Суббота , 5 июля 2025

БІЗГЕ ЕНДІНЕ КЕРЕК? (Сықақ әңгіме)

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №4 (368) от 2 фев­ра­ля 2017 г.

 

Уақыт уыты

 


 

Осы бар-ау, өмір мен тағ­дыр­ды шаты­сты­рып жүретін әдет­ті біз қашан, кім­нен және қалай жұқты­рып алдық екен?.. Әрине, біл­мей­міз. Біл­мей­тіні­міз көп, мыса­лы, біл­мей­тіні­міздің өзі немен, қалай сана­ла­ты­нын да біл­мей­міз. Әйте­уір біре­се: «өмір – қызық, тағ­дыр – шыжық», біре­се: «тағ­дыр – қызық, өмір – шыжық» дей­міз. Оның да анық-таны­ғын­да шару­а­мыз жоқ, пар­ла­мен­ті­міз­де­гі кей­бір депу­тат мыр­за­лар­ша айт­пағы­мы­здың бас-аяғын ауы­сты­рып, есі дұрыс екінің бірі ұға алмай­тын етіп, была­мы­қтап сөй­лей бере­міз. Ал екінің бірі, жо-жоқ, екінің еке­уі де екі жер­де екі = төрт­тей білетін, түп-түгел түсі­нетін сөз­дері­міз – «Елба­сы­мыз атап көр­сет­кен­дей» деп тура­ла­нып, «әлем­де» деген аны­қта­уы­шпен тұз­ды­қта­лып, жер бетін­де­гі жетістік, жақ­сы­лық, жаңа­лық ата­улы­ның бәр-бәрі біздің тәу­ел­сіз Қаза­қстан­да дейтініміз.

 

Ол да аз: «Міне, жиыр­ма бес жыл бол­ды, Қаза­қстан дүние жүзінің қауіп­сізді­гіне кепіл болып келеді!» – деп те көсіліп­ті бір депу­тат, – бұл мерзім­де қай­сы­бір мем­ле­кет­тер­дің өза­ра қақты­ғы­суы, соғы­суы былай тұр­сын, ешбірінің көше­сін­де жая­утө­бе­лес те бол­маған­дай. Тың­дап, оқып оты­рас­ың да: Міне, өмір­де не бол­май­ды, сонау Хру­щев «көсем­нің» кезін­де ком­му­низмді көре жаз­дап, бірақ, тағ­дыр қызық қой, ол «көсем» орна­туға шақ қалған ком­му­низ­мін өзі де көре алмай, біз­ге де көр­се­те алмай, тоңқа­лаң асты, ал ол көкесін тоңқа­лаң асты­рған Бреж­нев «көсем» ком­му­низм­ге баса-көк­теп жетіп бар­май, әуелі оның кори­до­ры­нан – «дамы­ған соци­а­лиз­мнен» өтіп алу керекті­гін өси­ет­теп, ол да оны­сы­ның не екенін өзі де біл­мей, біз­ге де біл­ді­ре алмай, жағы түсіп, кете бар­ды. Өмір ғой! Ол еке­уі­нен кей­ін пай­да болған «таң­ба­лы­бас Миха­ил» – Гор­ба­чев «көсем» көке­лері ен таққан «ком­му­низм» мен «дамы­ған соци­а­лизмді» дереу «қай­та құруға» кірісіп, күн­діз-түні тұрып та сөй­леп, жатып та сөй­леп, өзінің көбік сөзіне өзі шаша­лып, Аме­ри­ка­дан ем-дом алып, «КСРО» деген бай­тақ елді әлгі-әлгі «ком­му­низ­мнен» де, «дамы­ған соци­а­лиз­мнен» де азат етіп, шаңы­рағын шағып, сол сөй­ле­ген күйі өмір мен тағ­дыр­дың екі орта­сы­на сіңіп жоқ болды.

Сол тағ­дыр­лар­ды ойлап, өзі­міз­де­гі бүгін­гі өмір тура­лы толға­у­ларға құлақ түре­мін де, билі­гі­міздің бұқа­ра­лық ақпа­рат құрал­да­ры тәулік бойы айғақтап жатқан жаңағы жетістік, жақ­сы­лық, жаңа­лық, қауіп­сіздік ата­улы­ның бәрі өзі­міз­де екеніне, «дамы­ған соци­а­лизм» Есіл өзенінің оң жаға­сын­да, ал «ком­му­низм» Есіл­дің сол жаға­сын­да екенін көріп оты­рға­ны­мы­зға сене­мін. Сен­бе­ген­де ше?! Бісміл­ләсі «Елба­сы­мыз атап көр­сет­кен­дей» деп баста­ла­тын үлкен-кіші мақа­ла­ның кез кел­генін оқы­саң: біздің Қаза­қстан­ның ауыл шару­а­шы­лы­ғын­да, өнер­кәсібін­де, мәде­ни­етін­де, иә, бүкіл тұр­мыс-тір­лі­гін­де шір­кей­дің кір­пі­гін­дей мін жоқ-ау, жоқ! Әлем­ді таң­дан­тып, там­сан­ды­рып отыр­мыз. Әлем­де­гі бай делі­нетін елдер­де, ырғын «ғұла­ма­ла­ры­мы­здың» ілгерірек біре­уі айтқан­дай, қай­сысы екені есім­де қал­мап­ты, көде­дей көп қой олар, иә, солар­дың бірі айтқан­дай, сол елдер­де Қаза­қстан­ның эко­но­ми­ка­лық әлем­дік дамуы­ның кодын (кіл­тін) зерт­тей­тін арна­у­лы инсти­тут­тар құры­лып­ты. Әнеки!..

Әйт­кен­мен, қай ғасыр­да, қай мем­ле­кет­те бол­сын, жұр­тқа бір­деңе жет­пей жата­ды және оның не екенін білу әрқа­шан қия­мет бола­ды. Біз­де де солай сияқты. Шірен­ген шене­унік­тер­дің алғы-артқы шеп­терін­де жүр­ме­сем де, соның не екенін ұйы­қтап ойлап, оянып ойлап, соңғы айда сал­мақ жоғал­та бастап едім: «Уәй, өмір-ай!» ма, әлде «Уәй, тағ­дыр-ай!» ма, әйте­уір менің де көкей­ім­де­гі «Енді не керек?» деген сұп-сұй­ық сұраққа қоп-қою жау­ап табы­ла қалға­ны: Есіл­дің үстіне көпір,.. той­ыст, сағат орна­ты­лып­ты! О, әне, біз­ге жет­пей жүр­ген сол бола­тын! Ойпы­рым-ай, ойла­на-ойла­на жүй­кем­нің неше тал­шы­ғы жұқа­рып, неше тал­шы­ғы үзіл­ді екен?! Е, мей­лі, кере­гі­міз табы­лға­ны­ның өзі қаншалық!

Рас айтып отыр­мын, көп ойлан­дым. «Қаза­қта шека­ра бол­маға­ны­на» «бүгін­гі шека­ра­сын­да мем­ле­кеті бол­маға­нын», «Қаза­қстан­ның тарихы 1991 жыл­дан бастап жазы­луы керек екенін», тағы сон­дай әлду-дәл­ду­лер­ді түгел қоса ойлап, азан мен ақшам­ның және ақшам мен азан­ның ара­сын метр­мен де, литр­мен де, кило­грам­мен де өлшеп… әй, өзім де қызық-шыжы­қ­пын ғой… рес­пуб­ли­ка­лық есеп-қисап агент­ті­гіне тыпыр­ла­тып теле­фон шалып, біз­де: нан­ның, сүт­тің, айран­ның, май­дың, еттің 1992 жылғы мен бүгін­гі баға­ла­ры­ның айыр­ма­ла­рын салы­сты­рып, сай­рап айтып беру­лерін өтініп едім, ондағы­лар: «Елба­сы­мыз атап көр­сет­кен­дей», ұсақ-түй­ек сұраққа жау­ап іздер уақы­ты­мыз жоқ, бәрінің де баға­сы орта есеп­пен 100 есе өскенін әуел­де 4 тең­ге 70 тиын тұрған дол­лар­дың қазір­де 340 тең­ге­ге жет­кені­мен дол­бар­лай бер! Әлде саған шетел­дер­дің неше­уі­нен жылы­на қан­ша ет сатып алып жүр­гені­мізді айтып беру керек шығар?!» – деп шақыл­да­ды. Өй, қызыл­көз­дер-ай! Пәле­ден әлгі немене қашқан деуші еді, мен, немене, солғұр­лы жоқ­пын ба, аузым­ды тақи­ям­мен тарс жаба сал­дым. Бірақ ойла­ну­ды доғармадым.

Ойла­на біл­ген жақ­сы ғой, Есіл­ді әлем­ге таны­тқан, бетінің жал­пақты­ғы 17 метр анау сағат­тан басқа тағы да бір­деңенің жетіс­пей­тінін сездім. Сон­да біз­ге енді не керек? «Елба­сы­мыз атап көр­сет­кен­дей»… жо-жоқ, ол кісі ненің жетіс­пей­тінін атап көр­сет­кен емес. Әлем­ге, иә, әлем­ге, айдар тағы­лға­ны бар, тағыл­маға­ны бар, елу шақты мил­ли­о­нер-мил­ли­ар­дер­ді беріп оты­рған біздің елде ненің жетіс­пей­тінін ойлау ол кісі­ге ыңғай­сыз ғой! «Елба­сы­мыз атап көр­сет­кен­дей», тобыр­дың, біз­ше – халы­қтың қата­рын­дағы біз ойла­сақ та жетіп жатыр. Мыса­лы, мен: рес­пуб­ли­ка­мы­зда неше жүз мың жұмыс­сыз барын; алды­мы­здағы тамағы­мыз бен үсті­міз­де­гі киі­мі­міз, пәте­рақы­мыз және басқа­сы жылы­на ай сай­ын неге қым­бат­тай­ты­нын; жүй­ке­лері елден бұрын тоза­тын мұғалім мен дәрі­гер­ге 50–60 мың тең­ге ғана айлы­қақы бұй­ы­рып, пар­ла­мент пен мәс­ли­хат­тар­да, ассам­блея дей­тін­де қалғып-шұлғып оты­ра­тын, тым бол­ма­са жылы­на бір рет селт етіп: «Қым­бат­ты мыр­за­лар, біздің ауыл­да, аудан­да қыла­яғы ауыз су жоқ, ол қалай?» – дей алмай­тын «халық қала­у­лы­сы» 2–3 мың дол­лар айлы­қақы ала­ты­ны не үшін екенін жиі ойлай­мын. Неме­се 1986 жылғы жел­тоқ­сан­ның 17–18‑і күн­дері Алма­ты­да жастар­дың көтерілісі болға­ны­на кеше ғана 30 жыл тол­ды, бірақ жоғарғы-төмен­гі билік­тің бас­шы-қос­шы­ла­ры ләм-мим демеді. Ешбір жер­де ресми жиын өткіз­беді. Мән-маңы­зы зор ол Көтеріліс бол­маған­дай. Соны да қина­ла ойла­дым. Әрине, мен ғана емес, мың­дар ойла­ды. Бұл ойла­ры­мыз біз­де бір­деңенің жетіс­пей­тіні­мен бай­ла­ны­сты емес пе әлде? Мүм­кін, біз­де бәрі де мүм­кін. Ойланға­ны­мыз үшін ертең­дер жау­а­пқа тар­ты­луы­мыз да мүм­кін. Ендеше…

Иә, ой еркін­ді­гі­міз болып тұрған­да ойла­на берейін…

Есіл өзенінің суын тұщы­туы мүм­кін ол сағат­ты орна­туға неше мил­ли­он тең­ге жұм­сал­ды екен?.. Сірә, он шақты ауы­лға ауыз­су жет­кізіп беретін жүйе жаса­уға жұм­са­лар қар­жы­дан әлдеқай­да көп шығар, ә? Әрине!..

Әйт­кен­мен… әй, Аста­наға сол сағат­тың пай­да­сы аз емес. Менің­ше, бірін­ші пай­да­сы: «Міне, біз мына­дай сағат орнат­тық! Гин­нес­стің рекорд­тар кіта­бы­на жаз­ды­рып, «Әлем­де­гі ең үлкен сағат – Қаза­қстан­да!» дегізіп, уәй, әне!» деп шешініп тастап мақта­нуы­мы­зға себеп бар (себеп­сіз де мақта­на беру­ге төселіп алдық қой!).

Екін­ші пай­да­сы: алты­н­мен апта­лып, күміспен күп­теліп жатқан ай-хой Аста­на­ның, иә, қау­лы­мен қап­та­лып, қаңы­рап жатқан ауыл­дың емес, өзі­міздің Аста­на­ның шәкір­ті­нен мини­стріне дей­ін­гі бір­де-бір тұрғы­ны мек­тебіне, кең­сесіне, мей­рам­ха­на­сы­на, теат­ры­на, түн­гі клу­бы­на, дүкеніне, база­ры­на бұдан былай бір минөт те кешік­пей­ді! Сырт­тан, сонау шетел­дер­ден келіп-кетіп жата­тын мей­ман­да­ры­мыз да есіл уақыт­та­рын біздің Есіл­де­гі осы мәр­те­белі саға­ты­мы­з­бен есеп­тей­тін бола­ды! Так что…

Сон­да біз­ге енді не керек? Оны ойлан… О, «ойлан – тап» деген, мен тап­тым: біз­ге жет­пей тұрға­ны – Қоңы­рау! Да, да, НАСТОЯЩИЙ ҚОҢЫРАУ! Оны да Есіл­дің ең көр­нек­ті тұсы­на орна­ту керек! Алтын­нан ба, күмі­стен бе, қола­дан ба, титан­нан ба… неден жаса­ту­ды билік біледі, орнат­ты­ра­тын да – өзі. Әйте­уір Ресей­дің Пат­ша-қоңы­ра­уы­нан әлдеқай­да үлкен етіп жаса­ту керек! Әрине, Путин В.В. мыр­за­ны рен­жітіп алмай.

Ол қоңы­ра­уы­мыз да Гин­несс кіта­бы­на жазы­лып, әлем­ге айғақтал­са, аста­на­лы­қтар тағы да бір жасап қалар еді! Әсіре­се айна­лай­ын шәкірт­тері­міз бен сту­дент­тері­міз сабақ-лек­ция ара­сын­дағы үзіліс­ке уақты­лы шығып жүрер еді!

Солай, ағай­ын­дар! Біздің Қаза­қстанға енді бір ғана керек нәр­се – осы, Қоңы­рау! Жетіс­пей­тіні­міздің орны соны­мен лықа тола­ды! Алдын ала айта оты­рай­ын: ҚОҢЫРАУЫМЫЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ғаб­бас ҚАБЫШҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн