ғана ең бай, ең дамыған ел болып саналады. Өкінішке орай, біздің еліміз ондай елдердің қатарына қосылу үшін әлі талай жылдар керек. Бізде тіпті жаңа ой-өрісі, жаңа көзқарасы қалыптасқан элита жоқтың қасы.

Ал депутаттық корпустың қызметіне талдау жасай келе, олардың ішінде өзекті мәселелерді көтеріп, баса сын айта алатын 2–3 адамды ғана ауызға алуға болады. Ауылдың бүгінгі жағдайын өздерінің шыққан жерлерін ұмытпаған сондай депутаттардың көмегімен шешу керек. Ал қызметі ақсап отырған Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерінен істеген істері жайлы есеп беруін талап ету керек және босқа орын алып отырған олардың тең жартысын қызметінен босату қажет. Әйтпесе ауыл үстіне төніп тұрған экономикалық дағдарыс бұлтына, бәсекеге төтеп бере алмай, біржола сейіліп, жоқ болып кетуі мүмкін.

Өкінішке орай, біз қайтып келмейтін алтын уақытымызды жоғалтып отырмыз. Ол уақытты біз өз халқымыздан, әсіресе ауыл адамынан ұрлау үстіндеміз. Сөйте тұра, оны кедейшілікке итермелеп, келешегіне деген сенімінен арылтып, өзі мен бала-шағасының күнкөрісі үшін қайғыға салып, әлсіз күйге түсіріп қойдық.

 

Айдар Сейіт-қожа СЕЙДАЛИЕВ,

экономикалық  шолушы,

«D»

 

[email protected]

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн