Суббота , 5 июля 2025

БОСАҒА МЕН ТАБАЛДЫРЫҚ АРАСЫНДАҒЫ «ЖАҢА БИІКТЕР»

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №8 (372) от 2 мар­та 2017 г.

Заман запыраны


 

Кім шар­шағы­сы кел­ген­нен шар­ша­у­шы еді? Басқа­лар шар­шатқан соң, қайтеді?..

Күн­делік­ті газет­тер­ге көз сал­сам, радиоға құлақ қой­сам: «Бүгін заман қан­дай?» деген кел­те сұраққа келісті жау­ап таба алмай­мын. Ыды­раған Совет Одағы­ның аула­сы­нан ең соңын­да шығып, бұй­ы­рған тәу­ел­сіздік­ті құшақтап қалып кел­дік. «Шегі­нер­ге жер қал­маған соң». Оны тұңғыш пре­зи­ден­ті­міз Н.Назарбаев мыр­за әйгілі «Ком­со­моль­ская прав­да» газетінің тіл­шісі­мен сұх­ба­тын­да сол кез­де-ақ анық айтқан. «Мәс­ке­улік­тер білетін шығар, мен Совет Одағын сақтау үшін соңғы патро­ным қалған­ша соғы­стым!» – деген. Кей­ін­де «Біз тәу­ел­сіздік­ті ақыл­мен алдық, ата жолы­мен алдық» десе де, жал­бақай­ла­ры жамы­рап «Иә, иә, сөйт­тік!» деп жала­у­ла­тып жөнел­се де, ойы­мы­зда жоқта, кей­ін­де көзім жет­кен­дей, Гор­ба­чев пен Рей­ган­ның арқа­сын­да олжа­лы болға­ны­мыз – тари­хи ақиқат.

Олжа­лы күні­міз­ден кей­ін пре­зи­ден­ті­міздің: «Біз тәу­ел­сіз ел бол­дық! Енді бай­и­мыз! Ертең-ақ екін­ші Кувейт­ке айна­ла­мыз!» – дегені менің де есімде…

Ара­да ширек ғасыр өтті. Бүгін­де біз бірі­міз бай­ып, мыңы­мыз кедей­леніп, Кувейт­тің қай құр­лы­қта екенін де ұмыт­тық. Алай­да ішкі-сыр­тқы сая­са­ты­мы­здың ерекше сара да дара екені, елба­сы­мы­здың арқа­сын­да эко­но­ми­ка­мы­здың, демо­кра­ти­я­мы­здың, ғылым-білі­мі­міздің, мәде­ни­еті­міздің дамуы бүкіл әлем­ді қызы­қты­рып, таң­дан­тып, пұшай­ман еткені жай­ын­да суы­ры­лып айтқа­ны­мыз бен сіл­теп жазға­ны­мыз, егер олар жиып-теріліп, кітап етіл­се, қазе­кем­нің аңыз әңгі­месін­де­ше, «қырық есек, бір қашарға жүк болар еді».

Жә, тәт­ті тәу­ел­сіздік­тің 25 жылын­да халы­қтың: не алдын­дағы тамағы, не үстін­де­гі киі­мі, не пәте­рақы­сы бір рет те арзан­да­май, үне­мі, тіп­ті есе­леп қым­бат­тап келе жатқа­ны қалай? Мыса­лы, өткен жыл­дың осы мез­гілін­де үш бөл­мелі пәтерім­нің айлық жылу ақы­сы 15 042 тең­ге бол­са, биыл – 16 215 тең­ге, ал 1 шар­шы метр ыстық судың айлық ақы­сы 417 тең­ге­ден 444 тең­ге­ге жет­ті. Басқа­ла­ры да «қалы­сар емес». Неге?

Халы­қа­ра­лық мәмі­ле тілі­мен айтқан­да: қан­дай, қай мем­ле­кет­тің де мем­ле­кет­ті­гін айғақтай­тын бір­ден-бір сипат – онда емдеу мен білім берудің тегін болуы шарт десек, кеңе­стік мем­ле­кеті­міз­ден мұра сол сипаттан жұр­дай болға­ны­мыз неліктен?

Ағза­мы­зға жан үшін жаса­лар күр­делі ота­лар­дың ондаған, жүз­де­ген мың тең­ге тұра­ты­нын тіз­бе­ле­мей, өзі де түс­келі тұрған бір тісіңді жұл­ды­рып тастау, мәсе­лен, Алма­ты­ның емха­на­ла­рын­да 2500–3000 тең­ге! Ал егер ол тісіңнің босау себебін білу­ге кеңес алғың кел­се – 1500 тең­геңді және шыға­ра бер! Ақы­лға қона­тын ақы­лар ма, қалай?

Бала-неме­ре­лері­міздің жоға­ры білім алу нарқы ше? Аста­на мен Алма­ты­ның инсти­тут­та­ры мен уни­вер­си­тет­терін­де жыл­дық оқы­ту ақы­сы орта­ша есеп­пен 650 мың тең­ге­ден 1,4 мил­ли­он тең­ге­ге дей­ін. Аз ба, көп пе?

Мек­теп­тер­ді де жеке­ше­лен­ді­ру жедел жүр­гізіліп, ақы­лы мек­теп­тер көбей­ді, олар­дағы жыл­дық оқы­ту ақы­сы 100–300 мың тең­ге. Аз ба, көп пе?

Жау­ап­сыз жағ­да­ят­та­ры­мыз аз емес. Тәу­ел­сіздік туын көте­ре бере ауыл – ата-баба­мы­здың бесі­гі шашыл­ды. Бүкіл елі­мізді той­ын­ды­рып оты­рған ұжым­шар мен кең­шар қауы­мы қажеті қан­дай екені бел­гісіз «рефор­ма» деген­ге тап бол­ды да, өрісіне сый­май жатқан малы­нан көз жаз­ды; ақ бидайы мил­ли­ард пұт­тап өлшен­бей­тін бол­ды. Себебі – мез­гіл-меже­сіз, астан-кестен жүр­гізіл­ген «жеке­ше­лен­ді­ру». Билік быты­раған ойын жинағы­штап, «ауыл шару­а­шы­лы­ғын қал­пы­на кел­тіруді» жос­пар­лап, жиыр­ма бес жыл­да бір­не­ше мәр­те қау­лы қабыл­дап, бюд­жет­тен мил­ли­ард­таған тең­ге бөл­ді. Жос­пар­сыз тала­пай­ды, жос­пар­мен қай­та­дан жинап алу мүм­кін болға­ны – нет­кені?!. Бөлін­ген қыру­ар қар­жы­ның қай­да кет­кені және белгісіз?

Солай бола тұра: «Пәлен рес­пуб­ли­каға пәлен мың тон­на астық сат­тық, түг­лен рес­пуб­ли­каға түг­лен тон­на ет сат­тық!» – деп жел­пі­неді. Ол «сатқан­да­ры­мыз» шетел­дер­ден сатып алға­ны­мы­здың неше пай­ы­зы екені – Ауыл шару­а­шы­лық мини­стр­лі­гі­міздің шешуі табыл­ма­стай жұмбағы.

Мини­стр­лік демек­ші, бүгін­де ұжым­шар мен кең­шар­дан жұр­дай оның шта­ты «кеңе­стік кез­де­гі­ден өспе­се, қысқарған емес» деседі. Енді тағы да алақай­лап, «ауыл шару­а­шы­лық коопе­ра­тив­терін» құр­мақ­шы көрі­неді. Бұл жолы да нені, қалай манды­тқа­нын алдағы уақыт айтар.

Өнер­кәсіп пен құры­лыс мини­стр­лі­гінің де «мұр­тын бал­та шап­паған көрі­неді». Кезін­де Совет Одағы­ның мақта­ны­шы болған ком­би­нат­та­ры мен трестерінің, зауыт­та­ры мен фаб­рик­терінің, су-электр стан­са­ла­ры­ның жұр­нағын мал­да­нып отыр­са да. Енді оның жыр­ты­ғын Қытай жама­мақ­шы. Ресми ақпа­рат­тан бел­гілі болған­дай, ол 51 зауыт-фаб­ри­гін әкеліп орна­тып, оның өні­мі­мен Қаза­қстан­ды көк­ке көте­реді екен. Ауыл шару­а­шы­лы­ғы­мы­зды гүл­ден­діру­ге де үлес қосу үшін 1 мил­ли­он гек­тар жері­міз­ге ие болған көрінеді.

Әрине, 51 кәсі­пор­ны­мен бір­ге кемін­де 51 000 қыте­кең кел­се, Қаза­қстан­ды неге «қатыр­ма­сын»! Ал мил­ли­он гек­тар­да қыт-қыт­тап қан­ша­сы жүретінін бір құдай білер.

 

Мәде­ни­ет сала­мы­зда не бар, не жоқ екені ең бірін­ші кезек­те наси­хат­тың ерекше ықпал­ды құра­лы – теле­ар­на­лар­дан бай­қа­ла­ды. Теле­ар­на дегенің нөпір-ақ, алай­да жұрт­шы­лы­қтың табиғи талға­мы­на сай бағ­дар­ла­ма­сы­мен риза етіп оты­рға­ны шама­лы. Рас, бір­де алай, бір­де былай кон­церт, сөз­са­пы­рыс бар, бірақ арна­лар­дың ешқай­сы­нан бүгін­гі тір­лі­гі­міздің, мәсе­лен: ондаған ауыл­дың ауыз­су, жарық, жылу, дәрі­гер­лік жәр­дем тауқы­метін тар­тып оты­рға­ны, жұмыс­сыз жастар саны­ның өсуі, жас отба­сы­лар­да ажы­рас­у­дың көбе­юі, жал­пы қыл­мыстың азай­мауы, жүрек, жүй­ке, өкпе ауру­ла­ры­ның асқы­нуы, парақор­лық пен жемқор­лы­қтың тый­ыл­мауы нелік­тен екені тура­лы пікір­ле­суді көр­ген жоқ­пын. Демек, ол тақы­рып­тар арна қожай­ы­ны­на керек емес. Оның есесіне шетел­дік-ресей­лік «жаңа­лы­қтарға» құмар­ту, көшіріп ала қою­шы­лық басым.

Білім жүй­е­міз де жүй­ке­мізді тозды­ру­да. Мәде­ни­ет мини­стр­лі­гі­міз тәрізді, мұн­дағы таққа да 25 жыл­да неше мини­стр­дің шығып-түс­кен саны­нан жаңыл­дым, ал солар­дың әзір­ше соңғы­сы Е.Сағадиев мыр­за «атың шық­па­са – жер өртені» біледі екен, билік­ке мек­теп­те ағы­л­шын тілін 1‑сыныптан бастап оқы­ту ұсы­ны­сын өткізді. Оның сол «ғасыр жаңа­лы­ғы» тура­лы ойла­нып едім, сірә, Қаза­қстан­ды көгер­ту үшін ағы­л­шын тілін ертең­гі кад­рға жеті жасы­нан үйре­ту ауа­дай керек сияқты. Сон­да олар орта мек­теп­ті, жоға­ры оқу орнын бітіріп шыққанға дей­ін 15 жыл бойы ағы­л­шын тілін суша сіміріп, биз­нес база­рын бөк­тіріп, тіп­ті жап­пай ағы­л­шын тілін­де сөй­лесіп, ағы­л­шын­ша ұйы­қтап, түсті де ағы­л­шын­ша көретін ғажап қауым бола­тын шығар.

Асып-тасып тұрған наси­ха­ты­мыз Қаза­қстан­ды бүкіл әлем­ге үлгі-өне­гелі озат ел деп жел­пі­нуіне енді: «Қаза­қстан ағы­л­шын тілін 1‑сыныптан бастап оқы­ту­ды әлем­де бірін­ші болып іске асыр­ды!» деген­ді қоса­тын бол­ды. Алай­да Қаза­қстан­нан сөз жүзін­де емес, іс жүзін­де әлдеқай­да бай елдер мек­теп­тің баста­уыш сынып­та­рын­да халы­қа­ра­лық ағы­л­шын тілін оқыт­пай­ды. Мыса­лы, Қытай билі­гі Бей­жиң мек­теп­терін­де тәжіри­бе үшін ағы­л­шын тілін 1‑сыныптан оқы­тып бай­қап­ты да: «Бала­ның ана тілін дұрыс иге­руіне зиян­ды» деп, рай­ла­ры­нан қай­тып­ты. Ал біздің «мықты­лар» бол­са, олар бала­ны ана тілінің уызы­на жарыт­па­уды көк­сеп отыр. Оның үстіне мына Саға­ди­ев мыр­за, егер қақас есті­ме­сем, бір «болжам­паз» сөз сап­та­уын­да мек­теп­те негіз­гі пән­дер­ді 7‑сыныптан бастап ағы­л­шын тілін­де оқы­ту керек деді. Сон­да ағы­л­шын­дар­дың жыр­ты­сын жыр­ту­шы оның «негіз­гі пән­дері» тізі­мін­де қаза тілі мен әде­би­еті, тарихы, жағра­фи­я­сы бол­май­ты­ны сөзсіз.

Заман­ның ыңғай­ы­на қарай ағы­л­шын тілінің қажет­ті­гін мен де құп­тай­мын, бірақ оған табы­нуға қар­сы­мын. Иә, табы­нуға! Ал ондай қаре­кет жоқ емес, – бір көрінісі мынау: халқы­мы­зға мол еңбек сіңір­ген мем­ле­кет және қоғам қай­рат­кері, ұлағат­ты ғалым болған марқұм Сауық Тәке­жа­но­втың отба­сы ару­ақты әспет­теп естелік­тер жинағын шығарған да, оның бір­не­ше дана­сын Аста­на­дағы «Н.Назарбаев уни­вер­си­тетінің» кіта­п­ха­на­сы­на сый­ла­уды жөн көр­ген. Әлбет­те, ол жинақтың Сәкеңнің кім болға­ны жан-жақты сипатталған, метал­лур­гия сала­сы­ның инже­нері бол­мақ сту­дент­тер­ге арналған аса пай­да­лы оқу құра­лы ретін­де­гі кітап екені шәксіз. Алай­да кіта­п­ха­на­ның бас­шы-қос­шы­ла­ры: «Біз тек ағы­л­шын тілін­де­гі кітап­тар­ды ғана қабыл­дай­мыз!» – деп сіресіп, алмай қой­ып­ты. Мас-қа-ра!..

Өмірі­міз­де­гі осы іспет­тес жағ­да­ят­тар­ды және пре­зи­дент­тің жуы­қтағы жол­да­уы мен мәлім­де­месін­де­гі, Кон­сти­ту­ци­я­мы­здың жаңа жоба­сын­дағы келеңсіздік­тер­ді орын­ды сынап жаза бастаған тәу­ел­сіз жур­нал­шы­ларға құрық салы­нып жатыр. Сотқа тар­ты­лып, түр­ме­ге тығып жіберіл­гені – бір­не­шеу. Тәу­ел­сіз «Три­бу­на» газетінің редак­то­ры Жан­бо­лат Мамай­ша бетал­ды айып­та­лып, түр­ме­де соты бола­рын тосып оты­рған­дар бар.

 

Биші­ке­ш­тер Жан­бо­лат­ты «Әбі­ля­зев­пен сыбай­лас» десіп­ті. Дегі­ш­тер­дің өздеріне керек «деректер­ді» маң­дай­ша­ның үсті­нен де, табал­ды­ры­қтың асты­нан да тауып ала беретіні бел­гілі болға­лы қашан?!. Ол тәсіл 2002 жылы «Қаза­қстан­ның демо­кра­ти­я­лық таң­да­уы» қозға­лы­сы­ның жетек­шісі Ғалым­жан Жақи­я­но­вты 2 мил­ли­он тең­гені облыс бюд­жетінің бір қал­та­сы­нан екін­ші қал­та­сы­на салға­ны үшін ғана «мем­ле­кет­ке зиян кел­тір­ді» деп 7 жылға сот­тай салған­да­ры­нан басталған. Сот үкі­мін­де «Жақи­я­нов ішіп-жеп қой­ды» деген­дей бір ауыз сөз бол­ма­ды. Қан­да­ла­ша қада­лып қан­ша ізде­ген­дері­мен, жоқты қай­дан тапсын?!.

Иә, билік бұй­да­лап қой­ған сот жүй­е­міз­де­гі сорақы­лық сол «Жақи­я­нов ісі­нен» анық көрініп, билік: «Жемқор­лы­ққа қар­сы күресі­міздің нәти­же­сі!» деп масай­раған. Олар тәу­ел­сіздік алған елі­міз­де­гі ең әуел­гі ұйым­дасқан жемқор­лық 1992–1993 жыл­да­ры «Нева­да-Семей» акци­о­нер­лік қоға­мы қорын­да болға­ны­на көз­дерін тарс жұмып қара­ды. Ол қор­дың Семей поли­го­ны­нан зардап шек­кен­дер­ге және басқа мұқтаж­дарға жәр­дем беру ұра­ны­мен жинаған 10 мил­ли­ард дол­лар­дан астам қар­жы­сы оның бас­шы-қос­шы­ла­ры­ның өза­ра бөлісіне түсіп, семей­лік­тер­ге жар­ты дол­лар да бұй­ыр­маға­нын «біл­меді».

Тәу­ел­сізді­гі­міздің ширек ғасы­рын­да жаңар­ту мен түзе­ту енгі­зу­ден көз ашпаған Кон­сти­ту­ци­я­мы­здың жақын­да талқы­ла­у­ға ұсы­ны­лған нұсқа­сын­дағы жер­ге, тіл­ге қаты­сты қан­ша­ма сын пікір туын­дап жатыр, бірақ өкіні­штісі сол: олар­дың елеп-ескерілеріне сен­бей­мін. Біздің билік­тің анда-сан­да кей­бір мәсе­лені «халы­қтың талқы­ла­у­ы­на» деп жари­я­ла­тып, ақы­рын­да өзінің нұсқа­сын заң­да­сты­рып ала­ты­ны бекер ме?!

Жал­пы­лап айт­сам: халы­қтың көше­де шоғыр­ла­нып, жиын өткі­зуіне, ере­уіл жаса­уы­на сонау жылы Кон­сти­ту­ци­яға түзе­ту енгі­зу жолы­мен салы­нған тый­ым сақтал­мақ; көп­шілік­тің билік­ке қан­дай да бір нара­зы­лық біл­діруіне, яғни: елі мен жерінің тағ­ды­ры­на, тұр­мысы­ның ауыр хал-аху­а­лы­на, білім-ғылым мен меди­ци­на­ның ала-құла жағ­дай­ы­на, мем­ле­кет­тік тіл­дің мүш­кіл­ді­гіне, жемқор­лық пен парақор­лы­қтың етек алуы­на алаң­дау құқы шек­те­улі қал­пын­да табал­ды­ры­қта қал­мақ. Босаға­да – «Аяз бидің тымағы» орны­на ілін­ген бәз-баяғы баян­сыз мақтан­ның жел­дір­ме сөз­дері, оқы да «тоқы»: «Қаза­қстан жан-жақты даму­дың жаңа биігінде!».

Иланғым келеді-ақ, алай­да има­ным илік­тір­мей­ді, өйт­кені мен де «жаңа биік­тің» саны­нан жаңы­лып қалдым.

Ғаб­бас ҚАБЫШҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн