«Общественная позиция»
(проект «DAT» №31 (395) от 31 августа 2017 г.
Желідегі жазбалар
2005 жылы Шетпе поселкесінің шет жағына 200 орындық туберкулез емдейтін аурухана салынды, құрылысына мердігер ретінде азды-көпті мен де қатыстым. Қаржы жетіспей, цейтноттық жағдайда әзер бітіргеніміз есімде қалыпты. Сапасы ойлағандай болды деп айта алмаймын.
Дегенмен де, онымыз ойыншық екен, нысанның одан кейінгі тағдыры тым аянышты болып шықты. Пайдалануға берілгелі сол ауруханада бастапқы жылдары 30–40 адам жатып, ем қабылдапты, қалған бөлмелер жабық, кілттеулі тұрыпты. 3–4 әлде 2–3 жыл пайдаланғаннан кейін мүлдем жабылыпты, тиісті контингент болмаған.
(Меніңше, дұрысында туберкулезбен ауыратын адамдар көп болуы керек, тек бұрынғыдай ешкім қатаң бақыламайды, профилактикалық диспансеризация жүргізбейді, есепке алмайды, анықталғандарын ешкім бұрынғыдай мәжбүрлеп емдеуге жібермейді).
Сонымен… алдымен сыртқы қоршауы ұрланған, шарбақ кеткен соң, мал кіріп, барлық өсіп тұрған ағаштарды «әумин» қылған. Артынан гараж, қазандық, ішіндегі қазандарымен қоса, трансформатор тұрған будка трансформаторымен қоса… кеткен. Негізгі корпустың тек сыртқы қабырғалары ғана қалыпты (суретті қараңыз).
200 млн теңге… 2005 жылы біршама көп қаржы еді бюджет үшін. Небәрі 12 жыл ғана өтіпті. Кем дегенде 50 жыл қызмет етуге тиіс ғимарат. Жақында Шетпеге барғанда көріп, жағамды ұстадым. Естуімше, басқа аудандарда да салынған осындай нысандар осы кепті киген.
Сонда… осының бәрін жоспарлаған кім? Егер қажеттілік болмаса, неге салдырған? Кім жауап береді? Сол кезде денсаулық сақтау министрі кім болып еді?
Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ
«ҰЛТ АРАЗДЫҒЫН ҚОЗДЫРДЫ»
деген айыппен сотталатын болды…
Алматы облысы Ұйғыр ауданының прокуратурасы бір ер және үш әйел азаматқа (айыптау актісі бойынша): «Бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр дәрежедегі қылмысты жасаған» деп, (174-бап 1-тармақ) қылмыстық іс қозғапты.
ШҚО филологиялық-психологиялық сот сараптама институтының тұжырымы бойынша, айыпталушылардың ФБ-жазбаларында ұлт араздықты қоздыру белгілері бар көрінеді. Қазір істі прокуратура сотқа жіберіпті.
Мен бұл жағдайды он күн бұрын естіген едім. Содан бірден Алматыдан 10–15 елге белгілі қоғам қайраткерлері, журналистерді, қоғамдық ұйым төрағаларын ұйымдастырып, Ұйғыр ауданы әкімдігіне, прокурорына, ІІБ-не барып қайтайын деген ойға келдім. Мақсат: істі сотқа жеткізбей, елдік, ұлттық тәсіл – бітімгершілікпен шешу болатын. Бұл өзі елбасы мұрындық болып, 2011 жылы қолданысқа енген «Медиация заңына» сай келетін қадам еді.
Міне, қызық! Баратын адам таппадым! Бұрын болған мұндай көп жағдайда бір қауым елді әп-сәтте жинап алатынмын. Қазір бәрінің «қауырт» жұмыстары бар. Бірі: «Бұл мен айналысатын деңгейдегі жұмыс емес» десе, енді бірі: «Немереме қарайтын адам жоқ» дейді. Тағы бірі алғашқы сөйлескенде баратын болады да, артынан телефонын алмай, кәдімгідей қашады. Басқа бірі: «Әуелі айыптау қағазын алайық. Сосын соған қарап көреміз» дейді.
Бұл – бұл ма! Он күннен бері бірін «боқтап», екіншісін «зорлап», қоймай жүріп 7–8 адамды келістіріп, ертең таңғы 5.00-де шығамыз деп отырғанда, әлгі «бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр дәрежедегі қылмысты жасаған» жандардың бірі телефон шалып: «Аға, адвокатымыз айтты, басқа біреулерді араластырып, жағдайды ушықтырып алмаңдар деп. Оның үстіне сіздердің ол жаққа баратындарыңызды біліп, Шонжыға кіргізбейміз деп, шлагбаум жасап қойыпты», – дейді. Ал керек болса!
Ертең жағдай өз ойларындағыдай болмай қалып жүрсе, бізді айыптамасын деп, жиналып отырған кісілерге «отбой» жасадым.
Енді не істеуге болады, ағайын?
Геройхан ҚЫСТАУБАЙ
• PS.Үстімізден қозғалған қылмыстық істің айыптау актісі шықты. Сот болатын уақыт та жақын. Қорғаушымыз да дайын. Енді сол қорғаушының шығынын өтеуге қолдың қысқалығы кедергі болуда. «Ер мойнындағы қыл арқан шірімес» деген дана халқымыз: уақытша қиындықтан шығып алсақ, қайтарамыз. Қазіргі мақсатымыз тек жеңіске жету. Сондықтан қаржылай қолдауларыңыз да қажет болып тұр. Асарлатайық, ағайын!
Реквизиттер:
«Халық Банкі» карточкасының нөмері: 4402 5735 2709 8398
ЖСН: 751025400922
Байшыгашева Гулжазира
Мақпал Шаданның ФБ-парақшасынан
Уақыт уыты
МЕДАЛЬ АЛҒАН ЕСЕК Сатиралық ертегі
Әзиз НЕСИН
Естеріңде болса, осы күні кеше сияқты, дәлірек айтсақ, баяғыда, нақты айтсам, өрнектеп ши тоқыған, атан түйе жаршы болып, тышқандар шаштараз болып, мен өз шешемнің талбесігін тербетіп жүрген кезде әлгі өзіміздің Жарғақбас сұлтан, Қылкеңірдек имам, Шибұт би болған тұста бізде бір патша болған еді ғой? Естеріңе түсті ме? Е, иә, сол. Ойхой, ол патшаның кезінде еліміз гүлдей жайнап еді ғой, шіркін! Демократия шуағын шашқан бақтың ішіндегі Бостандық ағашының көлеңкесінде еркін жүрген халық қайғы-мұң дегенді білмейтін еді ғой!
Бірақ сол елді бір жылдары аштық жалмады. Кесапат айтпай келіп, аймандай қылды. Ол сұмдықты ауызбен айтып, хатқа түсіріп жазып жеткізе алмайсың! Нағыз жұт болды! Тіпті бір қолы балда балқып, екінші қолы майда шылқып отырған ауқатты дегендердің өзі талғажу етерлік талқан таппай қалды ғой!
Халқының мұндай қайғылы күйге түскенін көрген патша қамығып, қалың ойға кетті. Ары ойлап, бері ойлап, ақыры бір шешімге келіп, жан-жаққа жаршы жіберді. Ол жаршылар аттарына отыра салып, барлық көшені, сай-саланы, қуыс-қуысты қалдырмай аралап, аттан салды:
– Ей, халайық! – дейді олар, – Кейін айтпадың, естімедік деп жүрмеңдер! Кімде-кім осы уақытқа дейін мемлекетімізге инедей үлес қосып, отанымызға түймедей қызмет еткен болса, патша сарайына екі өкпесін қолына алып жүгірсін! Біздің әміршіміз – сендердің патшаларың оларға медаль бергелі жатыр!..
Мұны естіген жамағат аштықты лезде ұмытып, қақаған суықты елемей, қайғы мен мұңды, қарыз бен борышты естен шығарып, көздері жайнап, патшаның өз қолынан медаль алуға тұра шапты. Елдің еңбегіне қарай патша медальдарды бірнеше дәрежеге бөліпті. Бірінші дәреже – алтын медаль, екінші дәреже – алтын жалатқан медаль, үшіншісі – күміспен көмкерілген медаль, төртіншісі – темір, бесіншісі – қола медаль, алтыншысы – мыс, жетіншісі – қаңылтыр… Не керек, сарайға келгеннің бәрі медальсыз қалмапты. Жұрттың бәрін жарылқапты. Күндердің күнінде елде, ел түгілі қара жерде бір түйір темір, не мыс, не қаңылтыр қалмапты. Ал елдің көкірегі медальдан көрінбей, жарқырап, салбырап жүріпті.
Омыраулары күндей жарқырап жүрген адамдарды көріп, сарайға кіргеннің бәрі осындай құрметке ие болғанын естіп, айдалада жайылып жүрген бір сиыр тулап қоя беріпті!
– Мө-ө, ойбай, мө-ө-ө! Бұл құрметке алдымен мен лайық емес пе едім?! – деп, терісі сүйегіне жабысып, қарны омыртқасына қабысып, күйіске жарымай қалған сиыр сарайға қарай сүйретіліп келіпті.
– Әй, – депті келе сала, – патшамызға айт, салиқалы бір сиыр көргісі келеді!
Сарай күзеті қуаласа да көнбепті. Тіпті өкіріп қоя беріпті.
– Патшаны көрмей, аттап баспаймын! М-ө-ө дегенде мө-ө-ө! – деп қасқайып тұра беріпті. Сарайдағылардың амалы таусылып:
– Уа, патшамыз, Сіздің нұрлы жанарыңызға бір сиыр көрінгісі келеді! – деп баяндапты.
– Онда көрінсін, кіргіз – дейді, патша. Сиырды сарайға кіргізеді.
– Ал, мұқтажың не? Мөңірей бер, – депті патша.
– О, әміршім, Сіз медель таратып жатыр дегенді естіп, мен де біреуін алайын деп келдім, – дейді Зеңгі баба ұрпағы.
– Ол ненің құрметіне? Медаль тағатындай елге не еңбегің сіңіп еді? – дейді патша, қарапайым адам сияқты сұрақ қойып.
– Уа, біздің Ұлы әміршіміз! – деп, сиыр әңгімесін бастайды, – Медальды мен алмағанда кім алады? Адамға істемеген қандай жақсылығым қалмады менің? Етімді жеп, жілігімді шағып, сүйегімді кеміріп, сүтімді ішіп, терімді қалағандарыңша пішіп жатырсыңдар. Тіпті тезегімді теріп алып, теңге қылдыңдар! Осының бәрі, ең болмаса, бір қаңылтыр медальға лайық шығар?!
Патша сиырдың талабының орынды екенін мойындапты да, екінші дәрежелі медаль тағып, қоя беріпті. Мойнына олжасын асынып, қуаныштан жарыла жаздап келе жатқан сиырдың алдынан қашыр кездеседі.
– Сәлем, сиыр әпке!
– Сәләмат бол, қашыр інім!
– Екі езуің жамбасыңа дейін жайылып, мәз болып, қайдан келесің?
Сиыр асықпай мән-жайды баяндап береді. Медаль туралы ести сала, қашыр сарайға қарай зулай жөнеледі.
– Патшамызды көргім келеді! – дейді тұяғымен жер тарпып.
– Болмайды! – дейді іштегілер.
Бірақ ата-бабасынан қанына сіңген бірбеткей қырсық қашырды итеріп, күштеп кетіру мүмкін емес еді. Амал жоқ, сарайдағылар патшаға айтады:
– Жарайды, кірсін, – дейді патша.
Патшаның алдына келген қашыр мойнын бұрап, аяғын серпіп, керемет сәлем жасайды. Патшаның қолынан, сосын шапанының етегінен сүйіп, өзінің медаль алуға келгенін айтады.
– Не үшін медаль алғың келеді? – деп сауатты сұрақ қояды патша.
– Ибай-ау, әміршім-ау, менің еңбегім аз ба еді? Жорыққа шықсаң да, соғысқа шықсаң да, қару-жарағың мен зеңбірегің менің арқамда таңулы емес пе еді? Бейбіт күнде қатын, бала-шағаңыз менің үстімнен түспейді. Мен болмасам, күндерің не болар еді?
Қашырдың бұл еңбегін патша адамгершілікпен мойындап:
– Менің қашыр қызметкерім бірінші дәрежелі медальға лайық! – деп бұйырады.
Бақыттан басы айналып, медаль асынып, жорғалап бара жатқан қашырға есек кездеседі.
– Сәлем, жиенжан! – дейді.
– Сәлем, нағашы!
– Иә, жол болсын?
Қашыр өзінің жер бетіндегі ең бақытты қашыр екенінің мән-жайын айтып берген кезде есек:
– Ол сарайға мен неге бармай жүрмін? – деп, құстай ұшады. Сарайдағы ағайын ақымақ емес қой, есекті тіпті жолатқысы келмейді. Бірақ есекке оңайлықпен ақыл қонып, сөзге тоқтамасын ұққан соң, дымдары құрып, патшаға айтады.
– Ал, есегім, айта ғой, көкейіңді не тесіп барады? Не керек? – дейді патша.
Өзге емес, жаман есектің арманы бір медаль екенін естіп, патша айғайға басады:
– Әй, миғұла! Сиырдың еті де, сүті де, терісі де елдің игілігіне жарады. Қашыр болса соғыста да, бейбіт күнде де үстінен жүк түсірмеді. Ал сен, ессіз есек, елде кеткен есең қайсы?! Медаль тағатындай, мақтан етер нең бар?
Есек жай ғана езу тартады. Сосын баяу ғана сабырмен сөйлеп кетеді:
– Айып етпеңіз, Ұлы әміршім, ақ патшам, бүкіл есек өзге емес, өзіңізге адал еңбек еттік. Егер Сізге қызмет етіп жүрген мыңдаған есек құлдарың, жүздеген есек қызметкерің болмаса, осы тағыңда ұзақ отыра алар ма едің? Патшалық дәурен сүре алар ма едің? Сенің үстемдік жасап, үкіміңді орындауыңа мүмкіндік жасатып жатқан, билігіңе үнсіз бас шұлғып, бағынып жүрген мен сияқты есектерді жаратқан Жаратқанға мың алғыс!
Алдында тұрған мына есектің өзге есектер сияқты қаңылтыр медальмен алдағанға көне қоймасын патша түсініпті.
– Уа, адал да, абзал менің есегім! Шынымды айтсам, орасан еңбегің үшін саған лайық медаль таппай тұрмын, – дейді пенде сияқты қысылған патша, – Бүгіннен бастап, өле-өлгеніңше патшаның ат қорасынан саған бір қап сабан тегін беріліп тұрады! Тойғаныңша же! Же де шырқа! Жоқ, кәдімгі есекше ақыр! Менің билігімді биіктете ақыр! Бақыра бер, әулетімді асыра бер!
Орыс тілінен аударған –
Асқар НАЙМАНТАЕВ