Президенттік сайлауға қатысудан бас тартқан «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз Адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай дүйсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан қоғамына жаңа саяси партия құру қажеттігі жөнінде мәлімдеме жасады. Төменде қайраткер-журналистің мәлімдемесі ықшамдалып жарияланып отыр.
Мен шекем қызғаннан ел президенттігіне үміткер болған жоқпын. Халқымыздың бойындағы құлдық психологияның сеңін бұзып, Алланың берген Тәуелсіздігінен айырылып қалмау үшін, Қазақстан Республикасының шаңырағын шайқалтпай, керегесін кеңейтіп, уығын бекіте түсу мақсатын көздедім. Қазақ елі бір адамның жеке меншігі емес, осы елдегі әрбір азаматтың «Бұл – менің де елім!» деп ойлайтын ортақ үйі екенін дәлелдемек болып, мемлекетшілдік сананың қалыптасуына үлес қоссам, биліктің демократиялық жолмен ауысуына аз да болса жол ашсам дедім.
Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасыр бойы жас мемлекеттің іргесінің қалануына, оның бейбіт өмір кешуіне көп үлес қосты. Бірақ ол қоғамдағы тұрақтылық пен биліктің мызғымастығын қамтамасыз ету жолында мемлекеттің негізін қалап отырған қазақ ұлтының мүддесін бодандық дәуірдегідей өзге елдің мүддесінің көлеңкесінде қалдырды. Ұлттық құндылықтар еңсесін көтермеді, қазақ тілі қағажу көруден көз ашпады, «Қазақсыз Қазақстан» құру идеясы кеңестік кезеңдегідей басымдыққа ие болуын тоқтатпады. Өз елінде тұрып, қазақтың қолы − теңдікке, тілі − бәсекелестік жағдайға жетпеді.
Елімізде 25 жыл бұрын 17 миллион халық бар болса, қазір де сол деңгейден аспадық. Бір-екі миллион неміс, грек, орыс тарихи отанына қоныс аударса, олардың орнын – шетелден келген қандастарымыз толтырды. Табиғи өсім болған жоқ. Ал осы мерзімде көрші өзбек елінің саны жеті-сегіз миллионға өсті.
Еліміздің халқы бай мен кедейге, орыстілді және қазақтілді әлемге бөлінді. Бес Францияға татитын кең байтақ аумақты мекендеп отырып, қала маңынан жеті сотық жер учаскесін алуға зар болдық. 20–30 жыл пәтер кезегін сарыла күткендер саны қаншама?! Мұнай мен газ және түсті металға бай жерде тұрып, Қытайдың бір қаласындағыдай 17 миллион халықтың аузын аққа, киімін көкке жеткізу – қол жетпес арманға айналды дегенге кім сенеді? 24 жылда шикізаттан басқа бірде-бір өнім өндірген жоқпыз. Ақысыз жұмыс істейтін аурухана мен мектеп жоқтың қасы, ал бар болса, пара беруге мәжбүрсің. Баланы балабақшаға беру де, оқуға, қызметке орналастыру да, соттасу да – ақы төлеусіз немесе парасыз шешімін таппайтын проблема. ЖЕМҚОРЛЫҚ пен ЖАҒЫМПАЗДЫҚТЫ жойып, адал өмір сүру мүмкін еместей көрінеді. Мұның бәріне наразылық білдіріп, көшеге шығып, шеру жасауға рұқсат жоқ. Сөз бостандығы мен ой еркіндігі шектелген.
Зиялы қауым азаматтық белсенділік танытуға, еліміздің саяси-экономикалық, ұлттық-рухани мүддесін қорғауға ресейшіл, авторитарлық билік алдында шарасыз болғандықтан, ДӘРМЕНСІЗДІК депрессиясына ұшырады. Соның бір белгісі ретінде жастар арасында өзіне-өзі қол салушылықтан әлем бойынша алдыңғы қатарға шықтық. Үлкендер жағы ештеңеге жаны ауырмайтын салғырттық, НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ дертіне шалдықты. Ұлттық құндылықтар аяқ асты қалып, жастарымыз дәстүрсіздік пен адасушылық жолына бет бұрды. Қазақ болудан арланатын, бірін-бірі менсінбейтін, тіпті жек көретін адамдардың қатары көбейді.
Елде ширек ғасырдан бері ЖАСАНДЫЛЫҚ пен КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ кеңінен етек жайды. Өтірік ұрандар мен көзбояушылық реформалар көбейді. Жасанды сайлаулар елдің жасампаз қоғам құруға деген, әділеттілік орнатуға деген сенімін шайып жіберді. Барлық саладағы реформалар жартыкеш жүргізілді. Барлық азамат заң алдында тең болатын, толыққанды демократиялық ашық қоғам құра алмадық. Мемлекетіміздің саяси-экономикалық, ақпараттық тәуелсіздігі қайтадан Кремльдің қанжығасына байланып бара жатқан жоқ па деген үрей туды. Ел мүддесі мен ұлт мүддесін емес, қара басының қамын жейтін жемқор, жағымпаз жандар жоғары бағаланып, ал ел қорғауға тырысқан мемлекетшіл, еркін ойлы, адал адамдар – «экстремист», «ұлтшыл» ретінде жазықсыз қудалауға ұшырады.
Кеңестік заман саясаты қайта орнағандай халге жеттік. Компартия орнын «Нұр Отан» алмастырды. Саны бар, сапасы жоқ жалған партиялар көбейді. 90-жылдардың басындағы «Азат» партиясы мен 2000 жылдардың басындағы шынайы «Ақ жол» («Нағыз Ақ жол») партиясы авторитарлық биліктің қысымынан өз жұмысын тоқтатты. Қазіргі «Ақ жол» мен ЖСДП-ның «оппозициялық ойынына» көпшілік қауым сенбейді.
Қысқасы, қорыта айтсақ, қазіргі таңда Қазақ елінің көгінде бұдан жүз жыл бұрынғы «Алаш» партиясы секілді шынайы ұлттық-демократиялық партия құру «елесі» кезіп жүр. Биліктің тоқпағына төтеп бере алмай, жік-жікке бөлініп кеткен саяси топтарды бір тудың астына біріктіретін уақыт пісіп жетті. Олай етпесек, Ресей билігі Қазақ елінің тәуелсіздігін қайтадан көкпарға салатын түрі бар. Мұндай партияның керектігін жетінші мәрте қайта сайланайын деп отырған Нұрсұлтан Назарбаев ағамыз да, көпұлтты отандастарымыз да түсінетін шығар. «Менен кейін күл болмасаң, бүл бол!» («после меня хоть – потоп!») дей қоймас.
Жарылқап ҚАЛЫБАЙ