«Общественная позиция»
(проект «DAT» №6 (370) от 16 февраля 2017 г.
Саяси қудалау жалғасуда
Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists – CPJ) Қазақстан билігін «қаржы жымқыру» ісі бойынша қамалған тәуелсіз, оппозициялық журналист Жанболат Мамайды жедел босатуға шақырды.
«Қазақстан билігі бұқаралық ақпарат құралдары алаңын өзгеше ойлайтындардан тазалауды жүйелі түрде жүргізіп келеді және Жанболат Мамайдың қамалуы – осы бағыттағы тағы бір қадам», – деп мәлімдеді CPJ-ның Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Нина Огнянова. Оның сөзінше, Астана «Саяси қалам. Трибуна» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды дереу босатып, оны кәсіби қызметі үшін қудалауын тоқтатуы тиіс.
Ескерте кетсек, үкіметтегі коррупция және басқа да қоғамдық өзекті мәселелер туралы жазып жүрген Мамай 11 ақпанда тергеу аясында екі айға қамалған еді. Мамайды ақпанның 10-ы күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері қазір шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, «БТА Банк» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбілязовтың ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Тергеу органы 28 жастағы Жанболат Мамайды «БТА Банктен» ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Саяси қалам. Трибуна» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікпен тергеп жатыр.
Мамай егер күдікті деп танылса, жеті жылға дейін сотталуы мүмкін.
Бірақ Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен «Саяси қалам. Трибуна» газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген. Әбілязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, жаңа айыпты «абсурд» деп атаған.